Биыл Шаңырақ оқиғасына бес жыл толды. Сотталған азаматтардың туыстары рақымшылық туралы заң аясында қандай да бір жеңілдік бола ма деп үміттенеді.
2006 жылдың шілде айында Алматыдағы «Шаңырақ» шағын ауданында тұрғындар мен полиция арасында жер үшін қақтығыс болып, бір полиция қызметкері өртеніп қайтыс болды.
Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, төрт азамат ұзақ мерзімге сотталды. Олар қазір республиканың түрлі аймақтарында түрмеде отыр. Бұлар – Арон Атабек, Құрманғазы Өтегенов, Ерғанат Тараншиев және Рүстем Тұяқов. Төрт азамат та өздеріне тағылған айыппен келіспейді.
«Олар жазықтан-жазықсыз отыр» деп бес жылдан бері істің қайта қаралуын талап етіп келген туыстары ештеңе өнбегеніне қынжылады.
РҮСТЕМ ТҰЯҚОВ «АЛАҚАНДАЙ ЖЕР ҮШІН КЕТТІ»
2006 жылы шілденің 14-і күні Алматыдағы Шаңырақ тұрғындары мен полиция арасындағы қанды қақтығысқа байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша ұзақ мерзімге сотталған төрт азаматтың ең жасы – Рүстем Тұяқов. Рүстем ол кезде 23-те еді.
14 жылға сотталған Рүстем Тұяқов қазір Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 қатаң режимдегі түрмеде отыр.
Оның әпкесі Гүлзира Тұяқова Рүстемге соңғы рет анасы мен бауырының барып келгенін айтады.
– Бауырларымның айтуынша, ол мүлде есейіп кеткен. Басқаша талқылайды. Көзқарасы өзгерген. «Әділеттілік жоқ» дейді. Қоғамнан көңілі қалған, – дейді Гүлзира Тұяқова.
2006 жылы Шаңырақ ісі бойынша іздеуге түскен ондаған шаңырақтықтардың тізіміне енген Рүстем Тұяқов құқық қорғау органдарына өзі барып берілген еді. Туыстарының айтуынша, өзінің кінәсіз екендігіне сенімді Рүстемнің тергеу барысында-ақ ақталып шығатынына да күмәні болмаған екен. Бірақ ол өз еркімен полиция табалдырығын аттағаннан кейін бостандыққа қайта шыққан жоқ.
Бауырының «алақандай жер үшін» ұзақ жылға сотталып кеткеніне күйінген әпкесі Гүлзира Тұяқова сол жерді алуына өзі итермелегеніне өкінеді.
– Ол өзі сырттай оқып, жұмысын істеп жүрген бала еді ғой. «Әйтеуір, бірдеңе болсыншы: үйдің, жердің бағасы аспандап тұр, түк те істемей қаласың» деп, сол жерді алып беріп едім, – дейді ол.
Шаңырақ ісі бойынша соттың барлығына қатысқан Гүлзира Тұяқова сол уақытта Рүстемді кінәлап, «шұқып көрсеткен» бір де бір адамның болмағанын айтады. Бұған қоса, апелляциялық шағым жоғарғы сотта қаралар қарсаңында «Шаңырақ ісі» бойынша айыптаушы жақтың екі куәгері – Айбатыр және Бауыржан Ибрагимовтер тергеу барысында жалған мәлімет бергендерін мойындаған еді. Бірақ жоғарғы сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Гүлзира Тұяқова 23 жасында түрмеге түскен інісінің бостан-босқа жала құрбаны болып кеткенін айтып жылады.
– Есептесек, отыз жеті жасында келеді. Жастық өмірі тек түрмеде өтейін деп тұр ғой. Алақандай жер үшін кетті, – дейді амалы таусылған әпкесі Гүлжан Тұяқова.
Алты баланың кенжесі Рүстемнің сотталғаны әсіресе, оны жалғыз тәрбиелеп өсірген анасына аса қатты ауыр тиген. Көкірегі шерге толы ананың тіпті ұлы туралы айтуға да шамасы жоқ. Денсаулығы мүмкіндік бермейтін болған.
– Қатты уайымдасам, қан қысымым бар. Біз айтатын нәрсені айттық. Енді халықтан сұраңдар. Баламның шығуына көмектесіңдер, – дейді әжей.
