Accessibility links

Батысқа бола Қытай Ресейден қол үзе ме?


Қытай президенті Си Цзиньпин мен Ұлыбритания патшайымы екінші Елизавета Букингем сарайына патша күймесімен бара жатыр. Лондон, 20 қазан 2015 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпин мен Ұлыбритания патшайымы екінші Елизавета Букингем сарайына патша күймесімен бара жатыр. Лондон, 20 қазан 2015 жыл.

Ұлыбритания Си Цзиньпинді сән-салтанатпен қабылдағаннан кейін батыс баспасөзі Қытайдың мүддесі біртіндеп Батысқа қарай ойыса бастағаны, бірақ Ресейден қол үзуге әлі ерте екені туралы жазады.

ЛОНДОНДАҒЫ ҚАБЫЛДАУ

Ұлыбританияның Economist газетінің жазуынша, Букингем сарайында патшайым екінші Елизаветамен кездесіп, парламенттің қос палатасында сөз сөйлеген әрі премьер-министрдің қала сыртындағы Chequers резиденциясында қонақасыда болған Қытай басшысы Си Цзиньпинді Ұлыбритания сән-салтанатпен қабылдады. Мақала авторлары мұндай құрметке әдетте «демократиялық ел басшылары» ғана лайықты болатын деп жазады. Қытайдың мемлекеттік газеті бір жыл бұрын ғана Ұлыбританияны «өшіп бара жатқан кәрі империяның сарқыншағы» деп атағанына қарамастан, Қытай телевизиясы мұның бәрін салтанатпен көрсеткен.

«Қазір Ұлыбритания мен батыстың бүкіл демократиялық елдері үшін Қытаймен тату әрі тиімді қарым-қатынас орнатып, әрі оны өз халқын да езіп-жаншымай, әлемдегі тұрақтылықты да шайқалтпай дамитын жаққа қарай итермелеу саясатын таңдайтын сәт туды» деп жазады Economist газеті.

«Адам құқығын бұзу фактілерін ашық айтпай, «алтын ғасыр» жайлы сөз қозғауына қарағанда, Дэвид Кэмеронның [Ұлыбритания премьер-министрі] принциптерін Қытай алтынының мысы басып кеткен сияқты. Бұл – оның қателігі» деп жазады Economist. Мақала авторлары ел экономикасының өсімі баяулаған соң Қытай компаниялары инвестиция көздерін шетелден іздеу мүмкіндігіне мүдделі. Ал Ұлыбритания мұндай көп мүмкіндік ұсына алады, сондықтан Си Цзиньпиннің алдында құлдық ұрудың қажеті жоқ деп санайды.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қытайға сапары кезінде Пекин университеті студенттерінің сұрақтарына жауап беріп тұр. 10 қараша 2010 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қытайға сапары кезінде Пекин университеті студенттерінің сұрақтарына жауап беріп тұр. 10 қараша 2010 жыл.

Британдық кәсіпкер әрі Қытай жөніндегі сарапшы Марк Китто Ұлыбританияның Guardian газетіндегі «Дэвид Кэмеронға Си Цзиньпин уәделеріне сақтықпен қарауға кеңес берер едім» деген мақаласында өз елінің билігіне Қытайдың «Ұлыбританияны құтқару» уәделеріне сенбеу керектігін ескертеді. Ол бұған нақты дәлел ретінде ертеректегі «көмектесеміз» деген уәдесінен тайқыған Қытай билігі тартып алған Қытайдағы ақпараттық бизнесін мысалға келтіреді.

«Қытайда әсіресе шетел компаниялары үшін коммерциялық ахуал нашарлап кетті, жергілікті компаниялардың да жағдайы мәз емес. Бұл жайлы кез келген шетелдік сауда палатасынан сұрап көріңіз. Си [Цзиньпин] уәде еткен реформаны жүргізбеді. Ол өзгеше саяси ой-пікірге бақылауды күшейтіп жіберді, ол тіпті экономикалық проблемаларды шешуге тырысқанымен, тұшымды ештеңе шығара алмады» деп жазады Марк Китто.

