«ЕКІ ҚОЛЫМДЫ КӨТЕРІП, ЕКІ БҮЙІРІМНЕН ТЕПТІ»
«Қысым көргеніне» шағымданған Шымкенттегі Нұртас Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәні мұғалімі Гүлжан Сәлімбаеваның сөзіне қарағанда, «2017 жылы сәуірдің 4-і мен 12-сі аралығында Шымкент қалалық білім бөлімі басшысы Жанат Тәжиеваның тапсырмасымен мектеп директоры Айман Жүсіпова және оның орынбасарлары Дана Асылбекова, Айжамал Қозыбекова ондаған мұғалімді мөлтекаудандағы тұрғындардың әлеуметтік статусын анықтауға жұмсаған». Ол «мұғалімдердің тұрғындардың жұмыс істейтін-істемейтінін, хабарсыз кеткен, сот тергеуінен немесе жазадан жасырынып жүргендері бар-жоғын анықтау үшін үй аралағанын» айтады.
- Сәуірдің 4-і соңғы үш сабақтан босатты. Үй аралап кеттік. Сәуірдің 7-сі күні жұмысты тапсырдық, - дейді ол.
Гүлжан Сәлімбаева сәуірдің 8-і (сенбі) «сабағы болмаған соң, ауылдағы науқас анасын көруге кеткенін» айтады. Сол күні директор орынбасары Айжамал Қозыбекова хабарласып, «сайлаушылар тізімін алып, мектепке тез жетуді тапсырған».
«Сенбі жұмыс күнім емес. Тұрғындар статусын анықтау негізгі жұмысым емес» дедім. «Жұмыс күнім емес дейтін сен кімсің?!», «Сабақ бере алмайсың!» деп намысыма тиген соң «Неге бұлай қорлап отырсыз?» дедім. Директор «ендігі ісім сенімен болсын» деді.Гүлжан Сәлімбаева
- Тізімді беріп жібердім. Ол күні келе алмадым. Сәуірдің 10-ы директор «Қайда жүрсің?! Шақырғанда жұмысқа неге келмейсің?! Істесең менің жұмысымды істеп отырған жоқсың!» деп айқайлады. «Тыңдаңызшы» десем тыңдамады. «Сенбі жұмыс күнім емес. Тұрғындар статусын анықтау негізгі жұмысым емес» дедім. «Жұмыс күнім емес дейтін сен кімсің?!», «Сабақ бере алмайсың!» деп намысыма тиген соң «Неге бұлай қорлап отырсыз?» дедім. Директор «ендігі ісім сенімен болсын» деді, - дейді мұғалім.
Гүлжан Сәлімбаева «бір сағаттан соң директор сабағына кіріп, оқушылар дәптерін жинап әкеткенін» айтады.
- Тұрғындар статусын анықтап жүргенде дәптер тексеруге уақыт болмады. Сәуірдің 11-і, 12-сі де түнгі сағат он бірге дейін тұрғындар статусын анықтаумен болдық. Түнде анықтаған мәліметтерді түске дейін мектеп басшылығына тапсырамын. Арасында сабақ өтемін. Тексеруге кіреді. Физикалық, моральдық тұрғыдан қиналып кеттім, - дейді ол.
Гүлжан Сәлімбаеваның сөзіне қарағанда, «сәуірдің 12-сі директор орынбасары Айжамал Қозыбекова сенбі жұмысқа келмегені үшін үстінен акт жасағанын, түсініктеме жазуын, жазбаса, екінші акт жасайтынын ескерткен».
- Ар-намысыма тиді, түсініктеме жаздырды. Мұның бәрі маған өте ауыр тиді. Мектепте қан қысымым көтеріліп құладым. Су шашады есімді жиып, қайта құлаймын. Директор орынбасары Дана Асылбекова «тамыры соғып тұр, өтірік істеп жатыр» деді. Оны естігенде, қатты қысылдым. Ол екі қолымнан көтеріп, «тұр деймін» деп, екі бүйірімнен тепті. Осыдан соң сәуірдің 12-сі жедел жәрдеммен ауруханаға түстім, - дейді Сәлімбаева.
ВИДЕО: Мұғалім Гүлжан Сәлімбаеваның "тепкі жегені" туралы сөзі
Your browser doesn’t support HTML5
Ол «ауруханаға жеткізілгенде аты-жөнін айта алмайтын дәрежеде болғанын, дәрігерлер сәуірдің 14-і «ситуациялық невроз» диагнозын қойғанын» айтады.
- Дәрігерлер бақылауында 17 күн болған соң, мамырдың 2-сі жұмысқа шықтым. Сәуірдің 25-і күні шағым кітабына шағым түсірдім. Онда жазылған комментарийлер үшін тағы қысымға алды. Оқушылар мен олардың ата-аналарын маған қарсы қойып, сөгіс беріп, ұстаздық қасиетіме нұқсан келтірді, - дейді ол.
