Accessibility links

Қазақстанда «біртүрлі Батысты» көп жамандап кетті


ШЫҰ саммитінде (солдан оңға қарай, төменгі қатар) Ресей президенті Владимир Путин, Иран президенті Махмұд Ахмадинежад, Қытай басшысы Ху Цзиньтао, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Пекин, 7 маусым 2012 жыл.
ШЫҰ саммитінде (солдан оңға қарай, төменгі қатар) Ресей президенті Владимир Путин, Иран президенті Махмұд Ахмадинежад, Қытай басшысы Ху Цзиньтао, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Пекин, 7 маусым 2012 жыл.
Мемлекеттік БАҚ «Батыс пен капитализмнің дағдарысы» жайлы «қоғам қайраткерлерінің» пікірін жиі бере бастады. Сарапшылар билік ресейшіл болған сайын Батысқа қарсы риторика күшейе түскенін айтады.

Қазақстандықтар санасында Батыстың жағымсыз образын қалыптастыру науқанына президент Назарбаев та үлес қосып келеді.

Шілденің 3-і күні өткен индустриалық форумда сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев «Қазір экономикалық дағдарыс жайлаған АҚШ-тан бастап, бүкіл Батыстың жағдайы мүшкіл екенін» атап өткен. Қазақстан президенті Батыс елдері тұрғындарының жұмысты аз істейтінін мегзеп:

- Батыстағылар суткасына алты-жеті сағат жұмыс істейміз деп не болды әнеки, белшесінен қарызданып, қазір бұрынғы істеп жүрген кездегі жалақысын алмай отыр. Қазір күніне он сағат, аптасына алты күн жұмыс істейді, - деді.

Ал кейбір қазақстандық ақпарат құралдары «Әділдік үшін күресіп жүрмін дегендердің көбі өзгенің қолындағы ойыншық. Бұлар оппозиция емес, Американың сатқындары» деп жазады.

Енді бірі: «Қазақстанда жұмыс істеп жүрген халықаралық ұйымдар соңғы жылдардағы төңкерістерді қаржыландырып, әзірлеп отырғандардың қатарында» екенін айтады. Саясаттанушылар болса «Қазақстанда Батысқа қарсы риториканың күшеюіне биліктің ресейшілдігі себеп болып отыр» деп санайды.

«ЛЕСБИЯНКА, ГЕЙ, БИСЕКСУАЛ»

«Батыстың бүкіл идеологиясы мен тәлім-тәрбиесі, батыстық мәдениет осы уақытқа дейін ең мықты болып саналып келді... Ал қазір Батыс өзгелерден мықты деген сыңайдағы түсінік жоқ. Яғни бұл - Батыс мәдениетінің тоқырауға ұшырағаны» деді Нұрсұлтан Назарбаев «Ресей-24» телеарнасына биыл сәуір айында берген сұхбатында.
Солдан оңға қарай: Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 7 маусым 2012 жыл.
Солдан оңға қарай: Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 7 маусым 2012 жыл.

Ол: «Бізді Еуропадан айырып тұратын екінші мәселе - бұл елде жұрттың бәрі қарызда өмір сүрді. Мемлекет қарызда болды. Халықтың игілігінің баршасы қарыз есебінен алынды. Бұл бізде жоқ» деп мәлімдеді.

Философия ғылымдарының докторы Әбдеш Қалмырзаев биыл «Егемен Қазақстанға» жарияланған мақаласында «Батыстың либерал-демократтарының ілімі, идеялық тұжырымдары бұл күнде тоқырауға ұшырап, іркіліске тап болып, сыр бере бастады. Экономикалық дағдарыс саяси дағдарыстың да төркінін, түпкі себептерін жалаңаштап, әйгілей түсуде» деп жазады.

Ал парламент сенатының депутаты Ғарифола Есімнің пікіріне қарағанда «Капитализм дағдарды. Капитализмді құртатын нәрсе – құнығушылық. Батыс үшін пайда әкелетін нәрсенің бәрі дұрыс. Тек құнуғышылыққа құрылған қоғамнан рухани байлық іздеу қиын».

Биыл сәуір айында «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Біртүрлі Батыс» деп аталатын арнайы репортаж авторы «Бізде әскери шеру болса оларда гей шеру болады. Яғни лесбианка, гей, бисексуал. Даңқ, ақша, билік – міне қазіргі батыс жастарының идеалы. Сөз бостандығы, адам құқығы, феминизм деген балдай тәтті терминдердің ашық, анық маразмға апаратынын кім білген?» - дейді.

