Әлеуметтік желідегі жазба үшін ұсталған 12 адам

Көрнекі сурет

Оңтүстік Қазақстан облысының 12 тұрғынын "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі аккаунтарында жарияланған ислам туралы аудиожазбалар үшін тұтқындап, үстілерінен діни араздықты қоздыру айыбымен іс қозғалды. Қазір олар Шымкенттегі тергеу абақтысында қамауда отыр. Бірақ кейбірі "тіпті әлеуметтік желілерді қалай пайдалануды да білмейміз" дейді.

Биыл ақпанның 1-і Қазақстан ұлттық қауіпіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы департаменті (ҰҚКД) жуырда экстремизм күдігімен 12 азамат ұсталды деген ақпаратты жергілікті БАҚ арқылы таратқан болатын. Департаменттің хабарлауынша, ұсталған және іле-шала тұтқындалғандар арасында Түркістан, Арыс, Кентау және Шардара қалалары, Созақ және Түлкібас аудандарының тұрғындары бар. Олар ҰҚК мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп жүргізген арнайы шаралар барысында ұсталған.

Департамент дерегінше, ұсталған адамдар интернетте және әлеуметтік желілерде "экстремистік сипаттағы" материалдар таратты деген күдікке ілінген, олардың үстінен Қылмыстық кодекстің кейінгі жылдары Қазақстанда жиі қолданылып жүрген 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, таптық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Азаттыққа мәлім болған ақпаратқа қарағанда, қамалғандар – 20 мен 50 жас аралығындағы азаматтар. Бұған қоса, "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде бәрінің аккаунттары болған және ол жерде ислам туралы тыйым салынған аудиожазбалар жариялаған. Туыстары мен адвокаттарының айтуынша, қамалғандардың әлеуметтік желілерде парақшалары болғаны рас, бірақ «олар уағыздарды жұртқа тарату үшін емес, өздері пайдалану үшін сақтаған». Олардың парақшаларында сақталған аудиожазбалар әлеуметтік желінің өзге пайдаланушылары үшін ашық болғаны анықталды.

ТҮРКІСТАНДА ҰСТАЛҒАНДАР

Түркістан қаласының 20 жастағы тұрғыны Мақсат Қалдарбек Еуразия ұлттық университетінің (ЕҰУ) сәулет факультетінде төртінші курсында оқиды әрі Астанадағы құрылыс компаниясында жұмыс істеп жүрген. Құқық органы қызметкерлері оған "үстінен қылмыстық іс қозғалғаны" туралы телефонмен хабарлап, Шымкент қаласына шақырған. Адвокаты Бауыржан Азановтың сөзінше, қалаға түнде ұшып келген Қалдарбектің қолына бірден кісен салып, Түркістанға апарған.

Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған 20 жастағы Мақсат Қалдарбек. (Әкесі Серікбай Төрежанов берген сурет)

- Оны қалалық ішкі істер басқармасына апарып, сол жерде таңғы сағат төрт-төрт жарымға дейін ұстаған. Мақсат ол жерде құр отырған, кабинеттен кабинетке сенделіп құр жүрген. Бұдан кейін [арнайы қызмет өкілдері] таңғы сағат бесте оның үйіне барып, тінту жүргізген көрінеді. Шырт ұйқыда жатқан жандарды дүрліктіріп, 3-4 жасар кішкентай балаларды шошытқан. Тінту жүргізіп, кейін бәрі қалалық ішкі істер басқармасына қайта келген, - дейді Бауыржан Азанов.

Мақсат Қалдарбекке Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша айып таққан. Адвокаттың сөзінше, тергеу болжамына сәйкес, клиенті "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Исламға жаңалық енгізуші бидғатшыларды қалай жек көру керек" деп аталатын аудиофайлды сақтаған. Азановтың мәлімдеуінше, клиенті желіге соңғы рет 2016 жылғы мамырда кірген, яғни "әлгі аудиожазбаны ол жарияламаған".

- Мақсат не үшін айыптап жатқандарын ұқпаймын деп дал болып отыр. "Олар қандай лекция?" деп сұрайды. Парақшасына кіріп көрсек, "ВКонтакте" желісінде оның 14 досы, екі жазылушысы ғана бар екен, ал соңғы рет 2016 жылғы мамырдың 8-інде кіріпті. Парақшасында тіпті фотосы да жоқ екен, - дейді Бауыржан Азанов.

Оның сөзінше, Мақсат Қалдарбек – "салафи", сондықтан фотосын желіде жарияламаған, ал тергеушілер парақша дәл соныкі екенін қалай анықтағаны белгісіз.

Қамаудағы жігіттің әкесі Серікбай Төрежановтың Азаттыққа айтуынша, ЕҰУ-де оқитын баласы оқу үздігі болған, университетті биыл қызыл дипломмен бітіремін деп жүрген. Баласын намаз оқитын "өте түзу" жігіт деп сипаттаған әкесі оны не үшін қамап қойғанын түсіне алмай дал.

- Олар Түркістанда қалай іс қозғап жүргенін білмеймін. Өйткені ол Астанада жұмыс істейді ғой, тіпті мына жаққа келуге жазда да уақыты жоқ. Полицейлердің назарына қалай іліккенін білмеймін. Өзім де қайранмын. Олар менен балаңды Түркістанға шақыр деп бірнеше рет өтінген, - дейді Серікбай Төрежанов.