МЕКТЕП БАСШЫЛАРЫНЫҢ УӘЖДЕРІ
Азаттық тілшісі мамырдың 22-і күні Шымкенттегі №38 мектеп-гимназиясына да барды. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы «мектеп директоры Айман Жүсіпованың мамырдың 19-ынан бастап еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты демалысқа кеткенін» хабарлады. Азаттық тілшісіне директор орынбасарлары Айжан Күрішбаева, Зәуре Байзақова, Дана Асылбекова және Айжамал Қозыбекова комментарий беруге келісті. Мектеп директоры міндетін уақытша атқарып отырған Айжан Күрішбаева «сәуірдің 4-і мен 12-сі аралығында мектеп мұғалімдерін мөлтекаудан бойынша тұрғындардың статусын анықтауға жібергенін» растады.
- Бұл мұғалім міндетінен тыс тапсырма емес. Мөлтекаудан аралау бойынша бұйрық бар. Біз оқушылар тұрмысын, оқуға мүмкіншілігі бар ма, жоқ па, ата-анасы қайда жұмыс істейді - осыларды зерттейміз. Мектепте бұл мәліметтер болуға міндетті. Бізге қамту жүктелген. Ол сәуірдің 8-і жұмыс күнім емес дейді. Еңбек кодексінің 71-бабы 2-тармағында өндіріс сипатына қарай алты күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Яғни, сәуірдің 8-і жұмыс күні - дейді ол.
ВИДЕО: Айжан Күрішбаеваның уәждері
Your browser doesn’t support HTML5
Күрішбаеваның сөзінше, «Сәлімбаева жұмысқа тұрғындарды аралау бойынша нақты мәліметтерді толық өткізбегендіктен шақырылған». Ал директордың оқу-әдістеме жөніндегі орынбасары, Гүлжан Сәлімбаева «екі қолымды көтеріп, екі бүйірімнен тепті» деп айыптаған Дана Асылбекова:
- Гүлжанның айтқандары - айғақсыз дүние. «Мен құлап жатқанда жедел жәрдем шақырмай қорлады, тепті» дейді. Тепті дегені – мен. Айыбымыз – жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсетіп, жатқан жерінен көтергеніміз, бетіне су бүркіп, аяқ-қолын уқалағанымыз. Неге талып қалғанын білмейміз. Абырой қорғау үшін мектеп әкімшілігі құзыретті органдарға жүгінеді, - деді.
Дана Асылбекова Азаттық тілшісінің «мөлтекаудан тұрғындарының әлеуметтік статусын анықтау педагогикалық қызметкер міндетіне жата ма?» деген сауалына «Бәріне белгілі жағдай ғой. Бізді де жұмсайды, біз де соған сүйенеміз» деп қана жауап берді. Ал оның сөзін жалғаған директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Зәуре Байзақова:
- Білім заңында мөлтекаудан аралау бойынша көрсетілген. Бірінші басшы жұмысқа шақырса, келуге міндетті. Бірақ оған арнайы қосымша жалақы төленуі керек. Біз жалақы төлемейміз, орнына демалыс береміз, - дейді.
Директордың бастауыш сыныптарды оқыту жөніндегі орынбасары Айжамал Қозыбекова «Гүлжан Сәлімбаеваның үстінен сәуірдің 8-і күні жұмысқа келмегені үшін акт жасағанын, түсініктеме жаздырғанын» жоққа шығарды.
Гүлжанға хабарласып едім, келе алмайтынын айтты. Кейін мазасын алмадық. Еш қысым көрсеткенім жоқ.Айжамал Қозыбекова
- Сәуірдің 7-сі әкімдік (қалалық білім бөлімі арқылы – ред.) тұрғындар статусын анықтауға өтініш жасады. Гүлжанға хабарласып едім, келе алмайтынын айтты. Кейін мазасын алмадық. Еш қысым көрсеткенім жоқ. Ол бесінші сабақтан кейін талып қалды. Кабинетте мұғалімдер шулап кетті. Барсам Гүлжан еденде жатыр. Бірдеңе болып қала ма деп қорқып кеттім. Жедел жәрдем шақырдым, ол көп өтпей келді, - дейді ол.
БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ
Азаттық тілшісі Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваға да хабарласқан еді. Ол «қала тұрғындарының статусын анықтауға тапсырма берілгенін» растады.
- Мектеп директорына «соттасыңдар, жеңілген адамға тиісті шара қолданамын» дедім. Қолымда бақылау департаментінің «шағым бойынша еш дерек таппадық» деген анықтамасы бар. Қазір директорға шара қолданамын дей алмаймын. Екеуі бірін-бірі сотқа берсін. Сот шешімін күтемін, - дейді ол.
