Accessibility links

«Торы жоқ түрме»


Қуғын-сүргін заманында Якутияны үлкен территориясы мен қытымыр климатына бола «торы жоқ түрме» атап кеткен еді. Сталинизм жылдары аймақ жерінің үштен бір бөлігін ГУЛАГ-тың 105 лагері алып жатқан. Жаңа территорияларды игеріп, ауыл, жол салып, кен өндіру үшін тегін жұмыс күші - тұтқындарды Томпон, Оймякон, Верхоянск сияқты ең қиырда орналасқан аудандарға жіберіп отырған. Аштық пен аяздан мыңдаған тұтқын қырылған. Қазір әлгі жерлердің көбіне жету мүлде мүмкін емес.

Биыл тамыздың аяғында Якутияның Верхоян ауданының бір топ жастары Кестер тауына аттанды. Ондаған жыл бұрын ол жақта кеніш пен Янск еңбекпен түзету лагері болған. Якутияның бүкіл терістігін жайлаған ГУЛАГ-тың өзге мекемелерінің көпшілігінің ескі жұртына қазір жете алмайсың, ал Янск еңбекпен түзету лагерінің сақталып қалған жұрнағына бұрынғысынша оқтай түзу жол апарады, Батагай кентінен лагерьге дейінгі 64 километр жол адыр-қырқа, орманды басып өтеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жер рельефінің қиындығына қарамастан, кен байыту фабрикасынан Кестер тауына дейінгі жолды Сталиннің өзі сызып берген. Жолды Янск лагері тұтқындарының салуына тура келген, олардың көбі ауыр жұмысқа шыдамай сол жерде жан тапсырған.

Кестер тауына баратын жол.
Кестер тауына баратын жол.

Кестер тауына жету жылдан жылға қиындап барады. Биіктігі 1271 метр болатын кенді тауға қалың ну орман арқылы апаратын жолдың екі тұсын су жырып кеткен. Ал биікке өрлейтін ені тар тастақ жол сусыма жардың шетімен иректеліп кетеді. 80 жыл бұрын адам өмірінен құнды бағаланған кенді алқап тас болмаса, ағаш атаулыдан жұрдай. Аудандық әлеуметтік саясат басқармасы өткізетін әрі дәстүрге айналып кеткен "Кестер – біздің жан жарамыз" акциясы бұл жерде биыл жазда тағы өтті.

- ГУЛАГ лагерьлері – совет мемлекетінің тотаритарлық жүйесінің қорқынышты жаңғырығы. Біздің Верхоян ауданы патша заманынан бері саяси тұтқындарды жер аударатын, ал СССР кезінде тұтқындардың каторгалық еңбегін пайдаланып пайдалы қазбалар өндіретін орын болған. Жан-жағын тау қоршап жатқан торы жоқ түрме, қанша тырысқанмен бұл жерден қашып кету, қашқанмен тірі қалу мүмкін емес болатын. Акция Янск лагерьлер жүйесінің тұтқындарын мәңгі есте қалдыруға арналды,жастар болашағымыздың құны қаншалықты қымбатқа түскенін білсін, ұмытпасын деген мақсатпен өткізіледі, - дейді басқарманың бас маманы Дмитрий Габышев.

Жан-жағын тау қоршап жатқан торы жоқ түрме, қанша тырысқанмен бұл жерден қашып кету, қашқанмен тірі қалу мүмкін емес болатын.

1937 жылы мәскеулік геолог Порфирий Прокопьевич Епифанов Кестер тауынан қалайы мен сирек металдардың кен орнын ашқан. Ол жылдары солтүстік-шығыс Якутия аз зерттелген өлке болатын, сондықтан бұл жерден табылған кез келген кен көбінесе тұтқындардың еңбегіне тәуелді болған совет экономикасы үшін аса маңызды болды. Епифанов тапқан қалайыға бай кен орындарының ішіндегі ең ірісі – Эге-Хая кен орнында 1938 жылы кеніш құрылысы басталып, сол жерден кент салынды. Кейінірек әлгі кеніш пен жергілікті кен байыту фабрикасы СССР-да осы саланың көшбасшыларына айналды.

Кен байыту фабрикасы.
Кен байыту фабрикасы.

1940 жылдардың аяғында аймақтағы бүкіл құрылысты НКВД (ішкі істер халық комиссариаты – ред.) қарауына беріп, көп ұзамай Верхоянскіде тегін жұмыс күші - тұтқындар лагерьлері пайда болды. Олардың алғашқысы - №6 Эге-Хая еңбекпен түзету лагері. Ізінше Кестер тауында лагерь бекеті ашылды. Сегіз жылдан кейін ол жақтағы лагерьлер саны 22-ге жетті әрі бәрі НКВД-ның "Дальстрой" мекемесіне (Қиыр Шығыстағы СССР бас құрылыс басқармасының қысқаша атауы. – ред.) қарайтын ЯнЛаг жүйесіне кірді. Тұтқындарды Магаданнан әкелетін. Оларды жүк кемелерімен Яна өзені сағасына дейін әкеліп, сол жерден баржаларға тиеп, Батагай айлағына дейін жеткізетін де, ол жақтан лагерьлерге бөлетін. Кейде тұтқындарды лагерьге дейін жаяу айдап апаратын.

