Accessibility links

Жер мәселесі мен Қазақстандағы тұрақтылық факторы


Көктемде далада жер жыртып жүрген трактор. (Көрнекі сурет.)
Көктемде далада жер жыртып жүрген трактор. (Көрнекі сурет.)

Батыс баспасөзі Қазақстанда жауырда жер дауына қатысты өрбіген наразылықтарды талдап, Қытайдың Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өндірісіне инвестиция құю жоспары жайлы жазған.

ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ НАРАЗЫЛЫҚТАР

Американың Stratfor сараптамалық агенттігі сайты жақында Қазақстанда жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қарсы және «президент Нұрсұлтан Назарбаевты [өзгерістерді енгізуге] мораторий жариялауға мәжбүр еткен» наразылық акцияларын талдаған. Мұндай ахуал 2014 жылы – билік шетелдіктерге жерді қазіргідей 10 жылдың орнына 25 жылға дейін жалға беру мүмкіндігін қарастыратын жер нормативтерін қайта қарай бастаған кезде басталған.

«Бұл жоспарға сәйкес, билік мұнай бағасының арзандауы және ел экономикасының баяулауы салдарынан келген әрі биліктің іс-әрекетіне қоғам наразылығын тудырған шығынның орнын толтыру мақсатында 1,7 миллион гектарға жуық – негізінен ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді 2016 жылдың шілдесінен бастап аукционға шығаруға ниеттенген болатын» деп жазады Stratfor.

Жер кодексіне әлгіндей өзгерістер енгізу жұмыстары екі жыл бұрын басталғанына қарамастан, әлеуметтік желілерде бұл тақырып жуырда ғана қозғалғаны. Билік «Қытай инвесторларына жер сатпақ» деген қауесет «советтің ұзақ жылға жалғасқан пропагандасы кесірінен Қытай ықпалынан қорқып қалған» қазақстандықтардың көбін қатты алаңдатты. «Жаңа заң жайлы жаңсақ ақпарат пен болашақтағы «Қытай басқыншылығы» жайлы қауесет ұшы-қиыры жоқ Қазақстанның түкпір-түкпіріне ерекше шапшаңдықпен тарады» деп жазады Stratfor.

Жер мәселесіне байланысты қарсылық акциясына қатысушылар. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Жер мәселесіне байланысты қарсылық акциясына қатысушылар. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Билік әрбір наразылық акциясына полиция жасағын аттандырғанына қарамастан, қарсылық бетін қайтару әрекеті тек бір аптадан кейін ғана басталды. «Қазір биліктің алдында [Жаңаөзендегі тәрізді] тағы бір «қырғынға» баруға тәуекел ету керек пе, жоқ әлде экономикадағы ахуалды жақсарту жоспарын ұмытқан жөн бе деген мәселеге қатысты бір шешімге келу міндеті тұр. Мемлекеттік телеарна арқылы мораторий жариялаған Назарбаев жұрттың мәселені дұрыс түсінбегеніне қынжылып, бүкіл кінәні заңды халыққа дұрыс түсіндіре алмаған үкімет технократтарына артты. Бірақ, тіпті осылайша мойындаудың өзі Қазақстан басшылығының ықтимал халық толқуынан қауіптенетінін аңғартады» деп жазады Stratfor.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЮ

Ұлыбританияның Financial Times газеті Қытайдың Қазақстан ауыл шаруашылығы саласына инвестиция құю жоспары жайлы хабарлап, «Қытай компаниялары Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жобаларына 1,9 миллиард доллар инвестиция салу үшін келіссөз жүргізіп жатыр» деп жазған. Бұл жобаны Қытайдың «Жаңа Жібек жолы» бастамасын кеңейту аясында іске асыру жоспарланған. Қазақстан ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаеваның Financial Times газетіне айтуынша, Қазақстан «елдегі ауыл шаруашылығы өндірісіне Қытай компанияларының инвестиция салуына өте мүдделі» әрі «Қазақстанда өсірілген бүкіл азық-түлікті Қытайға экспорттау» мүмкіндігіне ие болады.

«Ауыл шаруашылығына Қытай инвестициясын тарту мәселесі Қазақстанда саяси тұрғыдан шетін тақырып саналады, өйткені 2010 жылы үлкен жер телімдерін Қытайға жалға беру туралы ұсыныстар түсініксіздеу қоғамдық наразылықтардан кейін қайтып алынды. Жаңа [жер кодексі] шетелдіктерге қазақ жерін сатып алуға мүмкіндік береді деген жаңсақ пікір тарауына байланысты кейінгі апталарда елде бірнеше наразылық шеруі өтті» деп жазады Financial Times.

Қытайдың Шанхай қаласы маңындағы құс фабрикасында. 16 сәуір 2013 жыл.
Қытайдың Шанхай қаласы маңындағы құс фабрикасында. 16 сәуір 2013 жыл.

Гүлмира Исаеваның айтуынша, Қытай компаниялары қазақ жерін иелене алмайды, олар қазақстандық компаниялармен бірлесіп өндірістік секторға инвестиция құюға көбірек мүдделі. Құс фабрикасын мысалға келтірген Гүлмира Исаева «Қазақстанда құстың сирағы мен басын ешкім жемейді, ал Қытайда олар жеңсік ас саналады», сондықтан бұл инвестициялар қазақстандық құс фабрикаларының тиімділігін арттыруға мүмкін береді дейді. Ол қытай инвесторлары арасында Zhongfu Investment Group компаниясы өсімдік майы өндірісіне 1,2 миллиард доллар, Rifa Investment компаниясы сиыр, қой және жылқы етін өндіруге 200 миллион доллар, ал Cofco компаниясы қызанақ пен томат пастасы өндірісіне 80 миллион доллар құюға ынталы екенін айтады.

Financial Times газетіндегі тағы бір мақалада Қазақстанда тіл ұстартатын мектептер ағылшын тілін меңгертуден қытай тілін оқытуға қарай біртіндеп ауысып жатыр деп жазады.

«Қытайдың мемлекеттік органы – шетел студенттерінің Қытайда білім алуына көмектесетін стипендиялар кеңесінің дерегінше, Қытайда оқитын қазақстандық азаматтар саны кейінгі 10 жыл ішінде бес есеге көбейіп, 12 мыңға жеткен. Бұған қоса, Пекин қытай тілі мен мәдениетін оқып, үйренгісі келетіндерді ынталандыру үшін Орталық Азияның бес «стан» елінде 11 Конфуций институтын ашқан. Қытай тілін үйренуді тіпті Қазақстан басшысының отбасы да қолдайды: биыл ақпанда премьер-министрдің орынбасары әрі ел президентінің қызы Дариға Назарбаева «қазақ балалары қазақ, орыс және ағылшын тіліне қоса қытай тілін де үйренуі тиіс» деп мәлімдеген.

5 мамырда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі түзетулердің күшіне енуіне мораторий жариялап, жер реформасының даулы тұстарын талқылау үшін қоғам өкілдерінің қатысуымен комиссия құруға пәрмен берген. 14 мамыр күні Астанада комиссияның алғашқы отырысы өтті.

XS
SM
MD
LG