Министрлердің блогтары шағым жәшігіне ұқсайды

Көрнекі сурет.

Мемлекеттік орган басшыларының блогтары шағым жәшіктеріне ұқсап кеткенін оларды қадағалайтын қызметкерлер де мойындайды. Шағым иелеріне жауап кеш беріледі, немесе мүлде жауапсыз қалады.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімов ресми ақпарат құралдарында Twitter-ден "аккаунт", үкімет вебсайтынан "блог" ашқан алғашқы жоғары лауазымды шенеунік ретінде аталған еді. Кейін басқа министрлер де "қоғаммен қарым-қатынасын күшейту үшін" блогтар аша бастаған.

Қарапайым халықтың мұндай блог-платформаларды министрлердің сирек жазбаларын оқу үшін емес, арыз-шағымдарын жылдам жеткізу үшін тиімді түрде пайдалана бастағаны байқалады.

Азаттық тілшісі ішкі істер министрі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының ресми вебсайттарындағы "азаматтармен қарым-қатынас жасау" белсенділігін зерттеп көрді.

ПОЛИЦИЯНЫҢ ІСІНЕ ШАҒЫМ

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың блогына айына шамамен 500-ге жуық сұрақ түседі. Көп сұрақтар жауапсыз қалған.

Блогта өзге біреудің құжаттарын пайдаланып несие алуға, шет жақтан келіп азаматтық ала алмауға, ақша бопсалауға қатысты шағымдар көп. Министрге әсіресе полицияның әрекеттері туралы арыздар жиі түсетіні байқалады.

Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың блогының скриншоты. 30 сәуір 2013 жыл.


​Мысалы, өзін Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны деп таныстырған азаматша сәуірдің 12-сі күні полиция қызметкерлері ұлын "көшеде кетіп бара жатқан жерінен ұстап алып, себепсіз ұрып-соққанын" жазады.

«Сол жерде сабап, денесіне ауыр жарақаттар түсіріп, иығын шығарып, талдырып, көліктеріне салып алып кеткен. Үш полиция қызметкері болған... Олар ұлымды өздерінің бөлімшелеріне апарып кісендеп тастаған. Одан кейін далаға тастап кеткен. Бұл не деген бассыздық, заң адамдарының заңсыз әрекет жасап, адамды қорғағанның орнына өздері зиян келтіруі...» деп жазады тұрғын.

Қолданушының баяндауынша, жергілікті ауруханадағылар оның ұлын толық емдеуден бас тартқан. Соның салдарынан қазір жағдайы қатты нашарлап кеткенін айтқан шағым иесі министрден кінәлі полицейлерді жазалауды сұрайды.

Министр бұл жазбаларға жауап жазбаған.

«ЖЕМҚОРЛЫҚ» ЖӘНЕ ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ

Сәуірдің 17-сі күні Жамбыл облысының тұрғыны бірнеше жылдан бері азаматтық ала алмай жүргенін, өңірде өзі сияқты жүздеген азамат барын жазады. Ол көші-қон полициясының «ақша бермейінше құжаттарын бермеу туралы шарт қойғанын» айтады.

«Бірнеше адам келді – олардың да құжаттарын ала алмай жүргеніне 5-7 жыл болыпты. Қазіргі кезде мұндай болуы мүмкін бе? Түсінбеймін. Сондай адамды аудандық көші-қон қызметінің басшылығына қалайша қайта сайлауға болады? Бұрындары шаруаны бүлдіріп, соның салдарынан осындай бейберекетсіздік орнап, қазір азаматтар құжаттарын таба алмай, азаматтықтарын ала алмай жүр...» деп жазады шағым иесі.

Тағы бір шағым құқық қорғаушыдан түсіпті. Ол ішкі істер министрінің блогына сәуірдің 11-і күні облыстық прокуратуралардың біріндегі «жемқорлық» туралы шағым қалдырыпты. Ұзақ-сонар мәтінде ол қалалық бір прокурордың «азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзып отырғаны» туралы жазады.

Ішкі істер министрінің блогынан «тәулігіне 15 сағат жұмыс істеуге» қатысты арызданған полиция қызметкерлері мен олардың жақындарының бірнеше арыз-шағымдарын таптық.

Солардың бірінде «Еңбек кодексіне сәйкес бәрі 8 сағат жұмыс істейді, ал біз неге екені белгісіз, таңғы сағат 8-ден түнгі 23.00-ге дейін жұмыс істейміз. Отбасыға уақытымыз қалмайды, үнемі жұмыстамыз... Бұған қоса демалыс та жоқ. Жексенбі күні жарты күнге болса да сұранайыншы десең, «ұнамаса кете бер, сенің орныңа келгісі келетіндер көп» деп жауап береді» деп жазылған.

«БЫЛЫҚТЫҢ БЕТІН АШУДЫ СҰРАЙМЫН»

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевтың жеке блогы жоқ. Азаматтардың ҰҚК басшысына қойған сауалдарын мекеменің ресми сайтындағы «Сұрақ-жауап» айдарынан таптық.

