«Заңсыз аудандағы» заңды тұрғындардың зары

«Нұрсәт» ықшамауданы тұрғыны Айгүл Жайлаубаеваның үйі салынған жерді билік «заңсыз сатылған» деп отыр. Шымкент, 11 тамыз 2014 жыл.

Шымкентте прокуратура «заңсыз сатылған» деп сипаттаған жер телімдеріне үй салған тұрғындар баспанасыз қалудан қорқады. Қазіргі әкімдік үйлерді бұзу жоспары өзгермегенін айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысына Өзбекстаннан көшіп келген оралман Айгүл Жайлаубаева – Шымкент әкімдігінен сатып алған жер учаскелерінің құжаттары «заңсыз рәсімделгенін» прокуратурадан биыл ғана біліп, әлі ресми түрде әкімдіктен түсіндіру ести алмай дал болып отырған тұрғындардың бірі. Ол күйеуі екеуі 2010 жылы Шымкент қаласының шетіндегі «Нұрсәт» шағынауданынан екі жер телімін сатып алған.

Айгүлдің сөзінше, сатып алған жері мен салған үйінің бар құжаттары заңды. 2012 жылы осы шағынауданда әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы басталған кезде жекеменшік үйлер салына бастаған жер телімдері мемлекет меншігіне өтеді деген сыбыс тараған.

«Нұрсат» ықшамауданы тұрғындары - Айгүл Жайлаубаева (сол жақта) мен оның көршісі Азамат Сапарбаев. Шымкент, 11 тамыз 2014 жыл.

Биыл наурызда бұл сыбысты бас прокуратура растап, жер телімдерінің әкімдік тарапынан заңсыз сатылғанын мәлімдеді. Ал жер алып, үй салып қойған тұрғындар әрі-сәрі күйде қалды.

Айгүл бүгінге дейін «Нұрсәттегі» үй салынған жер телімдерінің мемлекет меншігіне қайтарылатыны жөнінде естігені болмаса, әкімдіктен ешкімнің ресми түрде анық мәлімет бермегенін айтады.

«Баспанамызды тартып алса, төрт баламен қайда барамын?» дейді ол.

ҚАЙТАРА САТУДАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР

Бас прокуратура «Нұртастағы» жер телімдері туралы биыл наурызда арнайы мәлімдеме жасаған. Онда «2004 жылы мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша жаңа «Нұрсәт» шағынауданын салу үшін Шымкент қаласынан 283 гектар жер бөлінген. Бірақ оншақты жыл ішінде бұл аумақтың жартысына жуығын әкімдік тұрғындарға заңсыз түрде сатып жіберген.

Сатылған учаскелердің әуелгі құжаттары, жер-кадастр істері электрондық базадан жойылған. Содан соң әкімдік аталған аумаққа әкімшілік-іскерлік орталық салу туралы жоспар құрып, сатылған жер телімдерін Алматы мен Астанадан да қымбат бағалап қайта сатып ала бастаған» деп жазылған еді.

Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы салынып жатқан аумақта тұрған "заңсыз" тұрған үй. 11 тамыз, 2014 жыл.

Азаттық тілшісі қазір әкімшілік-іскерлік орталықтың аумағында қызу құрылыс жұмыстары жалғасып жатқанына куә болды. Шағынауданды екіге бөліп жатқан Астана даңғылы бойында құрылысы аяқталуға таяп қалған көпқабатты тұрғын үйлермен қатар екі қабатты және жұпыны тұрғын үйлер қылтияды. Кейбірінде адамдар тұрып жатқаны байқалса, кейбірінің тек қабырғасы көтеріліп, я шатыры ғана жабылып, құрылысы тоқтап қалған. Енді бірінің тек іргетасы құйылған.

Орталықтың бас жоспарында көрсетілген аумақ болса да, жер телімдерінің біріне газ тартылса, енді бірінде жоқ. Тұрғындардың суды сатып алып, тасып ішетіндері аула алдына тізіліп тұрған үлкен бөшкелерден байқалады. Айгүл Жайлаубаева мен оның көршісі, тағы бір «Нұрсәт» тұрғыны Азамат Сапарбаев күн суыта жалғыз баспаналарынан әкімдік қуып шыға ма деп алаңдайды.

«БАС ЖОСПАР ҚАЙТА ҚАРАЛЫП ЖАТЫР»

Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Архабаевтың Азаттыққа айтуынша, 2004 жылы «Нұрсәт» шағынауданынан жаңа әкімшілік-іскерлік орталығын салу үшін 364 гектар жер бөлінген. Сол себепті Астана даңғылының оң және сол жақ бетіндегі үйлердің біразын бұзып, көшіру жоспарланған.

