«Теріс ағым» өкілдерін райынан қайтаруға теологтар кірісті

Теолог Айнұр Құмарбек мешітте әйелдерге дәріс оқып отыр. Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кенті, 14 қазан 2017 жыл.

Ақтөбе облысының үш ауданында «теріс ағым» өкілдерімен жұмыс істейтін теологтар іске кірісті. Темір ауданында алғаш рет әйел теолог жұмыс істей бастады. Ауданның бас имамы Мадияр Пірімқұлов оның «қажеттіліктен шыққанын» айтып, «жат ағым әйелдері бөтен еркекпен мүлдем сөйлеспейді» дейді. Жұмыс бастағандарына бір ай болған теологтар әңгімесінен «теріс ағым өкілдерімен» қарым-қатынас психологиясының кейбір ерекшеліктерін де байқауға болады.

«ӘЙЕЛ ТЕОЛОГ ТАПШЫ»

Ақтөбе облыстық дін істері департаментінің басшысы Жолдас Қалмағамбетов облыстың «Шалқар, Темір, Мұғалжар аудандарында жат ағым өкілдерімен жұмыс істейтін коммуналдық мекемелер ашылғанын» айтады. Шенеуніктің сөзіне қарағанда, «енді Хромтау мен Алға аудандарында да ашу жоспарланып отыр».

- Себебі, бұл аудандарда діндарлар көп. Барлық аудандарда ашпаған себебіміз, алдымен тиімділігін бақыламақпыз. Биыл бірнеше ауданда ашып көреміз. Егер нәтиже беріп жатса, келер жылы басқа аудандарда да ашамыз. Егер әдіс нәтиже бермесе, басқа тәсілдерді көреміз, - дейді ол.

Your browser doesn’t support HTML5

Ақтөбелік теолог әйелдің сөзі

«Бұл мекемелер тек теріс ағымдағылармен жұмыс істемейді, дәстүрлі діндегілерді де бағыттап отырады» деген Жолдас Қалмағамбетов:

- Әйел теолог тапшы. ҚМДБ жолдамасымен сегіз әйел Ресейдің Қазан қаласында, жеті әйел «Нұр Мүбәрәк» университетінде оқып жатыр. Алғашқылары Ақтөбеге келер жылы оралады, - дейді.

Темір аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мәди Сүйіншалиннің сөзіне қарағанда, қазір коммуналдық мекеме штатында екі теолог бар. Оның бірі - ауданның бас имамы Мадияр Пірімқұлов, екіншісі – бас имамның жұбайы Айнұр Құмарбек.

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫ ТЕОЛОГТАР

«Діни ахуалы күрделі» саналатын Темір ауданында жасы 30-дан енді асқан Айнұр Құмарбектің теолог ретінде жұмыс істей бастағанына бір ай болған. Оңтүстік Қазақстан облысы тумасы Айнұр ханым бұл өңірге ері Мадияр Пірімқұловпен бірге келген. Оның мамандығы - дінтанушы. «Шымкенттегі қыздар медресесін тәмамдаған соң, Түркияда жоғары діни білім алған». Жұбайының теолог қызметіне кірісуін Темір ауданы бас имамы Мадияр Пірімқұлов «қажеттіліктен туындады» деп түсіндірді.

- Жат ағымда жүрген әйелдер бөтен еркекпен мүлде сөйлеспейді. Олар әйелдің бөтен еркекпен сөйлесуін «харам» санайды. Қоғамдық орындарда әйелдің бет-жүзін көрсетуін «харам» деп ұғады. Сөйтіп, әйелдеріне пәренже кигізеді. Жұртқа бет-жүзін көрсетпейтін олар еркек имаммен сөйлеспейді. Әйел теолог табу қажеттілігі осыдан шықты, - дейді имам.

Темір ауданының бас имамы Мадияр Пірімқұлов.

Азаттық тілшісі Темір ауданы орталығы Шұбарқұдыққа барғанда Айнұр Құмарбек мешітте екі-үш әйелге Құран сүрелерін үйретіп отыр екен. Мұрнынан су ағып, мазасы қашқан сәбиін бауырына қысып алған ол шәкірттеріне «сүре жаттау аз, қазақша мағынасын да білу керек» деп жатты.

