Қазақстандағы діни ахуал және ИМ

Қазақстандық мұсылмандар. Көрнекі сурет

Ресми дерек бойынша 300 қазақстандық Ирак пен Сирияда «Ислам мемлекеті» содырлары сапында соғысып жүр. Қырғызстан Сириядағы содырларға қосылған азаматтарының 500-ге жеткенін мәлімдеді. Душанбе елге оралғандарға рақымшылық жариялап жатыр. Қазақстанға бұл террорлық ұйымнан қандай қауіп бар?

Азаттықтың дөңгелек үстелі Қазақстанда «Ислам мемлекеті» діни ультра-радикалдық тобы жақтастарының пайда болуы мен елдегі діни ахуал мәселесіне арналды. Дөңгелек үстелге Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мырза, Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай мырза және саясаткер-сарапшы Дос Көшім мырза қатысты.

РАДИКАЛДАНУ СЕБЕБІ

Азаттық дөңгелек үстел қатысушыларынан қазақстандықтарды содырлар қатарына қосылуға не итермелейтіні туралы сұраған еді. Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин қазақстандық жастардың Сирияға аттануының себебін интернет арқылы таралып жатқан қауіпті ақпараттардан іздейді. «Шетелде (Сирия мен Иракта – ред.) болып жатқан жағдай интернет арқылы жария болып жатыр. Біздің жастарымыз интернет арқылы таралған видеоларды қарап, радикалданып жатыр» деп санайды комитет төрағасы.

Теолог-ғалым Досай Кенжетай «радикалданудың артында үлкен ақша тұр» деп санайды. Оның айтуынша, әлеуметтік жағдайы нашар, жұмыссыз жастар «ақша үшін соғысқа кіріп кеткен». Досай Кенжетай мемлекет пен қоғам арасында діни мәселелерге қатысты өзара сұхбат жоқ деген ойда. «Олар (радикалдық жолға түскендер – ред.) пайғамбарымыздың Меккені Мәдинаға көшіргенімен идентификация жасап, Қазақстаннан Сирияға көш етудің өзін пайғамбарымыздың жолы - сунна деп есептейді. Олар республикалық жүйені «тағут» деп мойындамай, Алланың ақиқат дініне сәйкес келмейтін «шайтани мемлекет» деп санап, хиджра жасағысы келеді» деді ол.

Дос Көшім, саясаткер, сарапшы

Саясаткер-сарапшы Дос Көшім теологтың пікірімен келіспейді. Оның сөзінше, ешкім де ақша үшін өлімге басын байламайды, бар мәселе – идеяда. Дос Көшім «Ислам мемлекеті» содырлар ұйымының құрылуы мен шығу тегіне қатысты мәліметтер таратуда Қазақстан мен Ресей идеологияларын ұқсатады. «1992 жылы «Діни бірлестіктер және діни сенім» туралы заңды қабылдағанда ойлану керек еді. Кез-келген адам [діни соғысқа] идея үшін барады деп ойлаймын. Негізгі итермелейтін мәселе осы ғана» деді саясаткер.

ИМ-ге ҚОСЫЛУДАН САҚТАНДЫРУ

Дөңгелек үстелге қатысушылардың қай-қайсысы да «Ислам мемлекеті» содырларынан Қазақстанға қауіп төніп тұр деп ойлайды. Бірақ қазақстандықтарды ультра-радикал исламшылдардың қатарына қосылудан сақтандыру жолдарына қатысты пікірлері әрқилы болып шықты.

Дін комитетінің төрағасы бұл істе ҚМДБ-мен (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – ред.), мамандармен бірлесе отырып ақпараттық үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы қорғануға болады деп санайды.

«Ел ішіндегі кейбір топтардың ары қарай радикалдануы, интернет арқылы өз насихатын жүргізуші топтың өсуі, кеткендердің кері оралып теракт жасауға талпынуы немесе үгіт-насихат жүргізуі мүмкін» деп санайды Ғалым Шойкин. Бірақ ол нақты қандай топтардың радикалданып жатқанын анық айтпады.

Досай Кенжетай, теолог.

Теолог Досай Кенжетай экстремизммен діни ағартушылық әдіс арқылы ғана күресумен үзілді-кесілді келіспейді.

«Қазіргі жағдайда тек ағартушылықпен айналысамыз деп ақша жұмсау суды құмға төккенмен бірдей. Қорғану – үлкен саясат, ол тек мемлекеттік структуралық, құқықтық сферада қолға алынса, жақсы нәтиже береді» дейді ол.

Дос Көшімнің пікірінше, ИМ сапында шеттегі қарулы қақтығыстарға қатысқан адамдарды тек соттаудан жақсы нәтиже шықпайды.