ЕРҒАНАТ ТАРАНШИЕВ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕККЕ ЗӘРУ
Шаңырақ ісі бойынша сотталған төрт азаматтың бірі – 33 жастағы Ерғанат Тараншиев соңғы екі айдан бері Тараз қаласындағы қатаң тәртіптегі колонияда отыр. Әпкесі Шолпан Әбдібақастың айтуынша, «оны ауыстыру туралы жоғарыға үздіксіз хаттар жаза бергеннен кейін» Ерғанатты осында ауыстырған.
Ерғанат Тараншиев сот залында. Сотта қоғамдық қорғаушы болған Жасарал Қуанышалиннің "Трагедия Шанырака: репортажи, факты, события" жинағынан алынған сурет.
Шолпанның айтуынша, жақында оған ата-анасы барып, бес жылдан бері тұңғыш рет көріп қайтқан екен.
– Әйтеуір тірі екенін көріп қайтты. Бес жылдан бері әрең дегенде барып, құшақтап, бетінен сүйіп, апарған тамақтарын беріп, әңгімелесіп, жанында екі күн болып қайтты, – дейді Шолпан Әбдібақас.
Ол қаншама түрме тозағын бастан кешірген бауырының денсаулығы әлі де нашар екенін, медициналық көмекке зәру екенін айтты.
– Асқазаны ауырады. Тісі, шашы түскен. Аяғы қақсап ауырады.Тергеу процестері кезінде, колонияда ұрып-соғудан бүйрегіне зақым келген. Неше түрлі қысымдар көрсетілген. Соның зардаптарының барлығы шығып жатыр, – дейді Шолпан Әбдібақас.
15 жылға сотталған Ерғанат Тараншиев бұған дейін Степногорск қаласындағы ЕЦ-166/18 түрмесінде отырды. Туыстарының айтуынша, Алматы қаласында тергеу изоляторында отырған кезде соққыдан екі қабырғасы сынып, ем көрмегендіктен дұрыс бітпеген. Ерғанаттың Степногорскіде де оның түрлі қысымға ұшырағанын Азаттық радиосы жазған болатын.
Қазақстанда жуық арада тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай 14 мың сотталушыға амнистия жариялау туралы заң қабылданады. Шолпан Әбдібақас осы заң аясында Шаңырақ ісі бойынша «жазықсыздан жазықсыз түрмеде отырған» азаматтарға да қандай да бір жеңілдік жасалса деп тілейді.
– Ауыр жаза болса да, төрттен бір бөлігін өтегендерге де жеңілдік болады дегенді естідік. Сондайға ілігіп қалатын шығар деп үміттенеміз. Мүмкін, бір-екі жыл болса да, жылдарын азайтар. Отбасы жағдайына байланысты. Мәселен, Ерғанаттың анасы көп балалы ардақты ана, «Алтын алқа» иесі. Оның үстіне денсаулығы нашар, жүрегі ауырады. Ерғанат осы жағдайға тап болған кезде жүрегі орнынан қозғалып кеткен. Оған қатты күйзелуге болмайды. Жан-жақтан сүйемелдеп әрең жүрміз, – дейді Шолпан Әбдібақас.
ҚҰРМАНҒАЗЫ ӨТЕГЕНОВ АУРУЫНАН ОҢАЛМАДЫ
«Шаңырақ ісі» бойынша 16 жылға сотталған Құрманғазы Өтегенов Алматы қаласы маңындағы Заречный елді мекеніндегі қатаң тәртіптегі колонияда түрмеде отыр. Жұбайы Гүлжан Құрманованың айтуынша, оны мұнда ауыстырғанына шамамен екі ай болған.
– Құрманғазы осы уақытқа дейін Павлодардағы қатаң тәртіпті колонияда отырған. Колонияны жалпы режимге ауыстыруға байланысты ондағыларды республиканың түкпір-түкпіріндегі түрмелерге жіберген, – деді Гүлжан Құрманова.
Құрманғазы Өтегеновті Алматы маңындағы колонияға ауыстырса да, Гүлжан Құрманова оны өткен жылы қыркүйек айында көрген екен. Оның айтуынша, күйеуінің денсаулығы нашарламаса, тәуірлемеген.
– Өңі боп-боз. Ерекше толып кеткен. Ісік шығар деп ойладым. Басы ауырады. Ұсталған кезде сындырылған аяғы қақсайды екен. Қайсыбірін айтамын! Ауруы көбейіп келеді, – дейді Гүлзира Құрманова.
