Қазір ол 83-те. Ол марксизм негізін қалаушылар туралы кітаптары СССР-да миллиондаған тиражбен шығып, ондаған тілге аударылған жазушы шешесінің - Галина Серебрякованың Переделкинодағы (Мәскеудің ауданы - ред.) үйінде тұрады. Үй кітапханасының сөрелерінде Карл Маркстің өмірбаяны туралы ағылшын, неміс, қытай, жапон тілдерінде шыққан кітаптар толып тұр. Гелиана Григорьевна 1960 жылдары шешемнің үйіне аудармашылар көп келетін деп еске алады.
Бұл жер думанның ортасы болатын. Ал Серебрякованың Заполярье мен Қазақстан лагерьлерінде қаңғырған жылдары жайлы "совет үкіметіне қарсы" "Смерч" ("Қара құйын") повесін жасырын жазып жүргенін бірер досынан өзге ешкім білмеген.
1967 жылы Париждегі эмигранттар баспасы поляк тілінде шығарған алғашқы кітап КПСС орталық комитеті деңгейінде үлкен жанжалға ұласқан.
Гелиана Сокольникова былай деп еске алады:
Сол күндері шешем енді Лубянканың адамдары келіп әкететін шығар деп қатты уайымдаған еді. Ол бәрінен де үшінші рет жер аударылудан қорықты.
– Батыс елдерінің бір радиосы "Смерчтен" үзінді оқи бастағанда шешем қатты шошып кетті. Мен Переделкинодағы үйіне бардым. Сол күні ол әлгі жазбадан бас тартатынын мәлімдеп, газет редакцияларының бәріне хат жолдады. Біз - үш қызы шешемнің үйінде түнедік, өйткені ол қатты абыржыды. Ертемен жаңа газет сатып алуға шықтық. «Союзпечать» дүңгіршегіндегі газет сатушы "Серебрякованың хаты бар газет пе? Түк қалмай сатылып кетті" деді. Переделкинода мұндайды Пастернакты қуғындаған заманнан бері көрмеген. Сол күндері шешем енді Лубянканың адамдары келіп әкететін шығар деп қатты уайымдаған еді. Ол бәрінен де үшінші рет жер аударылудан қорықты.
– "Смерч" неге бірінші поляк тілінде шықты?
– Білмеймін. Мүмкін нағашы арғы аталарымыз поляк болғандықтан шығар. Нағашы әжем Бронислава Красутская люблиндік фабриканттың қызы еді. Варшавада консерваторияны бітірген, алты тіл білген. Тургеневтің әңгімелеріндегі бикештерге ұқсайтын. Бірақ өзі марксистка болған, Дзержинскийдің әйелімен дос болатын. ВОКС-те (бүкілодақтық шетелмен мәдени байланыстар қоғамы) жұмыс істеген.
– Әкеңіз де ауқатты отбасынан шыққан кісі ме?
– Иә, Янкель Бриллиант атамның Трубная көшесінде дәріханасы болған. Ол үй әлі бар, қазір бірінші қабаты - кафе. Ал отбасы - әкем, оның аға-інілері, әке-шешесі екінші қабатында тұрыпты. Кейде әлгі кафеге кіріп, есімде қалмаған әкемнің жоғарыда қалай жүргенін елестетемін. Менің жанымда иығы көрінген мына карточка болмаса, тіпті онымен бірге түскен фотосуреттер де қалмапты.
Әкем Борис Пастернакпен бір гимназияда оқыған, үзіліс кезінде Гриша орындыққа атып шығып, Маркс туралы жалынды сөз сөйлейтін деп еске алып отыратын. Ол шешен кісі, жұрттың бәрін баурап алатын адам болған деседі.
Петербургтік тарихшы Никита Елисеевтің пікірінше, Сокольников - "Доктор Живаго" романының коммунизмді барлық тәсілдерді пайдалана отырып құру идеясының фанат кейіпкері Павел Стрельниковтің прототипі.
