Мұнайшылар еуропалық ұйымдарға шағымдануға мәжбүр

Мұнайшыларды қолдап наразылық акциясына шыққан алматылықты полиция ұстап тұр. Алматы, 17 тамыз 2011 жыл.

Маңғыстаудағы мұнайшылар белсенді заңгердің жазықсыз сотталғанына сенімді. Ереуілшілерді қолдайтынын айтқан тәуелсіз кәсіподақ жетекшісі демеу іздеп Еуропаға жол тартпақ.

МҰНАЙШЫЛАР СОКОЛОВАНЫҢ КІНӘСІЗ ЕКЕНДІГІНЕ СЕНІМДІ

Жаңаөзен қаласындағы орталық алаңға жаздың басынан жиналған мұнайшылар әлі тарқаған жоқ. Оларға күздің салқын ызғары да әсер етпейтін сыңайлы. Аты-жөнін жария етуден бас тартқан мұнайшылардың бірінің Азаттық радиосына айтқанына сүйенсек, олар алаңға қосын құрмағанымен, кілемшелер төсеп, көрпе-жастықтарын әкеліп жайғасқан.

- Қазір күн суытты. Сондықтан оранып отыруға тура келеді. Түннің жарымдарына дейін отырып үйімізге тараймыз, таң ата қайта жиналамыз, - деп баяндайды өздерінің қазіргі сәттегі жағдайларын мұнайшылар.

Олардың айтуынша бірнеше айлап жалақысыз отырған мұнайшылар қайыршының аз алдында өмір сүріп жатыр. Тек қазақи салтқа сай тумалары бір-біріне сеп болып жатыр екен.

- Несие алу оңай болған жылдары мұнайшылардың барлығы дерлік қарызға ақша алған. Олардың арасында кәдімгі пенделік қажеттілік үшін: қызын ұзатуға, атасына ас беруге несие алғандар да жетеді. Біз заңды талап қойып, ақшамызды көбейтуді сұрай бастағанда билік пен жұмыс берушілер әріге бармас деген болуы керек. Бірақ мұнайшылар өз құқықтары үшін мойындарындағы қарызға қараған жоқ, - дейді әлгі ереуілдеуші жігіт.
Наталья Соколованың күйеуі Василий Чапурной (сол жақта), Наталья Соколова (ортада) және адвокат Арман Жәменов. Ақтау, 26 қыркүйек 2011 жыл

Мұнайшылардың айтуынша Наталья Соколованың алты жылға бас бостандығынан айырылуы олардың билік пен құқық қорғау орындарына деген сенімсіздіктерін үдете түскен. Алайда олар құқықтарын қорғауға кепілдік берген тәуелсіз заңгердің кінәсіздігіне шүбәсіз сенеді. Солардың бірі қаражанбастық жұмысшы - Еркін Озғанов. Ол жұмыстан босағанға дейін бұрғышы көмекішісі болып еңбек еткен.

- Соколованың кінәсіз екені дәлелденді деп санаймыз. Мұнайшылар оған текке айып тағылып отырғанын көзімен көріп, құлағымен естіп отыр. Бірақ біз наразылығымызды тоқтатпаймыз, істі жоғары сотқа дейін жеткізуге тырысамыз, қажет болса халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгінеміз, - деп мәлімдеді Еркін Озғанов.
Қаржы полициясы бізге көмекке түскен ақшаны алуға мүмкіндік бермей шоттарымызды тоқтатып қойып отыр.

Оның хабарлауынша жұмыссыз қалған «Қаражанбас» компаниясы жұмысшыларының саны бүгінде мыңға жуық адам. Олардың барлығы еңбек жағдайын жақсартып, жалақыларын өсіруді сұрап Ақтаудағы компания кеңсесі алдында тұр.

- Біздің жағдайымыз Жаңаөзенге қарағанда қиындау. Өйткені жұмысшылардың басым көпшілігі қаладан 200-ден астам шақырым қашықтықтағы ауылдарда тұрады. Жағдайлары көтеріп қалаға жете алғандары осы жерге келеді, келе алмағандары ауылдан телефон арқылы хабарласып отыр, - дейді Еркін Озғанов.

Бұған қоса Еркін Озғанов қаражанбастықтардың өздерінің шотына салған елден келген көмекті де ала алмай отырғандығын айтады. «Қаржы полициясы бізге көмекке түскен ақшаны алуға мүмкіндік бермей шоттарымызды тоқтатып қойып отыр» дейді мұнайшы.

