Мамырдың 21-і күні Қазақстанның ірі қалаларының көбінде бейбіт митингіні болдырмау үшін жиналған полиция жүздеген адамды ұстады. Мамырдың 21-іне дейін де билік ондаған белсендіні қамаған еді. Кейінгі 20 жылда жұрт наразылығы осы жолы қатты байқалды.
Мұндай жағдайға не себеп болды? Орталық Азия елдері ішінде салыстырмалы түрде жақсырақ дамыған мемлекетте жастар мен кәрілер полицияның көлігіне неге тоғытылды? Қазақстандық шенеуніктер халық наразылығының кенет күшеюінен бір-екі ай бұрын қабылданған жерді жекешелендіру туралы жоспар ықпал етті деп санайды.
Биліктің бұл шешімі ешкімнің көңілінен шықпады, сәуір айының соңында оған қарсы митингілер болды. Қазақстан билігі халық наразылығы осы мәселеге тіреліп тұр деп, жерді жекешелендіру жоспарын кейінге шегеріп, шуды басуға тырысып жатыр. Бірақ мәселе жерді жекеге беруге ғана тіреліп тұрған жоқ.
ТЕҢГЕНІҢ ҚҰЛДЫРАУЫ
Қазақстанның 21-ғасырда аздап табысқа жетуіне бұл елдің негізгі экспорттық өнімі – мұнайдан түскен пайда себеп болған еді. Осы түсім елдің тұрмысын түзеуге көмектесті. Бірақ әлемдік нарықта мұнай арзандап, Қазақстанның ұлттық валютасы (теңгені айтады - ред.) 2015 жылдың шілдесінен бастап екі есеге жуық құнсызданды.
Экономикалық жағдай тәуірлеу кезде Қазақстанның көптеген тұрғындары доллармен несие алған еді. Олардың көбі елде қалыптасып келе жатқан орта тап өкілдері болатын. Кем дегенде ондаған мың адам енді осы несиелерді төлеуге қазір қиналып жатыр. Осы несие иелерінің отбасы мүшелерін қоссақ, 1 миллионнан астам адам қазіргі ипотекалық дағдарыстан жапа шегіп отыр.
Қазақстан ұлттық экономика министрлігінің 2016 жылдың ақпанындағы дерегі бойынша Қазақстан халқы 17 миллион 670 мың адам шамасында. Билік экономикалық мәселелерді айтудан қашқақтайды. 1990-жылдардың ортасында Қазақстанда жалақыны уақытында төлемеу көп наразылық тудырған еді.
Соңғы уақытта мұндай мәселе көп айтылмады. Бірақ жалақыны уақтылы төлеу үшін және жаппай жұмыссыздықты болдырмау үшін кәсіпорындардың көбі қызметкерлерін толық жұмыс күнінен жартылай жұмыс күніне ауыстырды. Бұл тәсілді пайдалану мұнай секторында қатты байқалады.
ОРАЛМАНДАР МӘСЕЛЕСІ
1991-жылдары елдегі этникалық қазақтардың санын көбейту үшін Қазақстанға шақырылған «оралмандар» бар. 2016 жылдың ақпанындағы дерекке сай Қазақстанда 957 мың 772 оралман бар. Заң бойынша оралмандарға жер берілуі керек.
Олардың көбі жер алды, бірақ бәрі емес. Сондықтан кейінгі жылдары тиісті органдардың оралмандарды ресми құжатсыз алған жері мен ол жерге салған үйлерінен шығарып жатқаны туралы мәліметтер бар, әсіресе Алматы облысында осындай оқиғалар көп.
Қазақстан үкіметі оралмандарды орналастырғанда аймақтардың этникалық құрамын теңестіруді көздейді. Олардың көбі Қазақстанның Өзбекстанмен шекаралас аудандарына қоныстанды, солайша үкімет этникалық қазақтар мен өзбектердің санын реттеп алмақ болды.
Украинаның шығыс бөлігінде Ресейдің араласуымен сепаратистік бүлік басталғанда оралмандарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру туралы айтылды. Солайша оларды Ресеймен шекаралас аумақтарға апарып, қазақтар мен орыстардың этникалық үлесін теңестіру керек десті. Ресейлік Сібірмен шекаралас жердегі климат қоңыржай, оңтүстіктегі ауа-райы ыстық аудандардан көп ерекшеленеді.
Қазақстанның батыс облыстары мұнайлы өлкеде тұрады, Қазақстанның негізгі байлығы осы жақтан келеді. Бірақ бұл аумаққа лайықты жағдай жасалмай, ақшаның көбі Қазақстанның басқа аймақтарына, Алматы немесе Астанаға бөлінеді, тіпті Қазақстаннан тыс аумақтарға кетеді. Қазақстанның батыс өңірлеріне халық аз қоныстанған, сондықтан үкіметте өкілдері де аз.