1907 жылы полиция Сокольники бағындағы рұқсат етілмеген митингіде сөз сөйлеп тұрған Григорий Бриллиантты (ол тегін осы оқиға құрметіне өзгерткен) ұстап әкетіп, Енисей губерниясына жер аударған. Бір жарым жылдан кейін ол айдаудан Францияға қашып барған, Ленинмен танысқан. Партия тапсырмаларын орындай жүріп Сорбоннада оқыған, 1916 жылы экономика докторы дәрежесін алған. Еуропада алған білімі советтік Ресейде кәдеге жарап, Сокольников НЭП саясаты жүрген небәрі бір жыл ішінде рубльді соғыстан кейінгі ғаламат инфляциядан құтқарып қалған.
1927 жылы ол 22 жастағы журналист Галина Серебряковаға үйленген.
Қолына қағаз, қарындаш ұстатып, "сен жазуың керек!" деп оны жуынатын бөлмеге қамап тастайды екен.
– Әкем шешемнің дарынды екенін байқаған. Қолына қағаз, қарындаш ұстатып, "сен жазуың керек!" деп оны жуынатын бөлмеге қамап тастайды екен. Шешемді мединститутты мәжбүрлеп бітіргізген. Кейін айдауда жүргенде әлгі мамандықтың пайдасын көп көрді. Бұған қоса, шешемнің дауысы керемет болатын. 1930 жылдардың басында әкемді Англияға елші етіп тағайындаған кезде ол ең жақсы мұғалімдерден ән айтуды үйрену үшін Лондоннан Миланға барып жүрген.
– Сонда сіз партия элитасы болған кісілердің отбасында туып, бірақ көп ұзамай "Арбат балаларының" тағдырын құшқан екенсіз ғой.
– Әкемді тұтқындағаннан кейін жұрттың бәрі- көршілер, таныстар бізді жек көрді. 1960 жылдары Орталық Азиядан Мәскеуге оралғаннан кейін Арбаттағы - Карманицкий көшесіндегі бұрынғы пәтерімізге бардым. Мен сол жерде - шешем кітаптарына алған қаламақыға сатып алынған бес бөлмелі кооперативтік пәтерде дүниеге келіппін. Қоңырауды басып едім, есікті бір кемпір ашып, "Ланочка Сокольниковасың ба? Кір, кір! " деді.
Үй коммуналка пәтерге айналыпты, қабырғаларында шылапшын, велосипедтер ілулі тұр. Әр есіктен біреулер дәлізге бастарын қылтитты. "Пәтерге таласайын деп келгенім жоқ" деп дауыстап едім, есіктерін жауып ала қойды.
Көрші әйел 1937 жылы әкемді соттаған кезде шешем есі ауып еліріп, терезеден секіріп өлмек болғанын, бірінші некеден туған қызы Зоряны тұншықтырғанын, соның кесірінен оны "Кащенкоға" (Мәскеудегі №1 психиатриялық аурухана - Азаттық) жауып тастағанын айтты. Мен мүлде қараусыз қалып, күні бойы ауладағы құмсалғышта отырады екенмін. Ал әжем бүкіл отбасымызды өлтіретін у сұрап таныс дәрігерлерді аралап кетеді. Бірақ оған ешкім у бермеген. Көрші "Ал сен қас қарайғанша құмның үстінде отыратынсың. Саған терезеден қарап қоятынбыз, жаныңа баруға қорқатынбыз. Бейшара қыздың қарны ашып, шөлдеген шығар дейтінбіз. Бірақ саған нан, су беруге ешкімнің батылы жетпейтін" деді.
"Отанын сатқан опасыздардың" отбасы үшін ең қорқыныштысы «қашан тұтқындар екен?» деген үйреймен айлап өмір сүру еді. Галина Серебрякова бұл туралы өз кітабында жазған:
"Сағат екіге таман анам келді. Ешкім у бермей қойыпты. Азаптан құтқаратын ампула берудің орнына, "қайтесің, өмір сүру керек, шыдау керек, көну керек" деп бәрі ағыл-тегіл ақыл айтыпты. Енді не істедік? Уақыт болса кетіп барады...
Бізді қудалап жатқанын түсінбейді дейсіңдер ме? Бізді жұрт жақтырмайды, қорлайды.
Күндізгі үш болып қалды. Ақыры жуынатын бөлмеге газ жіберейік деп жатқанымда есік айқара ашылып, Зоря кіріп келді. Секпіл басқан бозарған беті тіпті қуарып кеткендей көрінді, жасыл-сұр түстес үлкен көздері бір нәрсеге қуанғандай жалтылдап тұр екен. Римнің Колизея аренасында азап шеккен кішкентай қыздардың түрі сондай болған шығар.