Каторгалық жұмыс орнына жете алмай жол-жөнекей қанша адам өлгенін қазір шамалап қана болжауға болады.

Геолог Аркадий Вишневский естеліктерінде "Жүздеген, мыңдаған километр әлгі жолдың көп бөлігі адам төзгісіз ауыр, жолсыз жапан болатын. Каторгалық жұмыс орнына жете алмай жол-жөнекей қанша адам өлгенін қазір шамалап қана болжауға болады. Ал аман жеткен тұтқындарды шахта, құрылыс, жол салу, кен өндіру, ағаш дайындау және ағаш құлату сияқты ең ауыр жұмыстарға салатын. 30-40 тұтқыннан тұратын бригадалар таңғы түгендеуден кейін күзетшілердің қадағалауымен жұмысқа шығатын, ал кешкісін тінтуден кейін тікенек сым темірдің арғы жағына тағы қамалатын. Бұл күннен күнге, айдан айға, жылдарға созылды. Көбі мерзімін толық өтеуге шыдамады. Қаншама қасіретті болса да, кейін мен тұрып, жұмыс істеген Батагай кенті Сталин лагерьлерінің тұтқындарының арқасында салынды" деп жазады.

Батагай ауылындағы тұтқындар салған Мәдениет үйі.
Батагай ауылындағы тұтқындар салған Мәдениет үйі.

Кестер тауының ұшар басында өлі тыныштық. Айналасы тау мен тайга ғана, көз жетер жерде елді мекен жоқ. Бұл жерден ешқайда қаша алмайсың. Көзге әуелі табиғаттың сұсты әсемдігі емес, тұтқындар шахталардан күн сайын тасты қайламен шауып, өндірген қалайы кенінің үлкен үйінділері түседі. Каторгалық жұмыс үскірік боранға да, 50 градус аязға да қарамастан жалғаса беретін. 1953 жылы рақымшылық жарияланған кезде адамдар бәрін тастап жан-жаққа кеткен. Қазір әлгі тас үйінділердің ешкімге қажеті жоқ, ол бостандыққа дейін тірі жетпеген Кестер тұтқындарына қойылған ескерткішке айналды.

ЯнЛаг тұтқындарының саны, құрамы, тұтқындардың түзету лагерьлеріне қамалуының ресми себептері туралы қазір нақты деректер жоқ. Тарих ғылымы докторы Павел Казарян:

- ЯнЛаг - әлі жабық тақырып болып тұр. Қолымызда тұтқындардың нақты саны, аты-жөндері, жеке істері туралы деректер жоқ. Совет кезінде белгілі себептерге байланысты бүкіл ақпаратты құпияландырып тастаған. Қазір құжаттар Магаданда сақтаулы, өйткені ЯнЛаг «Дальстройдың» бір бөлігі болған. Кәсіпорынның шаруашылығы жайлы қағаздар ашық жарияланды, ал тұтқындарға қатысты мәліметтер жоқ. Әлгі мәліметтерді алу үшін арнайы рұқсат керек. Оған әзірше қолымыз жетпей отыр, - дейді.

Верхоянскідегі өлкетану мұражайының бұрынғы директоры Варвара Кириллина лагерьде бір мезгілде 200-ден 1000 адамға дейін отырған деп санайды. Аудан территориясындағы ГУЛАГ-тан қалған ескі ғимараттарды талай жылдан бері зерттеп жүрген ол тұтқындар шағын барактарда жатқан, әрқайысысында шамамен 100 адамнан болған деп болжайды. Екі қабатты ағаш төсектерде ескі күпәйкелерді жамылып ұйықтауға тура келген. Қыста Верхоян өлкесінде, әсіресе таудың басында өте суық. Қабырғаларға мұз қатып, едендегі қар ерімей жататын.

Верхоян музейіндегі ЯнЛаг тұтқындарына арналған "Аяз белдеуі" экспозициясы.
Верхоян музейіндегі ЯнЛаг тұтқындарына арналған "Аяз белдеуі" экспозициясы.

Мұндай азапқа шыдамай біреулері жан тәсілім еткен, енді біреулері қашуға тырысқан. Қашқындарды іздеп, ұстауға жергілікті халық көмектескен. Павел Казарян 1943 жылғы қыркүйектің 15-інде Ворошилов атындағы колхоз мектебінің 4-сынып оқушысына контрреволюциялық әрекеті үшін 58-бап бойынша 8 жылға лагерьге кесілген тұтқынды ұстауға көмектескені үшін «Дальстрой» бастығы құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлық табыстаған оқиғаны мысалға келтіреді.

Қыста Верхоян өлкесінде, әсіресе таудың басында өте суық. Қабырғаларға мұз қатып, едендегі қар ерімей жататын.