«СҮЙЕК БЕРІП ҮЙРЕТУ»

Маусымның 16-сында «Алматы» телеарнасынан «ел ішін ала тайдай бүлдіруді аңсайтындар мен Қазақстандағы қарсылық шерулеріне кімнің түрткі болғанын «әшкерелеуші» арнайы репортаж көрсетілді.
Амантай қажы Барак Обаманы қолдап, акция өткізіп тұр. Алматы, 3 қараша 2008 жыл.
Амантай қажы Барак Обаманы қолдап, акция өткізіп тұр. Алматы, 3 қараша 2008 жыл.

Репортаж Амантай қажының «Американың шайтан саясатына» кіжінуімен, жүргізушінің «Сүйек беріп үйретіп, қаптырғың келген сәтте айтақтау – ежелгі тәсіл» деген сөзімен басталады.

Жүргізушінің әңгімелеуіне қарағанда «алпауыт Америкада балалап, Қазақстанда есейген пиғылы теріс халықаралық ұйымдар» демократияны жамылғы етіп, араласпаған саласы қалмаған. Тіпті, Жаңаөзен оқиғасынан кейін ай сайын алаңға шығып жүргендерге де «қыстырыла кеткен».

Ал «әділдік үшін күресіп жүрмін дегендердің көбі өзгенің қолындағы ойыншық». «Шайтан шырмауына тек баршадан көңілі қалған, өмірге ренжулі, қызметте жолы болмағандарды байлайды. Бұлар - оппозиция емес, Американың сатқындары».

Арнайы репортажға қарағанда «азаматтық дамуды желеу етіп жүргендердің бірі - «Сорос-Қазақстан» қоры, «Азат Еуропа», «Америка дауысы» сынды радиолар, соның ішінде Азаттық радиосы да соларға бағынады» екен.

«Жүздің бірі ақша үшін отанын сатып қалуы ғажап емес» деген жүргізуші халықаралық ұйымдардың грантын бір емес бірнеше рет алғандардың бірі ретінде Дос Көшімді атайды. Саясаткер репортажда жеті кітабының жартысын халықаралық ұйымдардың көмегімен шығарғанын айтады.

Сонымен қатар «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам да «шетелдіктерді» әшкерелеушілердің қатарында сөйлейді.

Арнайы репортаж «Қазақстанның кедендік одақ құрмақ болғаны Америкаға жақпай қалды» деп түйінделіпті.

«ОДНАЖДЫ АМЕРИКА»

Биыл ақпанның 28-інде КТК арнасынан көрсетілген «Однажды Америка» деп аталатын арнайы репортаж да «империалистік Американың құйтырқы саясатын нақты деректермен әшкерелеген» еді.
"Однажды Америка" арнайы репортажын жүргізген КТК телеарнасының журналисі Ярослав Красиенко. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл.
"Однажды Америка" арнайы репортажын жүргізген КТК телеарнасының журналисі Ярослав Красиенко. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл.

Алдын ала жасаған анонсына қарағанда, АҚШ-тан келген бақылаушылардың биыл қаңтардың 15-інде өткен Қазақстандағы парламент мәжілісі сайлауын сынағанына шыдай алмаған КТК тілшілері Америкаға барып, сайлауын көріп, АҚШ-тың «екіжүзді стандартына» көздері жетіп қайтқан.

Біраз «құпия жайттың бетін ашқан» КТК репортажы үкіметтік емес ұйымдардың барлығы да қай елде оппозицияны қолдап, қай билікке қарсы акциялар жасауды, еңбек дауларын ұйымдастырып, билікті ауыстыруды көздейтін АҚШ неоконсерваторларының сойылын соғатынын айтады.

Журналисттің сөзіне қарағанда Қазақстанда жұмыс істеп жатқан Freedom House («Фридом хаус»), Ұлттық демократиялық институт (NDI), халықаралық республикалық институт (IRI), ЮСАИД сияқты ұйымдар соңғы жылдардағы төңкерістердің барлығын қаржыландырып, әзірлеп отырғандардың қатарында.

Арнайы репортаж авторының сөзінше, АҚШ-тың халықаралық білім бағдарламалары келешекте шет мемлекеттердің билігіне АҚШ-тың ықпалындағы адамдарды дайындау үшін жұмыс істейді.

