Accessibility links

Украинада биліктің ауысуы Қазақстанға әсер ете ме?


Киевтегі Тәуелсіздік алаңында тұрған демонстрант. 24 ақпан 2014 жыл.
Киевтегі Тәуелсіздік алаңында тұрған демонстрант. 24 ақпан 2014 жыл.

Саясаттанушылардың айтуынша, Виктор Януковичтің бұрынғы режимі мен Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі режимі арасында ұқсастық та, айырмашылық та бар.

Ақпанның 25-і күні Алматы қаласында «Украинадағы жағдай. Қазақстаннан көзқарас» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті. Оған қатысушылар «Украинаның таяудағы болашағы қандай?», «Украинаны Майданға жеткізген не?», «Бұл оқиғалардың постсоветтік Қазақстанның саяси өміріне қандай әсері болуы мүмкін?» деген сұрақтарды талқылады.

УКРАИНАНЫҢ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛАДЫ?

Ресей саясаттанушысы Александр Князев Украина өзінің тұтастығынан айырылып, кем дегенде екіге бөлінуі ("аграрлық" батыс және "өнеркәсіптік" шығыс) мүмкін деген болжам жасайды. Ол «жеке кеткісі келсе, Қырым проблемасы да тууы мүмкін» дейді.

Ресей саясаттанушысының пікірінше, мемлекеттік биліктің әлсіреуі, сыртқы геосаяси күштердің әр тарапты мүдделері, ел аймақтарының экономикалық қана емес, сонымен бірге мәдени-тарихи (этникалық, тілдік, діни және басқа) қайшылықтары сияқты алғы шарттар Украинаның ыдырауына негіз болуы мүмкін.

Александр Князевтің айтуынша, аймақаралық қайшылықтар факторы Қазақстанға да тән болғанымен, Украинаға қарағанда бұл фактор қатты байқалмайды.
Александр Князев, ресейлік саясаттанушы. Алматы, 25 ақпан 2014 жыл
Александр Князев, ресейлік саясаттанушы. Алматы, 25 ақпан 2014 жыл

«Комсомольская правда Казахстан» газетінің бас редакторы Асылбек Бисенбаев бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, Украина ыдырамайды, ал «ыдырайды» деген идеяны Ресей саясаттанушылары әдейі қоздырады. Ол Украинада күшті билік орнайды деп сенеді.

Бисенбаевтың айтуынша, сыртқы күштердің Украинаға ықпалының пайдалы және бүлдіргіш (деструктивті) ықпалының ара жігін айырып алу керек. Ол Украинаның Еуропамен жақындасуын қолдайтын батыс елдерінің ықпалын «пайдалы ықпал» деп атайды. Ал Украинада коррупциялық режим сақталса, адам құқықтары аяққа таптала берсе деген мақсатты көздейтін Ресейдің ықпалын «бүлдіруші ықпалға» теңейді. Ол Украинаның "өнеркәсіп ошақтары орналасқан" шығысындағы «архаистік» аймақты дәріптей бермеуге шақырды.

ҚАЗАҚСТАНМЕН САЛЫСТЫРУ

Түрлі елдердің саясаткерлері мен сарапшыларының айтуынша, Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің билігі пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі режиміне тән ортақ ерекшеліктер бар. Мұны Ресей саясаттанушысы Александр Князев те, Рустам Бурнашев сияқты қазақстандық саясаттанушылар да айтады. Сарапшылардың пікірінше, екі режимге де кландық-олигархтық сипат және көп векторлық тән.
Асыбек Бисенбаев, "Комсомольская правда. Казахстан" газетінің бас редакторы. Алматы, 25 ақпан 2014 жыл
Асыбек Бисенбаев, "Комсомольская правда. Казахстан" газетінің бас редакторы. Алматы, 25 ақпан 2014 жыл

Бұл тақырыпта сөйлеген Асылбек Бисенбаев осыдан бірнеше жыл бұрын президент Назарбаевтың баспасөз хатшысы болған. Кейін журналистика саласына кеткен. «Комсомольская правда Казахстан» газетінің бас редакторы Асылбек Бисенбаевтың айтуынша, Януковичтің бұрынғы режимі мен Назарбаевтың қазіргі режимі арасындағы ұқсастық туралы «екі режим де азаматтық қоғаммен диалог жүргізуге қабілетсіз» дейді. Жоғарғы билік жиі қайталайтын «Әуелі экономика, сосын саясат» деген тезисті сынаған ол «қазір бұл принцип жалған, әрі ескірген» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы 10 жылда экономиканы тоқырауға ұшыратқан бұл принциптен арылып, саяси реформалар жүргізу қажет.

"Президентке ғана бағынышты саясат экономикамен қақтығысады" дейді Асылбек Бисенбаев.

Егер Еуропамен жақындасса, қазақстандық бизнесмендер ақшасын Қазақстан экономикасына емес, Украина экономикасына көбірек құяды. Өйткені ол жақта жемқорлық азайып, еуропалық заңдар үстемдік құрады және бизнесмендер өз капиталын Қазақстаннан гөрі Украинада ұстаған қауіпсіз деп сезінеді. Бисенбаевтың сөзі осындай болжаммен аяқталды.
Әзірше біздің партия асығыс қорытынды жасаудан аулақ.

Ал саясаттанушы Шавхат Сабиров «Қазақстан мен Украина арасында ұқсас ештеңе жоқ, сондықтан екі елді салыстыру дөрекілік» деп мәлімдеді.

Ақпанның 25-іне дейін Қазақстандағы саяси партиялар Украинадағы жағдайға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның баспасөз қызметі жетекшісі Максим Андрюшин Азаттық тілшісіне «әзірше біздің партия асығыс қорытынды жасаудан аулақ» деп хабарлады.

«Демократиялық Қазақстан» қоғамдық қозғалысы және Орталық Азиядағы адам құқығы жөніндегі мұсылман комитеті таратқан мәлімдемеде «бізді де жайлап алған «Янукович синдромы» деген дерттен қалай құтылуды білмейміз» деп жазылған.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG