«Шаңырақ ісімен» сотталғандар ұмытылып барады»

"Шаңырақ ісі" бойынша өткен сотта айыпталушыларды сарбаздар күзетіп тұр. Алматы, 5 қазан 2007 жыл.

«Шаңырақ ісі» бойынша сотталғандардың төртеуі әлі түрмеде отыр. Туыстары «халық оларды ұмытып кетті» деп налиды.

Осыдан сегіз жыл бұрын, 2006 жылы шілденің14-і күні Алматы қаласының билігі өздері «заңсыз» деп тапқан үйлерді полицияның күшімен құлатуға тырысты. Алматы шетіндегі Шаңырақ кентіне ол үйлерді ауылдан көшіп келген азаматтар салған еді.

Шаңыраққа баратын жолды жапқан әйелдер полицейлерді үйлеріне қарай жібермеуге тырысып жатыр. Алматы, 14 шілде 2006 жыл.

Шілденің 14-і күнгі полицияның шабуылына олар дайын болған. Наразылар «Молотов коктейлі» мен тас боратқандықтан, полиция қызметкерлері шегінуге мәжбүр болды. Бір полиция қызметкері тұрғындарға «тұтқынға» түсіп қалды. Әлдебір жас жігіттер оның үстіне бензин құйып, шабуыл қайталанса, өртеп жібереміз деген. Алайда полиция қызметкерлері қайта шабуыл жасағанда біреу шырпы тұтатып, байлаулы тұрған тәртіп сақшысына лақтырған. Әсет Бейсенов есімді жас полицей біраз уақыттан соң ауруханада қайтыс болды.

2007 жылдың күзінде Шаңырақ оқиғасына қатысқан Арон Атабек - 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов - 16 жылға, Ерғанат Тараншиев - 15 жылға, Рүстем Тұяқов 14 жылға сотталды.

Олардың туыстары мен адвокаттарының айтуынша, сот процесінің бұлыңғыр тұстары көп болған. Олар «Полиция қызметкерінің өліміне кінәлілер әлі анықталмады. Сот үкімінде де сотталған төртеуі осыған айыпты деп анық айтылмады» дейді.

АРОН АТАБЕК

61 жастағы ақын әрі диссидент Арон Атабек поэзиясында Нұрсұлтан Назарбаев режимін сынайды. Түрме басшылығы оны «түрме ішіндегі түрмеге» қамап жазалаған. Өткен жылдың желтоқсанынан бері оны бір тергеу абақтысынан екіншісіне ауыстырумен келеді. Қазір ол Павлодар қаласындағы тергеу абақтысында отыр.

Біраз уақыт бұрын әкесімен кездескен Асқар Айдархан оны «тым арықтап кеткен, аяғын сылтып басады» дейді. Бұған қоса, Аронның омыртқасы ауырады екен, әрі сол көзі де сырқат. Асқар әкесінің қазіргі жағдайын азапқа теңейді. Себебі ол көбінесе карцерде отырады.

Қақтығыс кезінде жараланған Арон Атабек. Алматы, 14 шілде 2006 жыл.

Арон Атабектің өзі бір қаладағы абақтыдан екінші аймақтағы абақтыға қайта-қайта ауыстырылуын «диссиденттік көзқарастары мен түрмедегі оппозициялық әрекеттерім үшін билік жазалап жатыр» деп бағалайды.

2010 жылы диссидент ақын Арон Атабекке «Шығармашылық еркіндігі» атты халықаралық сыйлық берілді. Арон Атабек - «Азаттық» атты оппозиция сыйлығының 2007 жылғы лауреаты. Қазақстанның бірқатар құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған. Оған кесілген 18 жылдың әлі 10 жылы бар.

ҚҰРМАНҒАЗЫ ӨТЕГЕНОВ

16 жылға сотталған Құрманғазы Өтегеновтің үш баласы бар. Кенжесі Шаңырақ оқиғасынан кейін туған. Құрманғазының өзі жетім өскен. Оның қазір Шаңырақта тұратын туысы жоқ. Құрманғазы Өтегеновтің түрмедегі жағдайы жайлы ешкім ештеңе айта алмайды.

2011 жылы жұбайы Гүлжан Құрманова «Азаттыққа» Құрманғазының алғашқы кезде Павлодар облысындағы қатаң режим колониясында болғанын, кейін Алматы облысының Заречный ауылындағы қатаң режим колониясына ауыстырылғанын айтқан еді.

"Шаңырақ ісі" бойынша 16 жылға сотталған Құрманғазы Өтегенов сотта тұр. Алматы, 5 қазан 2007 жыл.

2010 жылдың күзінде ол жолдасымен жүздесуге мүмкіндік алған. Сол кезде ол күйеуінің аяғы үш жерден сынғанын көрген. Бұл – тергеу абақтысында болған оқиға.

Құрманғазының дәп қазір қай түрмеде отырғаны белгісіз. Қылмыстық-атқару жүйесінің комитеті бұл туралы ақпарат беруден бас тартып отыр. Заречныйдағы түрмеде бұрын отырған азаматтар (аттарының аталмауын сұрады) «Азаттыққа» Құрманғазының 2013 жылы Қарағанды облысының Жезқазған қаласындағы қатаң режим колониясына ауыстырылғанын айтады. Жезқазған түрмесіндегі жағдай нашар деген сөз бар. Алыпқашпа әңгімелерге қарағанда, Қарағанды облысының түрмелерінде әлі де Карлаг тәртібі жойылмаған.