Қазақстандық БАҚ тұтқынға алынған және ісі сотқа кеткен оппозиция өкілдері, тәуелсіз журналистер, блогерлер мен азаматтық белсенділер туралы үнемі хабарлап тұрады. Адамдар осы үкіметке қарсылас саналатын адамдарды қолдамаған күнде де, үкімет олардың үнін шығармауға тырысып жатқанын көріп отыр.
ЕАЭО МЕН EXPO
Қазақстандық жүйенің әділетсіздігін онда тұратын жандардан артық ешкім білмейді. БАҚ Назарбаев отбасы мен оның жақын достарының әлем бойынша ең бай адамдардың тізіміне еніп жатқанын хабарлап келеді. Кедейлене бастаған халыққа бұл тіпті ауыр тиеді. Соңғы уақытта мемлекеттік саясат мәселесі де жиі қозғалып жүр.
Қазақстан - Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанмен бірге Еуразия экономикалық одағының (ЕАЭО) мүшесі. Қазақтан шенеуніктері, соның ішінде президент Нұрсұлтан Назарбаев «ЕАЭО - Қазақстанның экономикалық болашаның кепілі» дейді.
ЕАЭО 2015 жылы құрылды, бірақ содан бері бұл одаққа мүше елдермен Қазақстан саудасының көлемі үштен бірге азайды. Қазақстанның Ресей және Беларусьпен саудасы ЕАЭО құрылар алдында, Кеден Одағы іске кіріскен кезде-ақ азая бастаған еді. Қазақстандық баспасөз осы мәселені жазып жатса, үкіметтегі шенеуніктер «ЕАЭО ел болашағы үшін өте маңызды одақ» деуден таймады.
Астанада өтетін EXPO-2017 Қазақстанды әлемге танытады деген идея айтылды, бірақ соңғы айларда бірнеше миллиондаған доллардың жемқорлық істері бұл жобаның атын басқа жағынан шығарып тұр. Осының кесірінен бастапқыда дағдарыс кезінде пайдалануға сақтап қойған қаражат EXPO-ның шығынына жұмсала бастады.
2015 жылдың тамызында президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банктің 2014 және 2015 жылғы теңге бағамын сақтау үшін 28 миллиард доллар шығындауына рұқсат етті. Бірақ үкіметтің сонша үлкен шығынға барғанына қарамастан теңге бағамы құлдырап кетті.
«СЫРТҚЫ КҮШТЕР»
Бұл аталғандар Қазақстанның қазіргі жағдайын сипаттайтын факторлардың бір бөлігі ғана. Тағы бір ескерерлік жайт бар. Қазақстандағы оқиғаны басқа елдермен, әсіресе Ресей және басқа Орталық Азия елдерімен салыстыру жиі кездеседі. Бұл жерде бір үлкен айырмашылықты ескеру керек.
Ресей өзінің ағымдағы мәселелері үшін «Батысты» айыптайды және ресейліктердің көбі соған иланады. Мұндай риториканы олар бұрыннан естіп келеді, сондықтан оған тез сенеді.
Ал Өзбекстан немесе Тәжікстан сияқты Орталық Азия елдері қолайсыздық тудырған әсіредіншіл топтарға тыйым салады, билік «Хизб-ут Тахрир» сияқты ұйымдардың мүшелерін немесе жергілікті жекелеген діндарлар жетекшілерін теріс бағытқа шақырады деп айыптап, репрессия шараларын жүргізіп отырады.
Кейбір қазақстандық БАҚ та айыпты «сыртқы күштерге» жапқысы келгенімен, Қазақстанның тұрақсыздығына мүдделі ешқандай сыртқы күш жоқ. Яғни, Ресей Украинаның шығысындағы сценарийді Қазақстанда қайталайды дегенге ешкім сенбейді. Қазақстандық мемлекеттік БАҚ та мұндай теорияны ұсынбайды.
Демек, Қазақстандағы қазіргі пролблемалар Қазақстанның ішінде туды, елдегі халықтың көбі де солай ойлайды. Дегенмен Қазақстан төңкеріс алдында тұр деуге келмейді. Ресей мен Қытай сияқты көршілері Қазақстан үкіметінің ауыспауына мүлделі.
Алайда кейінгі 15 жыл бойы шағын өзгерістерді бастан өткерген Қазақстан ондай төңкеріске шыдай алады деу қиын. Бақылауды сақтау үшін үкіметте өзгеріс болуы керек.
Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.