Жұма күні таңертең Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлі ұшақпен Мәскеуден Астанаға жеткізілді. Енді жерлеу мәселесі шешілгенше ол Астанадағы Сәдуақас қажы Ғылмани атындағы мешітте сақталады.
Бұдан 77 жыл бұрын Ресей жерінде дүниеден өткен қайраткердің сүйегінің күлін туған жерге жеткізу үшін Мәскеуге аттанған арнайы топ жұма, қаңтардың 21-і күні жергілікті уақытпен таңғы сағат жетіден кете ұшақпен Астанаға оралды.
Әуежайда оларды ғалымдар, ақын-жазушылар мен журналистер, қарапайым азаматтар қарсы алды. Билік орындарынан парламент мәжілісінің екі депутаты - Ирақ Елекеев пен Жарасбай Сүлейменовтен өзге ешкім көзге шалынбады.
Мәскеуден алаш қайраткерінің сүйегінің күлін жеткізген топты бастап келген алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы қысқаша сөз сөйледі, ақын Несіпбек Айтұлы өлең оқыды.
Бұдан соң имам дұға бағыштады.
Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлін бейсенбі күні Мәскеудегі Дон зиратынан алынғаны туралы Азаттық радиосы хабарлаған.
Бұдан соң Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлі Астанадағы Сәдуақас қажы Ғылмани атындағы мешітке апарылды. Мешітке журналистер кіргізілген жоқ. Енді оны жерлеу, жаназасын шығару мәселесі шешілгенше сонда сақталады.
ПАРЫЗ
Қаңтардың 20-сы күні Мәскеудегі Дон зиратында жатқан Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлін алуға қатысқан ғалым Дихан Қамзабекұлы «бұл шара – тек аталар алдындағы парызды орындаудың бірі» екенін йтты.
Ғалымның сөзінше, сүйек күлін жер қойнауына тапсыру мәселесіне қатысты
Смағұл Сәдуақасұлы сүйегінің күлі жер қойнына тапсырылғанға дейін Астанадағы Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінде сақталады. 21 қаңтар 2011 жыл.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасын күтпек.Ал Қазақстан Діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек бейсенбі күні Азаттық радиосына:
– Кезінде бізден қалай істеу керегін ешкім сұраған жоқ. Солай болған екен. Енді амалсыз әдеттегі жер қойнына тапсырылатын мұсылманға жасалар шаралардың бірқатарын орындауға тиіспіз. Яғни құран оқытылып, дұға бағышталады, – деді.
Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының айтуынша, Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлін Қазақстанға әкеліп мұсылман ғұрпымен жерлеу мәселесінің көтерілгеніне жиырма жыл болыпты.
– Бұйыртса, бұл идеямыз бүгін жүзеге асты, – деген ғалым марқұмның күлінің қай жерде жерлеу керектігі жайлы өз ойымен де бөлісті.
– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің жиырма жылдығына байланысты айтқан Түркістанда Ұлттық пантеон немесе қабірстан соғу туралы идеясы бар. Сол қабірстаннан бір лайықты жерге қойылатын шығар деген өз болжамымыз да жоқ емес, – деді Дихан Қамзабекұлы.
АЛАШ АРЫСЫ
1900 жылы дүниеге келген Смағұл Сәдуақасұлы он жеті жасынан бастап саяси қызметке араласқан. 1917 жылы Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» ұйымының белсенді мүшесі болды. 1920 жылы қазан айында Қазақ автономиясының Құрылтай съезінде орталық атқару комитетінің мүшелігіне сайланды, комитеттің саяси хатшысы қызметін атқарды.
1922-1925 жылдары Қазақ орталық атқару комитетінің Түркістан Республикасындағы өкілетті өкілі, Қазақ АССР Жер халық комиссарының орынбасары, Қазақ АССР Жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болды.
1925 жылдан Қазақстанды басқарған Голощёкиннің қазақ даласында жүргізген «Кіші Қазан» саясатымена келіспей, ауылдың бейбіт эволюциялық дамуын қолдап, байлар мен орташаларды орынсыз тәркілеуге, елдің еуропалық бөлігінен Қазақстанға шаруаларды әкеліп қоныстандыруға қарсы шықты. Осыған байланысты буржуазияшыл ниеттегі жан ретінде қуғын-сүргінге ұшырады.
Қазақстаннан қуылған соң Смағұл Сәдуақасұлы 1927-1928 жылдары Ташкентте Қазақ педагогикалық институтының ректоры болды.
Өмірінің соңында Донбасс-Мәскеу темір жолы құрылысының инженері қызметін атқарып жүріп, 1933 жылдың соңында Мәскеу ауруханасында көз жұмды. Марқұмның мәйіті өртеліп, күлі «Дон зираты» бас ғимаратының қабырғасына арнайы ыдысқа салынған күйінде қойылған.
Смағұл Сәдуақасұлының жары Елизавета Бөкейханова-Сәдуақасова – Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның қызы. 1941-45 жылдары совет-герман соғысына дәрiгер болып қатысқан Елизавета Әлиханқызы 1971 жылы Ресейде қайтыс болды.
Смағұл мен Елизаветаның жалғыз ұлдары Ескендір жасы жетпесе де өз еркімен майданға сұранып, совет-герман соғысында қаза тапқан.
Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлі Астанаға әкелінгені туралы видео:
Your browser doesn’t support HTML5