КТК тілшісінің пікірінше, Қазақстанның Ресей және Беларусьпен Кеден Одағына бірігіп, Еуразия Одағына бет бұрғаны АҚШ-қа ұнамай қалған. Өйткені аталған одақтар болашақта АҚШ-пен тікелей бәсекеге түсетін аса ірі саяси бірлестікке айналуы мүмкін.

«БИЛІКТІҢ РЕСЕЙШІЛДІГІ...»

Азаттық радиосының тілшісімен сөйлескен саясаткер Дос Көшім өзі сөйлеген «Алматы» телеарнасындағы репортажды көрмегенін, бірақ «кей журналистердің ойды әдейі бұрмалайтынын» еске салды.
Дос Көшім, "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.
Дос Көшім, "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.

Дос Көшімнің ойынша, Қазақстанда кейде Батыстың кемшіліктері баса айтылса, кейде Батыс демократиясы үлгі ретінде аталады. Ол қазіргі уақытта республика басшыларының Батысты қаттырақ сынай бастауы, Батысқа қарсы үгіт-насихат сарынындағы ақпараттардың күрт көбеюі Қазақстанның Ресеймен тым жақындасып бара жатқандығының белгісі деп санайды. Оған Кремльдің ресми идеологиясымен қатар, Қазақстан билігінің «ресейшілдігі» де себеп болып отыр деп ойлайды.

Дос Көшім өз позициясын «Батыстың жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуді қолдаймын» деп сипаттайды.

Ал саясаттанушы Рүстем Қадыржанов:

- Ресейде 19-ғасырдан да бұрын пайда болған антибатыстық сарын совет өкіметі тұсында ерекше күшейгенімен, ол ыдырағаннан кейін де жойылған жоқ. Өйткені Ресей өзін қырғи-қабақ соғыста жеңілгендей сезінді. Совет өкіметі – Үлкен Ресей құлады. Соған кінәліні табу керек болды, - деген тұжырым айтады.

«БАТЫСШЫЛ ҰЙЫМДАР БОЛМАСА ДА, СССР ҚҰЛАДЫ»

Рүстем Қадыржанов «Қазақстан өзіне неге Батысты қарсы қоюға ұмтылатынын түсіне алмайды».

- «Қырғи-қабақ соғыс» болмаса, СССР құламаса, Қазақстан тәуелсіздігін де алмаған болар еді. Бұған біздің ұлтшыл-патриоттарымыз да қосыла кететіні таңғалдырады кейде, - дейді ол.

Оның сөзінше, «Батыспен қатынас саяси жүйенің сипатын да білдіреді. Демократиялық жүйеде Батысқа теріс көзқарас болмайды. «Араб көктеміне» әуелі сол елдердің ішкі жағдайы себеп болды. Мәселен, ешқандай үкіметтік емес ұйымдары болмаса да, совет өкіметі құлады».
Беларусьтегі жастар ұйымдарының Ресей телеарнасы НТВ-ға қарсы шығарған плакаттары.
Беларусьтегі жастар ұйымдарының Ресей телеарнасы НТВ-ға қарсы шығарған плакаттары.

- АҚШ және Батыс Еуропа елдері «демократияның бастионы» ретінде демократиялық ұйымдарға қолдау көрсетіп отыр. Бірақ олар соған қарап өзге елдің ішкі ісіне араласып отыр деуге болмайды. Өйткені дәл осы Батыс халықаралық құқық нормаларын басқаларға қарағанда берік ұстайды. Дұрысы - кінәні өз саясатымыздан іздеу керек, - деген тұжырым жасайды Рүстем Қадыржанов.

Жоғарыда аталған «Алматы» мен «КТК-ның» арнайы репортаждарының анти-батыстық сарынына ұқсас бейне-материалдарды Ресей арналарынан байқауға болады. Мәселен, ОРТ арнасының «Однако» бағдарламасында айтылған сөздер айна-қатесіз КТК-ның «Однажды Америкасында» қайталанса, «Алматы» арнасының репортажы ресейлік НТВ-ның биылғы «Анатомия протеста» деген деректі фильміне ұқсайды.

Ресей оппозициясын қаралайтын «Анатомия протеста» фильмі бірнеше рет көрсетілгеннен кейін жергілікті оппозиция қозғалысының белсенділері «Останкино» ғимаратының алдында НТВ арнасына қарсы арнайы жиын өткізіп, наразылықтарын білдірген еді. НТВ-ге қарата айтылатын «Хватит врать!» («Өтірігіңді өзіңе айт!») ұраны Мәскеуде өткен соңғы шерулерде жиі естіліп қалып жүр.
XS
SM
MD
LG