Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға әсер ете ме?

Алматыдағы ақша айырбастау пункті. 11 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет).

Батыс елдерінің Ресейге санкция салуды күшейтуіне байланысты алаңдаушылық танытқан Қазақстан Ұлттық банк төрағасының сөзіне жергілікті сарапшылар пікір білдірді.
Қазақстан ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мамырдың 13-і күні Астанада Батыс елдерінің Ресейге Украинадағы әрекетіне байланысты салған санкцияларының күшеюіне «Қазақстан билігі алаңдаушылық білдіретіні» туралы айтқан.

«Біздің ең ірі сауда әріптесіміз - Ресейге қатысты санкция режимінің күшеюі алаңдатады. Қазақстанға келетін тауардың 36 пайызы - ресейлік өнімдер, Ал Қазақстан экспортының 7 пайызы Ресей нарығына шығарылады. Біз бұл елден көп мөлшерде капиталдың сыртқа кетіп жатқанын көріп отырмыз. Биыл Ресей экономикасында өсім болмайтын түрі бар. Экономикамыз бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан бұл жағымды жаңалық емес» деген Келімбетов.

Оның айтуынша, Қазақстан осы жағдайда экономикалық өсім мен инфляция қарқынын қалай теңестіру жайын қарастырып жатыр.

МАМАНДАР ПІКІРІ

Экономист Ораз Жандосов Ресейге салынатын санкциялар Қазақстанға әсер етеді деп ойламайды.

«Бұл санкциялардың Ресей экономикасы арқылы Қазақстанға жанама залалы қалай боларын дәл болжап айту қиын. Себебі ол санцияларға жауап ретінде Ресейдің қандай экономикалық саясат ұстанатыны түсінікті болуы керек. Әрине, Ресей санкциялардың залалын мүмкіндігінше азайтуға тырысары сөзсіз. Бірақ одан нәтиже шыға ма, жоқ әлде қашанғыдағыдай ештеңе өнбейтін іс бола ма – ол жағын болжау қиын» деді Ораз Жандосов.

Жандосовтың пікірінше, санкциялардың бар-жоғына қарамастан «Қазақстан өз экономикасын нығайтуға күш салуы керек».

Ораз Жандосов, экономист



Қазақстан білім және ғылым министрлігі экономика институтының бас ғылыми маманы Олег Егоровтың пікірінше, Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен дербес сыртқы экономикалық саясат жүргізетін тәуелсіз мемлекет болғандықтан Батыс елдерінің Ресейге санкция салуынан оған ешқандай қауіп жоқ.

«Біздің сыртқы экономикалық байланысымыздың басым бөлігі мұнай-газ саласының еншісінде. Елде бірталай уақыттан бері жұмыс істеп жатқан Батыстың, соның ішінде АҚШ-тың ірі компаниялары біздің ел үшін қандай да бір тиімсіз қадамдарға ешқашан бармайды, өйткені олар еңбек етіп, пайда тапқысы келеді» дейді Олег Егоров.

Оның сөзінше, бүгінгі жағдайда Қазақстан үшін өнім өндіру салаларын жетілдіру тиімді болмақ.

«Бізге, мәселен, қайта өңдеу, машина жасау салаларын бұдан әлдеқайда бұрын қолға алу қажет еді. Енді бұл салаларды ойлағандағыдан да жылдам дамыту мүмкіндігі туып отыр» деді Олег Егоров.

РЕСЕЙГЕ САЛЫНҒАН САНКЦИЯЛАР

Мамырдың 12-сі күні Еуропа Одағы ресейлік тағы да бірнеше шенеунікке санкция салғанын хабарлаған.
Қайта өңдеу, машина жасау салаларын ойлағандағыдан да жылдам дамыту мүмкіндігі туып отыр.

Бұған дейін, сәуір айының соңында АҚШ Ресей президенті Владимир Путиннің жақын серіктері мен ресейлік 17 компанияға қарсы санкция салынғаны туралы мәлімдеген. Оның алдына, наурыз айында АҚШ Ресейдің Қырымды аннексиялап алуына және Украинаға қатысты саясатына байланысты ресейлік 27 шенеунік пен «Россия» банкіне санкция салған еді.

Биыл наурыз айында Гаагадағы ядролық қауіпсіздік саммиті кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев журналистер сұрағына: «Батыстың экономикалық санкциялары бізге әсер етпейді, себебі бұл Батыс пен Ресей арасындағы мәселе» деп жауап берген еді.

Бірақ қазақстандық кейбір сарапшылар Ресейге қарсы санциялардың Қазақстанға да әсер етуі мүмкін екенін Азаттыққа бұған дейін айтқан.