Қоғамдық кеңестер іске кірісті

Орал қаласы әкімдігіне бара жатқан коммуналдық қызметтер тарифінің қымбаттауына наразы белсенділер. 4 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаматтық белсенділер бір ай бұрын құрылған қоғамдық кеңестерден түңіле бастады. Кей жайттарға жаңа құрылым басшыларының да көңілі толмайды, бірақ олар кеңестердің тиімділігіне сенеді.

Былтыр қарашаның 2-сі күні «Қоғамдық кеңестер туралы» заң күшіне енді. Заңға сәйкес, қоғамдық кеңестердің (ҚК) міндеті - азаматтық қоғамның мүддесін қорғау, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен жариялылығын арттыру, азаматтық бастамаларды қолдау, қоғам мен мемлекет арасында кері байланыс орнату, әлеуметтік шиеленістердің алдын алып, шешу, халықты коррупциямен күреске шақыру.​

Your browser doesn’t support HTML5

Қоғамдық кеңестер қызметі. Аудиоподкаст.

ТЕК ҰСЫНЫС СИПАТЫНДАҒЫ ӨКІЛЕТТІК

Қоғамдық кеңестерді (ҚК) «қоғамдық негізде (ақысыз), тәуелсіз, жария жұмыс істеуге және әр үш жыл сайын мүшелерін ауыстырып тұруға» міндеттеген.

ҚК мүшелеріне бюджеттік және мемлекеттік бағдарлама жобаларын талқылау құқығы берілген. Бұдан бөлек, олар азаматтардың құқығы, еркіндігі мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық акілерді құрастыруға қатысып, оларды орындау барысын бақылай алады. ҚК белгілі бір проблема бойынша қоғамдық тыңдау өткізуді ұсынып, қоғамдық бақылау орнату мақсатында комиссиялар құруына болады.

Мемлекеттік органдар олардың ұсыныстарын қарауға міндетті деп көрсетілгенімен, заңда ҚК өкілеттігі ұсыныстық сипатпен шектелген. Азаматтық белсенділерді дәл осы жайт қынжылтады. Олардың кейбірі Азаттыққа берген комментариінде қайта пайда болған ҚК мемлекеттік басқару сатысының керексіз әрі жасанды буыны деп атайды.

СЕНІМДІ АДАМДАР

Қалалық «Пульс города» газетінің қоғамдық кеңестер іске кіріскені жөніндегі мақаласы. Орал, 29 наурыз 2016 жыл.

Ақпанның басында аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттардың хатшылары ҚК мүшелерін сайлайтын жұмыс топтарын құрған болатын. Батыс Қазақстан облысы орталығы Орал қаласында жұмыс тобы қалалық ішкі саясат бөлімі бастығы, Орал қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық жұмысы бөлімі бастығы, қалалық мәслихат хатшысы мен мемлекет қаржыландыратын қоғамдық ұйым жетекшілері басшыларынан құрылды. Топ мүшелері дауыс беру арқылы Орал қалалық қоғамдық кеңесіне 30 адамды таңдады. Кеңеске көбінесе жұмыс тобының мүшелері, шенеуніктер, мемлекеттік БАҚ-тар, билікшіл ҮЕҰ-лар мен «Нұр Отан» билік партиясынан сайланған депутаттар кірді.

ҚК мүшелерінің таңдауы бойынша жұмыс тобының бірнеше мүшесі 41 адамнан құрылған облыстық ҚК-ге өтті. Облыстық кеңеске көбінесе шенеуніктердің өздерін - ішкі саясат, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, білім, экономика және бюджеттік жоспарлау, мәдениет, мұрағаттар мен құжаттау, ауыл шаруашылығы басқармасы басшылары сайланды. Бұған қоса, облыстық кеңес құрамына БҚО әкімі аппараты басшысы, әкім аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмысы бөлімі маманы, облыстағы 12 ауданның қоғамдық кеңестерінің төрағалары, «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттар, облыстық мәслихат хатшысы, облыстық жергілікті полиция бастығы мен жергілікті билік демеушілік көрсететін ҮЕҰ жетекшілері кірді.

Заң бойынша, ҚК құрамындағы азаматтық қоғам өкілдерінің саны оның мүшелерінің жалпы санының үштен екі бөлігінен кем болмауы тиіс.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР

Облыстық ҚК төрағалығына облыс әкімінің бұрынғы кеңесшісі әрі «Батыс Қазақстан облысы кәсіподақ орталығы» кәсіподақтар бірлестігінің қазіргі басшысы Ербол Салықов бірауыздан сайланды. Билік кәсіподақтың мұндай құрылымдарын мұнайшылардың 2011 жылғы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы ереуілінен кейін құрған.

Облыстық кеңес басшысы ҚК-нің сапалық құрамына шүбә келтірмейтінін, оған «аймаққа қадірлі әрі ықпалды адамдар» енгенін айтады. Қазірге дейін кеңестің бірнеше отырысы өтіп, оның мүшелері облыс әкімінің былтыр атқарылған жұмыс туралы баяндамасын тыңдап, мақұлдады. Ербол Салықовтың айтуынша, кеңес мүшелері мәслихат жанында апта сайын азаматтарды қоғамдық қабылдау өткізуді жоспарлайды.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі әрі «Батыс Қазақстан облысы кәсіподақ орталығы» кәсіподақтар бірлестігінің басшысы Ербол Салықов. Орал, 29 наурыз 2016 жыл.

