Төрінде шенеунік пен депутат отыратын қоғамдық кеңестер

Сот әділдігі туралы плакаттарды Алматы қалалық соты ғимаратынан шығарып жатыр. (Көрнекі сурет)

Парламент депутаттары «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасын ұсынды. Алғашқы талқылауда жобаға «қоғамдық кеңес мүшелері жауапкершілігі туралы қосу керек» деген пікірлер айтылды.

«Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасы әуелі «Қоғамдық бақылау туралы» заң деп аталған. Бірақ депутат Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, парламент «ертеңгі күні кім көрінген өз қоғамдық кеңесін құрып алып, мемлекеттік құрылымдардың жұмысын тексергісі келмесіне кім кепіл» деген ойға келген. Сондықтан «істің берекесін қашырмау» үшін заң жобасын қайта жазып, басқаша атауды ұйғарған.

КВОТА ПРИНЦИПІ

Парламент депутаты Серік Сейдумановтың айтуынша, қазір Қазақстан территориясында бір мың 500-ге жуық қоғамдық кеңес бар, бірақ олар көпсалалы емес, сондықтан консультативтік-кеңесші әрі бақылау органы ретінде жаңа қоғамдық кеңестер құру қажет.

Қоғамдық кеңестер әлеуметтің шешім қабылдауға қатысу формасы ретінде құрылады, мемлекеттік органдар олардың ұсыныс сипатындағы шешімдерін қарауға міндетті әрі ол кеңестерге мониторинг жүргізу құқығы беріледі.
Серік Сейдуманов.

Серік Сейдуманов заң жобасының «Қоғамдық кеңестер әлеуметтің шешім қабылдауға қатысу формасы ретінде құрылады, мемлекеттік органдар олардың ұсыныс сипатындағы шешімдерін қарауға міндетті әрі ол кеңестерге мониторинг жүргізу құқығы беріледі. Қоғамдық кеңестердің бағасы мемлекеттік органдар рейтингін белгілегенде ескеріледі» деген кейбір тезистерін оқып берді.

Заң жобасына сәйкес, қоғамдық кеңесті «мемлекеттік қызметте жоқ әрі қоғамдық негізде (ақысыз) жұмыс істейтін беделді қоғам қайраткері» басқарады. Кеңес төрағасы мемлекеттік отырыстарға кеңесшілік дауыс құқығымен қатыса алады.

Болжам бойынша, қоғамдық кеңесте атқарушы билік, жергілікті мәслихат өкілдері мен парламент депутаттары кіретін өз президиумы болады. Ал квота принципі бойынша жасақталатын кеңес құрамында жұртшылық өкілдері саны үштен екі бөлігінен кем болмауы тиіс. Кейін әлгі құрамды мәслихат сессияларында бекітеді.

Жоба авторлары заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін өзі басқару органдары жұмысының тиімділігі, ашықтығы мен жариялылығы артады, мемлекет пен оның органдарына деген азаматтардың сенімі күшейеді, қоғам мен мемлекет арасында кері байланыс орнап, әлеуметтік жанжалдар алдын ала ескеріліп, шешіледі деп санайды.

Қазақстан азаматтық альянсы, үкіметшіл ҮЕҰ коалициясы президенті Нұрлан Ерімбетов жобада қоғамдық кеңес мүшелерінің жауапкершілігін ашып жазуды ұсынды.

Бізде арзан беделге құмар популистер бар, олар қоғамдық кеңесті халық қолдайтын, бірақ қазір орындалмайтын әдемі идеяларды тықпалайтын мінберге айналдыруға тырысуы мүмкін.
Нұрлан Ерімбетов.

- Бізде арзан беделге құмар популистер бар, олар қоғамдық кеңесті халық қолдайтын, бірақ қазір орындалмайтын әдемі идеяларды тықпалайтын мінберге айналдыруға тырысуы мүмкін. Сондықтан жұртты әдемі сөзбен ұйыту үшін ұйымдастырылған алаңға айналып кетпес үшін қоғамдық кеңес мүшелеріне әр ұсыныс, әрекеттері үшін жауапкершілік жүктелгені жөн сияқты, - дейді Нұрлан Ерімбетов жұмыс тобының бірінші отырысында.

Бірақ оның пікірін «өзара жауапкершілікті» тәрбиелеу қажет деп санайтын депутат Нұрлан Әбдіровтан өзге ешкім құптамады.

ЧЕРНОМЫРДИНДІ ЕСКЕ АЛДЫ

Құқықтық саясатты зерттеу орталығы жетекшісі Татьяна Зиновичтің айтуынша, қоғамдық кеңестердің функциясы консультативтік-кеңес берумен шектеліп, ал түпкілікті шешімді атқару органдары қабылдайтын болғандықтан, «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасында оның мүшелеріне әлдебір жауапкершілік жүктеу жайлы сөз болуы мүмкін емес.

Оның айтуынша, қоғамдық бақылау тетіктері жобада тым артық тәптіштеліпкеткен тараулар бар.

«Қандай қоғамдық ұйым құрсақ та, түбі КПСС болып шығады» деп Черномырдин мырза айтқандай, бұл жерде басқа қырынан қарау керек.
Татьяна Зинович.

- «Қандай қоғамдық ұйым құрсақ та, түбі КПСС болып шығады» деп Черномырдин мырза айтқандай, бұл жерде басқа қырынан қарау керек, - дейді Татьяна Зинович.

Халықаралық бейкоммерциялық құқық орталығының (ICNL) заң кеңесшісі Гүлмира Қожыкееваның айтуынша, жобада қоғамдық бақылаудың сараптама және тыңдау өткізу сияқты формалары бар, бірақ бұл процедураларды өткізу тәртібі былай көрсетілген: қоғамдық тыңдауларды өткізу тәртібін қоғамдық кеңес белгілейді, ал сараптама қоғамдық кеңестің тапсырмасымен орындалады.

- Бұл жайттар заңды іс жүзінде қолдану кезінде қоғамдық бақылаудың қоғамдық кеңестен бөлек формалары мен субъектілерін шектеуге ұласуы мүмкін, - дейді Гүлмира Қожыкеева.

Жұмыс тобына азаматтық қоғам өкілі ретінде шақырылған оппозициялық саясаткер әрі «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» төрайымы Зәуреш Батталова да жобада нақтылық жоғын айтады.

Оның айтуынша, жоба баптарының бірінде жұртшылықпен өзара әрекеттестікті іске асыру – қоғамдық кеңестің құқығы әрі міндеті деп көрсетілген.

Ал халық мүддесін қорғауы тиіс олар қоғамдық кеңеске сайланып, содан кейін ғана халықпен қарым-қатынас орнатпақ, сөйтіп іс жүзінде өздері мемлекеттік органға айналып барады.
Зәуреш Батталова.

- Бұл кеңестер мемлекеттік органдарда қоғам мүддесін қорғау үшін құрылып жатыр әрі қазір қоғамдық институттардың мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестігі өзектірек мәселе болып тұр. Ал халық мүддесін қорғауы тиіс олар қоғамдық кеңеске сайланып, содан кейін ғана халықпен қарым-қатынас орнатпақ, сөйтіп іс жүзінде өздері мемлекеттік органға айналып барады, - дейді Зәуреш Батталова.

Депутаттар заң жобасын құрастыруға «Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның» 99-шы қадамын орындау үшін кіріскенін айтады. Биыл мамыр айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту қажет» деп мәлімдеген.