Зоря «Мен бәрін естіп қойдым, сендермен бірге өлемін. Мені жалғыз қалдырмайсыңдар, өйтсеңдер нағыз қатігезсіңдер. Мен де бәрібір өлемін ғой. Бізді қудалап жатқанын түсінбейді дейсіңдер ме? Бізді жұрт жақтырмайды, қорлайды. Біз -халық жауының отбасымыз» деді.
Ол балаға жараспайтын қисынмен, шабытпен сөйледі. Содан ақылымнан адасып отырған мен келістім... Құлағыма сыртқы есіктің қоңырау үні келе берді. Бұл көк фуражка немесе кепка, тар тігілген қара пальто мен етік киген адамдар болатын.
– Сіз халық жауысыз, контреволюционер, тыңшы, диверсантсыз. Есімнен танып, айқайламауға тырыстым. Миым айналып бара жатқандай. Жанұшырып үйде жан тапсыруға үлгере алмаймын ғой деген қорқыныштан, ұстап әкетсе, туғандарымнан жырақта өлтіреді ғой деген ойдан құтым қашты.
"Тек газды қосып, тұншығып үлгерсем екен" деген оймен терезе алдына қайта шықтым да күн сәулесінен жарқыраған көшенің түкпіріне қарадым. Кенет Спасск-Песков алаңы жақтан катафалкаға ұқсайтын қара автомобиль шыға келгендей көрінді. " Мені алып кетуге келді. Тірідей берілмеймін!" деген ой келді.
Терезенің екі жақтауын да тас қылып бекітіп тастаған екен, бірақ оны түсінбей бар пәрменіммен терезеге ұмтылдым. Сынған әйнек басымды тіліп түсіп, бетімді кесіп кетті. Жанұшыра айқай салған Зоря жаныма жүгіріп келіп, терезенің сынған жақтауынан сүйреп түсіруге тырысты. Сол кезде анасының ақыл-есінен айырылғанын түсінбеген кішкентай қыздың мойнынан ұстап қылқындыра бастаппын" (Галина Серебрякованың "Смерч" кітабынан).
– Гелиана Григорьевна, ваши близкие как-то объясняли вам в детстве, почему вы уехали из Москвы в Казахстан и что случилось с вашим отцом?
– Гелиана Григорьевна, Мәскеуден Қазақстанға неге кеткендеріңізді және әкеңіздің тағдыры не болғанын бала кезіңізде жақындарыңыз сізге түсіндірген жоқ па?
– Әрине, жоқ. Зоря екеумізді асырау үшін айдауға өз еркімен аттанған әжем де, анам да әкем туралы ешқашан айтқан емес. Бұл тыйым салынған тақырып болатын. Есесіне ол кісі жайлы өзге адамдардан жиі естідім.
Бір күні үйлеріне кіріп едім, әлгі кісі "Партия тарихының 110-ыншы бетінде сенің әкең Сокольников туралы не жазылғанын білесің бе? Ол жапондарды және ағылшындардың тыңшысы, құдықтағы суды улап, поездарды құлатқан" деді.
Әжем амалын тауып айдауға концерттік роялды ала кетті. Ол балаларға музыкадан сабақ беретін, ақысына біреулер ақша, біреулер азық-түлік беретін. Оқушылардың ішінде әкесі жергілікті дөкей шенеунік болған бір қыз болғаны есімде. Бір күні үйлеріне кіріп едім, әлгі кісі "Партия тарихының 110-ыншы бетінде сенің әкең Сокольников туралы не жазылғанын білесің бе? Ол жапондарды және ағылшындардың тыңшысы, құдықтағы суды улап, поездарды құлатқан" деді. Тоғыз жасар балаға айтқанын көрмейсіз бе?! Зәрем ұшып жүгіріп әжеме келіп "Буся! Менің әкем тыңшы, ал мен сыныппен көшеде "Вставай страна огромная!" әнін шырқап жүрмін" дедім. Ол кісі ештеңе деген жоқ, бір сөз айтқан жоқ. Тыйым салынған тақырып еді.
