«Исламизация үрдісі» атты дөңгелек үстелдің модераторы жазушы Смағұл Елубайдың сөзін «Ислам – төменгі таптың діні» деп қорытты. Алайда жазушы «айтайын дегенім ол емес еді» деп отыр.
Сәуірдің 21-і күні Алматыдағы Саяси шешімдер институтында «Исламизация үрдісі» атты дөңгелек үстел өтті. Дін мамандары, қоғам қайраткерлері мен бірқатар мамандар Қазақстандағы дін, оның ішінде исламның бет бұрысы, оның даму жолдары туралы ой бөлісті.
ЖАЗУШЫНЫҢ СӨЗІН ЖИЫН МОДЕРАТОРЫ ҚАЛАЙ ТҰЖЫРДЫ?
Сөз жарыстардың бірінде сөз алған жазушы Смағұл Елубай, дінге бет бұрып, мешітке баратындар өмірден қажыған, жағдайлары мәз емес адамдар екендігін айтып қалды.
– Мешітке баратын жастардың басым көпшілігі қара жұмыстағылар мен студенттер. Меніңше, бақытты жандар мешітке бармайды, – деді жазушы.
Осыны айтысымен жазушы кетіп қалды. Ал екі жарым сағатқа созылған жиынды қорытындылаған модератор Ерлан Смайылов бұл сөзден «Ислам – төменгі таптың діні» деген тұжырымдама жасады.
Алайда жиынға бақылаушы ретінде келген студент Азат Қыдырбаев бұл пікірмен келіспейді.
– Мен қаладағы қымбат жоғарғы оқу орындарының бірі – КИМЭП-те оқимын. Мен бес уақыт намаз оқимын. Менің достарым да намаз оқиды. Сондықтан мен жағдайы нашар, бақытсыз жандар дінге келеді деген пікірмен келіспеймін, – деді Азат Қыдырбаев.
Оның пайымдауынша, мұндай келеңсіз пікірлер исламның шынайы мақсаты мен міндетін білмегендіктен туындайды.
«ӨМІРДЕН АЛА АЛМАҒАНДЫ ҚҰДАЙДАН СҰРАУ»
Біз осы мәселеге қатысты жазушы Смағұл Елубайға хабарласып, дөңгелек үстелде айтылған пікірін кеңірек түсіндіруді өтінген едік.
– Кейде мен мешітке өзім де барамын. Сонда көретінім – өңшең қазақтың жастары. Түріне қарап олардың осы Алматыдағы студент және жұмысшы жастар екендігін байқаймын. Шынына келетін болсақ, бақытты жастар мешітке емес, қыздарын қолтықтап, мейрамханаға барады. Ал мешітке баратын жастар – қиындыққа ұшырап, өмірден қалағанын ала алмай, қиындық көргендер. Олар өмірден ала алмаған нәрсесін Құдайдан сұрауға барған жастар деп ойлаймын, – деді жазушы Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында.
Бірақ Смағұл Елубай, қазақ жастарының мешітке баруы мен дінге бет бұруын «қос қолдап қолдауымыз қажет» дейді. Жазушы бұл ойын былайша сабақтап отыр.
– Біз көзді ашып қарауымыз керек. Жағдайы жоқ жастардың көбі мешітке барады. Өйткені олар – өмірде өз жағдайын жасай алмағандар. Менің айтқаным «Ислам – тек жағдайы жоқ адамдардың діні» деген сөз емес еді. Бірақ қазіргі жағдай соны көрсетіп отыр. Сондықтан біздің билік тұрғындардың осы бөлігіне назар бөлуі керек деген ой айтқан едім, – деді сұхбаттасымыз.
Смағұл Елубайдың сөзінше, Алматы мешіттерінен Алматы қаласында туған балаларды табу қиын.
– Алматыда туған балалардың әке-шешесі, жағдайы, жоғары білім бар. Барлығына қол жеткізе алады. Егер зерттеу жүргізілсе, мешіттегілердің 99 пайызы ауылдан келгендер екендігіне мен сенімдімін, – дейді жазушы Смағұл Елубай.
«БИЛІКТІҢ БАСТЫ ҚАТЕЛІГІ»
«Исламизация үрдісі» атты дөңгелек үстелде сөз алған Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі Мұрат Телібеков «қазір елде ислам діні кең тарап жатыр» дейді. «Сондықтан билік бұл процесске белгілі бір саясатын қалыптастырғаны жөн» дейді ол.
– Биліктің басты қателігі – бар күшін діни электораттың энергиясын басуға жұмсайтындығында. Онысы исламға сөзсіз бағыныштылық пен конформизмді таңу болады. Бұл әдетте қарсы реакция береді, – деді Мұрат Телібеков.
Оның пікірінше, қазір билікте, оның ішінде құқық қорғау орындарында ислам дінінен хабары мүлдем аз адамдар көп. «Исламды терроризм немесе экстреммизмен пара-пар көретін кей қызметкерлердің кесірінен дінге бет бұрған көптеген жандар заңсыз түрмеде жатыр» дейді Телібеков.
– Бір де бір партия немесе қоғамдық ұйым бұлайша қоғамды біріктірмейді. Дін бақытсыздардың «ермегі» деген пікір – орынсыз. Жұма күні мешітке барып, намаз оқып тұрған жамағатты қараңыз. Олардың арасында жоғары білімді, жағдайлары өте жақсы адамдар бар. Бизнес, элита, ғылым және мәдениет өкілдері де осында. Мұның барлығы ойлануға тұрарлық, – дейді Мұрат Телібеков.