Қыркүйектің 2-сі күні Қазақстан парламенті мәжілісінің планералық отырысында депутат Рахмет Мұқашев «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» республика заңына толықтырулар енгізу туралы заң жобасы түскенін» хабарлап, онда «Қазақстан азаматының паспортына тұңғыш президенттің тәуелсіздік туралы сөзін жазу және республика азаматтығын алғандарды төлқұжат тапсыру кезінде ант беруге міндеттеу жөнінде ұсыныс жасалғанын» айтқан. Бұл хабар қазір әлеуметтік желілерде түрліше талқыланып жатыр.
«ҮКІМЕТ ЖІБЕРГЕН ЗАҢ ЖОБАСЫ»
Азаттық тілшісіне парламентке «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» заңға мұндай өзгерістер енгізу туралы заң жобасы түскенін мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпеков те растады.
- Қазақстан паспорттарына республика президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерін жазу жөнінде үкімет ұсынған заң жобасында айтылған ,- деді депутат.
Рамазан Сәрпековтің сөзіне қарағанда, «парламентке үкіметтен 44 заң жобасы келген, бірақ олармен депутаттар әзірге танысып үлгермеген». Оның айтуынша, «Қазақстан паспортына Назарбаевтың сөзін жазу», «республика азаматының жеке куәлікті алуы кезінде ант беруге міндеттеу» жөнінде ұсынысты мәжіліс депутаттары жасады деуге болмайды».
- Бұл - үкімет жіберген заң жобасы. Әр комитет төрағасы өздеріне қатысты заң жобаларын жұмысқа алу жайында баяндама жасады. Соның ішінде заңнама комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев мырза өзі басқаратын комитетке әлгіндей заң жобасы келіп тұрғанын хабарлады, - деді ол.
Азаттық тілшісі заң жобасын ұсынған үкімет органдарымен де хабарласқан еді. Әділет министрлігінің аты-жөнін айтпаған өкілі «заң жобасын ішкі істер министрлігі әзірлегенін» хабарлады. Алайда ішкі істер министрлігі мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің қызметкері Олег Иващенко «заң жобасы жөнінде ақпарат бере алмайтынын» айтты.
«ТАҢЫРҚАУ»
Бұрын дипломатиялық қызметте істеген Расул Жұмалы Азаттық тілшісіне «паспортқа президенттерінің сөзін жазып қою дәстүрін басқа елдерден байқамағанын» айтады. Оның сөзіне қарағанда, Сауд Арабиясы, Марокко сияқты монархиялық елдер мемлекет басшысының суретін валютаға енгізеді. Бірақ сөздері паспортқа жазылмайды».
«Ант беру және сол арқылы міндеттеме алу» жөнінде Расул Жұмалы:
- Ант беру сол мемлекеттің заңдарын мойындайтынын, сол мемлекеттің тілін білетінін, тарихы мен мәдениетін құрметтейтінін білдіреді. Бірақ оны ант беруші адам әуелі дәлелдеуі тиіс. Мысалы, АҚШ-та ағылшын тілін білмейтін адамға азаматтық берілмейді және ант та алынбайды. Қазақстан бұл мәселені мұқият ойластырғаны дұрыс, - дейді сарапшы.
Астана тұрғындарының пікірі:
Ал сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері Қазбек Бейсебай «паспортқа президент сөзін жазу» туралы ұсынысқа таңырқағанын» айтты.
- Сыртқы істер министрлігінің паспорт-виза бөлімінің меңгерушісі болғанымда көптеген шетелдік паспорттарды көрдім. Паспорт әртүрлі болғанмен, ақпарат стандарттары ұқсас, алайда президенттерінің сөзі жазылған паспорт көрмедім. Шетелдік паспортты виза беретін шетелдік елшіліктер мен шекарашылар ғана тексереді. Оларға басқа басқа елдің президентінің сөзі маңызды емес, - дейді ол.
Сыртқы істер министрлігінің паспорт-виза бөлімінің меңгерушісі болғанымда көптеген шетелдік паспорттарды көрдім. Паспорт әртүрлі болғанмен, ақпарат стандарттары ұқсас, алайда президенттерінің сөзі жазылған паспорт көрмедім.Қазбек Бейсебай.
Азаматтық алу кезінде ант беру тәжірибесі «шетелдерде бар екенін, бірақ оның өзі шетелдік азаматтарға ғана жүретінін, сол елде туып, өскендер ант бермейтінін» айтқан Қазбек Бейсебай Қазақстан «бұл процесті қалай жасағалы отырғандарын түсінбейтінін» білдірді. Оның айтуынша, «егер 16 жасқа толып Қазақстан азаматтығын алғандардың барлығы ант беретін болса, онда Совет Одағы кезіндегідей паспортты салтанатты түрде тапсыру рәсімдері қайта оралуы мүмкін».
Парламенттің баспасөз хатшысы Мұрат Жұманбай қыркүйектің 3-і күні Азаттыққа «парламенттің «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» заң жобасын әлі жарияламағанын» хабарлады.
Парламент мәжілісі «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» заңға 2012 жылы маусым айында өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, бірінші оқылымда мақұлдаған еді.