Құрманғазы Өтегенов те, «Шаңырақ ісі» бойынша сотталған өзге азаматтар сияқты, Алматыдағы тергеу абақтысында жатқан кезде зорлық-зомбылықтың неше атасын бастан кешірген. Ол өткен жылы Азаттық тілшісіне берген сұхбатында шоқпармен ұрылып, үш жерден сынған аяғының қақсайтынын да айтып еді. Әйелінің айтуынша, Құрманғазы Павлодардағы колонияда қатты науқастанған. Дұрыс ем көрмегендіктен содан оңалмаған.
«Кінәсіз азаматтарды соттаған жоғарыдағылар өз қателерін ұқса екен» деп тілейді Гүлзира Құрманова.
– Жоғарыда отырған адамдар осылардың еш кінәсі жоқтығын, нақақтан-нақақ отбасыларынан айрылып, қапаста отырғанын, өздерінің қателіктерін түсінсе деп ойлаймыз. Ол (Құрманғазы) тіпті ұлының да өскенін де білмейді. Осы ақпарат құралдары арқылы өздерінің қателіктерін түсінсе деп ойлаймын, – дейді Гүлзира Құрманова.
АРОН АТАБЕК «БИЛІКТЕН ЖЕҢІЛДІК СҰРАМАЙДЫ»
18 жылға сотталып, Арқалықтағы УК-161/12 түрмесінде жазасын өтеп жатқан диссидент Арон Атабек – Шаңырақ ісі бойынша сотталған төртінші азамат.
Арон Атабек әуелі Қаражалдағы түрмеге түскен еді. Сол түрмеде «тәртіпке мойынсұнбаған» дейін айыппен мерзіміне тағы екі жыл қосылып, Арқалықтағы аса қатаң режимдегі түрмеге ауыстырылды.
Бұл жерде тәртіп аса қатал болғандықтан Арон Атабекке жақындарымен кездесуге мүлде тыйым салынған. Бес жылдан бері онымен тек қарындасы ғана жүздескен. Мұндағы өзге де қатал тәртіптер (күндіз екі сағат қана жатуға болады, камерада бейна бақылау орнатылған, т.б.) туралы мақала Азаттық радиосында осыған дейін жарық көрді.
Арон Атабектің жұбайы Жайнагүл Айдархан күйеуінен еш хабар жетпей отырғанын айтады. Оның айтуынша, өзара жазысқан хаттары да бір-біріне жетпейді.
– Мүмкін, Арекең хаттарында түрме туралы немесе өзінің жағдайы туралы ақиқаттарды жазатын шығар. Содан жетпейтін болар. Ол кісіні соңғы рет сотта көрдім. Онымен кездесуге ешкімге рұқсат жоқ. Туыстары түгілі адвокат, КУИС (қылмыстық атқару жүйесі комитеті – Азаттық) кураторлары да ол кісіге кіре алмай отыр, – дейді Жайнагүл Айдархан.
Ол сөз арасында соңғы уақытта ақпарат құралдарына сұхбат беруден қорқатынын да айта кетті.
– Өйткені, тағы бір естуімше, түрмеден келген осындай әрбір жаңалық жарияланған кезде түрмеде «қатал тәртіп» қатаңданып, үдей түседі. Соны мен түсіндім, – дейді Жайнагүл Айдархан.
Оның пікірінше, «өкінішке қарай, Шаңырақ тақырыбы барған сайын өте сирек қозғалатын тақырыптардың біріне айналып барады».
– Шаңырақ туралы жылына бір рет қана айту дәстүрге айналып бара жатқан сияқты. Не БАҚ, не саясаткерлердің ешбіреуі де Шаңырақты аузына алмайды. Егер Есіргепов пен Жовтис туралы әрбір ай, апта сайын естіп жатсам, Арон туралы еш жерден оқыған емеспін. Шаңырақ оқиғасы ұмытыла бастаған сияқты, – дейді Жайнагүл Айдархан.
Арон Атабектің түрмеде де қазіргі саяси режиммен күресін жалғастырып жатқанын айтқан Жайнагүл Айдархан алда келе жатқан амнистиядан да үміті аз екенін сездірді.
– Қазірден-ақ біліп отырмын: Арон үкіметтен, биліктен ешқашан жеңілдік сұрамайды. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді, – дейді Жайнагүл Айдархан.
Арон Атабек түрмеде жазған шығармалары арқылы өткен жылы диссидент ақын ретінде халықаралық сыйлыққа ие болды. Ол – сингапурлық Freedom to Create («Жасампаздық жолындағы бостандық») халықаралық сыйлығының иегері. Арон Атабек – Қазақстанда демократия күрескерлеріне берілетін «Азаттық» сыйлығының 2007 жылғы иегерлерінің де бірі.