Қазақтың жаңа феномені: билікке сөзін жеткізу үшін адамдар өзін-өзі өртей бастады

2009 жылдың 26 мамырында Атырау қаласында өзін-өзі өртеген Қабидолла Шолақовтың жанып кеткен аяқ киімі.

Өзін-өзі өртейтінімен қауіптендіру шаралары белең алып барады. Кейбіреулер қауіптендіруден соң нақты іске де көше бастады. Алғашқы құрбандар да бар. Өзін- өзі өртеуі секілді, жан түршігерлік сұмдық іске баруына жұртты не итермелейді? Біз өзіміздің сараптамалық мақаламызда осы сұраққа жауап іздеп көреміз.
АДАМНЫҢ ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ САЛУЫ – НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ ШАРЫҚТАУ ШЕГІ

Өзін-өзі өртейтінімен қауіптендіріп мәлімдеме жасағандардың бәрі (кейбіреулері өртеніп те үлгерді) кәдімгі, сау адамдар. Әзірше олардың арасынан жүйке ауруына шалдыққандар тіркелген жоқ. Ендеше, неге ақыл-есі сау адам осындай жан шошырлық тәсілмен өз өмірін қиятыны туралы әлемге жар салады? Онысымен не дәлелдемек? Бұл сұрақтың жауабын осы бір ғана мақаланың шеңберінде тауып көруге тырысайық. Бірақ, бұл оңай шаруа емес.

Психологтар өз-өзіне қол салудың немесе дене мүшесін жаралаудың кез келген түрін — наразылықтың белгісі болып табылатынын айтады. Тіпті бұл- наразылық шарасының ең соңғы түрі. Ол озбырлыққа, зорлық-зомбылыққа, денсаулығынан айырылуына, қаржылық банкроттыққа немесе басқаға қарсы наразылықтың белгісі болуы ықтимал. Жүйке ауруына шалдыққан адам болмаса, ешкім де тектен-текке өзін-өзі өлтіргісі келмейді. Бірақ, біз қазір өз әрекетіне жауап бере алатын ақыл-есі дұрыс адамдар туралы әңгімелеп отырмыз.

Сонымен, бүгінгі күннің барысында біз екі сұраққа жауап беруге тырысамыз: қазақстандық өзін- өзі өртеушілер не нәрсеге наразы және неге олар өзін-өзі өлтірудің осы жолын таңдады.

ТАРИХ ТӘЖІРИБЕСІ

Ежелгі заманда да, орта ғасырда да өз-өзіне қол салғандар аз болмаған. Бірақ, жылнамаларда жазылғандай, ол кездері адамдар асылып қалатын, суға кететін, атылып өлетін, жартастан секіретін, у ішетін, күре тамырын кесетін, қарнын жаратын.Бірақ өзін-өзі өртемеген. Тек, мезгілсіз жан тәсілім еткен күйеуімен бірге о дүниеге бірге баруға секта міндеттеген ортағасырлық Үндістандағы діни жанкештілер ғана мұндай әрекетке барған. Ырым-салт олардан өзін-өзі өртеуді талап ететін.

Бұдан басқа ерікті түрде адамдардың өздерін өртегенін растайтын деректер жоқ. Біржарым ғасыр ішінде 30 мыңнан астам адамды өртеп жіберген испан-католиктік инквизациясының біздің тақырыбымызға қатысы жоқ. Тірідей өртелгендердің ішінде оған өз еркімен барғандар болмаған.

Неге сол ортағасырлық рухы биік (осылай санау дәстүрге айналған) адамдар біз құсап өзін-өзі өртеу арқылы өмірін қимаған. Бұл сұрақтың жауабы, шамасы, келесі толғамдарда жатса керек.

