Қазақстанды үзбей басқарып келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаевқа туыстығы бар Қайрат Боранбаевтың бизнесі Қазақстанның жоғары элитасы үшін «қадірі кеткен» мұнайдан бастап фармацевтика, фитнес-клубтар мен фастфуд мейрамханаларына дейінгі қилы саланы қамтиды.
Жергілікті кей БАҚ-тар Боранбаевтың Ресейдегі McDonald’s мейрамханалары желісін сатып алу жоспарлары жайлы жазады. Тамыздың аяғында ресейлік РБК ақпараттық агенттігі Ресейдің 13 аймағындағы McDonald’s мейрамханалары мен франшизасын «Қазақстан мен Беларусь елдерінде McDonald’s франшизасын дамытуға кіріскен» бизнесмен Қайрат Боранбаев сатып алғанын хабарлаған.
САН ҚЫРЛЫ БИЗНЕС
Қазақстан президентінің жиені Айсұлтан Назарбаевтың үйленгені жайлы жаңалық тараған 2013 жылдың ортасына дейін жұрт топ-бизнесмен Қайрат Боранбаевтың есімін көп естімейтін. Үш жарым жыл бұрын БАҚ Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің (ол кезде қуғындалып әрі шетелде жасырынып жүрген, кейін Австрия түрмесінде қаза тапқан) ортаншы ұлының қалыңдығы «ҚазРосГаз» компаниясының бас директоры Қайрат Боранбаевтың қызы Әлима Боранбаева екенін хабарлаған.
Қызы тұрмысқа шыққаннан бірер айдан кейін Қайрат Боранбаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен ресейлік «Газпром» компаниясының бірлескен кәсіпорны «ҚазРосГаз» басшысы қызметінен кетті. Әлгі қызметтен кеткеннен кейін Боранбаевтың есімі БАҚ-та жиі көріне бастады.
Кейінгі кезде Боранбаев ел аузына көп ілігіп, жұрт көзіне жиі түсіп жүр. Биыл Forbes Kazakhstan Боранбаевтың байлығын 350 миллион долларға бағалап әрі тізімдегі 15 орынға орналастырып, оны елдегі ең бай 50 бизнесмен рейтингіне алғаш рет енгізді.
Forbes Kazakhstan журналының мәлімдеуінше, Боранбаевқа McDonald’s мейрамханалар желісі ғана емес, активтері мұнай өнеркәсібі, қонақүй бизнесі, фармацевтика, сауда және қызмет көрсету сияқты салаларда шоғырланған «Алмалы» басқарушы компаниясы да тиесілі. Боранбаев Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас мұнай кенішін игеріп жатқан «Физтех» фирмасына осы басқарушы компания арқылы иелік етеді.
«Алмалы» компаниясы сайтының хабарлауынша, компанияға тиесілі кәсіпорындар қатарында «LPG Дистрибьюшн» газ жинайтын станция, «Кемикал» мұнай-химия компаниясы, Екібастұз көмір алабындағы учаскеде жер қойнауын пайдалану құқығын алған «Ангренсон Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Сайт атаған өндірістік орындар ішінде Алматы облысындағы фармацевтика зауыты да бар. Қызмет түрлерін көрсету саласында Алматыдағы Rahat Palace пен Астанадағы Comfort Hotel Astana қонақ үйлері, Fitnation фитнес-клубтар желісі, Алматыдағы Республика алаңы астында орналасқан әрі Bekmambetov Cinema кинотеатры бар «Алмалы» ойын-сауық орталығы, элиталық жылжымайтын мүлікке инвестиция салуды мақсаты деп атайтын девелопер компаниясы көрсетілген. Жуырда қазақстандық БАҚ Esentai Mall сауда орталығындағы Esentai Tower іскерлік жобасынан Боранбаевтың үлес сатып алғаны туралы жазған.
Биыл Боранбаев Астана мен Алматыда алғашқы McDonald’s мейрамханаларын ашқан. Ашылар қарсаңында Астанадағы фастфуд мейрамханасына президент Нұрсұлтан Назарбаев барды. Көп ұзамай Қазақстандағы әлеуметтік желіні пайдаланушылар «Назарбаев мейрамханаға фастфудты насихаттау үшін барған шығар» деп жорамалдаған. Кейінірек Назарбаевтың баспасөз хатшысы президенттің мейрамханаға баруын биліктің шетелдік инвесторларды Қазақстан экономикасына ақша салуға шақыруы деп атап, комментарий берген.
Алматыдағы McDonald’s біраз шумен ашылды. Мейрамхана қала ортасындағы«Алатау» кинотеатрының бульдозермен күреген ғимараты орнына салынды. Қаланың көне келбетін сақтап қалу жанашырлары ғимаратты бұзуға қарсы шықты. Бірақ совет жылдары салынған кинотеатр бәрібір сүрілді. McDonald’s-тің ашылу рәсімінде Қайрат Боранбаев ескі ғимараттың талай жылдан бері бос тұрғанын айтты. Ол «Шынын айтқанда, ғимарат ешкімге керек болмай, ешкім сатып алғысы келмей жеті жыл тұрды» деп түсіндірген.