Нұрлан Архабаев Айгүл мен Азамат сияқты сол жақ беттегі тұрғындардың шағымынан хабардар. Ол қаланың бас жоспарын қайта қарауға ұсыныс берілгенін, үйлерді бұзуға қатысты түпкілікті шешім 2-3 айдың ішінде анық болатынын айтады.

Жаңа әкімшілік-іскерлік орталық аумағының кішкентай тұрғындары. Шымкент, 7 сәуір 2014 жыл.

«Астана даңғылының сол жақ бетіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы салынып жатыр. Ол жерде салынған үйлер көп те емес, бұзып, көшіру жөнінде нақты жұмыстар атқарылып жатыр» дейді Нұрлан Архабаев Айгүл Жайлаубаева мен Азамат Сапарбаевтың отбасы тұрып жатқан үйлерді меңзеп.

Архабаевтың сөзінше, әкімдіктен қаланың бас жоспарын орындау үшін жер учаскелерін мемлекет қажеттілігіне өткізу керектігі жөнінде түсіндіру жұмыстары екі жылдан бері жүргізіліп келеді.

«Кезінде жаңа әкімшілік іскерлік орталығы салынатын құрылыс аумағы 364 гектар болып белгіленген. Сол аумақтағы ертеректе заңсыз сатылып кеткен жер телімдеріне салынған үйлерді бұзып, көшіру туралы шешім шығарылған. Бірақ кейініректе әкімшілік іскерлік орталықтың аумағы қысқарып қалды. Дәл қазір қанша жер қалғанын нақты айта алмаймын. Өйткені бұзып, көшіру туралы шешім қайта қаралып жатыр» дейді Нұрлан Архабаев.

МЕКТЕПКЕ БАРУ ҚИЫНДЫҒЫ

Әзірше үйлерінің бұзылатыны, я қалатыны белгісіз болып әрі-сәрі күйде отырған «Нұрсәт» тұрғындары өздеріне тиесілі әлеуметтік жеңілдіктерден қағылғандарын айтып шағынады.

Айгүл Жайлаубаеваның көршісі Азамат Сапарбаев есімді тұрғын «Нұрсәт» шағынауданында не су жоқ, не газ жоқ екенін, ал жарықты құрылыс компаниясының басшыларымен келісіп, салынып жатқан әкімшілік-іскерлік орталықтан тартып алғандарын айтады. Ол биылғы оқу жылында Шымкент әкімдігі заңсыз сатып жіберген жер теліміне үй салып, сол үйде тіркеуде тұрған тұңғыш баласын мектепке қабылдамай тастағанына қынжылады.

"Нұрсәт" ықшамауданы тұрғыны Азамат Сапарбаевтың мектепке қабылданбай жатқан баласы. Шымкент, 11 тамыз 2014 жыл.

«Қажетті құжаттардың бәрін түгендеп көрші ықшамаудандағы мектепке алып бардым. «Сынып толып қалғанын» уәж етіп, қабылдамады» дейді ол Азаттыққа.

Азаматтың сөзінше, мектеп басшылары биыл тек өз ықшамауданында тіркеуде тұратын оқушылардың құжаттарын ғана қабылдайтынын айтып, «Нұртастағы» ата-аналарға балаларын «Қайтпас» ықшамауданындағы мектепке беруге кеңес етіпті. «Қайтпастағы» мектеп «Нұрсәттен» бірнеше шақырым жерде алысырақ орналасқан. Екі ықшамауданның арасында не такси, не қоғамдық көлік жүрмейді.

«Күнде «Қайтпасқа» қатынап оқытуға біздің шамамыз да жоқ» дейді Азамат Сапарбаев.

«Осыдан 4 жыл бұрын бала-шағаммен бірге осы үйге көшіп келгенде ай-күні жақындап қалған келіншегімді қаладағы бірде-бір перзентхана қабылдамаған соң жедел жәрдем қызметін шақырып, әрең дегенде босандырғаны есімде. Енді міне, жасы жетіп тұрған баламды мектепке бере алмай отырмын» деп налиды Азамат Сапарбаев.

Ал Айгүл Жайлаубаева әкімдік оқу жылы басталған кезде үйлерін бұздырса, қайда паналауды білмейтінін айтты.

«Былтыр қыста қиналдық. Көршілермен келісіп, балаларды мектепке кезекке тұрып, жаяу тасыдық. Алдымыз қыс. Балалар тағы қиналатын болды» дейді ол.

Азаттық тілшісі «Нұрсәт» тұрғындарының жол, жарық, су және емхана мен мектеп сияқты инфрақұрылым мен әлеуметтік мәселелері туралы бұған дейін де жазған еді. Шымкент қалалық әкімдігі Азаттыққа «Нұртасқа» су құбыры мен электр желісін тарту бас жоспар бекітілмегендіктен тоқтап тұрғанын айтқан.