«Қазақстанның диктатурасы мен жақсы пиары»

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш президент күнін тойлаған жұрттың алдына шықты. Астана, 1 желтоқсан 2012 жыл.

Foreign Policy басылымы Қазақстанда қалыптасқан қазіргі билік жүйесі мен әлеуметтік ахуал туралы мақала жариялады. Мақала авторының пікірінше, бұл елдегі президент сайлауы мен парламент сайлауы СССР дәуірін еске түсіреді.
Foreign Policy сәуір айының 12-сі күні жариялаған мақала «Муаммар Каддафи Қазақстан тәуелсіздік алған соң ол елдің президентіне «атом қаруына ие болған тұңғыш мұсылман басшысы ретінде қаруды сақтап қалуға ұсыныс жасапты-мыс» деген дерекпен басталады.

Мақала авторы бұл деректі былтыр бірінші рет Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанын еске салады. Тоқаевтің айтуынша, Каддафи ядролық қару-жарақты Қазақстаннан «миллардтаған қаржыға» сатып алғысы келген. Бірақ президент Назарбаев «әлемдік стратегиялық тәртіпті сақтау» үшін және өзінің «ядролық қаруға қарсы қозғалысын бастауға деген саяси және моральдік құқығын пайдаланып», ол ұсыныстан бас тартқан.

Автор бұл ақпаратты Тоқаевтан басқа ешкім ресми растамағанын айтып, бұл дерекке күмәнмен қарайды.

«ҚАРУДАН ҚҰТЫЛҒАН ҚАЗАҚСТАН»

Басылым Қазақстанның «қырғи-қабақ соғыс» заманынан қалған атом қаруларынан құтылуы қиын болғанын жазады.

«Назарбаев осыны пайдаланып, саяси ұпай жинап қалуға ұмтылды. Бәлкім, Астана Иранның ядролық қаруына қатысты келіссөзді Алматыда өткізуге ұсыныс жасағанда да сол кезде жинаған абыройын пайдаланғысы келген шығар» дейді мақала авторы.

Жуықта Алматыда Иран мен P5+1 тобының (Қытай, Франция, Германия, Ресей, Ұлыбритания және АҚШ) арасында өткен келіссөздер аяқталған еді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Кэтрин Эштон. Алматы, Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздер, 25 ақпан 2013 жыл.


«Астана атом проблемасын сылтау қылып, өзін жарнамалап қалуға ұмтылғанда Батыс оның ұсынысын Қазақстанның бұрынғы жинаған абыройына бола қабылдамаған сияқты. Алматы мен Астана қанша жерден гүлденіп тұрса да, Қазақстан Швейцария емес. Бұл елді репрессиялық әрекеттерін жылтыр амалдармен бүркемелеп көрсетпей отырған диктатура басқарады» деп жазады Foreign Policy.

Басылым президент Назарбаевтың билік басына келу тарихына да тоқталып, ол туралы аз-кем мәліметтер берген. Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылы Қазақ ССР-інің бірінші хатшысы болғанға дейін коммунистік партияда үлкен карьера жасаған.

Қазақстан тәуелсіздік алған соң бұл елдің алдында үлкен мүмкіндік пен зор қиындық тұрды. Мүмкіндігі – Қазақстан энергия көзіне бай болатын. Қиындығы – бұл елде Совет одағынан қалған ядролық қарулар (шамамен 1400 ядролық қару) бар еді. Сол кезде Қазақстан ядролық қару-жарақ қоры жөнінен әлем бойынша төртінші орында тұрды.

Автордың зерттеуінше, Қазақстандағы ядролық қару елдің бәрін уайымға салған. Жаңадан тәуелсіздік алған Қазақстанда ол кезде атом қаруын сақтап тұра алатын шама да жоқ еді. Сондықтан АҚШ «Қазақстандағы ядролық қарулар заңсыз жолдармен сатылып, әлемге қауіп туғызуы мүмкін» деп алаңдаған. 1992 жылы сенаторлар Сэм Нанн мен Дик Лугар бұрынғы Совет одағындағы ядролық қаруларды залалсыздандыратын арнайы бастама көтеріп, оны қаржыландырған. Басылымның жазуынша, Қазақстан осы бастаманың сәтімен пайдаланып, 1995 жылға дейін өз территориясындағы ядролық қарулардың бәрін Ресейге беріп құтылды.

«Бұл қадам Қазақстанға өте ұтымды болды. Бұл Қазақстан үшін көл-көсір байлықты игеруге бағытталған жаңа өзгерістің басы еді. Халықаралық аренада да Қазақстанның беделі артып, ядролық қарудан бас тартуы жаңа Қазақстандағы ең маңызды оқиғалардың бірі болды» деп жазады Foreign Policy.

