Дариға Назарбаева «Нұр Отанның» тізімінде сайлауға түседі

Президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева. Алматы, 11 қараша 2011 ж.

Жұма күні Астанада «Нұр Отан» партиясының съезі өтті. Жиында сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы кезектен тыс парламент сайлауында билік партиясы басым дауысқа ие болады деп сенетіндігін мәлімдеді. Партиялық тізіммен Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева да сайлауға түспек.
Қарашаның 25-і Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының 14-съезі басталды. Оған партияның аймақтағы ұйымдарынан келген делегаттар, биыл таратылған мәжіліс депутаттарының жартысынан астамы, Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломаттар, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ПАРТИЯСЫ

Жиынның күн тәртібінде екі мәселе қаралады: саяси партияның сайлау алды тұғырнамасы мен Қазақстан парламенті мәжілісінің кезектен тыс сайлауына осы партиядан түсетін адамдардың тізімін бекіту.

Съезде сөйлеген сөзінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінқолдайтын «Нұр Отан» партиясынан соңғы таратылған мәжіліске мүше

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының 14-съезінде. Астана, 25 қараша 2011 жыл.

болғандардың негізгі бөлігі қайтадан депутат болып сайланады деп мәлімдеді.

«Депутаттардың көпшілігі қайтадан сайланады деп ойлаймын, ал мандатының мерзімі біткендерге келсек, партия қамқорлық жасайды, олардың тәжірибесін атқарушы билік пен партиямыздың органдарында пайдаланатын боламыз. Олар үлкен пайда келтіреді», – деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол биыл таратылған парламент мәжілісінің бұрынғы депутаттарына алғыс білдірді.

«Мен съезд мінберінен мәжілістің барша депутаттарына міндеттерін атқарған кезеңдегі жауапты, нәтижелі жұмыстары үшін шынайы алғысымды айтқым келеді», – деді Қазақстан президенті.

Сонымен бірге Назарбаев «Нұр Отан» партиясы жасақтаған үкіметтің «дағдарыс жағдайында кәсіби және өнімді жұмыс істеп, партияның парламенттік фракциясы қажетті, соның ішінде дағдарысқа қарсы заңдардың қабылдануын қамтамасыз еткенін» де атап өтті.

Your browser doesn’t support HTML5

Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы съезіндегі сөзі



ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМ

Съезде «Нұр Отан» партиясынан парламент мәжілісінің кезектен тыс сайлауына депутаттыққа ұсынылатын 127 адамның тізімі оқылды.

– Бұл тізімге енгізілген адамдардың барлығы партияның саяси кеңесінің бюросында мұқият қаралды. Олар елге белгілі, беделді адамдар, – деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин.

Партиялық тізімде әнші Нұрлан Абдуллин, музыкант Жания Әубәкірова, велоспортшы Александр Винокуров, балуан Юрий Мельниченко,

"Нұр Отан" партиясы 14-съезінің президиумынан көрініс. Астана, 25 қараша 2011 жыл.

спортшы Ольга Шишигина, әнші Әлібек Дінішев, генерал Бақытжан Ертаев, боксшы Ермахан Ыбырайымовтар бар.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин, экс-сенатор Қуаныш Сұлтанов, бұрынғы ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов және басқалардың есімдері аталды.

Нұрғали Әшім, Мәулен Әшімбаев, Темірхан Досмұхамбетов, Мәжит Есенбаев, Ахметжан Есімов, Оңалсын Жұмабеков, Сергей Кулагин, Омархан Өксікбаев, Қанат Саудабаев, Серік Сейдуманов, Серік Үмбетов, Бақтықожа Ізмұхамбетов сияқты бұрынғы және қазіргі шенеуніктер де ұсынылыпты.

Сол сияқты, осыдан он күн бұрын таратылған мәжіліс депутаттары болған Мұрат Әбенов, Зағипа Бәлиева, Тәңірберген Бердіоңғаров, Жәнібек Кәрібжанов, Дарья Клебанова, Уәлихан Қалижанов, Гүлжан Қарағұсова, Ромин Мадинов, Орал Мұхамеджанов, Нұртай Сабильянов, Айткүл Самақова, Алдан Смайыл, Айгүл Соловьева және тағы басқалар партиялық тізім бойынша тағы сайлауға түскелі отыр.

ТӨРТІНШІ ТАРАТУ

Қарашаның 10-ы күні Қазақстан парламенті мәжілісінің 53 депутаты атынан мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарды таратып, елде мерзімінен бұрын сайлау өткізуді сұрап президент Назарбаевқа жазылған үндеуді мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов жария еткен болатын

Қазақстан қоғамы көппартиялы парламентке мұқтаж екендігін алға тартқан президент Назарбаев қарашаның 16-сы күні парламент мәжілісін таратып, 2012 жылы қаңтардың 15-інде елде мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жарлық шығарды.

Жаңарған парламент елдегі ауқымды модернизация үшін қажет деген Назарбаев, егер келесі жылы елде дағдарыс бола қалған жағдайда сайлау өткізу ел басшылығының, үкімет пен аймақтардың жұмысын қиындататындығын атап айтқан.

Мәжілістің кезектен тыс сайлауымен бір күнде Қазақстанда жергілікті мәслихат сайлаулары да күнібұрын өткізілетін болып белгіленді.

Биыл таратылған Қазақстан парламентінің мәжілісі 2007 жылы тамыздың 18-і күні бес жыл мерзімге сайланған және тек жалғыз саяси партия – «Нұр Отан» мүшелерінен құралған еді.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан бергі 20 жылға жуық уақыттың ішінде парламент осымен төртінші рет таратылды.