Қазір директорға шара қолданамын дей алмаймын. Екеуі бірін-бірі сотқа берсін. Сот шешімін күтемін.Жанат Тәжиева
Қалалық білім бөлімі басшысы «Гүлжан Сәлімбаеваның учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары болғанын, мектеп әкімшілігі одан сайлаушылар тізімін талап еткенін» айтады.
- Медициналық сақтандыру (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды айтады – ред.) бойынша бірнеше адамның статусы анықталмаған. Соны сайлау тізімінен қарау керек болған, - дейді ол.
Жанат Тәжиевадан «мөлтекаудан тұрғындарының әлеуметтік статусын анықтау педагогикалық қызметкер міндетіне жата ма?» деген сұраққа жауап алу мүмкін болмады.
ҚОҒАМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛЕР ПІКІРІ
Шымкенттегі «Ағартушы» қоғамдық бірлестігі төрағасы Өмір Шыныбекұлының айтуынша, «мектеп мұғалімдерін міндетінен тыс жұмыстарға салу заңға қайшы».
- Бірақ жоғарыдан бұйрық түскенде директор оны орындауға мәжбүр. Мұғалімді мұндай жұмыстарға жеккен адамдарды жауапқа тартсақ, алдымен облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің басшылары жауапқа тартылуы тиіс. Ең соңғы кезекте бұйрықты іске асырған мектеп директоры жазалануы тиіс, - дейді ол.
Ол «мұғалімді өз міндетіне кірмейтін жұмыстардан құтқарудың жалғыз жолы облыстық білім басқармаларын әкімдіктен алып, білім және ғылым министрлігі құзіретіне өткізу ғана екенін» айтады. Белсендінің ойынша, «ондай өзгеріс мұғалімдерді сайлау, санақ, зорлап билет сату, зорлап газет-журналдарға жаздыру, сенбілік секілді артық шаруалардан құтқарады».
Егер сотта Гүлжан Сәлімбаева ұтылып қалса, енді оянып, өз құқықтарын талап ете бастаған мұғалімдердің үні қайта өшеді.Өмір Шыныбекұлы
- Білім саласының проблемасын бұрыннан көтеріп жүрген мен үшін осы істің сотқа жеткені керек емес. Егер сотта Гүлжан Сәлімбаева ұтылып қалса, енді оянып, өз құқықтарын талап ете бастаған мұғалімдердің үні қайта өшеді. Менің қауіптенетінім сол, - дейді «Ағартушы» қоғамдық бірлестігі төрағасы.
Бұған дейін Қазақстанда міндетінен тыс жұмыс істеуге мәжбүрлеген директормен соттасқан мұғалімдер болған. Соның бірі Алматы облысы орта мектептерінің бірінде мұғалім болып істейтін Айман Сағидуллаева сотта жеңіп шыққан еді.
ВИДЕО: Сот мұғалім Сағидуллаеваның арызын қанағаттандырды (2016 жылғы қыркүйек)
Ал мұғалімдердің құқығын қорғаумен айналысатын белсенді Мейіржан Темірбек «тұрғындардың статусын анықтауға мұғалімді жұмсаған мектеп директоры «Білім туралы» заңның 51-бабы 4-тармағында көрсетілген талаптарды бұзғанын» айтады.
- Мұғалім (Гүлжан Сәлімбаеваны айтады - ред.) талабы орынды. Есепке алу - жергілікті атқарушы орган жұмысы. Директор құзырын асыра пайдаланып, мұғалімдерді мәжбүрлеген, - дейді ол.
Гүлжан Сәлімбаеваның өзі «бұл істе жеңіп шыққанша күресетінін» айтады.
- Біріншіден, бұл кісілер (мектеп басшыларын айтады - авт.) ар-намысыма тиді. Екіншіден, құқығымды таптады. Үшіншіден, орынсыз сөкті. Мен де адаммын. Негізсіз жұмысқа жексе де орындап бердім. Сонда да орынсыз акт түзіп, түсініктеме алды. Меніңше, мұның қандай да бір шешімі болуы керек. Мені қорғайтын қоғам, ұйым, заң бар. Өзге мұғалімдер сияқты өз еркіммен жұмыстан шығуға өтініш жазып бермеймін, - дейді ол.
ВИДЕО: Мұғалім Гүлжан Сәлімбаеваның шағымы
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстанның «Білім туралы» заңында білім беру саласындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреті де, білім беру қызметімен айналысатын педагог қызметкерлердің міндеттері де жазылған. Олардың ішінде білім беру мекемесіндегі оқушылардан бөлек, мектеп орналасқан аудан тұрғындарының әлеуметтік мәртебесін анықтау педагог қызметкерлер міндетіне жататыны көрсетілмеген. Заңда педагог қызметкерлерді «білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқытуға және тәрбиелеуге байланысты міндеттерді орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейтіні» де ескертілген. Осы заңның 67-бабында заң талаптары орындалмаған жағдайда жауаптылық қарастырылатыны айтылған.