«АСТАНА МЕН АЛМАТЫ – БАЙ, АУЫЛ – КЕДЕЙ»

Автор Қазақстанның экономикалық ахуалына тоқталып, бұл ел 2011 жылдың өзінде-ақ тек мұнай өндіруден 10 миллиард доллар пайда көргенін айтады. Exxon сияқты танымал трансұлттық компаниялар Каспий теңізіндегі мұнай кеніштерін игеру үшін алдағы уақытта 154 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. 2009 жылы Қытай да Каспий кеніштерінен ірі мұнай құбырларын тартты.

АҚШ бизнесмені Джеймс Гиффен (сол жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әйелі Сарамен тұр.


Мақалада Қазақстанның «уранға да өте бай ел екені және әлем бойынша уран сатудан алдыңғы қатарға шығу үшін уран кеніштерін сәтімен дамытып жатқаны» да айтылған. Басылым Қазақстанның ұлттық байлығының заңсыз жолдармен тоналғаны туралы да ақпараттар берген. «Тіпті Қазақстан шенеуніктеріне пара берді айыпталған Джеймс Гиффен туралы арнайы кино да түсірілген» деп жазады Foreign Policy.

Мақалада Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткені туралы да айтылады. Алайда автордың ойынша, «Астананың бұл төрағалыққа қалай қол жеткізгені – бұлыңғыр». Ол Астана осы мәртебеге ие болғанда Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабах проблемасын шешуге де ұмтылғанын еске салады.

Журналист Қазақстан үкіметінің халықаралық аренада беделін арттыру үшін әлемдік деңгейде әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, жарнамамен айналысып жатқаны туралы да біршама ақпараттар берген. «Қазақстанның мемлекеттің басшылары үлкен жиындарда бұл елдің зор болашағы бар екенін, саяси тұрақтылыққа қол жеткізгенін және экономикасының да тұрақты дамып келе жатқаны туралы айтқанды жақсы көреді» дейді мақала авторы.

Бірақ журналист бұл деректерге күмәнмен қарайды. «Себебі мемлекеттің байлығы 1990 жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өскенімен, соңғы кездері тұрақты емес» деген автор ол ойына дәлел ретінде 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын айтқан: «Жалақысын талап етіп, жарты жыл ереуілдеген мұнайшылар толқуын үкімет күшпен басты. Кем дегенде 16 адам қаза тауып, мұнайшылардың көбі полиция соққысынан мертікті».

«Астана мен Алматы гүлденіп жатқанымен ауылдық жерлер өте кедей тұрады. 2008 жылғы зерттеу бойынша Қазақстандағы энергия мен жер асты байлықтары санаулы ғана ықпалды адамдардың тобына тиесілі екенін анықталған» деп жазады Foreign Policy.

«ӘЛСІЗ, ҮРЕЙШІЛ, ПАРАНОИД РЕЖИМ»

Автордың ойынша Қазақстан демократиялық бағытта дамып жатқан жоқ. «Елдегі 2011 жылғы президент сайлауы Совет Одағындағы сайлауларды еске салды. Елдің көбі бұл сайлауға қысымнан қорқып, амалсыз қатысқан. 2012 жылғы парламент сайлауы да әділетсіз өткендіктен парламентке оппозицияның бір де бір мүшесі бармай қалды» дейді ол.

Парламент сайлауында жеңілген партиялардың өкілдері сайлау комиссиясы шығарған дауыс беру нәтижелерін өртеп жатыр. Алматы, 17 қаңтар 2012 жыл.


Басылым Қазақстан билігіндегі тақ мұрагерін анықтау проблемасы жайлы да біраз мәлімет берген. «Ел арасында мұрагер жайлы әтүрлі алып-қашты әңгімелер тарағанымен ол туралы анық ақпарат әзірше жоқ» деп жазады Foreign Policy.

Басылым ел үкіметінің журналистерді қудалайтынын, билікті сынаған адамдарды «экстремист» деп айыптайтынын, құқық қорғаушы Евгений Жовтис (қазір бостандықта) пен «Қазатомпром» басшысы Мұхтар Жәкішевті әрқилы айыптармен соттағанын да айтқан.

«Репресия шынымен оғаш: өйткені Назарбаев расында да танымал – ол ешкімді қудалауға мұқтаж емес. Бірақ бұл – Қазақстанның сенімді, дамушы, қарқынды, заманауи ел емес екенінің көрінісі. Бұл – күннен-күнге қатыгезденіп бара жатқан әлсіз, үрейшіл, параноид режим. Иран ядролық қаруына байланысты келіссөздер билікті жұмсартпайды» деп аяқтайды Foreign Policy мақаласын.