Шымкентте мүгедек жандарға жұмыс табу қиын

Мүмкіндігі шектеулі жан Оксана Степанова (ары қарап тұрған балдақты адам) бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жүр. Шымкент, 19 сәуір 2015 жыл.

Шымкенттегі мүмкіндігі шектеулі жандар «екі қолға бір күрек табу оңай емес» екенін айтады. Ал ресми билік қаладағы ондай 19 мыңнан астам адамның небәрі 90-ға жуығы жұмыспен қамтылғанын хабарлады.

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласындағы екінші топтағы мүгедек, 25 жастағы Оксана Степанованың жұмыс іздеп жүргеніне жеті жылдан асқан. Ол барған жерлерінің бәрі денсаулық жағдайын көрген соң қызмет ұсынбайтынын айтады.

– Мына екі балдақты көреді де, жұмысқа алудан үзілді-кесілді бас тартады. Қанша қиыншылық көрсем де, біреуге алақан жайып, көмек сұраудан аулақпын. Маған тек отырып істейтін жұмыс болса болды, басқа ешнәрсе сұрамаймын, – дейді Оксана Степанова.

Орта білімі мен мамандығы бар Оксана құрбысымен бірге пәтер жалдап тұрады. Ол жетім әрі мүгедек ретінде пәтер кезегіне тізімделген.

БЕС МЕКЕМЕДЕ ЕКІ АДАМҒА ҒАНА ЖҰМЫС ТИГЕН

Азаттық тілшісі Оксана Степановамен тілдескен соң қаладағы мекемелердің мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдау жайын тексеріп көрмек болды. Тілші білім және денсаулық сақтау саласына қатысты бес жекеменшік және мемлекеттік мекемеге барып, кадр бөлімінің қызметкерлерімен тілдесті.

Әуелі бас сұққан мекеменің – 78-мектептің кадр бөлімінің басшысы Сара Мәмбетәлиева «әр мекеме қызметкерлерінің 3 пайызы мүмкіндігі шектеулі азаматтар болуы керек» деген талапты орындап жатқандарын мәлімдеді.

Еңбек жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келгендер жұмыс берушілердің өкілдерімен сұхбаттасып жатыр. Шымкент, 18 сәуір 2015 жыл.

– Бізде қазір мүмкіндігі шектеулі екі адам жұмыс істейді. Бірі – мұғалім, екіншісі – еден жуушы. Енді аула сыпырушы ретінде жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі азаматты іздестіріп жатырмыз, – дейді ол.

Сара Мәмбетәлиеваның сөзінше, мектептегі мүмкіндігі шектеулі қызметкерлерге көрсетілетін әлеуметтік көмек көп емес.

– Мұғалім болып жұмыс істейтін екінші топтағы мүгедек қызметкерімізге еңбек демалысына 15 күн қосып береміз. Бар жеңілдік – осы. Ал еден жуушымыз үшінші топтағы мүгедек болғандықтан мұндай жеңілдік ала алмайды, – дейді 78-мектептің кадр бөлімінің басшысы Сара Мәмбетәлиева.

Ал қалалық 4-емхананың кадр бөлімінің басшысы Фариза Құрбанова ол жерде бірде-бір мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істемейтінін айтты.

– Мүгедек адам жұмыс іздеп келген күннің өзінде оны жұмысқа қабылдау-қабылдамауды басшыдан сұрау керек, – дейді Фариза Құрбанова.

Азаттық тілшісі барған өзге екі мекеме – «Достық» білім беру орталығы және «Облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мемлекеттік мекемесі» мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа қабылдамайтынын айтты. Ал «Оңтүстік» білім орталығы «мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмысқа алу үшін біліміне қарайтынын» хабарлады.

ВИДЕО: Шымкенттегі жұмыс жәрмеңкесі

Your browser doesn’t support HTML5

Шымкенттегі жұмыссыз мүгедектер

19 МЫҢНЫҢ 87-СІНДЕ ЖҰМЫС БАР

Шымкенттегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа тұрғызу жайы өте өзекті мәселе екенін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Әбілқайыров та мойындайды.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Әбілқайыров. Шымкент, 19 сәуір 2015 жыл.

– Заңға сәйкес, әр мекемедегі жұмысшылардың үш пайызы мүмкіндігі шектеулі азаматтар болуы керек. Бұл әр мекемеге – міндет. Бірақ, қаладағы мекемелердің барлығының жұмысшыларының үш пайызы мүгедек жандар емес, – деді Марат Әбілқайыров.

Шымкенттегі мүмкіндігі шектеулі сондай азаматтардың бірі, жеті жылдан бері жұмыс іздеп жүрген Оксана Степанова жуықта Азаттық тілшісіне телефон соғып, қуанышты хабарымен бөлісті.

– Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен 50-мектепке вахтер болып жұмысқа орналасуға жолдама алдым. Жалақысы шамамен 30 мың теңге шамасында екен. Мектеп жалдап тұрған пәтерімнен аса алыс емес, бір автобусқа мінсем жетемін, – дейді ол.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, қалада бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедек санатындағы 19 мың 121 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Бірақ олардың небәрі 87-сі ғана тұрақты жұмыспен қамтылған.