Тағы бір оқиға Жамбылда болды – ол жақта мен "ұлы көсеміміз" өлгенге дейін тұрғанмын. Бұл Кавказ, Прибалтика, Поволжьеден және астаналардан жер аударылған адамдар тұрған қала болатын. Араларында интеллигенция өкілдері көп болды. Мәскеу, Ленинград, Киевтен жер аударылған ғылым докторлары, профессорлар. Олардың бәрі сабақ беріп жан бағатын. Мен оқып жүрген фельдшерлік техникумда совет ғылымының бетке ұстарлары сабақ берді. 15 жасымда бірінші курста оқыдым. Бүкіл үй шаруасы менің мойнымда, үйдегілер маған "завхоз" деп ат қойып алды. Бір күні арық суына ыдыс жуып жатыр едім, жанымнан ұлты шешен көршіміз өтті, ол кісі де жер аударылған болатын. "Сенің тегің кім?" деп сұрады. Сосын "Банкте жұмыс істеген кезде сенің әкеңнің қолы қойылған ақшаны көргенмін" деді. Таңырқап "Қалай сонда?" деп сұрадым. "Ақшада "Халық комиссары Г.Сокольников" деп жазылған болатын" деп түсіндірді.
Әкемді Сталиннің жарлығымен Тобольскіде баяғыда өлтіріп тастағанын біз білгеніміз жоқ.
Ал соғыстан кейін шыққан ақшаларда әкемнің қолы әрине болған жоқ. Көп жылдардан кейін маған әкемнің қолтаңбасы бар 1928 жылы шыққан қағаз ақшаны сыйға берген. Ал ол кезде әлгі сияқты кездейсоқ естіп қалған әңгімелерден поездарды жарып, ақшаға қолын қойған адамның фантастикалық бейнесін елестететінмін. Мен оны тірі деп ойлап жүрдім ғой. Әкемді Сталиннің жарлығымен Тобольскіде баяғыда өлтіріп тастағанын біз білгеніміз жоқ.
"Сокольниковті жалғыз кісілік камераға алдын ала ауыстырып қойған. 1939 жылғы 21 мамырда оның камерасына жоспарланғандай, түрме бастығы Флягин, жедел уәкіл Шарон және Мәскеуден жеткізілген тұтқын Лобов (Кировқа жасалған қастандық бойынша сотталған) кіріп, оны үшеуі жабылып өлтірген. Бірден жалған акті мен тұтқын Котовты (Лобовтың тегін осылай деп көрсеткен) тергеу хаттамасы толтырылған. Сокольниковті өлтіруге қатысты жайттар сипатталған хаттамада: "Сокольниковтің сұрағындағы зіл зығырданымды қайнатып жіберді. Мен оны фашистерге жалданған жүзіқарасың, сендердің және сендер сияқты басшылардың кесірінен мені де жауапқа тартты. Сокольников төсектен атып тұрып, маған жақындады. Мен жанында параша тұрған кереуетімде отырғанмын, соны жұлып алдым да оны басынан бір періп, ұшырып түсірдім" деп сипатталған (Никита Хрущевке КГБ төрағасы Иван Серов әзірлеген есептен).
– Мен прокуратураға Брежневтің тұсында жаза бастағаныммен, әкемді 1988 жылы ғана ақтады. Бірақ жазған хаттарым сол күйі қаралмай жатып, Горбачевтің арқасында ғана ақталды. Өмірінің ақырғы күніне дейін әкем жанынан тастамаған мына фотосуретті КГБ-ның мұрағатынан сол кезде қайтарған.
– Анаңыздан да ұзақ уақыт ажырап қалдыңыз ба?
– 1937 жылы шешемді Семейде тұтқындады. Ол қалалық түрмеде отырды, ал әжем мен әпкем шешемді бір секунд болса да көріп қалу үшін тұтқындарды моншаға апаратын сәтті аңдитын. Кейін анамды сегіз жылға лагерьге кесті.
"Ісім немен аяқталар екен? Шынымен соттап жібере ме? Тергеу кезінде оқып бергендерін тыңдағанда күлкің келеді әрі заң мен қарапайым әділеттіліктімазақ ету болып көрінеді. Бұған қоса, сержант Иванов үмітімді оятып қойды. Ол қоштасып жатып:
«Серебрякова, уайымдамаңыз. Айрықша жиналыс ары кетсе жер аударатын шығар. Көп ұзамай туғандарыммен қауышамын деп үміттене беріңіз деген еді. Бірақ...
