Айтыскерлер одағы «айтысты күземейтінін» айтты

Айтыскер ақындар: Ринат Зайытов (оң жақта) пен Балғынбек Имашев. Алматы, 20 наурыз 2013 жыл.

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы айтысқа арналған веб-сайтты сатып алды. Одақтың сөзінше, «телеарналар қиятын сөздер» енді ол сайтта толық беріледі.
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы сатып алған aitysker.com сайты бұған дейін айтыскер ақын Фархат Маратұлының меншігі болған. Ол сайтты бір-екі жыл бұрын жасағанын айтады.

«САЙТ ОДАҚТЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУҒА КЕРЕК»

Фархат Маратұлы сайтын одаққа қанша ақшаға сатқанын айтқысы келмеді. Ол сайтын сату себебін:

– Мен сайтты өзім межелеген деңгейде жұмыс істете алмадым. Ал Жүрсін Ерман (айтыскерлер одағының басшысы – ред.) айтыстың бағыт-бағдарын толық біледі, – деп түсіндірді.

Серікзат Дүйсенғазин, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының қызметкері, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазиннің сөзінше, «сайт – одақтың жұмысын жандандырып отыратын алғашқы шаралардың бірі».

– Бұрын-соңды өткен, өтіп жатқан айтыстарды, айтыс туралы конференциялардың бәрін көпшілікке көрсетіп отыруымыз керек қой. Айтыстың ішіндегі кейбір деңгейі төмендеу сөздер болмаса, телеарналардан қиылып қалатын қоғамдық, әлеуметтік, ұлттық мәселелер бұл сайтта толығымен беріледі, – дейді Серікзат Дүйсенғазин.

«АЙТЫС – МАНИПУЛЯЦИЯ ҚҰРАЛЫ»

Айтыс жайлы ғылыми еңбек жазып жүргенін айтқан Бауыржан Карипов есімді журналист «одақтың ісінен айтыстың өркендеуіне әсер етердей жоба көріп тұрған жоқпын» дейді.

– Айтыс – белгілі бір дәрежеде манипуляция құралы. Оны әркім өз дегеніне көндіріп, өз ойын, саясатын жүзеге асырғысы келеді. Алайда қазіргі халық айтысты да талғап көреді. Кеше билікті жамандап отырған адам бүгін мақтап отырса, оның қандай сыры бар екенін бес жастағы бала да біледі, – дейді ол.

Айтысқа кейінгі кездері биліктегі «Нұр Отан» партиясы араласып жүргенін айтқан Бауыржан Кариповтің пікірінше, «бұл бастаманың қаншалықты баянды болатынын айтыскерлердің өздері де болжай алмайды».

Жүрсін Ерман, айтыстың жүргізушісі. Алматы, 2 маусым 2012 жыл.

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан 2012 жылы күзде құрылған еді. Одақтың басшысы, айтысты ұйымдастырушы ақын Жүрсін Ерман Азаттық радиосына берген сұқбатында мұны «осы уақытқа дейін биліктен теперіш көріп келген айтыс өнеріне биліктің беті бұрылғаны» деп сипаттаған. Ол одақтың міндеті – жергілікті ақындар мектептеріне қамқорлық жасау, айтыстар ұйымдастыру, жас ақындарға қамқорлық көрсету, оларды тәрбиелеу екенін айтқан.

Дәстүрлі суырып салып сөз жарыстыру бәсекесі, яғни айтыс өнерінің сахналанған түрі 1940 жылдардың ортасынан Совет Одағы құлағанша барынша бейсаяси түрде ұйымдастырылып келген. Айтыс 1990 жылдар мен 2000 жылдардың басына дейін суырып салма жыр үлгілерімен қатар өткір саяси-әлеуметтік мәселелер де қозғалатын мінберге, танымал тележобаға айнала бастаған. Бірақ соңғы он шақты жыл ішінде айтыс бәсекелері билік тарапынан барынша бақылауға алынды. Биыл 6 қазанда Астанада өткен айтысқа «Нұр Отан» партиясы негізгі ұйымдастырушы әрі демеуші болды.