ЕУРОПАҒА САПАР

«Ақтау» тәуелсіз кәсіподағы ұйымы жетекшісі Мұхтар Үмбетов аппеляциялық сот үкіміне қатысты кассациялық шағымның түсірілетінін хабарлады.

- Наталья - өте сауатты заңгер. Ол өзінің құқығын заңдық шеңберде аяғына дейін қорғаудан бас тартпайды. Оның үстіне біздің құқықтық мүмкіндіктеріміз әлі бар, жоғарғы сотқа дейін барамыз, - дейді Мұхтар Үмбетов.

Мұхтар Үмбетов – мұнайшылардың құқығын қорғаған тәуелсіз заңгер Наталья Соколованың жақын жолдасы, әрі әріптесі. Ол өзі де кезінде жұмысшылар құқығын қорғап, тәуелсіз кәсіподақ құруға ұмтылғаны үшін талай кедергілерді бастан кешірген белсенділердің бірі.
«Қаражанбас» кеніші мен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы мұнайшылары арасында тағы бір параллель тәуелсіз кәсіподақ ұйымы құрылып жатыр.

Ол мұнайшылардың құқын қорғап қалу үшін «Қаражанбас» кеніші мен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы мұнайшылары арасындағы тағы бір параллель тәуелсіз кәсіподақ ұйымының құрылып жатқанын айтады.

- Адамдарды бұлай лақтырып тастауға болмайды. Бұндай жағдайда не олар уаххабшыларға немесе әлде жаңадан пайда болатын радикалды ұйымдарға барады не жұмысқа орналасып отбасын асырайтын болады. Бұл әңгіме «мұнайшыларды қолдау керек» деп жар салған Тимур Құлыбаевқа дейін де айтылып келеді. Менің мақсатым- жұмыстан босаған адамдардың жұмысқа орналасуы мен олардың отбасында бақуатты күй кешуі. Бұл кез келген азаматтың заңдық құқығы, - деп мәлімдеді Мұхтар Үмбетов Азаттық радиосына.

Мұхтар Үмбетов енді таяу күндері Натальяның сенімді өкілі ретінде оның құқын қорғау мәселесімен Еуропаға іссапарға бармақшы.

- Мен халықаралық және кәсіподақ ұйымдары өкілдерімен кездесемін, еуропалық парламент депутаттарымен жолығу да ойда бар. Мұның бәрін Натальяның өтініші бойынша жасамақпын, - деді Мұхтар Үмбетов.

Дүйсенбі күні кешке Маңғыстау облыстық сотының судьясы Руслан Кабиев «Қаражанбасмұнай» компаниясы тәуелсіз кәсіподағы белсендісі, заңгер Наталья Соколоваға қатысты шығарылған үкімнің өзгертілмейтіні жайлы сот шешімін жария еткен еді. Заңгердің адвокаты Арман Жәменов бұл шешімнің астында саяси астар бар деп санайтындығын айтқан болатын. «Бұған дейін «Қаражанбас» АҚ тете-президенті Қайырбек Елеусінов сәуір айында Соколоваға қатысты қылмыстық іс қозғауды талап еткенде, оны қанағаттандырмаған еді. Кейін компания басшысы Юань Мудың өтініші бойынша бірден қылмыстық іс көтеріліп, оның кінәсіздігін айғақтайтын дәлелдер ескерілместен сотталды. Бұның астарында саяси рең бар» деген еді Арман Жәменов.

МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ ӨКІЛДЕРІ – ВАРШАВАДА

Ал осы күндері Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары бойынша кеңесіне Қазақстаннан екі бірдей делегация келген. Біріншісі – ресми, екіншісі – құқық қорғаушылар мен маңғыстаулық мұнайшылардың өкілдері кірген топ.

Азаттық радиосына осы іс-шара туралы мәлімет берген «Әділ сөз» ұйымының басшысы Тамара Калеева бірінші күні Қазақстандағы сөз бостандығы талқыланғанын айтады. Қазақстандық тәуелсіз делегаттар «Стан.кз» видеопорталына қатысты жағдай мен жеке спутниктік табақшалар арқылы ақпарат алуды шектейтін телерадиохабар тарату туралы жаңа заңның жай-жапсарын жария еткен.

Оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов Варшавадағы ЕҚЫҰ кеңесіне маңғыстаулық мұнайщылардың атынан екі өкіл де келіп қатысып отырғанын хабарлады. Оның айтуынша Польша парламентінің депутаттары ереуілге шыққан мұнайшылардың жағдайын біліп, жәрдемдескілері келеді.