Біріншіден, отқа жағу құдайдың жазасына теңелген. Отқа негізінен мыстанды, дінбұзарды, мүшрікті, гомосексуалисті, кейде алапесті де өртеді. Өз -өзіне қол салғандар өз бетімен тозаққа түскісі келмейді, сондықтан, осындай жаза арқылы олардың жандары тазартылып, тікелей тозаққа жөнелтіледі деген сенім болды.

Екіншіден, адамның өзін-өзі өлтіруінің басқа тәсілдерінен гөрі бұл – өте азапты да ауыр тәсіл. Өртеніп жатқан адамның отын әлдекім өшіре қалса, ол күйіктен көп азап шегер еді. Адам өлімнен қорықпаса да, тірі қалып, тән азабын көруді қаламайды. Осы заманғы ғылым бұл феноменді әлдеқашан-ақ зерттеп қойған.

Үшіншіден, ол замандарда жанармай және басқа жанғыш заттар жоқ еді, болса да көп емес болатын. Ағаш жағудың да машақаты мол болды, өйткені, көп отын жинауға тура келетін. Оның үстіне не үшін отын жинап жүргенін көршілер түсініп қоюы мүмкін.

ОСЫ ЗАМАНҒЫ ТӘЖІРИБЕ
Совет әскерлерінің Чехословакияға басып кіруіне наразылық ретінде 1969 жылы 16 қаңтарда өзін-өзі өртеп жіберген чех студенті Ян Палах.


Сонда, бүгіндері адамдардың өзін- өзі өртеуінің үрдіске айналуына жанармай молшылығы негіз болып тұр ма? Сонда, адамның өз-өзіне қол салуының бұл түрі жанармайдың арқасында жарыққа шыққаны ма? Осы тұста айта кеткен жөн, жантәсілім етудің бұл тәсілін өмірге әкелген қазақстандықтар емес. Мұны әлем бойынша мол деректер қоры дәлелдейді. Тек соңғы уақыттағы бірнеше мысалды келтіре кетейік.

«2007жылдың ақпаны. Армения үкіметі ғимаратының алдында әлдебір ер адам өзін өзі өртеп жіберді».

«2007 жылғы 7 ақпанда Таштурме (Өзбекстан) аумағында тәрбие жұмыстары жөніндегі нұсқаушы болып қызмет ететін ІІМ капитаны Нина Шестопалова өз денесіне өзі жанармай құйып өртеп жіберген. Артына қалдырған хатта оны өз-өзіне қол салуға түрме бастығы Еркін Комиловтың жеткізгені жазылған».

«2009 жылдың ақпаны. Теһранда (Иран) бір ер адам Иран парламенті ғимаратының алдында өзін-өзі өртеп өлтірді. Ол осылайша парламент депутатының өз мәселесіне деген немқұрайлылығына қарсы наразылығын білдірген».

«2009 жылдың маусымы. Батуми (Аджария) тұрғыны жұмыстан айырылғаны үшін өзін-өзі өртеп жіберуге әрекет қылды. Қаланың құқық органдары хабарлағандай, оқиға жуырда ғана болған. Ер адам өзіне-өзі жанармай құйып, өртеп жіберуге әрекеттенгенімен, жанынан өтіп бара жатқан адамдар араласып, оны құтқарып қалған».

«2009 жылғы маусым. Мәскеуде өзін өзі өртеу әрекетінің жолы кесілді. Дүйсенбі күні астананың Шығыс округінде милиция қызметкерлері өзін-өзі өртеу әрекетін болдырмай тастады деп хабарлады Мәскеу ІІББ ақпарат және қоғамдық байланыс басқармасының бастығы Виктор Бирюков».