Бір күні камерама Валя Генералованың бөлесі, түрме бастығы кірді.
– Үкім! Мәскеу үкім шығарды!
Толқығаннан құлағым тұнып, көзім қарауытып кетті. Қалшиып тұрмын.
– Еңбекпен түзеу лагеріне сегіз жыл кесіпті.
Есімнен танып еденге құлаппын. Камераласым Игрушкина шүберекті суық суға шылап түні бойы күйіп-жанған маңдайыма басып шықты. Мен сандырақтап, арасында есімді жиғанда "Не үшін? Сонда не үшін?" деп айғайлаймын.
Шешемді сегіз емес, тура 10 жыл көргенім жоқ.
«Көп ұзамай мені вокзалға алып кетті. Түн қараңғылығын тілген автомобиль жарығынан бір-біріне жабысып тұрған екі бейшара жанды көріп қалдым. Олар сол күндері түрмені айналшықтап кетпей жүрген анам мен Зоря болатын. Олар да үкімді күтіп, үміттеніп жүрген еді» (Галина Серебрякованың "Смерч" кітабынан).
– Ес білген шағымда шешеммен 1948 жылы ғана кездестім. Бір-бірімізден ажырап қалған 11 жылда ол талай қорқынышты жайттарды бастан кешті. Бірақ Сыктывкар түрмесінде ол бір адамды жолықтырып, әлгі кісіден қыз туыпты.
Пойыз екі тәулікке кешікті. Ол кезде бұл әдеттегі жағдай болатын.
14 жаста едім, әке-шешесіз өстім. Күтпеген жерден Галина Серебряковадан «жаңа күйеуіммен Сыктывкардан Семейге келе жатырмын» деген телеграмма алдық. Екеуін күтіп алу үшін станцияға кеттім. Пойыз екі тәулікке кешікті. Ол кезде бұл әдеттегі жағдай болатын. Оны ешкім сөкет санамайтын.
Бұратылған аш, үсті-басым кір-қожалақ болып екі күн, екі түн вокзалда отырдым. Қатты тоңдым, желтоқсан айы болатын. Ақыры пойыз келіп, үстіне елтірі тон, бетін бүркейтін торы бар бас киім, биік өкше етік киген шешем вагоннан түсті. Ол өмір бойы өзін күткен кісі болды, тіпті айдауда жүрсе де өзін елшінің әйелі сияқты ұстайтын. "Мама" деп алдынан жүгіріп шықтым. Ол маған жақтырмай қарап, "Алба-жалба мына түрің не?" деді. Мен Семейдегі пионерлер үйінде бимен шұғылданып жүргенімді, мен туралы газетте жазды деп мақтанып жатырмын. Анам "енді ешқандай би болмайды!" деді.
Келген бетте үйдің бүкіл шаруасын маған жүктеп қойды. Тіпті үй жөндеу мен қабырғаларды әктеу де менің міндетім болатын. Ол жұмысымды қатал тексеретін. Сөйтіп шешемнің басқаруымен сылақшының кәсібін меңгеріп алдым. 83-те болғаныммен, қазір де қолымнан келеді, қабырғаны мұнтаздай етіп әктеп бере аламын. Бірақ шешем туралы жаман ештеңе айтпаймын, маған ол ақыл-кеңесін о дүниеден де жолдап жатады. Семейге келгеннен кейін анамды НКВД-ға шақырып, Жамбылда тұрасың деді. Бәріміз сол жаққа кеттік. Бірақ бірге ұзақ тұрмадық.
Анам өте қонақжай әйел болатын. НКВД-ға белгі соқтыру үшін барғанда өзге жер аударылғандармен танысып, бәрін үйге қонаққа шақырып келетін. Үйде тіске басар жоқ, бірақ ол бәрібір қонақ шақыратын. Содан әлгі қонақтардың біреуі Серебрякова совет үкіметі мен Сталинді жамандады деп анамның сыртынан көрсетіп жіберіпті. Бітті. Бір күні кешкісін штат киіміндегі бір адам келіп, анамды "жарты сағатқа" сыртқа шақырды.
Бірақ есесіне ол жерде тамаша әйелдердің ортасына түсіпті - жазушы Галина Серебрякова, әнші Лидия Русланова, актриса Зоя Федорова үшеуі бірге отырған. Үшеуі хат-хабар сәлемдеме алу құқығынсыз ұлы көсеміміз өлген күнге дейін бірге отырды.
