Гранитный түрмесіндегі былтырғы бүлікке қатысты сот процестері өтіп жатыр

Арнайы көлік ЕЦ-166/25 түрмесінен тұтқындарды әкетіп барады. Гранитный, Ақмола облысы, 12 тамыз 2010 жыл.

«Бүлік ұйымдастырды» деп айыпталған сотталушылардың туыстары жақындарына қысым көрсетіліп жатқанын айтады. Ал колония басшылығы оны жоққа шығарады.

Өткен жылы тамыз айында Ақмола облысы Зеренді ауданы Гранитный кентінде орналасқан ЕЦ-166/25 жалпы режимдегі түрмеде жүздеген сотталушы қарындарын тіліп, мекемеде бүлік шыққан еді. Бұл оқиғадан, ресми дерек бойынша, 2 тұтқын қаза тауып, 80-нен астам адам ауруханаға түскен.

Сол кезде бұл оқиғаға түсініктеме берген Қылмыстық атқару жүйесі комитеті бүлікке «сотталушылар арасында болған өзара қақтығыс» себеп болды десе, сотталушылардың туыстары бұған «колониядағы адам төзбестей қысым мен азаптаулардың» түрткі болғанын айтып еді.

14 ТҰТҚЫНҒА ҚАРСЫ СОТ

Бұл оқиға бойынша өткен жылы қылмыстық іс қозғалып, 2011 жылы шілденің 26-сы күні Көкшетауда сот процесі басталды.

Бұл істегі айыпталушылар – ереуілге қатысқан 14 тұтқын. Оларға «тәртіпсіздік ұйымдастыру», «тәнге ауыр жарақат салу», т.б. баптар бойынша айыптар тағылған.

Тергеу бойынша бұл азаматтар түрмедегі өзге сотталушыларға қысым жасап, қарындарын тілуге мәжбүрлеген. Өртеніп қайтыс болған екі
Бүлік жасаған тұтқындар талаптарын ақ жаймаға жазып, осы баракқа іліп қойған. Гранитный, Ақмола облысы, 12 тамыз 2010 жыл.

сотталушының өліміне де осы азаматтарды айыптап отыр. Қазір сот қаладағы ЕЦ 166/24 қоныстандыру колониясында өтіп жатыр.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, алғашқы күннен бастап сот отырыстарында заңға қайшы әрекеттер көп болған.

Соттың ашық деп жарияланғанына қарамастан оған қоғамдық қорғаушылар әрең кірген. Судья Теміров сотта бейне-аудио жазба жасауға рұқсат етсе де, сот отырысына кірерде колониядағылар ата-аналардың камераларын, басқа да бейне-дыбыс жазу құралдарын алып қалған.

«Бұған қоса сотта мемлекеттік айыпталушылар сотталушыларға сөз бермей, ылғи сөйлеуіне кедергі келтіріп отырады» дейді сотқа қатысқан азаматтар.

«ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІҢ» ТҮРМЕ БАСШЫЛЫҒЫНАН КӨРГЕН ЖӘБІРЛЕРІ

Айыпталушылардың бірі Арман Жұмағалиевтің анасы Роза Жұмағалиеваның айтуынша, осыған дейін болған бірнеше сот отырысында «жәбірленуші» ретінде танылған сотталушылардың барлығы да өткен жылғы бүлікте қарындарын өз еркімен тілгендерін, осылайша колониядағы адам төзгісіз тәртіпке қарсылық танытқандарын айтқан.

Тұтқындар басшылықтың өздеріне қысым жасап, айыпталушыларға (14 азаматқа) қарсы арыз жазғызуға мәжбүрлегенін мойындаған. Роза
ЕЦ-166/25 түрмесінің шаруашылық бөлігінде тұрған, ұрыс жаттығуына арналған қуыршақтар. Гранитный, Ақмола облысы, 12 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Жұмағалиеваның айтуынша, осы мақсатта сотталушылардың көрмеген қорлығы қалмапты.