ЕРҒАНАТ ТАРАНШИЕВ

34 жастағы Ерғанат Тараншиев 2011 жылдың жазынан бері Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы қатаң режим түрмесінде отыр. Әпкесі Шолпан Әбдібақастың айтуынша, Ерғанат тұтқындалған соң екі жылға жуық Алматы қаласының тергеу абақтысында отырған. Бұдан соң оны Ақмола облысының Степногорск қаласындағы қатаң режим колониясына ауыстырған.

"Шаңырақ ісі" бойынша 15 жылға сотталған Ерғанат Тараншиев. Алматы, 2007 жылдың қазаны.

Шолпан «тергеу абақтысында оны ұрып-соққанын» айтады. Оның сөзінше, Ерғанаттың екі қабырғасы сынған және сынықтың орны дұрыс бітпеген. Сәл ғана суықтан бүйрегі қабынып, жағдайы тым нашарлап кетеді екен.

Тараншиев ең ауыр сынаққа Степногорск түрмесінде ұшыраған. Ерғанатпен жолыққан туыстары оның тістері түсіп қалғанын айтқан. Үнемі суық тие бергендіктен, Ерғанаттың бүйрегі ауырған. Ал әпкесі оның азапталғанын айтады. Жәбірге шыдамаған Ерғанат Тараншиев 2009 жылы Степногорск түрмесінде тамырын кескен. Бұл жайлы Азаттық хабарлаған болатын.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылығы мен басқа да мекемелерге жазылған сансыз хаттардан соң, Ерғанатты Тараз қаласындағы түрмеге ауыстырды. Өткен жылдың күзінде Ерғанат анасымен жүздесті. Осы жылдың наурыз айында Алматы облысының Райымбек ауданында тұратын туыстарымен жолықты. Осы кездесулерден соң әпкесі «Тараздағы ауа райы Степногорскіден жылы болғанымен, Ерғанаттың денсаулығы тым нашарлап кеткен» деді.

Ерғанат Тараншиевтің әпкесі Шолпан Әбдібақас. Алматы, 8 шілде 2009 жыл.

Шолпан Әбдібақас Шаңырақ ауылында тұрады. Екі баланың анасы. Ол Шаңырақ тұрғындары мен басқа азаматтардың да сотталғандар жайлы ұмытып кеткенін өкінішпен айтады.

- Рүстемнің туыстары оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғанын қалайды. Олардың айтуынша, Шаңырақ тұрғындары әлдеқашан жер алып, үйлерін заңдастырып алған. Рүстем дәл осы үшін күресіп, түрмеге түсті емес пе? Менің өзім Шаңырақтағы қазіргі тіршілікке куәмін. Көбісі өсіп-өркендеп жатыр. Алайда олар 2006 жылы шілденің 14-і күні ештеңе болмағандай өмір сүріп жатыр. Олар түрмеде отырғандарды тіпті естеріне де алмайды, - дейді ол.

Қақтығыстан бірнеше жыл өткен соң, Алматы билігі Шаңырақ тұрғындарының тұрып жатқан жерлері мен салған үйлерін заңдастырып берді. Шаңырақ пен Алматы төңірегіндегі басқа да елді мекендерден құралған Алатау ауданы пайда болды.

РҮСТЕМ ТҰЯҚОВ

"Шаңырақ ісі" бойынша 14 жылға сотталған Рүстем Тұяқов.

14 жылға сотталған 31 жастағы Рүстем Тұяқов – «Шаңырақ ісі» бойынша сотталғандардың арасындағы ең жас азамат. 2006 жылы ол 23 жаста болатын. Қазір ол Қызылорда облысының қатаң режим колониясында отыр.

«Азаттық» Рүстемнің анасы – Райхан Тұяқовамен сөйлесті. Ол – жеті бала өсірген ана. Рүстем – үйінің сүт кенжесі. Бірақ сұхбат ұзаққа созылмады.

- Сіздер ренжімеңіздер, ешкіммен сөйлескім келмейді. Біз ешкімге керек емеспіз. Біз жайында жылына бір рет естеріңізге аласыздар, оның өзінде жыл сайын емес, — дейді Райхан Тұяқова.

Алматы қаласындағы «Ар.Рух.Хақ» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, келесі жылы Рүстемді шартты түрде мерзімінен бұрын босатуы мүмкін. Қалай болғанда да, оның өтініш жасауға құқығы бар.

Рүстем Тұяқовтың анасы Райхан Тұяқова баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 29 қараша 2010 жыл.

Рүстем Тұяқовтың анасы Райхан Тұяқова бір кездері жұртқа белгілі болған «Шаңырақ» қоғамдық ұйымы ұлының шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына септігін тигізер деп үміттенетінін айтты.

Алайда «Шаңырақ» ұйымының қызметін тоқтатылған. Ұйым жетекшісі Роза Нүсіпова «Азаттыққа» ұйымның осы жылдың қаңтарында қаржыландыру болмағандықтан жабылғанын айтты.