Қазақстанда жер туралы заңға былтыр күзде енгізілген бірқатар өзгерістерге мораторий жарияланды. Бұл туралы бейсенбі күні түстен кейін Ақордада өткізген кеңес барысында президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеген. Кеңеске парламент палаталары төрағалары, премьер-министр, президент әкімшілігінің басшысы, үкімет мүшелері мен мемлекеттік органдар басшылары қатысты деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Ақпарат агенттіктері ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев пен оның орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың қызметтен босатылғаны, ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбековке сөгіс берілгені туралы хабарлады.
Бүгінгі кеңесте президент Назарбаев жер туралы заңдағы даулы өзгерістерді халыққа түсіндіріп, тыңғылықты талқылау қажеттігін айтқан.
«Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған кейбір нормаларын, атап айтқанда былтыр енгізілген төрт норманы күшіне енгізуге келер жылға дейін мораторий жариялаймын. Алдымен бұл мәселені зерттеп, халыққа түсіндіріп, парламентпен бірге талқылап барып бірегей шешім қабылдап, тек сонан соң ғана мораторийді аламыз. Ал олай болмаса, мораторий алынбайды» деді Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі:
Your browser doesn’t support HTML5
Сонымен бірге Назарбаев «халыққа ұнамайтын заң ережелерін» алып тастаудың зардабы боларын да түсіндіру қажет деп біледі.
«Бірақ түсіндіру керек, оны (заң өзгерістерін – Азаттық.) алып тастаған соң ауылшаруашылығына қандай мүшкілдік болатынын. Оны әрине, ана дихандар ғана біледі, егін егіп отырған, мал жайып отырған, асфальтта жүріп айғайлағандар емес» деді ол.
Президент Назарбаевтың "жер дауы" туралы айтқаны:
Your browser doesn’t support HTML5
Наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Досаев үкімет биыл 1 шілдеден бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын жариялаған еді. Сәуірдің 24-інен бері Қазақстанның бірнеше аймағында үкіметтің «жер сату» жоспарына қарсылық акциялары өтті. Белсенділер 21 мамырда бүкіл ел көлемінде «жер сатуға» наразылық шерулерін өткізетіні туралы мәлімдеген еді.
Әуелгі кезде президент Назарбаев қарсылық акцияларының артында «арандатушылар» бар деп мәлімдеген, билікті қолдайтын бұқаралық ақпарат құралдарында «Батыстан ақша алып отырғандар» туралы айтылған. Назарбаев жер туралы заң өзгерістеріне қарсылық акцияларында «спекуляция бары» туралы бұл жолды да айтты. Бірақ бүгін Ақордада өткен кеңесте билік шілденің 1-нен бастап күшіне енуі тиіс даулы заң ережелерін тоқтата тұру туралы шешімін жария етті.
Назарбаев жер заңына қатысты даулы мәселелер бойынша ұстанымдарды айқындап, парламентке ұсыну үшін үкімет жанынан бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев жетекшілік ететін комиссия құруды тапсырды.
Жер заңындағы даулы өзгерістерді былтыр күзде үкіметтің ұсынуымен парламент қабылдап, президент бекіткен еді.