Мереке күні алматылық аналар "Шаңырақ ісімен" сотталғандарды ақтау мәселесін көтерді

Жұмысшылар қозғалысы» қоғамдық ұйымының төрағасы Сақып Жаңабаева баспасөз-мәслихатының ашылуында сөз сөйлеп тұр. Отырғандар оңнан солға қарай: Ольга Оразбаева, Сәуле Смағұлова. Алматы, 8 наурыз, 2010 жыл.

Бірқатар қоғамдық қозғалыс өкілдері мен белсенді әйелдер «Орбитадағы» пәтерде мейрамдатқан жоқ, олар журналистер алдында әйелдердің құқықтық және қоғамдық мәртебесінің төмендігін ашына айтты.
СОВЕТ ӘЙЕЛІНІҢ АРМАНҒА АЙНАЛҒАН МӘРТЕБЕСІ

Әйел-аналардың мейрам күні Алматыдағы «Орбитадағы» отбасылық жатақханалардың бір бөлмелі пәтерінде өткен баспасөз жиынына бар-жоғы екі-ақ журналист қатысты. Мерекені тойлап, үйлерінде отырудың орнына баспасөз мәслихатын өткізушілер түрлі әлеуметтік мәселелер тауқыметін тартып жүрген әйел-аналар болып шықты.

Әйелдер басқосқан бөлмедегі үстел үстіне қаза тапқан саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің және қаза болған бірқатар журналистердің сонымен бірге, «Шаңырақ ісі» бойынша сотталған адамдардың суреттерін жайып қойыпты.

Баспасөз жиынын ұйымдастырушы «Жұмысшылар қозғалысының» төрағасы Сақып Жаңабаева биыл халықаралық әйелдер күнінің аталып өтіп келе жатқанына жүз толғанына қарамастан, тәуелсіз Қазақстандағы әйел қауымы қорғансыздың күнін кешіп отырғандығын атап өтті.

Оның айтуынша, совет өкіметі кезіндегі әйелдердің құқығы мен қоғамдық мәртебесі бүгінгі Қазақстанда жоқ. Сақып Жаңабаева өз сөзінде: «әйелдер қауымы совет өкіметі тұсындағы қоғамдағы рөлі мен мәртебесі тәуелсіз Қазақстанда сақталады деп үміттенді, алайда, үміт ақталмады» деп атап көрсетті.

Жиналған әйелдердің көпшілігі совет өкіметі кезінде жұмыстары, тұрақты жалақылары, баспаналары болғанын және балаларының болашағына алаңсыз өмір кешкендерін айтысты.

Жиналған әйел-аналардың арасында Қазақстандағы әйелдердің қазіргі күйіне билік кінәлі екенін айтқандары болды.
8 наурыз күні өткен баспасөз жиынына қатысқан әйелдер (оңнан солға қарай): Ольга Оразбаева, Сәуле Смағұлова, Рымкеш Жүнісбекова, Роза Асылбаева. Алматы, 8 наурыз, 2010 жыл.


- Біз тіпті бүгінгі биліктің бізді қандай күйге түсіргенін әлі толық сезінген жоқпыз. Бізге мұндай жағдайлар әркімнің жеке ісі сияқты көрінеді. Алайда, мұндай жағдайлардың көптігіне қарап отырып мұны жеке бастың мәселесі деп қарастыруға болмайды. Бұл біздің ортақ сорымыз, трагедиямыз. Біз президентке қайырылып отырмыз, ол біздің мәселемізді шешсін!», - деді Ольга Оразбаева.

Сақып Жаңабаева әйелдер мәселесіне мемлекеттік органдар да, Қазақстан оппозициясы да, түрлі қоғамдық ұйымдар да назар аудармай отырғанын айтып өтті.

«ШАҢЫРАҚ ІСІ БОЙЫНША СОТТАЛҒАНДАР БОСАТЫЛСЫН!»

Баспаcөз жиына қатысқан Ольга Оразбаева, Роза Асылбекова, Сәуле Смағұлова есімді әйелдер өз бастарындағы шиленіскен үй-жайға қатысты әлеуметтік мәселелерінде Қазақстанның құқық қорғау орындары мен сот жүйесінен әділдік таппай, жағдайлары мүшкіл халге түсіп, амалдары құрып отырғандарын жеткізді.

Ал, Шаңырақ ықшам ауданының тұрғыны Ғалия Абулхатина «Шаңырақ ісі» бойынша істі болып сотталған Арон Атабектің бар айыбы өз халқын сүйгендігі және халқының қасіретін жүрегімен сезгендігі екенін жеткізді.

Оның айтуынша, Евгений Жовтистің ісін халықаралық дәрежеде көтеріп отырған оның жақтастары сияқты Арон Атабектің артында мықты жақтастары жоқ болса да, «Шаңырақ ісі» қайта қаралуы тиіс.

- Арон Атабек қазақ ұлтына керек адам. Сондай адам әділетсіздік жайлаған елде түрмеде отыр. Біз, президент Назарбаевтан «Шаңырақ ісінің» қайта қаралып, азаматтарымыздың босатылуын сұраймын, - деді Ғалия Абулхатина

2006 жылы шілде айында Шаңырақта болған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, тұрғындар мен полицияның қақтығысында полиция қызметкерінің қаза табуына айыпты деп табылып, 18 жылға сотталған ақын Арон Атабек Қарағанды облысының Қаражал қалашығындағы 159/22 түзеу мекемесінде жаза мерзімін өтеп жатыр. Үкім 2007 жылы 5 қазанда шықты. Жалпы Шаңырақ ісі бойынша барлығы 24 адам сотталған болатын.