Тұрған ақсақал түскі серуеннен енді ғана келіп «Ардагерлер үйіндегі» бөлмесіне кіріп жатқанда Азаттық тілшісін көріп көңілдене амандасты. Қос балдағын орнына қойып, төсегіне жайғасып болғасын қария: «Зейнеп, айналайын, кел бері» деп келесі бөлмеде жүрген жұбайын шақырды.
Бөлмеге мүгедек арбасының доңғалақтарын ширақ айналдырып ашаң жүзді егде әйел кіріп келді. 27 жылдан бері өз аяғымен жүруден қалған Зейнеп Шымкенттегі ет комбинатында экономист-есепші болып қызмет істеп жүріп, өз сөзінше, «дәрігерлердің қателігінен» мүгедек күйге түсіп қалған. Содан бері ардагерлер үйін мекен етіп келеді.
- Екі қыз, бір ұлым бар. Мүгедектікке ұшырағасын бұрынғы жолдасым менен бас тарты. Сосын сіңлілерім Алматыдағы Каблукова көшесінде орналасқан қарттар үйіне (Әлеуметтік және еңбек бойынша оңалтудың емдеу орталығы – ред.) алып келді. Сол жерде 13 жыл тұрдым. 2000 жылы осында («Ардагерлер үйі» - ред.) ауыстым, - деп өткен тарихын аз-кем сөз етті ол.
Ал Қостанай облысы Жітіқара ауданының тумасы Тұрған Тоққожин бұрынғы өмірі туралы көп сөз айтуға құлықсыздау. Ақсақал 1962 жылы орта мектепті бітірген соң Жітіқарада тракторшы, механизатор болып қызмет істеген. Қария естеліктің өзі үшін ауырлау тұсын «34 жыл бұрын бір себептермен әйеліммен ажырастым» деп қана тұнжырай сипаттап өте шықты.
«Ардагерлер үйіне» түскеніне үш жыл болғанда Тұрған қарияның өмірі күрт өзгереді. Әңгіменің бұл тұсына келгенде өзі де жадырап, Зейнепке мейірлене қарап қояды.
Тұрған ақсақал мен Зейнеп «Ардагерлер үйінде» шахмат ойнап жүріп табысыпты. Ақсақал:
- Бірінші қабатта шахмат клубы бар. Бос уақытымызда сол жерге барамыз. Зейнептің де аздап шахмат ойнайтыны бар. Бұл кісінің білімділігі, адаммен қарым-қатынасы маған ұнады. Зейнептің жалғыз кемшілігі – арбаға таңылуы. Әйтпесе, адам жанын түсінуде кез-келген дені сау әйелден артық, - деп бір тоқтағанда, зайыбы қысылыңқырап күлімсірей берді.
Ал өзіне сөз кезегі тигенде Зейнеп:
- Бұл кісінің мінез-құлқы жақсы. Үнемі көңілді жүреді. Маған сонысымен ұнады, - деп қысқа ғана қайырды.
Егде тартқанда жан жарастығын тапқан ерлі-зайыптылардың бұрынғы қосақтары мен балалары туралы тақырыпты сыпайы түрде айналып өтіп кетуге тырысатыны байқалады.
Алматы қалалық «Ардагерлер үйінің» өзін Ләззат деп таныстырған әлеуметтік қызметкерінің айтуынша, осында пана тапқан соң табысқан тағы үш-төрт жұп бар.
- Өткен жылы 80-ге келген бір ақсақал да үйленген болатын. Алматы қалалық әкімшілігі ол кісілерге бір бөлмелі үй берді. Қазір сонда тұрып жатыр, - деді ол.
Ал балдақсыз жүріп-тұра алмайтын Тұрған ақсақал мен арбаға таңылған Зейнеп үшін асханасы, медициналық орталығы, кинозалы, кітапханасы мен шаштаразы және ең бастысы – күтушілері бар «Ардагерлер үйінен» қолайлы мекен жоқ сияқты көрінеді. Оның үстіне бұл орында бас қосқан жұптарға екі бөлмелі нөмір беріледі.
2001 жылы құрылған 350 орындық қалалық бюджеттен қаржыландырылатын үш қабатты «Ардагерлер үйіне» көбіне кәмелетке толған жақын туысы жоқ болғандықтан қараусыз қалған, я болмаса кембағал күйге ұшыраған арнайы күтімге зәру жалғызбасты зейнеткерлер қабылданады.
Жастары келгенде көңіл жарастырған Тұрған ақсақал мен Зейнеп Азаттық тілшісін шығарып салып тұрып «Ардагерлер үйіндегі» спорт залына кіріп-шығып жатқан көршілеріне қызыға һәм мұңая қарап қояды. Балдақ пен арбаға мұқтаж ерлі-зайыпты күн қысқарып, ымырт тез үйірілетін мезгілдің түскенін көп уайым етпейді. Өйткені қыстың ұзақ кештері сүйікті ермектері – шахмат жарысы қызатынын біледі.