1952 жылы Кестер тауындағы лагерьден тоғыз саяси тұтқын қашып кеткені жайлы «Труд» газеті жазған. Олардың алтауын ұстаған кезде өлтіріп, үшеуін лагерьге қайтарған. Қалған тұтқындарды қорқыту үшін күзетшілер өлтірілгендердің қолдарын білегінен кесіп, лагерь қақпасының жанына тастаған. Батагайдың 19 жастағы тұрғыны, студент Егор Старостин:

- Кестер тауына биыл жазда бірінші рет бардым. Ол жаққа баяғыдан барғым келіп жүрген, бірақ кез келген машина шыға алмайтын әрі кім көрінген апаруға келіспейтін болғандықтан, биыл ғана сәті түсті. Таудың ауасы өкпеңді қысады екен, демала алмай қиналдым, әлгі жердің өзі кеудеңді қысатын сияқты. Қаншама бос бөшкелер, үй-жайлардың қирандылары шашылып жатыр, бұрынғы шахтаның орны, ол жақтан шығарылған тастар жатыр. Әлгі жерде адамдар тұрып, жұмыс істеді дегенді елестету қиын. Лагерьлер мен тұтқындар туралы бізге мектепте де айтатын, бірақ әлгінің бәрін өз көзіңмен көргенде мүлде басқаша әсер алады екенсің. Көз алдымнан тарих тізбектеліп өтті. Еңсені мүлде езіп жіберетін жер,- дейді.

Таудың ауасы өкпеңді қысады екен, демала алмай қиналдым, әлгі жердің өзі кеудеңді қысатын сияқты.

Якутскіде тұратын байланыс қызметкері 29 жастағы Николай Габышев бала кезінде Батагайдың маңайын талай шарлаған, сондықтан жергілікті лагерьлерде көп адам өлгенін біледі, ұңғымалардың маңайындағы шоқылардың бөктерінде адам сүйектері шашылып жататын дегенді әкесінен естіген. Дегенмен ол Сталинге деген көзқарасым бейтарап дейді.

- Жергілікті комсомолдар мен КПРФ (коммунистік партия. – ред.) коммунистері Сталинге ескерткіш орнату үшін қол жинап жүргенін көргенмін. Ол кісі жайлы жаман я жақсы деп ештеңе айта алмаймын. Бейтарап қараймын, Якутскіде оның мүсіні орнатылғанын білемін. Ал тарихи ескерткіштер болғаны дұрыс деп санаймын, ел тарихын білу керек, сондықтан қарсы емеспін, - дейді ол.

Кестер тауындағы шахталардың орны.
Кестер тауындағы шахталардың орны.

Жылдар өткен сайын кен қоры азайып, тұтқындарды үйінділерді қайта қопарып, өңдеуге, ескі кеніштерді ашуға мәжбүрлеген. Бірақ құлдық еңбекті пайдаланғанына қарамастан, қалайы өндіру тиімсіз болды, сондықтан ГУЛАГ күйрегеннен кейін шахтаны бірден жауып тастады. 20 жылдан кейін Эге-Хая кеніші мен Батагай кен байыту фабрикасы да жұмысын тоқтатты.

ЯнЛаг тұтқындарына қойылған ескерткіш.
ЯнЛаг тұтқындарына қойылған ескерткіш.

​Батагайдың өзінен тұтқындардың туыстары табылмайды. Лагерьден босағандардың көбі бұл жерлерден 1950 жылдардың аяғында бірден кетіп қалған. Қалғандарының жалғыздықта өткен ғұмыры қысқа болды. Ол заманда жергілікті мектеп оқушыларын Кестер тауына жиі апаратын. Олардың ішінде Верхоян ауданының бұрынғы тұрғыны Наталия Жукова да болыпты.​

- Ол кезде лагерь жұрнақтары көрініп жататын, өйткені қуғын-сүргін және еңбек лагерьлері бағдарламасы 1957 жылы ғана аяқталды ғой. Ал «Юттях» лагерінде біз жазда жыл сайын демалатынбыз, әке-шешемізге жолдаманы кәсіподақ комитеті арқылы бөлетін. Лагерьге жолдама алу қиын болатын. «Юттях» лагері 58-бап бойынша сотталған тұтқындарды жер аударатын орын болғанын кейін білдік. Эге-Хая кентінде әлгі бап бойынша "ЯнЛаг еңбекпен түзету лагеріне" жер аударылғандардың ішінде мұғалім, дәрігер, инженер сияқты интеллигенция көп болды. Кентімізге мәдениетті солар әкелді,- деп еске алады ол.

Янск еңбекпен түзету лагерінде қанша адам өлгенін қазір шамалап қана болжауға болады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күзетшілер мүрделерді зона территориясынан аулаққа апарып, қатарлап қойып, кейін оларды орға лақтырып, үстін шыммен жауып тастайтын. Лагерь тұтқындары көмілген орындар әлі күнге дейін табылған жоқ.

(Азаттық Орыс қызметінің тілшісі Екатерина Карпухинаның мақаласы орыс тілінен аударылды).

XS
SM
MD
LG