Ақтөбе қаласында қазанның 2-сі күні 350-ден астам ауыл әкімдері қатысқан республикалық форум өтті. Бұл - Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізер қарсаңда өткен ауыл әкімдерінің төртінші форумы. Форумнан бұрын Қазақстанның батысындағы облыстар мен аудандарда ауыл әкімдерінің қаржылық сауатын арттыратын түрлі семинарлар өткен. Алайда, форумға келген ауылдық округтердің әкімдерімен сөйлескен Азаттық тілшісі олардың жаңа реформаны алғаш болып іске асырудан аздап сескенетіндерін байқады.
«ПИОНЕР» ӘКІМДЕР НЕГЕ ЖҮРЕКСІНЕДІ?
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Аманкөл ауылының әкімі Абат Баймұқанов та қаржылық сауатын арттыратын семинарларға қатысқанын айтады. Әйтсе де, жас әкім дербес бюджетке иелік етер кез жақындаған сайын аздап жүрексінетінін жасырмады.
Оқи отырыңыз: Жергілікті өзін-өзі басқарудың "аздаған" үлгісі ұсынылды
- Биыл желтоқсанда аудандық мәслихат сессиясына ауылымыздың 2018 жылға жоспарланған бюджетін ұсынып көрмекпіз. Мәслихат бекітіп жатса, Аманкөл ауылдық округінің 2018 жылға арналған бюджеті 60 миллион теңге болады. Оның жұмсалуын құрамына ауыл ақсақалдары, кәсіпкерлер мен белсенді тұрғындар енген жергілікті қоғамдастықтың комиссиясы қадағалайтын болады, - дейді ауыл әкімі.
Абат Баймұқановтың айтуынша,құрамына үш елді мекен кіретін округте 2100 адам тұрады. Ауыл әкімі қолына қаржы тисе, ауыл белсенділерімен кеңесе отырып, ауызсу мен балабақша мәселесін шешкісі келеді. Ал форумға келген Маңғыстау облысы Сайөтес ауылының әкімі Насуха Лұқпанов:
- Шешімін күтіп тұрған мәселелер Сайөтес ауылында да аз емес. Біз 2018 жылдың бюджетін 30 миллион теңге деп жоспарлап отырмыз, - дейді.
Әкімдік қызметтен бұрын орта мектепте сурет пәнінен сабақ бергенін айтқан Насуха Лұқпанов та бюджетті қалыптастыру және жұмсау мәселелерін нақты іске асыруға келгенде аздап қобалжитын сияқты.
- Ауыл әкімдері арасында қаржылық, құқықтық сауаты жеткіліксіз азаматтар аз емес. Алыс ауылдарда заңгер де табылмайды. Сонда да көппен көрген ұлы той деп отырмыз. Бюджеттің ІV деңгейі үшін ауданда орталықтандырылған маман болса, қиналмас едік, - дейді ол.
Насуха Лұқпановтың қаупін Ақтөбедегі форумға қатысқан «Аймақ» жергілікті өзін-өзі басқаруға жәрдем беру қорының» президенті Айгүл Соловьева да растайды.
- Әкімдер қателік жібермеуі үшін мықты аппарат керек. Ауылдарда кадр мәселесі қиын, - дейді ол.
Айгүл Соловьева алыс ауылдар мен орталықтағы кадр жағдайын «төңкерілген пирамидаға» теңеді. «Астыңғы жағы әлсіз, жоғарғы жағы тасып-төгілгелі тұрған жүйе» Айгүл Соловьеваның пікірінше, алыс ауылдардағы жекелеген азаматтардың белсенділігіне сүйенбек.
- Өзгерістер мақсаты әкімдерге портфель мен бюджет беру ғана емес. Биыл шілдеде қабылданған жергілікті өзін-өзі басқару туралы Қазақстан заңы азаматтар белсенділігін арттыруды көздейді, - деген Соловьева форумда сөйлеген әкімдерден тұрғындармен байланысы туралы тәпіштеп сұрады.
«БЮДЖЕТ ПЕН ҚАЛТАНЫ ШАТАСТЫРМАУ» МҮМКІН БЕ?
Форумда сөйлеген сөзінде Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл әкімдеріне дербес бюджетке ие болғаннан кейін «мемлекет қалтасы мен өз қалталарын шатастырып алмау керек» екенін ескертті. Сапарбаевтың айтуынша, «Ақтөбе облысында 147 ауылдық округ бар. Соның 50-ге жуығының жаңа жылдан бастап дербес бюджеті болады».
