Қазақстанда Ресейдің инвестициясы арқасында жүзеге асуы керек болған бірнеше жоба тоқтатылды. Астана мен Мәскеу бұл жобалардың кейбірін бірнеше жыл талқылап, үкіметаралық келіссөздер өткізіп, шарт жасасқан еді.
«ЛУКОЙЛДЫҢ» ҚЫТАЙҒА САТҚАН ҮЛЕСІ
Ресейлік компаниялардың Қазақстан нарығынан шеттей бастағаны жайлы хабардың бірі биыл тамыз айында тараған. Ол кезде ресейлік «Лукойл» компаниясы Қазақстанның бес мұнай кенішінен өнім алатын Caspian Investments Resources Ltd. компаниясындағы 50 пайыздық үлесін әріптесіне – қытайлық Sinopec компаниясына 1,087 миллиард долларға сатқаны мәлім болған.
Sinopec «Лукойлдан» 50 пайыз үлесін сатып алу келісімін 2014 жылы сәуір айында бекіткенімен, мұнай бағасының арзандауына байланысты соңғы сәтте ол шартынан айни бастаған. Бұдан кейін «Лукойл» Sinopec-ті Лондондағы арбитраж сотына беріп, ақыры екі компания ымыраға келген.
«Әу баста 1,2 миллиард доллар сұраса да, мұнай бағасы арзандап бара жатқанда жасалған бұл сауда «Лукойлге» біршама сәтті болды» деп жазды ресейлік ақпарат құралдары.
Қазір Ақтөбе облысындағы Әлібекмола мен Қожасай, Маңғыстау облысындағы Қарақұдық пен Солтүстік Бозащы және Арман кен орындарына иелік ететін Caspian Investments Resources Ltd. компаниясында енді ресейлік «Лукойл» компаниясының үлесі жоқ.
РЕСЕЙДІҢ ЖАЙЫҚТЫ ҚҰТҚАРУДАН «БАС ТАРТУЫ»
Желтоқсанның 8-інде Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамедов Ресейдің Жайық өзенін құтқару қорын құру туралы жоспардан бас тартқанын хабарлады.
Жайық өзенін құтқару қорын құру туралы сөз бірнеше жылдан бері айтылып келеді. 2009 жылы Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведев те, ресейлік зерттеушілер де Жайық өзенінің саязданып бара жатқанын айтқан. 2011 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Дмитрий Медведевпен кездесуде «Жайық өзені Каспийге жетпей кеуіп қалу қаупі төнгенін» айтып, бұрын басталған келіссөзді қайта жалғастыруды ұсынған. Ал Дмитрий Медведев «арнайы жұмыс тобын құрып, қордың көлемін анықтау қажеттігін» сөз еткен.
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев Ресейдің бұл жобаны қолдамауын «өзеннің бас жағында отырып суды көп алатынын мойындағысы келмеуі» деп түсіндірген. Ал Мәскеу «өзенге қауіп төнді деп Ресейде ешкім дабыл қақпағанын, ондай қауіп жоқтығын» айтқан.
КАСПИЙДЕГІ ИГЕРІЛМЕЙ ҚАЛҒАН КЕНІШ
Желтоқсанның 25-інде ресейлік РИА-Новости ақпарат агенттігі Ресейге салынған санкция Каспий теңізіндегі Центральное мұнай кенішіне бұрғылау қондырғысын орнатуға кедергі болғанын хабарлады.
Ресейлік «Лукойл» компаниясының басшысы Вагит Алекперов «Ресей-24» телеарнасына берген сұхбатында: «Бұрғылау қондырғысы ресейлік компанияларға тиесілі болмағандықтан ала алмай отырмыз. Сол себепті «Газпроммен» бірге бұл істі басқа бұрғылау құрылғылары босағанша немесе санкция алынғанша күте тұратын болдық» деген.
2008 жылы Каспийдегі Центральное кенішінен 101 миллион тонна мұнай, 7,5 миллион тонна конденсат және 162 миллиард текше метр газ қоры табылған. Кенішті «Қазмұнайгаз» (Қазақстан) мен «ЦентрКаспнефть» (ресейлік «Лукойл» мен «Газпром» құрған) компаниялары 2016 жылдан бастап бірлесе игермек болған.
Биыл қазан айында екі ел президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин кеніштің құқықтық мәртебесін айқындайтын хаттамаға қол қойған. Алайда мұнай бағасының арзандауына байланысты кеніштен мұнай өндіру 2020 жылдан кейін ғана басталуы мүмкін деп болжанған.
«ҚАРЫЗЫН БЕРМЕЙ КЕТКЕН» РЕСЕЙЛІК КОМПАНИЯ
Желтоқсанның 28-інде «Уральская неделя» газеті Орал қаласы әуежайының ұшу жолағын салып жатқан ресейлік «СибСтройМонтаж» компаниясы оралдық фирмаларға 40 миллион теңгеден артық қарызын төлемей, Ресейге кетіп қалғанын хабарлады.
Басылымның жазуынша, оралдық төрт фирма Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметовке шағымданып, ресейлік компанияға шара қолдануды сұраған. Әуежайдың ұшу жолағын қайта жөндеуге республикалық бюджеттен 6,3 миллиард теңге бөлінген.
Ресейдің инвестиция салу туралы келісімінен айнығанын айтып наразы болған тек Қазақстан ғана емес. Желтоқсанның 25-інде Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев еліндегі «Қамбар-Ата-1» су электр станциясын салуға инвестор болып келген Ресейдің бұл жобадан бас тартқанын хабарлады. «Бұл мәселе бойынша Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлестік. Ол да, мен де Ресейдің қазіргі экономикалық жағдайында бұл келісімнің жүзеге аспайтынын түсініп отырмыз» деді Алмазбек Атамбаев. Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің Қырғызстандағы жобаны қаржыландыра алмауын «қазіргі әлем экономикасындағы, бюджет және қаржы динамикасындағы қиындықтарға байланысты» деп түсіндірген.
Ресей Қырымды аннексиялап алғаны және Украинаның шығысындағы соғысқа қатысы болғаны үшін 2014 жылы АҚШ пен Еуропа Одағының санкциясына іліккен. Биыл желтоқсанда АҚШ ресейлік азаматтарға, компанияларға, банктер мен кәсіпорындарға салған санкциясын одан әрі кеңейтті, ал ЕО Ресейге 2014 жылы шілдеде салған санкциялары мерзімін тағы алты айға – 2016 жылғы шілденің 31-іне дейін ұзартты.