Адвокат Бауыржан Азанов

Адвокат Азановтың бұл істегі екінші клиенті – 30 жастағы түркістандық Қанат Қасымбеков. Оның үш баласы бар, өзі Түркістанда жұмыс істейді. Адвокаттың сөзінше, "интернеттің қыр-сырын Қасымбеков те онша жақсы білмейді".

- Тергеу болжамынша, әлгі жазбаны Қалдарбек екеуі бірлесіп жариялаған, ал олар дос емес, тіпті мүлде араласпайды. Менің білуімше, екеуі бір-бірін тіпті танымайды да екен. 12 адамның бәрі бір-бірін таниды деп ойлайсыз ба? Жоқ, әрине, олардың бәрі әр аймақта тұрады ғой, - дейді Бауыржан Азанов.

Бұған қоса, адвокаттың сөзінше, қамалған 12 адамның арасында шардаралық әкелі-балалы тұрғындар да бар. Бауыржан Азановтың айтуынша, адамдарды ұстау ОҚО түрлі аудандарында бір мезгілде басталған.

ТІЗІМДЕГІЛЕРМЕН ӘҢГІМЕЛЕСУ

Қамалғандар тізімінде 33 жастағы кентаулық дәнекерлеуші Есенбек Жабанов та бар. Досы Атымтай Өтегеновтің айтуынша, өзге 12 адам тәрізді Жабановты да қаңтардың 31-і күні таңғы сағат бесте өз үйінде тұтқындаған. Досының сөзінше, оны ұстау үшін "маска киіп, автомат асынған" 20 полицей барған.

Досының сөзінше, "Есенбек Жабановты ол таратпаған уағыздарды таратты деп айыптайды".

- Тергеу Есенбектің "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде жарияланған кей уағыздар біздің елде заңсыз деп танылғанын сараптама анықтады дегенді ілік етіп отыр. Прокуратураға барып сұрағанымда, олар маған тараулардың бірі "Еврейлерді қалай жек көруіміз керек?" деп аталатынын айтты. Бірақ ол ештеңені таратпаған, "ВКонтакте" желісіндегі парақшасына келген уағыздарды құр сақтай салған ғой, - дейді Атымтай Өтегенов.

Оның сөзінше, Есенбек Жабановты бұның алдында – үш-төрт ай бұрын да ұстаған көрінеді. Ол кезде тексереміз деп ұялы телефонын тартып алған. Кейінірек телефонынан "әлдебір уағыздар" тауып, айыппұл саламыз деп ескерткен. Досының айтуынша, Есенбек Жабанов салафизм ағымын ұстанады.

Өтегеновтің сөзінше, Оңтүстік Қазақстан облысында сақал өсіруді ұйғарған жандар баяғыда әлдебір "тізімге" іліккен, жергілікті әкімдіктің ішкі саясат бөлімінде жай киінген адамдар олармен бірнеше ай бойы бірнеше рет сұхбат өткізген.

Тергеу Есенбектің "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде жарияланған кей уағыздар заңсыз деп санайды. Прокуратура тараулардың бірі "Еврейлерді қалай жек көруіміз керек?" деп аталатынын айтты. Бірақ ол ештеңені таратпаған

- Күш құрылымы қызметкерлерінің қисыны діндар адам сақал жіберсе бітті, жаман бірдеңелер ойластырады дегенге саяды. Ондай адамдармен бірден сұхбат өткізе бастайды. Бірақ полиция қызметкерлері олардың арғы пиғыл-ниетін білу үшін жай әңгімелесетін шығар. Егер "әлгі уағыздардың бәрін алып тастаңдар" деп ескертсе, олар алып тастар еді ғой. Олар әлгі уағыздарды өздері ғана тыңдаған, меніңше, мұнда тұрған жаман ештеңе жоқ, - дейді Атымтай Өтегенов.

Оның сөзінше, досының отбасы – әйелі және біреуі әлі емшектен шықпаған үш баласы, қарт ата-анасы асыраушысыз қалған, олар мына жағдайға уайымдап отыр.

Азаттыққа бұл іске қатысты өзге жайттарды анықтаудың әзірше сәті түспеді.

Былтыр Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданынан өздерін "салафи ағымы өкілдеріміз" деп атаған бір топ тұрғын Азаттыққа хабарласып, "деструктивті діни топ өкілдері" ретінде полицияға шақыртып, суретке түсіріп, тіркеуге қойғанын айтып шағымданған болатын. Діндарлар "сақал өсіріп, намаз оқығанымыз үшін билік азаматтық құқықтарымызды бұзды" деп санайды. Ол кезде облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) өкілдері "жедел-профилактикалық іс-шаралар өткіздік" деген уәж айтқан.

​Бұған қоса, былтыр қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы мен Шымкент қаласында жүргізілген арнайы операция кезінде "терроризмді насихаттау" және "діни араздықты қоздыру" күдігімен 11 тұрғын ұсталған. Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының арасында халықтың діни сауатын арттыру кампаниясы кезінде полиция "жөнсіз мазамызды алды" деп шағымданғандар да болған.