Осылайша бұл тізімді әртүрлі, әсіресе, постсоветтік және азиялық елдердегі оқиғалармен жалғастыра беруге болады. Бірақ, біз бұл тізімді қазақстандық оқиғамен аяқтаймыз. Осы айтайын деп отырған осынау бір қайғылы оқиға жайында Азаттық радиосы бұрын да жазған болатын:

«Атыраудағы облыстық аурухананың жан сақтау бөлімінде күні кеше (2009 жылдың 26 мамырында) ымырт үйіріле бастаған шақта қала маңындағы Ақжар ауылының 52 жасар тұрғыны Қабидолла Шолақов қайтыс болды. Облыстық прокуратура ғимаратының алдында ол өзін өзі өртеген болатын. Қабидолла Шолақов бұл ісімен өзінің 18 жасар ұлына қатысты жүргізілген тергеудің қорытындыларына наразылық білдірді».
Өзін-өзі өртеген Қабидолла Шолақовтың бауырлары мен әйелі облыстық аурухананың ауласында дәрігерлерден жаңалық күтіп отыр. Солдан оңға қарай: Құбайдолла Шолақов, Насихат Шолақова және Халидолла Шолақов. Атырау, 26 мамыр 2009 жыл

Осы қасіретті оқиғалардың бәрі халықтың әділдік іздеу барысында немесе әлеуметтік мәселесін шешу мақсатымен билік не күш құрылымдарына барғанын, бірақ олардың сөздеріне ешкімнің құлақ аспағанын білдіреді. Олардың бірінші мақсаты өз өмірін қию емес, олардың басты мақсаты — билікке үнін жеткізу.

Келтірілген деректерден оқырмандарымыз аңғарған болар, өзін-өзі өртеу оқиғалары негізінен саяси жүйесі автократиялық немесе демократиялық тәртіп қағаз бетінде ғана, бірақ орындалмайтын елдерде болып жатыр. Тағы бір айтарым, қайғысы бір әлгі адамдардың пікірінше мәселе шешуге келгенде ең жақсы, ең тиімді зат ретінде олар үшін жанармай «ортақ дүние».

ЕҚЫҰ-на ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТЕТІН ЖЫЛДАҒЫ ӨЗІН-ӨЗІ ӨРТЕУМЕН ҚАУПІТЕНДІРУ

Сонымен, біз бір тұжырымға келдік. Өзін-өзі өртеген адамдардың шын мәнінде өлгісі келмейді. Олардың бар мақсаты – билікке үнін жеткізу. Олардың бұл ісі – жанайқайы. Сол адамдар өлгісі келетін болса, өлудің әлдеқайда жеңіл, әлдеқайда азапсыз тәсілін пайдаланушы еді: осы заманғы техника мен медицинада бұған арналған неше түрлі тәсіл бар.

Жанармай ғана олар үшін билікке әсер етудің жалғыз жолы. Шұғыл түрде мәселесімен айналыспаса, қорқытып қана қоймай, ойға алғанын шынымен іске асыруға бейіл екенін көрсетуге қолайлы зат – жанармай ғана. Талабы орындалмаған жағдайда өзін-өзі өртейтінімен қорқытатын Қазақстан азаматтарына оралайық. Біздің Азаттық радиосы басы әуреге түскен бұрынғы кәсіпкер, алматылық Тахиржан Ахметов туралы бұған дейін де айтқан болатын. Ол әділдік іздеп, үш жыл бойы сот органдарының табалдырығын тоздырған, талай рет пикет ұйымдастырған. Ақыр соңында ашынғаны сондай, ол өз дене мүшесін мертіктіруге көшті. Алдымен өзінің шынашағын кесіп тастады, сосын саусағын кесуге әрекеттенді, бірақ, онысы іске аспай қалды.
Сот үкімінің орындалмауына наразылық ретінде бір саусағын кесіп тастаған кәсіпкер Тахиржан Ахметов. Алматы, шілде, 2009 жыл.


Ең қызығы – Тахиржан Ахметовтың қолында өз пайдасына шешілген сот шешімі бар, бірақ, онысын Алматының сот әкімшісі көзге ілмеуде. Тіпті, Қазақстан президенті әкімшілігінің Тахиржан Ахметовтың мәселесін тез арада шешіп беру жөніндегі талабы да Алматының сот органдарына әсер ете алмады. Осыдан кейін Тахиржан Ахметовке не қалды? Ол соңғы қадамға бармақшы: 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге кіріскенде ол халық алдында өзін-өзі өртеп жіберуді жоспарлап отыр.