– Екі-үш соттан кейін жауап беріп жатқан балалар судьяға «бізді қорғаңызшы» деді. «Шындықты айтқанымыз үшін бізге жер қаздырып, толып қалған дәретхананы қолмен тасыттырды. Шындықты айтқанымыз үшін бізді өлтіреді. «Гаремге» жібереді» деді. Ол жақта «гарем» деген қорқынышты нәрсе бар екен, қорқытып-үркітетін. Мұндайды бұрын естіп пе едіңіздер! – дейді Роза Жұмағалиева.

Оның айтуынша, осындай сот процестерінің бірінде бір тұтқын «гаремде» көрген азаптарын айтып, өкіріп жылаған.

Бұл оқиғаға қатысты әуелі он үш азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Роза Жұмағалиеваның айтуынша, осыдан шамамен төрт-бес ай бұрын айыпталушыларға қарсы куәлік беруден бас тартқаны үшін Арман Оразаевтың да үстінен іс қозғалған. Арман Оразаев сот отырысында ол соның барлығын баяндап берген.

– Бұл баланы өтірік арыз жазбағаны үшін ұрып-соғып, автогенмен денесін күйдірген. Сотта денесін ашып, судьяға тыртығын көрсетті, – дейді Роза Жұмағалиева.

«ҚЫЗЫЛ» КОЛОНИЯ

Осы мәселеге орай Алматыда жиын өткізген құқық қорғаушы Вадим Курамшин ақпарат құралдарына алғашқы сот процесінен жазылған бейнежазбаны таратты. Онда басты жәбірленушілердің бірі, «түрме белсендісі» (түрме басшылығының бұйрығын орындайтын тұтқын), сотталушы Ардақ Мәкешов Гранитный түрмесіндегі «жемқорлық» схемасын көпке ашып салады.

Қазір Көкшетау қаласындағы тергеу изоляторында отырған сотталушылардың басындағы қиын жағдайды айтқан Вадим Курамшин бұл мәселеге халықаралық ұйымдар да назар аударуы тиіс деп есептейді.

– Бұл адамдарға жазаның ең жоғары түрі қолданылуы мүмкін. Яғни өмір бойы бас бостандығынан айырлуы мүмкін. Оларға сонымен бірге екі
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Алматы, 10 тамыз 2011 жыл.

адамды өртеді деген кінә тағылып отыр, – деді Вадим Курамшин.

Гранитный түрмесінде өткен жылы болған бүлікке қатысты шындықтың ашылып жатқанын айтқан Роза Жұмағұлова сотқа бірде-бір ақпарат құралының, адам құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдардың қатыспай отырғандығына өкініш білдірді.

Оның айтуынша, бұл іс бойынша қазір 12 күндік демалыс жарияланған. Ол «осы аралықта оларға қысым жасала ма» деген қорқынышы бар екенін айтып, олардың тағдырына алаңдап отырғанын жеткізді.

Ал Гранитный колониясының бастығы Жанат Мұқашев тамыздың 10-ы күні Азаттық тілшісімен сұхбатта сотталушыларға ешқандай қысым көрсетілмегенін айтып, оның бәрін жоққа шығарды.

Бұрын сотталғандар мен жергілікті тұрғындардың, құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің айтуынша, Гранитныйдағы колония – Қазақстандағы ең нашар түрмелердің бірі. ЕЦ 166/25 колониясы өз ішінде қатаң тәртіптер орнатылған 2003 жылдан бастап «қызыл» атана бастаған. Бұл ретте, колония әкімшілігі ГУЛАГ-тік ескі принципті ұстанған. Жазасын өтеушілердің «құқық тәртібін сақтау секциясына» мүше «белсенділер» тобы қарапайым тұтқындардың қитығына тиіп, үнемі қорлап отырған.

Сотталушыны ұрып-соғу немесе зорлау үшін «белсендінің» әкімшілік тарапына жазған баяндау хаты жеткілікті болған. Бұған байланысты мәлімет сыртқа шығып кетсе немесе тексерулер жүргізілсе, әкімшілік оның бәрін «жазасын өтеушілер арасындағы төбелеске» сілтей салады екен деді құқық қорғаушылар