Accessibility links

Ресми БАҚ Майдан туралы


Киевтегі баррикадада тұрған үкіметке қарсы шерушілер. Украина, 27 қаңтар 2014 жыл.
Киевтегі баррикадада тұрған үкіметке қарсы шерушілер. Украина, 27 қаңтар 2014 жыл.

Қазақстандық ресми БАҚ Украинадағы оқиғаларды 2004 және 2014 жылдары түрліше сипаттады. Сарапшылар «Бүгін біржақты теріс баға беруге Қазақстан билігінің өзі де мүдделі емес» деп санайды.

Қазақстандық ресми ақпарат құралдары Киевтің «Майдан» алаңында былтырғы қараша айынан бері жалғасып жатқан үкіметке қарсы, Еуропа Одағымен интеграцияны жақтаушы наразылық акциялары туралы көбіне қысқа жаңалықтар беріп, жалпы сипаттаумен шектелді. Бірақ 2004 жылы қазақстандық БАҚ-та жиі кездескен «Оранжевая революцияны» «әшкерелеуші» және жағымсыз құбылыс ретінде бір жақты сипаттаушы материалдар бұл жолы әлдеқайда сирек көзге ілінеді.

«Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері Украинаның ресми билігі таратқан хабарға қоса Азаттық радиосы мен «Майданнан» тікелей хабар таратып жатқан әлеуметтік желілердегі ақпарат көздеріне бірнеше рет сілтеме жасады.

«Майдандағы» оқиғаларға «Қазақстан» ұлттық арнасы, «31 арна» мен «7 арна» да бірнеше рет тоқталып, қарсылас екі тараптың пікірін ұсынды. Осыған ұқсас ақпаратты қаңтардың 21-інде КТК арнасы да қайталады. КТК-ның «демократияны жамылған, арандатушы Батысқа» қатысты риторикасы бұл жолы солғындау естілді.
«Хабар» телеарнасының бағдарламасын қарап отырған көрермен. (Көрнекі сурет)
«Хабар» телеарнасының бағдарламасын қарап отырған көрермен. (Көрнекі сурет)
«Оппозиция мен Батыс елдері Украинадағы жаңа заңды «қуғын-сүргінге жол ашады» деп айыптап отыр, бірақ ол заңның Германия, Франция және АҚШ заңдарының көшірмесі екенінде шаруалары жоқ» деп қыжыртудан ары аспады.

Ал «Хабар» агенттігі Киевтегі соңғы шерулерге түрткі болған жиын өткізу тәртібін қатайту туралы заңды «шеру өткізу мен сөз бостандығын шектеу» деп бағалады. Телеарна таратқан жаңалықтарда «Президент Виктор Янукович қаңтардың 16-сы күні шерулер өткізуге шектеу қойып, сөз бостандығына тосқауыл қоятын заңға қол қойған еді. Киевтегі жағдайдың ушығып кетуіне сол заң жобасы себеп болған» деген жолдар бар.

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОППОЗИЦИЯНЫҢ ЖАСАҒЫ»

Қазақстандық ресми ақпарат құралдары 2004 жылдың күзіндегі Украинадағы «қызғылт революция» кезінде мүлдем басқаша көрінген еді. Қазақ және орыс тілдеріндегі ресми БАҚ Януковичтің президент сайлауындағы жеңісіне күмән келтіріп, сайлауды әділ өткізуді талап еткен Виктор Ющенко бастаған оппозицияның «жосықсыз» әрекеттерін жаппай сынайтын ақпараттық-талдау хабарлар таратқан.

«Украина оппозициясының пікірінше, өздері жеңіске жетсе ғана демократия, басқалардың жеңісі – демократияны жаншу» деп жазды «Егемен Қазақстан» 2004 жылы қараша айында. «Казахстанская правда» газеті де «Украинаның терең саяси дағдарысқа кеткенін, азамат соғысы алдында тұрғанын» әр қырынан көрсетті.

«Жас қазақ» газетінің 2005 жылғы қаңтар айындағы санында шыққан Украинадағы саяси өзгерістер туралы мақала.
«Жас қазақ» газетінің 2005 жылғы қаңтар айындағы санында шыққан Украинадағы саяси өзгерістер туралы мақала.
«Жас қазақ» газеті 2005 жылғы қаңтар айындағы алғашқы нөмірінде-ақ Украинадағы оқиғадан «қазақ оппозициясы қандай сабақ алуы мүмкін екенін» конспирация тұрғысынан баяндап шыққан.

«Ол жоспардың мәні – радикалдық оппозиция билікті ақшаның күшімен кетірмек. Ющенконың жеңіске жетуі үшін 60 миллион доллар жұмсалса, Қазақстан жағдайында 15-20 миллион доллар жеткілікті деген есеп бар оппозиция лагерінде. Ақшаның негізгі бөлігі алаңға шығып, биліктің кетуін талап етіп бірнеше күн тұрып алуы тиіс жұртқа күнбе-күн төленетін ақыға жұмсалмақ» деп жазған газет.

