Билік пен оппозицияны таңқалдырған «оң жақ рульділер» қозғалысы

Оң жақтан басқарылатын автокөліктерге тыйым салу туралы үкіметтің қаулысына қарсы жұртшылықтың наразылық жиыны. Алматы, 10 желтоқсан 2006 жыл.

Бес жыл бұрын Қазақстанда қысқа мерзімге «оң жақ рульділер» қозғалысы пайда болды. Қозғалыс билікті оппозицияның қатысуынсыз халықпен санасуға мәжбүр етті. Оның лидерлерінің бірі Санжар Боқаев - қазіргі күні «Нұр Отан» партиясының атқамінері. Қозғалыстың тағы бір лидері Анатолий Ахметов есімін өзгертіп.басқа атпен танылып жүр.
Бес жыл бұрын, 2006 жылы қарашада, билік қауіпсіздік кеңесінің шешімі бойынша Қазақстанға тізгіні оң жақта орналасқан автокөліктерді әкеліп, пайдалануға тыйым салмақ ниеті жайлы жариялады. Апаттың көбі қолдануда болған осындай машиналардың кесірінен болып тұрады делінген уәж айтылды.

Бұл көліктерді Совет одағы құлдыраған кезде Жапониядан әкеле бастаған еді. Бұған жауап ретінде әлгіндей автокөлік иелерінің жаппай қозғалысы пайда болды. Олардың наразылық акциялары айтарлықтай шамада биліктің тыныштығын қашырды. Нәтижесінде оң жақтан басқарылатын автокөліктерге қатысты шектеу шаралары жойылды.

Алматыдағы «оң жақ рульділер» қозғалысында екі адам – жоғары оқу орнының жас оқытушысы Санжар Боқаев пен орта жастағы кәсіпкер Анатолий Ахметов ерекше көзге түсіп жүрді. Жас шамаларынан бұрын олардың саясатқа деген көзқарастары бір-бірінен өзгеше болатын – Санжар Боқаевтың ойынша, қозғалысты саясиландырудың қажеті болмады, ал Анатолий Ахметов керісінше қам қылды.

Қазіргі уақытта Санжар Боқаев президенттік «Нұр Отан» партиясының Алматы филиалының басқармасы құрамында қызмет атқарады. Ал Анатолий Ахметовтан соңғы бір жыл бойы еш хабар жоқ.

«Оң жақ рульділердің» жаппай әрекеті Қазақстан тарихындағы нәтижеге жеткен кезекті бірден-бір дерлік саяси емес қозғалыс болып қалды.

САНЖАР БОҚАЕВ ПЕН ОНЫҢ «МИЦУБИСИІ»

Бес жыл бұрын «оң жақ рульділердің» қозғалысына қатысып, адамдарды ұйымдастыру жұмысының зор тәжірибесін алғанын айтады Санжар Боқаев Азаттық радиосымен арадағы телефон арқылы әңгімеде:

– Мен алғаш рет адамдармен бірге болдым. Мен бір қиындықтың арқасында еліміздің жүздеген азаматымен біріктім. Ақиқатында, мен лидер болуға талпынған жоқпын. Мәселе мынада, ең алғашқы митингіге келгенімде бір топ адамды көрдім, олар ойларын бір кісідей жеткізіп, бастарындағы қиындықтарын ұғына алмады. Бірінші митинг тым

Оң жақтан басқарылатын автокөліктерге тыйым салу туралы үкімет қаулысына наразылық білдіріп көшеге жиналғандарды таратуға полиция келді. Алматы, 26 қараша 2006 ж. (Андрей Петровтың жеке мұрағатындағы сурет).

бытыраңқы болды. Сонда мен автокөліктерімізді бір кісідей қорғау үшін бірігуді ұсындым. Мен ұсыныс тастаған соң мені лезде басшы, жетекші етіп сайлап алды. Сөйтіп мен оң жақтан басқарылатын автокөлік иелерінің қозғалысын бастадым. Бұдан соң, әрине, біз бұрынғыға қарағанда ұйымдасқан түрде митингілер өткізіп, талаптарымызды айтып отыратын болдық.

Санжар Боқаевтың айтуынша, өзі бастаған «оң жақ рульділер» қозғалысының төртінші митингісіне мыңнан астам адам келді.

– Әрине, бізге кедергі болған басқа да факторлар көп еді. Бізге бөгет жасамақ болды, бірақ сонда да, меніңше, біз өз борышымызды орындадық. Біз сол кезде автокөліктерімізді қорғап қала алдық – біздің басты мақсатымыз автокөліктерді әбден тозығы жеткенше пайдалануға мүмкіндік алу еді ғой, - дейді ол.

Сол мезгілде оның ақ түсті оң жақ рульді жапондық «Мицубиси Паджеро» автокөлігі болды, оны ол «өте жақсы көретін»:

– Бұл - менің алғашқы автокөлігім еді. Мен оны қауіпсіздік кеңесінің шешімі шығардан бір айдай уақыт бұрын сатып алғанмын.

КӨЛІК ҚҰНЫ

Санжар Боқаевтың айтуынша, оң жақ рульді автокөліктерді әкелу мен пайдалануға деген тыйым жайлы биліктің шешіміне «ресейлік автоөнеркәсіптің» лоббистік амалдары себепші болған болар. Алайда, Санжар Боқаев өзі және жақтастары саясатқа араласуды жөн санамағандарын айтады.

– Біз ол кездері саясатқа шатысуға, саясаттың ойынын ойнамаққа талпынбадық. Біздің тек көп екенімізді, бұл мәселе жүз емес, мың емес, бірнеше мың азаматқа қатысты екенін көрсеткіміз келді. Өйткені бұл осындай автокөлікке әр үйдегі төрт-бес адамның мүддесіне қатысты болып табылатын. Олар бұл автокөлікпен жұмысқа, оқуға жете​ алатын және тағы сол сияқты. Ал кейбіреулері көлігін несиеге сатып алып қойған, - дейді Боқаев.

2006 жылы әуесқой автомобильшілердің негізгі көпшілігінің қымбат автокөліктерді сатып алуға қалталары көтермеді, ал жапондық «оң жақ рульді» көліктің сапасына бағасы сай еді. Бұрын қолданыста болған бұл машиналар сол кездері төрт-бес мың доллар шамасында тұратын.

– Бұл ақшаға жақсы шетелдік автокөлік алу мүмкін емес еді. Ал жапондық автоөнеркәсіп бұл бағаға бізге жоғары дәрежедегі жайлы да

«Оң жақ рульділер» митингісіне «Нағыз Ақ жол» саяси партиясы жетекшілерінің бірі Болат Әбіловке қарсы өтіп жатқан сот ісіне наразылық білдіріп, саясаткердің суретін кеудесіне тағып келген әйел. Алматы, 10 желтоқсан 2006 ж.

​ ​сенімді, бірақ тізгіні оң жақта орналасқан автокөліктерді ұсынды. Сол себепті адамдар бұл автокөліктерге мәз болды.

Санжар Боқаев – қазір гибридтік қозғалтқышы бар «халықтық» автокөлік «Тойота Камридің» иесі, онысы бензинмен әрі электр энергиясымен жүреді. Соңғысы автокөлік кептелістеріне тап болған кезде, сонымен бірге экологиялық тұрғыда аса маңызды.

Санжар Боқаев қазіргі уақытта Қазақстанның кеден одағына енуіне байланысты автокөліктердің бағасы шарықтап кеткенін айтады. Бұл азаматтардың бір бөлігінің наразылығын тудырып отыр.

– Бұл наразылықтың көбі жасырын түрде өрбіп отырғанын мен білемін. Әзірше 2006 жылдағыдай онысы сырт көзге көрінбейді. Неге? Себебі, қазір адамдардың автокөлікке деген құмары бұрынғыдай емес, басылып қалды. Олар бір кездері елге әкеліп қойған көліктерін пайдалануда. Бірақ мен өз тарапымнан саясаткер ретінде кеден одағына енуімізге байланысты автокөліктерге деген бағаның шарықтауын қолдамаймын. Бұл – біз үшін ең үлкен кемшілік, себебі, адамдар автокөліктерінің арқасында үй-ішін асырайды, көлік - көпшілік үшін табыс табудың көзі. Бізге осындай өтінішпен азаматтар келсе, сөйтіп біз мұның шынымен жүздеген қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалына әсер ететінін көрсек, онда мен, өз тарапымнан, олардың өз жеке мүдделерін қорғауға дайынмын.

Санжар Боқаевтың айтуынша, «оң жақ рульді» қозғалыстың лидері бола тұрып, ол қозғалыстың қызметін «мүлде» саясиландырмаған:

– Бізге саяси партиялар қолқа салған болатын… Есімде, Алматының жаңа алаңында менің жаныма адамдар келіп: «Егер олардың партиямызға қосылуына көмектессеңіз, біз әрбірінің даусына ақы төлеуге даярмыз», деп отырды. Бірақ менің ол кездері саясатқа мүлде еш қатысым болмаған.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 2006 – 2007 жылдардағы «оң жақ рульділерге» тең келетін күшті саяси емес қозғалыстар бар ма деген сұраққа Санжар Боқаев:

– Білмеймін. Біраз отырып, ойланып көру керек, – деп жауап берді.