НКВД адамдарды көбінесе осылай тұтқиылдан, үйінен шығарып алып далада тұтқындайтын. Анамды Мәскеудегі камераларында терезе жоқ Владимир централ түрмесіне алып кетті. Бірақ есесіне ол жерде тамаша әйелдердің ортасына түсіпті - жазушы Галина Серебрякова, әнші Лидия Русланова, актриса Зоя Федорова үшеуі бірге отырған. Үшеуі хат-хабар сәлемдеме алу құқығынсыз ұлы көсеміміз өлген күнге дейін бірге отырды. Анамның қай түрмеде отырғанын бізге ешкім хабарлаған жоқ. Не күйде екенін де білмедік. Түрмеде бізді аштықтан Русланова құтқарды деп көп жылдардан кейін айтып отыратын. Русланованың тәркіленбей қалған әшекей бұйымдары болыпты. Түрме дүкеніне айына бір рет азық-түлік әкеледі екен. Лидия Андреевна өзінің күркіреген дауысымен бүкіл ларекті сатып аламын деп айғай салады екен. Тамақты камераларына әкеліп тастайды. Төрт жыл осылай жан бағыпты.
– Анаңызды екінші рет қамағаннан кейін Жамбылда қалдыңыз ба?
– Әжем, шешемнің жеті жасар кенже қызы үшеуміз қалдық. Екеуміздің асыраушымыз - әжем, рояльға отырып тағы сабақ бере бастады, бірақ бір жылдан кейін қайтыс болып кетті, тура музыка сабағының үстінде оқушысының көз алдында құлапты. Енді не істейміз? Өзім медтехникумның студентімін. Шешем түрмеде, күйеуін ұстап әкеткен, әпкем Зоря Семейде. Бәріміз халық жауымыз. Жағдайымыз қиын еді. Сабақтан кейін вагоннан қарбыз түсіруге жалданамын. Түнде НКВД-ға шақырып «анаңды тапқың келмей ме?» деп сұрайды.
– Оларға не деп жауап бересіз?
– Жылайтынмын. Өйткені шарасыздықтан не істерімді білмейтінмін. Үйлеріңді тартып алып, кішкентай қызды балалар үйіне жібереміз деп қорқытатын. Бірақ сол жолы да әкемнің аруағының шапағаты тиді.
– Қаза болғаннан 10 жылдан кейін бе?
– Қазір түсіндіремін. Ол кезде Игорь Романович Фонштейн деген мәскеулік белгілі адвокат Жамбылда айдауда болатын. Біреулер сол кісіден көмек сұра деп кеңес берді.
Түнде жүгіріп Фонштейннің пәтеріне бардым. Есікті самайын ақ басқан ер адам ашты. Өзімді таныстырып, "Адвокаттардың ақша алатынын білемін, бірақ менде үш рублім ғана бар" дедім. Ол күліп жіберді де, мені кабинетіне шақырды, оған жағдайымды айтып бердім. Ол мұқият тыңдап алды да, көмектесемін деп уәде етті. Кетер кезде ол "Бұл істі неге алғалы тұрғанымды білесің бе? Өйткені сенің көздерің әкеңдікіне ұқсайды. Басқа ештеңе сұрама" деді.
Ол шынымен де көмектесті. Қандай құдіреттің күші екенін білмеймін, бірақ сіңліме де, үйімізге де тиіскен жоқ. Фонштейнді 15 жылдан кейін Мәскеуде жолықтырдым. Ол азамат соғысы кезіндегі фотосуретті көрсетті.
Өмір бойы әкемнің есімін қастерлейтін жандарды жолықтырып келемін.
Григорий Сокольников Түркістан майданын басқарған, ал Фонштейн оның қарамағында қызмет істеген. Өмір бойы әкемнің есімін қастерлейтін жандарды жолықтырып келемін. Әкем сыртымнан бақылап, көмектесіп жүреді деп айтатыным сондықтан. Анам екеуміздің арамыз сол күйі жараспады. Ол менен гөрі өзге балаларын жақсы көрді. Ал мен әкемнің жалғыз қызы болдым.
(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Андрей Филимоновтың мақаласы орыс тілінен аударылды)