"Ресейдің Украинадағы басқыншылығы" БҰҰ-да талқыланды

Cимферополь көшесіндегі белгісіз әскери адамдар. 28 ақпан 2014 жыл.

"Ресейдің Украинадағы басқыншылық әрекеті" айыпталған соң БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жабық есік жағдайында жиын өткізді.
Украина президенті қызметін атқарушы Жоғарғы Рада төрағасы Александр Турчинов 28 ақпан күні кешке "Ресейдің Қырымдағы басқыншылық әрекетін" айыптап, Ресей президенті Владимир Путинді "арандатуды" тоқтатып, әскерді кейін әкетуге шақырды.

Жұма күні теледидар арқылы жасаған мәлімдемесінде Турчинов Ресейдің жаттығу атымен Украинаға қарсы агрессия бастағанын мәлімдеді.

"Біздің барлау мәліметтеріне қарағанда, олар қақтығысты арандатып, Абхазия жеріне аннексия жасағандай сценарий жасап жатыр",-деді Турчинов Ресей туралы.

Мәліметтерге қарағанда, Қырымда нөмері жоқ әскери көліктер мен айырма белгісі жоқ солдаттар жиі байқала бастаған.

ӘУЕ КЕҢІСТІГІ ЖАБЫЛҒАН

28 ақпан күні Ресей әскері Украинада, Қырымда екі әуежайға бақылау орнатқаны жайлы хабар тарады. Қырым автономиясының орталығы Симферополь аспанында Ресейдің бірнеше тікұшағы байқалған. Севастопольдегі әуежайға Ресейдің 13 ұшағы қонғаны жайлы да мәлімет бар. Осы ұшақтармен шамамен 2 мың солдат әкелінген. Әзірге бұл мәлімет тәуелсіз түрде растала қойған жоқ.

28 ақпан күнгі кешкі мәліметтерге қарағанда, Қырым астанасы Симферопольға қатынайтын жолаушы рейстерінің ұшуы да тоқтатылған. Оның себебі әуе кеңістігінің

Cимферополь әуежайын күзеткен белгісіз әскери адамдар. 28 ақпан 2014 жыл.

жабылғандығымен түсіндірілген. Бірақ әуе кеңістігін кім не үшін жапқаны әзірге жарияланбады.

Украина ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Андрей Парубий де Ресей әскерінің Қырымдағы "заңсыз әрекеттерін" айыптады. Ол бұл әрекетті байтараптандыруға шара қолданылатындығын айтқан.
УДАР партиясының төрағасы Виталий Кличко Ресей Мемлекеттік Думасының, арасында ультраұлтшыл Владимир Жириновский де бар, депутаттарының соңғы күндергі этникалық орыстарды қолдау үшін Қырымға сапарлағанын сынады.

"Ресей Мемлекеттік Думасының осынша депутатының Қырымға баруы - өте таңғаларлық жағдай. Мен олардың мақсаты не екенін түсінбеймін,-"деді Кличко.

ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович Симферопольде мемлекеттік теледидар кеңсесінде әскерилердің жүргені туралы айтқан. Мәліметтерге қарағанда, 20 шақты әскер теледидар ғимаратының сыртына орналасқан. Әскер журналистер жұмысына кедергі келтірмеген.

Мәскеуге жолдаған қарсылық нотасында Украина сыртқы істер министрлігі Қырым әуе кеңістігінде шекара бұзылғандығын және Ресейдің Қырым түбегін жалға алу шарттарын бұзғандығын мәлімдеген.

Кремль болса, Путиннің Ұлыбритания және Германия басшылығымен Украина дағдарысы жайлы талқылағандығын хабарлады.

ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНДЕГІ ЖИЫН

"Ресейдің Украинадағы басқыншылық әрекеті" айыпталған соң БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жабық есік жағдайында жиын өткізді.
БҰҰ-дағы Ресей өкілі Виталий Чуркин Қырымдағы Ресей әскері туралы мәліметті не

Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Виталий Чуркин.

растап, не жоққа шығармады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде ол өздерінің "Ресей Қара теңіз флотының Севастопольде болуы туралы Украинамен келісімі" бойынша әрекет етіп жатқанын айтқан.

Қауіпсіздік кеңесі жиынында АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Саманта Пауэр Ресейді "дереу Қырымнан кетуге" шақырды. Ол жедел түрде Украинада халықаралық араағайындық миссиясын ұйымдастыру қажетін айтқан. АҚШ өкілін Ұлыбританияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Марк Лайал Грант та қолдаған.

Чуркин болса, Мәскеудің Қырымға мұндай араағайындық миссиясын "таңуға" қарсы екенін білдірген.
АМЕРИКАНЫҢ ЕСКЕРТУІ

АҚШ президенті Барак Обама Украинадағы Ресей әскері әрекетіне алаңдаушылық білдіріп, Ресейге қатаң түрде ашық ескерту жасады.

Ақ үйде тілшілер алдында ол Ресей әскерінің Украинаға басып кірген расталатын болса, оның салдары "Ресейге қымбатқа түсетінін" ескертті.

Ол Украина жеріндегі Ресей әскері туралы мәлімет расталса, "бұл жай - Ресейдің Украина егемендігі мен тәуелсіздігіне құрметпен қарау жөніндегі қуаттауын және халықаралық заңдарды біржақты бұзуы" болып табылатынын айтты.

АҚШ президенті Барак Обама.


Обаманың айтуынша, "Украина егемендігі мен жер аумағы тұтастығын бұзатын кез келген әрекет - тұрақсыздық факторы, бұл Ресейдің де, Украинаның да, және Еуропаның да мүддесіне қайшы келеді".

Барак Обама Ақ үйде тілшілер алдында осы туралы айта келіп, вице-президент Джо Байденнің Украина туралы Ресей премьер министрі Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеді.
Вашингтонда Ақ үй баспасөз хатшысы Джей Карни Мәскеу әскери әрекетке баратын болса, "үлкен қателік" болатынын ескертті. "Бұл - АҚШ пен Ресей арасындағы Ресей Украинаның жер тұтастығына құрметпен қарайды деген уағдаластыққа қайшы келеді,"- деді ол.