ТАХИРЖАН БОЛЫП ШЫҚҚАН АНАТОЛИЙ

2006 – 2007 жылдары «оң жақ рульділер» қозғалысы кезінде тағы бір үлкен азаматтық белсенділік танытқанның бірі Анатолий Ахметов еді. Кейіннен ол өзін Тахиржан Ахметовпын деп атай бастады. Өз айтуынша, ол қашан да Тахиржан Ахметов болатын, Шелектен шыққан екен. Алайда советтік және біраз постсоветтік шақта ол өзін Анатолиймін деп атаған. 2007 жылдан соң ол өзін Тахиржанмын деп таныстыратын болған. Алматыда жұртшылық Анатолий Ахметовты оң жақ рульді қозғалыс лидерлерінің бірі ретінде таныса, Тахиржан Ахметов есімі саусақ кесу оқиғаларымен есте қалды.

Анатолий (Тахиржан) Ахметов пен Санжар Боқаев «оң жақ рульділердің» лидерлері ретінде бірікпек тұрмақ, олардың стратегиялық тәсілдері әртүрлі болды.

– Ол кезде мен оны танымайтынмын. Оған соңыра не болғанын білмеймін. Біз екеуіміз түсініспедік. Неге? Себебі, ол сол кезде

Қоғамдық белсенді Анатолий Ахметов (оң жақта) пен «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы Алматы қалалық филиалының жетекшісі Әмірбек Тоғысов. Алматы, 10 желтоқсан 2006 ж.

​ ​саяси ұйымға тікелей қатысы болып, жалаң саяси мақсаттарды көздеді, онысы, әлбетте, қарапайым әуесқой автомобильшілердің мақсаттарына лайық болмады, – дейді Санжар Боқаев.

Анатолий Ахметов сол уақытта оппозициялық саяси ұйымдармен, ең алдымен «Алға» партиясымен және «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысымен тығыз байланыста болатын. Анатолий Ахметов Алматы әкімдігі рұқсат еткен митингіні ұйымдастырғанында ерекше көзге түсті. Жиын 10 желтоқсанда «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы саябақта өтті. Осы жолдардың авторы «Азат» газетінің журналисті ретінде сол митингінің басы-қасында болды.

Митинг қарсаңында Анатолий Ахметов оған 40 мың адамға дейін қатысатынын айтқан. Алайда митингіге бар болғаны бірнеше жүз адам жиналды. Олардың тең жартысын оппозициялық партиялардың митингілеріне барып тұратын белсенді азаматтар құрады. Жиналғандардың бір бөлігі шара барысында сот тарапынан қудаланып жатқан оппозициялық саясаткер Болат Әбіловты қолдауға үгіттеді.

Еске салайық, алғаш рет Алматыда қауіпсіздік кеңесінің шешіміне қарсы аяқасты рұқсат етілмеген наразылық митингі 17 қарашада Алматының бас алаңында – Республика алаңында болып өтті. Екінші жолы «оң жақ рульділерге» Республика алаңында жиналуға мүмкіндік бермеді, сол себепті олар 24 қарашада Лермонтов атындағы театр маңына жиналды.

Үшінші рет, 3 желтоқсанда, «оң жақ рульділердің» ендігәрі 15-20 адамнан құралған тіптен шағын тобы плакаттарын жазып та үлгермеп еді, сол арада-ақ оларды үш есе басым полиция күштері қоршап алып, «ауыздықтап» үлгерді.

Сол кезде Анатолий Ахметов түсіндіргендей бұл үш митингіні «Сергей Бондарцев пен Санжар Боқаевтың» соңынан ерген «саяси оппозицияға қарсы ниеттенген» «оң жақ рульділер» ұйымдастырған болатын.

«Оң жақ рульділер» мәселесін заңды әрекеттермен шешу мүлде мүмкін емес, өйткені елде әділ сот жоқ», деп түсіндірді саяси оппозициямен жақындасқанын Анатолий Ахметов. Сондықтан, оның сөзіне қарағанда, «оң жақ рульділер» үшін «мәселені шешудің бірден-бір жолы – тек саясат арқылы» болмақ.

Осы митингі үстінде «оң жақ рульділердің» өз тарапынан серіктестерінің атына бағытталған ашынған дауыстары естіліп жатты. Олардығ кейбіреуі тіпті рұқсат етілген митингіге келуге қорықты. Митингілерінде оппозициялық ұйымдар – «Алға» партиясының, Қазақстанның Коммунистік партиясының және «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының өкілдері сөз сөйлегендіктен, серіктестерінің де ұнатпаған үндері шығып жатты.