«Басқа елдерге барып олардың идеясымен соғысқа барып келген адамдарды соттау жақсылыққа апармайды. Менің ойымша, мемлекеттің бәрі бір-ақ нәрседен қорқады. Ол - соғысқа қатысқан жаннан безгендер келіп, осы жерде де сондай бағыттағы мемелекетке немесе билікке қарсы теке-тірес, қарулы көтеріліс жүргізе ме деген қорқыныш» дейді Дос Көшім.

ДІНИ АЗШЫЛЫҚТАРДЫ ШЕТТЕТУ ҚАУПІ

Азаттық Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мырзадан: «Елдегі мұсылмандардың басым көпшілігі «Әбу Ханифа мазхабын ұстанатынын» баса айту басқа бейбіт діни азшылықпен арадағы ахуалды ушықтыруға итермелейді деп санамайсыз ба?» деп сұраған еді. Өйткені ҚМДБ және басқа да құзырлы орындар, соның ішінде дін істері жөніндегі комитет те үнемі «Қазақстанда мұсылмандардың көпшілігі Әбу Ханифа мазхабын ұстанатынын» және бұл ағымның «дәстүрлі екенін» қадап айтады. Ал Қазақстан конституциясына сай әр азамат өзі қалаған тыйым салынбаған кез-келген дін, я ағым мүшесі бола алатындығына қарамастан ресми мәлімет бойынша Қазақстанда жүздеген адам экстремист ретінде айыпталып түрмеде отыр. Ахмади діни қауымдастығы жабылып, жетекшісі шетке қашуға мәжбүр болды.

Ғалым Шойкин, Дін істері комитетінің төрағасы.

Ғалым Шойкин елде тіркеуден өткен 18 конфессия мен 3500 діни ұйымның «емін-еркін қызметтерін жасап жүргенін» айтты.

«Ахмади ұйымы құжаттарын алғаш тапсырғанда ескерту жасалып кері қайтарылған. Олар құжаттарын талапқа сай реттесе, тіркеуден өтуі мүмкін» деді комитет төрағасы.

Бұл мәселеге орай пікір білдірген Досай Кенжетай: «Зайырлы [мемлекет] едік деп [діни азшылықтардың] бәріне құқық берсек, аз ғана халықтың арасындағы қайшылықтарды көбейтуге жол ашылуы мүмкін» деді.

Саясаткер Дос Көшімнің пікірінше, діннің қаншама бағыты мен саласы болса да, егер ол заңмен террорлық ұйым ретінде танылмаса, мемлекет мұндай діни көзқарас ұстанатын адамдардың барлығына бірдей қарауы керек.

«Заңымызда тек «Әбу Ханифа» деген сөздің жазылғаны бір ыңғайсыз сезімде қалдырады. Өзіміздің дәстүрлі дінімізді көтереміз деп басқа ағымдарды шектеп тастамаймыз ба деген ой келеді. Бұл өзі екі жақты мәселе сияқты: біріншіден, әрине ата-бабаларымыздың [дәстүрлі діни жолын] дамыта беруіміз керек, бірақ оны басқа діндерді, ағымдарды шеттету арқылы жасамағанымыз дұрыс сияқты» деді Дос Көшім.

Ал Ғалым Шойкин заңда «Әбу Ханифа мазхабы» мен «православ шіркеуінің» айтылуынан ешқандай қайшылық көрмейді.

«Мұндай жағдай зайырлы деген еуропалық мемлекеттерде бар. Олардың заңдарында католик болсын, лютеран болсын дәстүрлі діндеріне деген құрмет бар» деді комитет төрағасы.

Бұған қатысты пікір білдірген теолог Досай Кенжетай елдегі діни ахуалды тұрақты күйінде сақтау үшін дінді саясиландырмау қажет деп санайтынын айтты.

Былтыр жаздың басында Ирак, Сирия мен Ливияның біраз ауқымын жаулап алған өздерін «Ислам мемлекеті» деп атайтын діни ультра-радикалдық сүннит содырлар осы елдердегі шиит және басқа да діни азшылықтарды қырғын мен қуғынға ұшыратып келеді. Олардың қатарына тек Таяу Шығыс аймағынан емес, ТМД елдерінен де мыңдаған адам барып қосылған. Ирак үкіметінің әскері мен Пешмерга күрд жасақтары АҚШ бастаған халықаралық әскери коалицияның әуе соққыларына сүйеніп қараша айында кейбір қалаларын азат етуге кірісті. ИМ-ге қарсы соғысып жатқан Сирия үкіметінің әскеріне биыл күздің басында Ресей мен Иран ашық қолдау жасай бастады.

Дөңгелек үстелдің толық аудио нұсқасын мына жерден тыңдай аласыздар:

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақтандағы діни ахуал және ИМ