«Жас қазақ» Майдан алаңындағы саяси технологиялардың Астана мен Алматыда «қалай қолданылуы мүмкін» екені туралы конспиративтік теориясын былайша жалғастырған:

«Қазір мыңдықтар, жүздіктер, ондықтар құрылып жатқан көрінеді. Бар дайындық жасалып біткен соң оппозиция көсемдерінің бұйрығымен түменбасылар мыңбасыларға, олар жүзбасыларға, жүзбасылар онбасыларға хабар береді. Сөйтіп, айналасы үш-төрт күнде Қазақстанның әр аймағынан Астанаға немесе Алматыға жүз мың қаралы адам жинала қалмақ. Бұл жұрт алаңда ұрандап он күн тұрып берсе, биліктің жүйкесі сыр беруі тиіс».

«БИЛІКТІҢ ӨЗІ ДЕ МҮДДЕЛІ ЕМЕС»

«Жас қазақтың» жоғарыдағы «болжамы» 2004 жылы қазақстандық барша ресми БАҚ-та көрініс тапқан еді. Көп жағдайда мұндай мазмұнды мақалалар Кремль қолдайтын ресейлік БАҚ-тардағы Виктор Ющенкоға қарсы ақпараттық соғыстың көшірмесіндей болып көрінетін. Бірақ арада он шақты жыл өткесін ресми БАҚ-тың өзі Украинадағы саяси оқиғалар туралы солғындау баяндауға көшкенге ұқсайды.

Азаттық тілшісі бұл жолы Қазақстандағы ресми ақпарат құралдарының Украинадағы саяси оқиғаларға қатысты риторикасын өзгертіп, бейтарапқа жақын позиция ұстануына не себеп болғанын бірқатар журналистер мен сарапшылардан сұрастырып көрген еді.

Журналист, қоғамдық белсенді Қасым Аманжолұлы.
Журналист, қоғамдық белсенді Қасым Аманжолұлы.
Журналист, қоғамдық белсенді Қасым Аманжолұлының пікірінше, қазақстандық ресми ақпарат құралдары Киевтегі оқиғаларды әдейі елеусіз қалдыруға тырысатын сияқты. Оның үстіне президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «жолдауын қолдау» науқанының басталып кетуі де Киев тақырыбын тереңірек талдауға мүмкіндік бермеуі мүмкін.

Ал саясаткер Төлеген Жүкеев ресми ақпарат құралдарының биліктің емеурінімен жүретініне күмән келтірмейді.

Демократияны дамыту жөніндегі Орталық Азия қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Украинадағы жағдайды қазақстандық ресми ақпарат құралдарының теріс жағынан сипаттамай, өте қысқа және нақты беруге тырысуынан «бейтараптықтан» бөлек себеп көреді. Оның ойынша, Украинадағы жағдай туралы қандай болсын егжей-тегжейлі хабар тарату Киевтің Мәскеуден гөрі Брюссельге жақындауға ұмтылысын анық көрсетер еді. Астана осыдан тартынады.

«2004 жылы Қазақстан президенті Януковичке де, Ресей ұстанымына да ашық қолдау көрсетті. Оның үстіне, 2004 жылдары постсоветтік елдердегі демократиялық ахуал Батыс тарапынан айтарлықтай сынға ұшырап, түрлі-түсті төңкерістер көбейді. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстан, әрине, Ресейді қолдап шықты, ресми ақпарат құралдары да соған сәйкес хабар таратты» дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Саясаттанушының пайымдауынша, 9 жылдан кейін Украинаға қатысты Қазақстан мен Ресейдің ресми ақпараттық кеңістігінде әрқилылау ақпарат тарап жатуына Астана мен Мәскеу арасында туған қайшылықтар әсер еткен.

Демократияны дамыту жөніндегі Орталық Азия қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.
Демократияны дамыту жөніндегі Орталық Азия қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.
«2015 жылы Кеден Одағы Еуразия Одағына айналуы керек. Бірақ ел басшылығының ұстанымына қарсы күштердің пайда болғанын көріп отырмыз. Тіпті ел басшылығының өзі Еуразия Одағына қатысты әлі толық шешім қабылдай алмаған сияқты. Әзірше «экономикалық одақ» деп айтқанымен, әрі қарай қалай болары белгісіз. Сондықтан Януковичке іш тартатын Ресей ұстанымын қолдай кетуге, сөйтіп Украинадағы оқиғаларға біржақты баға беруге дәл қазір Қазақстан билігінің өзі де мүдделі емес тәрізді» дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Украинада Еуропа Одағымен саяси және экономикалық әріптестік орнатуды жақтаушылар шеруінің басталғанына екі ай толды. Бұл қарсылықтың соңғы апталарда ерекше өршуіне Украина парламентінің шерулерге тыйым салатын, оппозицияшыл депутаттарды жазалайтын, сөз бостандығына тосқауыл қоятын заң жобасын мақұлдағаны, оны президент Виктор Януковичтің бекіткені түрткі болған. Қаңтардың 28-і күні оппозициялық күштердің талап етуі бойынша Украина парламенті азаматтық бостандықты шектейді деп сыналған 12 заңның 9-ынан бас тартты.
XS
SM
MD
LG