Алматыда алғашқы McDonald’s ашылды. Азаттық видеосюжеті:
Your browser doesn’t support HTML5
Боранбаевтың бизнесі бірте-бірте «тереңдеп» әрі «жайылып» барады. РБК сияқты ресейлік БАҚ-тар Боранбаевтың Ресейдің 13 аймағындағы, оның ішінде Қазақстанмен шекаралас аймақтарындағы McDonald’s мейрамханалары мен франшизасын сатып алу жайлы жоспары туралы жазған. Беларусьтің бірнеше сайтының хабарлауынша, «ықпалды бизнесмен Боранбаев» - Беларусьтегі McDonald’s франшизасының да иесі.
НАЗАРБАЕВ ЖӘНЕ ОНЫҢ ОТБАСЫМЕН АРАЛАСТЫҒЫ
Биыл жазда Айсұлтан Назарбаев пен Әлима Боранбаева екеуінің қызы - ел президентінің жиеншары дүниеге келіп, Боранбаев нағашы ата болды. Жанама дереккөздер ақпаратына қарағанда, үш жыл бұрын құдандалы болған президент отбасы мүшелерімен Қайрат Боранбаев тығыз араласатыны байқалады.
Үйлену тойынан түсіріліп, YouTube видеохостингінде жарияланған әуесқой видеода Қайрат Боранбаев моральдық қағидалар сақшысы ретінде көрінген. Видеода жас жұбайлардың жанында бұрынғы әділет министрі, орталық сайлау комиссиясының (ОСК) қазіргі басшысы Берік Имашев (Дариға Назарбаеваның құдасы - Имашевтің қызы Қазақстан президентінің үлкен жиені Нұрәлі Әлиевке тұрмысқа шыққан) тұрғанын көруге болады. Тамада тойға шақырылған жұлдыз - британдық әнші Дэвид Крейгпен бірге фотоға түсуге шақырған кезде камера алдында Қазақстан президентінің қызы әрі Боранбаев пен Имашевтің құдағиы Дариға Назарбаева пайда болды. Тойға шақырылған артист ұшқалақтық танытып, жанына келіп тұра берген Дариға Назарбаеваның беліне қолын қояды. Крейгтің әлгі «жеңілтектігін» көріп қалса керек, ыңғайсыздықты жуып-шаюға тырысқан Боранбаев суретке түсіп жатқандардың жанына жетіп барып, құдағиы мен шетелдік әншінің ортасына тұра қалды.
Биыл мамырда Мatrica.kz веб-сайтына берген сұхбатында Боранбаев президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, «ол жиені Айсұлтан жайлы сұрады» деп айтқан болатын. Әлгі сұхбат Айсұлтан Назарбаевтың Астананың сол кездегі әкімі, ықпалы мықты Әділбек Жақсыбековке сес көрсеткені желіде талқыланғаннан кейін жазылған. Facebook желісінде президенттің жиені «сасық астанада» тұрғысы келмейтінін жазып, сарқын су жиналатын әрі Астананы сасық иіске бөктірген Талдыкөлдің жағасына әкімге киіз үй тігіп береміндеп мәлімдеген. Боранбаев сұхбатында президентпен әңгімелесіп, Айсұлтанға «ешкім жазып та, кеңес те бермейді» деп айтқанын мәлімдейді. Іле-шала Боранбаев күйеубаласының негізгі проблемасын оның тегімен байланыстырып, «Ал тегі өзгеше жазылса, оның посты мұндай шу болмас еді. Назарбаевтың не жазатынына жұрттың бәрі назар аударады» деп түйіндеген. Бірақ бизнесмен Нұрсұлтан Назарбаевпен қандай жағдайда кездескенін нақтылап айтпаған.
ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МҰҒАЛІМІНІҢ ӨРЛЕУІ
Ашық жарияланған ақпарат бойынша, Қайрат Боранбаев 1989 жылы дене шынықтыру институтын бітірген, ЖОО-дағы оқуын аяқтағаннан кейін әуелі Торғай облысында, кейін Алматыда спорт мектебінде бірнеше жыл сабақ берген. 1999 жылы ол «Бастапқы мамандандыру кезеңінде жас футболшыларды шапшаңдық қасиеттерге баулудың педагогикалық әдістері мен құралдары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Негізі, Боранбаев футболды қатты жақсы көретін секілді. Ол алматылық «Қайрат» клубының қамқоршылар кеңесін басқарады, ал «ҚазРосГазды» Боранбаев басқарған жылдары компания футбол командасының демеушісі болған.
Боранбаевтың ресми өмірбаянында 2000 жылы ол Қазақ ұлттық университетінде оқып, заңгер дипломын алған деп жазылған. Бұл кезге қарай ол бірінші мамандығы бойынша жұмысын тастап, бизнес саласына кеткен. Қызметі тез өрлеген ол 2000 жылы «ҚазТрансГаз» компаниясының атқарушы директоры, екі жылдан кейін Intergas Central Asia компаниясының коммерциялық директоры, тағы екі жылдан кейін «ҚазТрансГаздың» бас директорының орынбасары, ал 2006 жылы «ҚазРосГаз» компаниясы бас директорының қызметін алған.
«Алмалы» басқарушы компаниясына Боранбаевтың қай жылы келіп, 10-нан аса кәсіпорын иесіне қалай айналғаны туралы ресми дереккөздер хабарламайды. Бұл ақпаратты «Боранбаев уақытша Қазақстанда жоқ» деген уәжбен Азаттық редакциясының хатына жауап бермеген компанияның өзінен де нақтылаудың сәті түспеді. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев отбасымен туыстығы бизнесін дамытуға қалай әсер етеді?» деген сұрақ та жауапсыз қалды.