ҚЫТАЙ РЕСЕЙДЕН БОЙЫН АУЛАҚ ҰСТАЙ МА?

Американың Foreign Policy журналы Мәскеудің БҰҰ-дағы мүдделерін қолдаудан Пекиннің біртіндеп бойын аулақ ұстай бастағанын талдаған. Қыркүйектің аяғында Украина сыртқы істер министрі Павел Климкинмен Нью-Йоркте кездескен Қытай делегациясы Украинаның БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне мүшелікке өту кандидатурасын қолдауға әзір екенін жариялаған. Пекиннің бұл саясаты «Батыс елдерімен БҰҰ-дағы геосаяси және идеологиялық күресінде» әдетте Қытайдың қолдауына сүйенетін Ресейдің «саяси сәтсіздігіне» айналып, Ресейдің БҰҰ-дағы жақын одақтасы «өз мүддесін тіпті Мәскеу есебінен де іске асыруға әзір» екенін байқатты.

Мәскеудің адуын әрекеттері күшейіп, Пекиннің сауда-саттық әріптестері мүддесіне қатер төндіре бастағаннан кейін Ресеймен ынтымақтастықты сақтап қалу Қытайға дипломатиялық тұрғыдан қиындап барады

«Қытай мен Ресей бір-бірін стратегиялық әріптес ел деп санайды әрі Американың арынын бірлесіп тежеу үшін БҰҰ-да бір-бірін қолдап дауыс беруге тырысады. Бірақ Мәскеудің адуын әрекеттері күшейіп, Пекиннің Таяу Шығыстан бастап Украинаға дейінгі сауда-саттық әріптестері мүддесіне қатер төндіре бастағаннан кейін Ресеймен бұл ынтымақтастықты сақтап қалу Қытайға дипломатиялық тұрғыдан қиындап барады» деп жазады Foreign Policy.

БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде Қытай мен Ресей, мысалы Башар Асад режимін құлатып, Сириядағы әскери қылмыстарды тексеру, Солтүстік Корея, Бирма немесе Зимбабве елдеріндегі адам құқын бұзу фактілерін талқылау, Иранға салынған санкцияны шектеу және Украинадағы баспасөз еркіндігі сияқты мәселелерде бір-бірін талай рет қолдаған болатын. Бірақ өткен айда Сириядағы әуе соққысын бастаған Ресейді қолдауға Қытай онша құлшыныс таныта қоймаған соң бұл жайт екі елдің арасындағы шиеленістің айқын белгісі ретінде бағаланған.

Қытай президенті Си Цзиньпин (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинді қарсы алып тұр. Пекин, 10 қараша 2014 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпин (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинді қарсы алып тұр. Пекин, 10 қараша 2014 жыл.

Сарапшылар таяу арада Ресей бастамасына ашық оппозиция танытып, Қытайдың күрт өзгеріп шыға келуі екіталай, бірақ АҚШ пен батыс елдері «Ресейдің Сирия мен Украинадағы соғыс қимылдарын тоқтату үшін саяси қысымды күшейтуге» көмектеседі деген үмітпен Қытайды Ресейден іргесін аулақ салуға итермелеп отыр деп санайды.

«Қытайдың БҰҰ-да ұстанып жүрген дипломатиялық стратегиясының сырын ашу қиынға түсуі мүмкін. Қытай дипломаттары ресми мәлімдемелерінде «елдердің мемлекеттік тәуелсіздігін қолдау керек және жанжалды диалог арқылы реттеу қажет» деген бейкүнә сөздерінен жаңылмай келеді. Кейде Қытай өктем дипломатиялық саясат жүргізіп, өз мақсатына жету үшін тіпті күш қолдануға да әзір Ресей бастамаларының кіші әріптесі сияқты көрінеді. Бірақ сарапшылар іс жүзінде Ресей – экономикалық өсімі баяулағанына қарамастан, экономикасы ірі екінші ел болып отырған әрі әскери ұшақтары мен тікұшақтарын Сирияға жіберген Путиннен гөрі күшін жұмсақтау танытатын Қытайдың «екінші скрипкасы» деп санайды» деп жазады Foreign Policy журналы.

XS
SM
MD
LG