Мемлекет қалтасы мен өз қалталарыңды шатастырып алмаңдар.Бердібек Сапарбаев
Алайда жиынға келген ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, «қарапайым ауыл тұрғындарына жаңа жылдан бастап өздері төлеген салықтың қайда жұмсалатынын қадағалау мүмкіндігі беріліп отыр». Әзірше бұл «мүмкіндік» Қазақстандағы 1066 елді-мекен тұрғындарына ғана берілген. Ұлттық экономика министрлігінің жоспарынша, «2020 жылы ел аумағындағы барлық ауылдардың дербес бюджеті болуы тиіс».
ВИДЕО: Вице-министр Айбатыр Жұмағұловтың дербес бюджет жайлы пікірі
Your browser doesn’t support HTML5
БІР КҮДІК, БІР ҮМІТ
Азаттық тілшісі Ақтөбе облысындағы ауылдардың қарапайым тұрғындарының жаңа реформаға көзқарасын білуге тырысып көрген еді. Әңгіме барысында кей тұрғындардың өзін-өзі басқару саласындағы бұл реформаның тиімділігіне коррупция зардабы тиеді деп қауіптенетіні аңғарылса, енді бірінің сөзінен жаңа саясаттан үміт ететіндері білінді. Мәселен Темір ауданындағы Кеңқияқ кентінің тұрғыны Ардақ Құбашева:
- Біздің ауылымызда белсенді тұрғындардан құралған қауымдастық (жергілікті қоғамдастықты айтады - ред.) деген бар. Алғашында әкіміміз "қауымдастық арқылы Кеңқияқ мәселелерін бірге шешеміз" деген болатын. Соңғы жағы сұйылып кетті. Өзін-өзі басқарудың да соңы солай боларына күмәнім жоқ. Азғантай бюджеті бар әкім xалықтың айтқанын тыңдап, жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелерді шешеді дейсіз бе?! Жоқ, әрине! Айналысқыш болса, осы Кеңқияққа келіп-кетіп жатқан әкімдер ауыз су, канализация, тұрмыстық қалдықтар проблемасын көрмей отыр деймісіз? Қолдарына бюджет тигесін әкімдер комиссияға өз дегенінен шықпайтын бас изегіштерді енгізіп, қағаз жүзінде жиналыс өткізе салады. Жоғарыға да керегі сол, - деді.
Ал Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы ауылдық округінің тұрғыны Ерлан Қартбайұлы ауыл тұрмысының жақсаруын осы өзгерістермен байланыстырып отыр. Оның сөзіне қарағанда, реформаның нәтиже беруі тұрғындар белсенділігі мен әкімнің біліктілігіне тәуелді.
- Қурайлының тұрғындары өте белсенді. Белсенді тұрғындар мен білікті әкім бар жерде ауыл тұрмысының жақсара түсеріне еш күмәнім жоқ. Ауыл әкімдері қолында қаржы жоқ кезде де жоғын бардай, барын дардай етіп жүрді. Енді дербес бюджеті болса, күніміз кешегіден жаман болмасы анық, - дейді ол.
2018 жылдан бастап ауылдың дербес бюджетіне әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін төленген айыппұлдар мен жеке және заңды тұлғалар төлейтін алымдар, мемлекеттік мүлікті жалға беруден, коммуналдық меншікті сатудан, сыртқы жарнамадан және түсетін табыстар аударылатын болады. Оны ауыл әкімдері мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мәселелері, ауылдарды абаттандыру, ауызсу мәселесін шешу сияқты 19 бағытта жұмсай алады.
Оқи отырыңыз: Төрінде шенеунік пен депутат отыратын қоғамдық кеңестер
Кейбір заңнамалық актілерге жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң бойынша, дербес бюджетті қандай мәселелерге жұмсау мәселесі жергілікті қоғамдастық жиналыстарында шешіледі. Ол жиналыстарға кәмелетке толмаған адамдардың, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың қатысуға құқығы жоқ. Осы жиналыстарда әкім есеп береді. Бұл жиналыс бюджеттің қалай жұмсалғанын тексеру үшін маман шақыруға да құқылы. Ал оның шешімдерін әкімдер қарауға міндетті болмақ.