- Бұл жүйемен күресерге менде дәрмен қалмады. Тек өзімді-өзім өртеп қана нәтижеге қол жеткізем. Әйтпесе, үнімді ешкім еститін емес, - дейді Тахиржан Ахметов.

КЕЗДЕСУГЕ ҚАЛАЙ ҚОЛ ЖЕТКІЗУГЕ БОЛАДЫ?


«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің күзетшісі, мамыр айының аяғында тұтқындалған Талғат Қыстаубаевтың зайыбы Сара Сағындықованың күйеуімен жүздесе алмай жүргеніне, мінеки, үшінші айдың жүзі болды. Бір рет жүрегі ұстап, өлім ауызынан қалды, ол табалдырығын баспаған билік орны да қалмады, бірақ, ешкім оның арызына құлақ асар емес.

Ал, міне сұмдық, осы әйелге не істеу керек? Әділдіктің ең қарапайым түрі – күйеуімен жүздесуге де рұқсат берілмеуде. Сөйткен билік орындары Мұхтар Жәкішевке келгенде, оған зайыбымен жүздесуге рұқсат беріп отыр. Бірақ, билік басқаны емес, сол Жәкішевті қызмет бабыңды асыра пайдаландың, жемқорлықпен айналыстың деп айыптауда.
Сара Сағындықова, қамауға алынған полиция офицері Талғат Қыстаубаевтың жұбайы. Алматы, 3 тамыз 2009 жыл
Неге екені белгісіз, өз бастығының қаржылық істеріне ешбір қатысы жоқ қатардағы күзетшіні көбірек жазалауда.

«Қисыны қайсы сонда, қарапайым әділдік те жоқ па?» - деп ашынады Сара Сағындықова.

Бұл жағдайда Сара Сағындықоваға не істеу керек? Үш ай бойы хабарын ала алмай, бар-жоғын біле алмай отырған күйеуімен жүздестірмеген жағдайда ол өзін өзі өртеуге бел буды.



ҚАЙДА БАРЫП КҮН КӨРЕМІЗ?


Алматылық «Дархан» ықшам ауданының тұрғыны Айдар Сәйдеков осы жылдың 29 шілдесінде үсті-басына жанармай құйып, өзін-өзі өртеп жіберуге әрекет қылды. Ондағы мақсаты – заңсыз салынған деп тауып, мәжбүрлі түрде отбасымен бірге үйшігінен шығарып жіберейін деп отырған билікке тосқауыл болу. Ол да сот орындаушыларына әйел, бала-шағасының далада қалатынын түсіндіруге талпынып көрді. Бірақ, оған ешкім мән бермеді. Сол сәтте оған бір ғана жол – жанармай құйып, өзін-өзі өртеу ғана қалған сияқты болып көрінді.

- Билік мені және менің отбасымды көшеде қалдырмақшы. Сонда біз қайда барып күн көреміз? Қоқыс тереміз бе? – деп торығады Айдар Сәйдеков.

Біздің Азаттық радиосының тілшілері қоғам қайраткерлерінің, кейбір саясаттанушылардың осындай, өзін өзі өртеу секілді қасіреттің кеңінен қанат жаюына қатысты пікірін білуге ұмтылды. Негізінен олардың пікірлері бірдей боп шықты. Бәрі бір ауыздан бұл қасірет – билік дағдарысының белгісі дегенді айтты. Және де, билік халыққа бетін бұрып, көппартиялы, шынайы демократиялық жүйе орнамайынша, жылдан-жылға наразы жұрттың саны арта беретініне олар нық сенімді.

Ал, сіз қандай ойдасыз, қадірлі оқырман?