Бір «оң жақ рульдінің» осы митингіде сөйлеген сөзі есімде қалды. Ол былай деп мәлімдеді:

– Рульді басқарып отырған мал болса, бұл жерде оң жақтағы рульдің не жазығы бар?!

Митинг 40 минуттан аспады, бірақ рұқсат екі сағатқа алынған еді. Анатолий Ахметов митингінің басы-қасында болған азаматтық белсенділік танытушы Сергей Бондарцевке сөз сөйлеуге мүмкіндік бермеді. Митингіге қатысушылардың атынан билік пен қоғамға қарап сөйлеген сөзінде Анатолий Ахметов «оң жақ рульділердің» талаптарын саяси ұран сөзбен әрледі.

– Біздің еркіндігіміз үшін қаһарман тұлғалар қан төкті: Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбайұлы, бірақ бізді үркітіп тастауға болмас, – деп мәлімдеген Анатолий Ахметов, оларды бір минут үнсіздікпен еске алуды өтінді.

Анатолий Ахметов оппозицияның өзге де лидерлерін еске алды:

– Сіз бен біздің еркіндігіміз үшін Ғалымжан Жақиянов саяси тұтқынға айналды, билік Болат Әбіловты қылмыстық тәртіппен қудалап отыр.

Ол үкіметтің тарауын талап етіп, сесті түрде мынаны ескертті:

– Егер талаптарымызды қанағаттандырмаса, біз тағы бір мәрте, бірақ енді 11 ақпанда Республика алаңында жиналамыз. Біздің санымыз әлдеқайда көп болмақ. Сонда біз басқа қарар қабылдаймыз!

Алайда уәделі митинг 11 ақпанда өтпеді.

2007 жылы жазда Анатолий Ахметов БАҚ арқылы жаңа құрылған Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның қатарына қосылмағын мәлімдеді, әрі өзінің жақтастары – «оң жақ рульділер» мен барша

Кәсіпкер Тахиржан Ахметов сот орындаушыларының өз міндеттерін орындамағанына наразылық ретінде екінші саусағын кеспек ниеті барын мәлімдеді. Алматы, 9 ақпан 2009 ж.

азаматтарды сол жылғы парламенттік сайлауда осы партияға дауыс беруге шақырды. Ол партияның басшылық құрамына кірмеді әрі уақыт өте келе оның саяси қызметінің де еш мәні қалмады.

Содан соң Анатолий (Тахиржан) Ахметов өзінің шынашағын шауып тастап, жұртшылықтың жағасын ұстатты. Артынша дүние-мүлік дауында өз пайдасына кереғар сот шешіміне қарсы наразылық белгісі ретінде сол қолының аты жоқ саусағын да шауып тастамақшы болды. Бұдан қайран болмағанда, ол Алматыдағы ЕҚЫҰ өкілдігіне өзінің шабылған спирттелген шынашағын тапсырмақ болды. Бірақ сәті түспеді.

Соңғы жылдары Анатолий (Тахиржан) Ахметовты осы жолдардың авторы өз үйінің ауласында көріп тұрды, өйткені ол кісі көршілес үйден пәтер жалдаған. Оның айтуынша, оппозициялық саясаткерлер оның үлесін бағаламай, ол саясаттан бойын аулақ салды. Алайда оның сауда-саттық істері баяу басып отырды. Ол күндердің күнінде бірдеңеге ұшырап жатса, бұған жоғары қызметтегі генералдардың бірі жазықты болатынын қайталаумен болды, ол оны сонау 1990-шы жылдары мүлкінен айырған тәрізді, осыдан бері Ахметов кәсібін еш жөнге сала алмай келеді.

Анатолий Ахметов аталмыш ауладан көшіп кеткелі, оның ізі суыды – телефондары жым-жырт, электронды хаттарға жауап жазбайды. Наразылық сипаттағы алғашқы жаппай тәуелсіз халықтық қозғалыстың екі түрлі лидерінің саяси мансабының шарықтауы мен траекториясы дәл осылай қалыптасты.

Бұл қозғалыстың құбылысы өз-өзінен болды, бірақ саясатта еш жалғасын таппады. «Оң жақ рульділер» қозғалысын зерттеген әлдебір ғылыми немесе тіпті ғылым төңірегіндегі жұмыстардың бар-жоқтығы белгісіз. Есесіне Қазақстанда оң жақ рульді автокөліктердің өздері қалды.