Accessibility links

Мүгедек ананы 13 жасар баласы бағып отыр


Мүгедек ананы 13 жастағы баласы күтеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:54 0:00

Мүгедек ананы 13 жастағы баласы күтеді. (ВИДЕО)

Шымкенттік бірінші топтағы мүгедек Мариям Шолақова баспана мен күтушіге зәру. Ал жергілікті билік өкілі жарымжан жандарға қажетті көмек көрсетілетінін айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында тұратын бірінші топ мүгедегі, өздігінен жүре алмайтын 44 жастағы Мариям Шолақованы 13 жастағы баласы Бақдәулет күтіп бағады. Он жасынан бері анасына қарайласып жүрген Бақдәулет түске дейін үй тазалап, анасының асын әзірлеп, дәрі-дәрмегін беріп, өзінің үй тапсырмасын да орындап, түсте сабағына кетеді.

– Бар арманым − анамды сауықтыру. Қолымнан іс келіп, ақша тапсам, анамды емдеуге жұмсаймын, – дейді Бақдәулет Азаттық тілшісіне.

«30 МЫҢ ТЕҢГЕ НЕ ДӘРІГЕ, НЕ ТАМАҚҚА ЖЕТПЕЙДІ»

Бақдәулеттің анасы – үш жылдан бері арбаға таңылып қалған, биыл халі нашарлаған соң бірінші топтағы мүгедек деп танылған Мариям Шолақова өзін дәрігерлердің «омыртқасы жарылған» деп емдегенін, бірақ басқа ауруларына мән бермегенін айтады. Ол кісінің сөзінше, әсіресе остеопороз ауруы асқынып, бір орында отыра бергеннен арқасына жара шығып, іріңдеген.

– Аяқ-қолым ісіп, бүктеліп, иегімді қолыммен көтеріп отырдым. Денем қақсап, тәбетім қашып, қасық ұстауға әлім жетпей қалды. Бір айдың ішінде жетпістегі кемпірге айналдым. Астанаға барып көзім ашылды. Сөйтсем сүйегім пластилинге айналып кетіпті, – дейді кеуде сүйегі көтеріліп, белі бүкірейіп, басын көтере алмай қалғанын Азаттық тілшісіне көрсеткен Мариям Шолақова.

Бар арманым − анамды сауықтыру. Қолымнан іс келіп, ақша тапсам, анамды емдеуге жұмсаймын.

Ол ауруының асқынуына дұрыс диагноз қоймаған дәрігерлер кінәлі деп білсе де, «олармен соттасып, айқайласуға денсаулығым да, қаражатым да жоқ» дейді. «Астанаға қайырымды жандардың арқасында барып емделгенін» айтқан әйел содан бері тәбеті ашылып, беті бері қарай бастағанынына қуанады.

Жеке меншік баспанасы болмаған соң «қайырымды жандардың үйін паналап отырған» Мариям Шолақова пәтер алу кезегінде 3272-адам болып тіркеліп тұр екен. Ол мүгедектігі үшін мемлекеттен төленетін 30 мың теңге жәрдемақы не дәрі-дәрмекке, не ас-суға жетпейтінін айтып шағымданды.

– Денсаулығыма байланысты дәрігерлер екі сағат сайын тамақ ішу керектігін ескертті. Оған қоса кіші дәретке жиі баруымды тапсырды. Әлеуметтік қызметкер аптасына екі күн ғана екі сағаттан келіп, кірімді жуып, үйді тазалап кетеді. Балам сабаққа кеткен кезде алты сағат бойы төрт қабырғаның ішінде жалғыз қаламын, – дейді Мариям Шолақова Азаттық тілшісіне.

МҮГЕДЕКТЕРГЕ КӨРСЕТІЛЕТІН КӨМЕК ТҮРЛЕРІ

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбековтің айтуынша, Мариям Шолақова сияқты бірінші топ мүгедектеріне қажет көмек көрсетіледі.

– Ондай азаматтардың емделу және оңалу мақсатында басқа да орталықтарға баруы үшін әлеуметтік такси қызметі жұмыс істейді. Азаматтар жылына бір рет кез-келген уақытта өтініш жазса, керек кезінен бір күн бұрын диспетчерге хабарласып, таксиге тапсырыс бере алады. Оған қоса мүмкіндігі шектеулі жанға әлеуметтік қызметкер бөлініп, аптасына екі рет үйіне барып кірін жуу, төсегін жинау, тамағын дайындау сынды қызметті атқарады, – дейді Мақсат Жолдасбеков.

Біз Мариям Шолақованың мекен-жайын анықтап, жағдайымен танысып, нақты қандай көмек бере алатынымызды білейік.

Оның айтуынша, кейбір мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке күтуші де тағайындалады – бірақ ол қызмет түрін жалғызілікті мүгедек ардагерлер мен мүгедек балалар ғана пайдалана алады. Мақсат Жолдасбеков мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін жеке оңалту бағдарламасы да бар екенін айтты.

– Мариям Шолақова арбаға таңылған болса, мүгедектерге арналған арба тегін беріледі. Мүмкіндігі болса, сауықтыру орталығына жіберіледі. Бұл үшін ол міндетті түрде мекемеге өтініш түсіру керек. Біз Мариям Шолақованың мекен-жайын анықтап, жағдайымен танысып, нақты қандай көмек бере алатынымызды білейік, – деді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков Азаттық тілшісіне.

Шымкентте 24 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар, олардың 2100-ден астамы – бірінші топтағы мүгедектер.

Қазақстан статистика агенттігінің мәліметінше, елде 500 мыңға тарта мүмкіндігі шектеулі адам өмір сүреді.

XS
SM
MD
LG