Бірақ онда министрлер блогындай сұрақтар көп емес, соңғы сұрақ өткен жылы желтоқсан айында түскен.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті веб-сайтының скрин-шоты.

Санаулы сұрақтардың арасында баласы мүгедек болып қалған жалғызбасты ананың өтініші бар. Онда хат иесі әскерге аттанған кенже ұлының әскери гарнизонға жеткізіліп, жұмбақ жағдайда мүгедек болып қалғанын баяндайды.

«Осы жылы (2011 жылы - ред.) тамызда ұлымды «пойыз қағып кетті» деген суыт хабар жетті, әскери бөлімнен хабарласқандар еш дәлелдерін ұсынбастан «өзі
Балам ел қорғап жүріп мүгедек болып қалса еш өкінбес едім, қайта мақтан тұтар едім, бірақ ел аман, жұрт тынышта әлдекімдердің қолынан осындай жағдайға ұшырағанына күйінемін.
кінәлі, біздің кінәміз жоқ» деп жолатпады. Ес-түссіз жатқан баламды бір күннен соң Алматыдағы әскери госпитальға әкелді. Бірнеше күн комада жатқан баламның басының сау жері жоқ, бас сүйектерінің барлығы сынған (томографиясы бар). Қазір ұлым әлі ауруханада» деп жазады анасы.

Бұл жағдайға қатысты тергеудің әділ өтетініне күмән келтірген әйел «әскери бөлімдегі былықтың бетін ашып, шындықты табуға көмектессеңіздер» деген өтініш айтқан.

«Менің талабым: кінәлілер табылса екен! Әрі ұлымның денсаулығын түзеу үшін өтемақы өндіріп беруге көмектессеңіздер екен! Мүгедек болып қалған баламның денсаулығын қанша ақша берсе де орнына келтіре алмаймын, бірақ әрі қарай емделу үшін қыруар қаржы қажет. Ал ұлым еш жұмысқа жарамсыз болып қалды. Оның болашағы не болады, қалай күн көреді? Сұрақ көп... Алла тыныштықтан айырмасын, бірақ балам ел қорғап жүріп мүгедек болып қалса еш өкінбес едім, қайта мақтан тұтар едім, бірақ ел аман, жұрт тынышта әлдекімдердің қолынан осындай жағдайға ұшырағанына күйінемін. Өтінемін, көмектесіңіздерші» деп жазады шағым иесі.

Ал бұл хатқа жауап берген ҰҚК алдағы уақытта мұндай оқиғалардың болмауына күш салатынын, әскери гарнизон өкілдерінің тәртіптік жазаға тартылғанын жазған. Комитет әскери қызмет кезінде жарақаттанғаны үшін ұлына жәрдемақы төленетінін айтып, оқиға тексеріліп жатқанын хабарлаған.

«АРЫЗ-ШАҒЫМ ЖӘШІГІНЕ АЙНАЛЫП КЕТТІ»

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі өкілінің Азаттық тілшісіне айтуынша, «министр Қасымовтың өзі барлық сұрақтарды күн сайын қадағалап отырады».

- Блог негізі пікірлерге арналған. Ал қазір ол, шыны керек, арыз-шағымдар жәшігіне айналып кетті. Тіпті адвокаттар жазып жатады. Электрондық қол жоқ болса да, сұрақтарға шама-шарқынша жауап жазылып жатыр. Сұрақтарға жауап берумен қанша адам айналысатынын айта алмаймын, - деді аты-жөнін айтудан бас тартқан қызметкер.

Ол министрдің блогына келген сұрақтарға уақытында жауап жазылмаудың бір себебін былай деп түсіндірді:

- Оларды тексеру үшін уақыт керек болады. Сондықтан сұрақтарға жауап берілмейді. Мысалы, Түлкібас ауданының тұрғыны мал ұрлығы бойынша шағым жазады. Қылмыстық іс сол жақта жатыр. Оны біз бірден біле алмаймыз ғой. Сұраққа жауап беру жылдамдығы оның қиын-оңайына байланысты.

Қазақстан мемлекеттік орган басшылары блогтарының тізімі жарияланған үкімет веб-сайтының скрин-шоты.

Ал ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Бауыржан Нүркенов тұрғындардан мекеме басшысына арналған сұрақтар көбіне электрондық пошта арқылы келетінін, ал сайттың сұрақ-жауап айдарында «негізінен жиі түсетін сұрақтар» жарияланатынын айтты.

- Біз министрліктер сияқты ашық мекеме емеспіз ғой. Азаматтар түрлі қылмыстар жайлы жазып жатады. Ал біз оларды сайтқа шығарып қоймаймыз ғой. Сұрақтарды баспасөз қызметі қабылдап, жауапты бөлімдерге жібереді, - деді ол.

Қазақстан үкіметінің сайтында барлық министрлердің «блогтары» ілініп тұр. Бірақ бұлардың көпшілігі министрлердің өздері жазған блогтарға емес, оларға ел тұрғындарынан толассыз кеп түсіп жатқан арыз-шағымға толы.