Белсенділер судьяларды сайлау қажеттігін айтады

Ержан Өтембаевтың мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініші қаралып жатқан сот. Солдан оңға қарай: азаматтық белсенділер Маржан Аспандиярова, Рысбек Сәрсенбайұлы, Төлеген Жүкеев. Астана, 7 қараша 2014 жыл.

Қазақстанда жаңа қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық атқару және әкімшілік құқық бұзушылық кодекстері күшіне енді. Бірақ белсенділер сот тәуелсіз болмай, құқықтық әділет орнамайды дейді.

Жаңа кодекстерді қабылдағанда билік құқықтық ахуалды халықаралық стандарттарға жақындататынын мәлімдеген еді. Алайда қазақстандық белсенділер сот тәуелсіздігін қамтамасыз етпей, қаңтардың 1-інен бастап күшіне енген жаңа кодекстердің нәтиже бермейтінін айтады. Белсенділер бұл тақырыпта жақында арнайы қоғамдық тыңдау да өткізген.

Маржан Аспандиярова.

Азаматтық белсенді Маржан Аспандиярова қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық атқару және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің жаңа редакциясына құқық қорғаушылар наразы екенін айтып:

– Бұл кодекстер осы заманғы үздік үлгілерден көшірілген. Қағаз жүзінде кінәрат табу қиын. Бірақ шешім шығаратын сот жүйесі режим оппоненттерін қудалап, өзгеше ойлайтындармен күрес құралына айналды, – дейді.

Аспандиярова Азаттыққа қоғамдық тыңдауда «биліктің саяси тапсырысын орындау соттардың жазылмаған заңына айналғаны», «саяси қарсыластарға қарсы заң саласы қызметкерлері жұмсалатыны» айтылғанын хабарлады.

Оның пікірінше, былтыр баспасөз саласындағы ADAM bol, « Жұлдыздар отбасы- Аңыз адам» журналдарына, «Трибуна» газетіне қатысты шығарылған сот шешімдерінде де заңсыздықтар болған. Аспандиярова белсенділердің «Сайқымазақ сот жүйесін өркениетті елдер үлгісімен түзетуге болады. Судьяларды сайлауды қалаймыз! Әділетті қоғам құру үшін осындай қадам жасауымыз керек» деген қарар қабылдағанын айтты.

«САЙЛАУ КЕРЕК ПЕ, ЖОҚ ПА?»

Азаттық тілшісі азаматтық белсенділердің соттарды сайлау туралы пікіріне заң мамандары қалай қарайтынын сұрап көрді. 1990-жылдардың басында Жоғары сотта қызмет атқарған Өтеген Ихсанов пен адвокат Абзал Құспанов «сот тәуелсіздігі жоқ» деген пікірмен келіседі. Заңгерлердің айтуынша «Қазақстандағы сот тәуелсіздігі кейде советтік кездегіден де төмен».

2014 жылы дау болған істің бірі - «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналы сотында адвокат болған Өтеген Ихсанов «Судьяларды президент тағайындайды. Олар өздерінен жоғары инстанциядағы сот төрағаларына, ал материалдық тұрғыдан атқарушы билікке тәуелді» дейді.

Ал 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасына қатысты сот процесіне қатысқан адвокат Абзал Құспанов:

Абзал Құспанов.

- Судьяларды президент тағайындайды. Олар облыстық сотқа да тікелей бағынышты. Әрбір үкімін [облыстық сотпен] ақылдасуға міндетті. Керек болса облыстық сот оларды жазалай алады, - дейді.

Екі сарапшы да «судьяның халық алдында есептілігі» идеясын қолдайды. Бірақ оны жүзеге асыру мәселесіне келгенде пікірлері екі түрлі. Мәселен Өтеген Ихсанов:

- Аудандық судьяларды халық сайлауы керек, жоғары сатыдағы судьяларды парламент бекітуі тиіс, - дейді. Бірақ оның ойынша,«басты мәселе - сайлау және тағайындау алдында сот кандидатурасын қоғамның талқылауы. Судья қызметінің ұзақтығына шек қойылмауы, атқарушы билікке материалдық тәуелділікке түспеуі де шарт».

Ал адвокат Абзал Құспан «жергілікті судьяларды сайлайтын болсақ, жұрт арасында туыстық, жершілдік күшейіп кетуі мүмкін» дейді. Оның сөзінше, «советтік кездегідей судья жанына екі халықтық бақылаушы сайласа, ол сот әділдігіне айтарлықтай ықпал етеді».

«СОТТАРҒА СЕНІМ АРТА ТҮСКЕН»

Қазақстан судьяларының соңғы, 6-съезіндегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне қарағанда, «қазақстандықтардың соттарға сенімі арта түскен». Бұған және судьяларды сайлауға қатысты Жоғарғы сот өкілдері пікірін білу мүмкін болмады.

Азаттық тілшісі судьяларды тағайындау не сайлау мәселесі Батыс елдерінде қалай шешілгені жөнінде де мамандардан сұрастырған еді. Заң ғылымдарының кандидаты Тимур Ержанов Батыс елдерінде судьяны тағайындау және сайлау тәжірибесі қатар қолданылатынын айтады.

- Франция, Германия, Италия және Еуропаның тағы да басқа мемлекеттерінің барлығында судья тағайындалады. Қазақстан да осы құқықтық жүйеде. Бірақ АҚШ, Ұлыбритания сияқты ағылшын-саксон құқықтық жүйесіндегі елдерде судья сайланады. Негізі халықаралық құқық судьяны міндетті түрде сайлауды емес, ең бастысы оның тәуелсіздігін қамтамасыз етуді талап етеді, - дейді ол.

Еуропаның адам құқықтары сотында отырған Румыния мен Франция судьялары. (Көрнекі сурет)

Маманның айтуынша Батыс елдерінің көпшілігінде судья тәуелсіз болу үшін қызметін өмір бойы, яғни денсаулығы жеткенше, заңда көрсетілген шекті жасқа дейін атқаруға құқылы. Сонымен қатар, бұл елдерде судьяны қызметінен айыру - өте қиын процесс. Ержанов «сот тәуелсіздігін қалыптастыратын мәселелердің барлығы «Соттар мен судьялардың мәртебесі туралы» Лиссабон хартиясында көрсетілгенін» айтты. Ол хартия бойынша соттарды тағайындауды атқарушы және заң шығарушы билікке тәуелсіз, мүшелерінің жартысынан астамы судьялар болатын алқалар іске асырады.

Кей заңгерлер 1998 жылы Еуропа кеңесі қабылдаған осы хартияны Қазақстан да ратификациялауы тиіс, сол кезде атқарушы биліктің соттарға тікелей ықпалы азаяды деп санайды.

2000 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңда судьялардың тәуелсіздігіне кепілдік берілетіні жазылған. Бірақ осы заңда жергілікті және басқа судьяларды, жергілікті және басқа соттардың алқа төрағаларын, Жоғарғы Сот алқалары төрағаларын Қазақстан президенті тағайындайтыны жазылған. Тек Жоғарғы сот төрағасын Қазақстан президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды.

Қазақстанды халықаралық құқық қорғау ұйымдары сот тәуелсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жыл сайын сынап келеді.