- Егер халық тарапынан мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты шағымдар түссе немесе БАҚ-та сынаған мақалалар жарияланса, біз тексереміз - дейді Ербол Салықов.

Төраға «кеңестің штаты мен материалдық-техникалық базасы жоқ» деп қынжылады.

- Бұл жұмыс істеуде біраз қиындық тудыруы мүмкін. Кеңестің әр мүшесінің негізгі жұмысы бар. Бөлмені мәслихат жанынан бермек, бірақ құжатпен жұмыс істеп, хаттарға жауап жазатын адамдар керек, - дейді ол.

Жергілікті «Еуразия» индустриалдық-экономикалық колледж директоры әрі қалалық ҚК төрағасы міндетін қосымша атқаратын Роман Бисенғалиев «қоғамға пайдасын тигізу үшін» кеңеске өз бастамасымен кіргенін айтады.

- Әкімдіктерді бақылау қажет, өйткені қазір халық оларға сенбейді. Мысалы, халық арасында «жол салуға бөлінген ақшаның жартысын әкімдік қалтасына салып алады» деген әңгімелер айтылады. Біздің міндетіміз – бұл процестерді жария ету, - дейді Роман Бисенғалиев.

Төрағаның айтуынша, қалалық қоғамдық кеңес жұмысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қызметтер және нормативтік-құқықтық база салаларына бөлінген бюджетті жұмсауды қадағалайтын төрт комиссия құрудан басталған.

Орал қаласының қоғамдық кеңесі төрағасы әрі «Евразия» индустриалдық-экономикалық колледж директоры Роман Бисенғалиев. Орал, 29 наурыз 2016 жыл.

- Кеңес мүшелері мысалы, жол салу сапасын немесе азық-түлік бағасының қымбаттатудың негізділігін, белгілі бір мәселелер бойынша әкімдіктің қаулы қабылдауын қадағалайды. Әділет органдары қоғамдық кеңестің мақұлдауынсыз әкімдіктің ешқандай шешімін өткізбейді, - деп мәлімдейді Роман Бисенғалиев.

Қалалық кеңес төрағасы кеңестердің өкілеттігі шектеулі екенін, яғни материалдық-техникалық база мен штат түгілі, қоғамдық кеңестің әзірше мөрі де, фирмалық бланкілері де жоқ екенін айтады.

- Жұртты өзіміздің жұмыс орнымызда қабылдап жатырмыз. Әзірше қолымызда мәслихаттың мөрі басылған қызметтік куәліктеріміз ғана бар. Заңның кемшін тұстары көп. Заң авторларына тиісті ұсыныстарымызды жолдап қойдық, - дейді Роман Бисенғалиев.

БЕЛСЕНДІЛЕР СЕНБЕЙДІ

Дауыс беру қорытындысы бойынша қоғамдық кеңеске ілікпей қалғандар арасында Қазақстанға белгілі талай адам бар. Мысалы, алматылық танымал экономикалық шолушы Денис Кривошеев. Ол қоғамдық кеңеске қаланың экологиялық проблемалары туралы мәселелер көтеру үшін кіргісі келгенін айтады.

Экономикалық шолушы Денис Кривошеев. Алматы, 13 қазан 2015 жыл.

Денис Кривошеев қоғамдық кеңеске сайланған кандидаттарға дауыс беру процесін «фарс» деп атап, процедураның заңды өткеніне сенбейді.

- Кеңеске билікке жуық адамдар – билікке адал ҮЕҰ-лар мен бұрынғы шенеуніктер өтті. Билік кеңестің бақылауға көнбейтін мүшелері бюджет ақшасын жұмсауды жариялылығын талап етуі мүмкін деп қауіптенеді, - дейді қоғамдық кеңеске мүшелікке бұрынғы кандидат.

Денис Кривошеевтің айтуынша, билік кеңеске сенімді адамдарын тағайындау арқылы қоғамды мемлекет істерін басқару және шенеуніктердің іс-әрекетін бақылау мүмкіндігінен тағы айырған.

Алматылық тәуелсіз журналист Сергей Дуванов кеңеске қарапайым халықтың пікірін адал жеткізетін адамдар іліксе де, билік олардың сөзін бәрібір елемес еді деп санайды.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов. Алматы, 23 қазан 2012 жыл.

- Егер халықтың пікіріне құлақ асса, бұл бюджет астауына жабысып алғандардың мүддесіне қайшы келеді. Егер бақылауға көнбейтін адамдар кіріп кетсе, олар қолайсыз мәселелерді қозғап шулайды, билік қозғағысы келмейтін келеңсіз жайттарды ашып көрсетеді, - дейді Сергей Дуванов.

Журналист ҚК-лер мәслихаттардың функциясын қайталайды әрі нақты өкілеттігі жоқ деп санайды.

Бірақ Оралдың мемлекеттік БАҚ-тары қоғамдық кеңестер қарқынды жұмыс істеп жатыр деген ақпарат таратып жатыр. Кеңес сәуірдің 9-ы күні Орал орыс драма театрында «Халық заңгері» акциясын өткізуді жоспарлайды. Аймаққа танымал заңгерлер халыққа тегін кеңес бермек.