Шымкент тұрғыны 48 жастағы Сырлыбай Сәрсенбаевтың бір аяғынан айырылғанына 40 жылға таяған. Ол Азаттық тілшісіне «8-сынып оқып жүргенде көлік қағып, бір аяғын кескенін, протезбен жүретінін» айтты.
– Амалдап есепші оқуын бітіріп, жұмысқа орналастым. 1990-жылдары жұмыстан қысқартты. 22 жыл базарда сатушы болдым. Сатпаған нәрсем қалмады. Аяғым саудаға жарамай қалды да басқа жұмысқа ауыстым, - дейді ол. Бірақ мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысының денсаулығына лайық емес екенін, аяғын бірнеше рет ауыртып алғанын айтып, шағымданды.
«ШЫДАП ЖҮРМІН»
Сырлыбай Сәрсенбаевтың сөзіне қарағанда, жергілікті билік оған мүгедектер атқара алмайтын «ауыр жұмыстар ұсынады».
– Сатушылықты тоқтатқан соң Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталығына жұмыс іздеп бардым. Ауыр жұмыстар ұсынды. Мысалы, өндіріс аймағы. Бір аяғы жоқ адам өндірісте қалай істесін? Қаланың шеті, қашық. Барып-келу мұң. Болмайды дедім. «Көлік жуасың ба?» дейді. Сау адам әрең жуатын көлікті мен қалай жуамын? - дейді Сырлыбай Сәрсенбаев.
Мұнан соң мамандар Сырлыбай Сәрсенбаевқа қаладағы балабақшаға ғимарат қызметкері ретінде жолдама берген. Жұмыс уақыты таңғы сағат 8-ден кешкі 17-ге дейін. Айлығы – 34 мың теңге (100 доллардай – ред.). «Жұмыс ауыр. Бала қарамайсың, қалған қара жұмыстың бәрі сенің мойныңда» деген ол:
– Жаныма батқан соң айтамын. Мысалы, шалғы тарту, шөп ору маған қиын. Жұмысқа кірген 1 ай ішінде аяғымды қанша рет ауыртып алдым. Шыдап жүрмін. Шыдамағанда қайда барамын? - дейді.
2,4 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕТІЛГЕН КВОТА
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, «мүмкіндігі шектеулі азаматтар ішінде еңбекке жарамды, бірақ жұмыссыз жүрген адам саны 27 мыңнан асады». Бірақ ол «бұл мүгедектердің барлығы бірдей жұмыс талап етпейтінін» айтады.
– Олар кез келген жұмысты істей алмайды. Оны мойындау керек. Есебімізше, олардың 5 мыңнан астамына ғана жұмыс керек, - дейді басқарма басшысы.
Алайда шенеуніктер берген ақпаратқа қарағанда, «жұмыс талап ететін» осы 5 мың мүгедекті орналастырудың өзі қиын. Облыстағы ең ірі қала Шымкенттің жұмыспен қамту бөлімі маманы Райхан Сапарованың сөзінше, мемлекеттік мекемелердегі мүгедектерді жұмысқа алу квотасы биыл азайған, оны жекеменшік кәсіпорындарға міндеттеу қиын.
– 2015 жылға дейін мүгедек азаматтарды жұмысқа алу үшін мемлекеттік мекемелерге 3 пайыздық квота жүктелетін. Қазір ол 2,4 пайызға төмендетілді. Ал жекеменшік кәсіпорындардан мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмысқа алуды талап ете алмаймыз, - дейді шенеунік.
Райхан Сапарованың мәліметі бойынша, Шымкентте биыл мемлекеттік мекемелерге (көбінесе мектептер мен балабақшалар) квотамен 340 адам жұмысқа орналаса алады. Қалалық жұмыспен қамту бөлімі тағы 400 мүгедекті жекеменшік кәсіпкерлерге жұмысқа тұрғызуға тырысып көрмек.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысы жұмыспен қамту басқармасы басшысы Әсия Темірбаева «біліктілігі жоқ мүгедектерді дайындық курстарына жіберуге дайын» екендерін айтады.
– Облыстағы 27 мың азаматтың 80 пайызының біліктілігі жоқ. Қазір облыс бойынша екі жарым мың мүгедек жұмыспен қамтылған. Олар ерекше топ болғандықтан, жұмысқа орналастырып қана қоймаймыз, біліктілігі төмен болса, даярлау курстарына да жібереміз, - дейді Әсия Темірбаева.
ОҚШАУ ҚАЛҒАН ЖАНДАР
Шардара ауданындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық бірлестігі төрағасы, 2-топтағы мүгедек Қуанышбек Ерназар мүгедектер азаматтардың жұмыс істеуі мәселесіне басқа қырынан қарайды. Оның ойынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыс істеуге болатынын түсіндіру, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін насихаттау жетіспейді.
– Көбі оқшау, жалғыз қалған жандар. Оларға жұмыс істеуге болатынын жеткізіп, насихаттау, қызықтыра білу қажет. Сау адаммен салыстырғанда, мүгедектер қорқақтайды. Олармен әуелі психологтар жұмыс істеуі керек. Олар ұзағанда алты не төрт сағат қана жұмыс істеуі тиіс, - дейді төраға.
Ал «міндетіме шалғы тарту сияқты жұмыстар да кіреді» деген Сырлыбай Сәрсенбаев «қолайлы жұмыс табылса, ауысқысы келетінін» айтады.
– Жұмыстан кетейін десем, тағы болмайды. Әйелім – 3-топтағы мүгедек. Жалданып қара жұмыс істейді. Әйтеуір күндік нан-пұл табады. Мемлекет жәрдемақысы бар, жол шығынын, тамағымызды алып тастағанда 25 мың теңге қалады, әйтеуір қарыз алмай күн көріп отырмыз, - дейді ол.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту бөлімі маманы Райхан Сапарова Сырлыбай Сәрсенбаевтың жағдайына қатысты:
– Денсаулығы жарамаса, ол жұмыстан шығуға, орталыққа қайта келіп, жұмыссыз ретінде тіркелуге, табылған жұмысқа баруына болады, - деді.
Оңтүстік Қазақстан облысында 112 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат өмір сүреді. Тірек-қимыл аппараттары бұзылған 26,7 мың азаматтың 8,5 мыңы қоларбамен қозғалады. Ал 16,4 мың азамат көру және есту қабілетінен айырылған.