- Мешітте менен дәріс алатын бұл әйелдер Ханифа мәзхабынан. Ал жат ағымдағы қыз-келіншектер ешкіммен араласпайды. Осы бір ай ішінде жеке кездесулер өткізуге талпынып көрдім. Бүркеніп алған әйелдер әңгімелесуге ыңғай танытпады. Қандай сұрақ қойсаң да қысқа қайырады. Арасында жоғары білімді әйелдер де бар. Біреуі бұрын мектеп директоры болған. Бірақ ешқайсысының діни білімі жоқ. Көбі дінге күйеуінің ықпалымен келген. Өзге ешкімді тыңдамайды. Көп нәрсе ерлеріне байланысты. Күйеулерінің беттері бері қараса, әйелдері ешқайда кетпейді, - дейді Айнұр Құмарбек.

Дінтанушы Айнұр Құмарбек. Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кенті, 14 қазан 2017 жыл.

«Жат ағымдағы» әйелдерге әзірше сөзін өткізе алмай жүргенін айтқан Айнұр Құмарбек «енді ғана кіріскенін, уақыт керек» екенін айтады. Ол «мектептер мен мекемелерде түрлі кездесу өткізіп, аптасына төрт рет мешітте дәріс оқиды». Ал өзі де теолог қызметін қоса атқаратын Мадияр Пірімқұлов:

- Мысалы, жара жазылып болмайды емес пе? Бұл да сол сияқты. Жат ағым - жүректерге түскен жара. Тырнай беруге болмайды. Уақыт пен төзім керек. Былтыр Шұбарқұдыққа бас имам болып келгенімде шошып кеткем. Жамағат «әминді» дауыстап айтқанда мешіт жаңғырып кететін. Оның дұрыс емес екенін біртіндеп түсінді. Ырыққа көнбей жүргендер де баршылық. Әңгімелесе бастасаң «дүниелік әңгімең болса айт та, діни әңгімеңді айтпа!» дейді. Дүниелік дегені – мешіттегі шағын құрылыс пен ара-тұра өтетін сенбіліктер, - дейді Мадияр Пірімқұлов.

Бас имам «теріс ағымдағылар» біртіндеп азайып келе жатқанын баяндағанымен, олардың нақты санын «бізге рұқсат етілмейді» деп айтпады. Аядай кенттегі жұмыстарының сипатына байланысты ма, әйтеуір олардың тартына сөйлейтіндері байқалды.

«ДАУДЫҢ БАСЫ – АҚИДА»

Теріс ағым өкілдерімен болатын әңгіме мазмұнын Ақтөбе облыстық дін істері департаменті басшысы Жолдас Қалмағамбетов қысқаша баяндап берді.

- Даудың басы - ақида. Ақида деген - діни сенім. Фикх деген мәселе де бар. Ол - діни заңдылықтар, діни канондар. Дәстүрлі Ханафи мәзхабы мен теріс ағымдағылардың фикхы пен ақидасы екі түрлі. Мысалы, намаз оқу тәсілдердің әртүрлі болуы, оның біздің дәстүрмен үндеспеуі... ең басты қиындықтар осы тұста туындайды. Одан бөлек мұсылман келбетін сақтауда да көптеген қарама-қайшылықтар бар, - дейді ол.

Досжан ишан мешіті.

Қалмағамбетов «негізгі жұмыстың мешітте жүретінін» айтады. Алайда ол «теріс ағым» өкілдерінің «үйлеріне іздеп баратындарын» да жасырмады.

- Жұма намазы, күнделікті бес уақыт намаз кезінде біз олармен кездесуге тырысамыз. Тіпті жасыратыны жоқ, кей адамдардың үйіне де барамыз. Кейде шақырусыз барамыз. Көбінесе мешіттерде сөйлесеміз, - дейді ол.

НИҚАБ КИГЕН ҒАЛИЯНЫҢ ПІКІРІ

Шұбарқұдық кентін аралаған Азаттық тілшісі сырт кейпі дін ұстанатынын аңғартатын тұрғындардан «Қай мәзхабты ұстанасыз?», «Жат ағым өкілдерін қайдан табуға болады?» деп сұрап көрді. Тілдесуге ыңғай танытқандардың барлығы да өздерінің «Тура жолда жүргенін» мәлімдеді. Солардың бірі – Ғалия есімді әйел жаулығының бір шетімен бет-аузын тұмшалап алыпты. Шағын дүкен сатушысы, жасы 40-тарға келіп қалған Ғалияның орамалдан тек екі көзі ғана көрініп тұрды.

- Мен негізі көшеге ниқаб киіп шығамын. Бірақ сауда жасаған кезде орамал ыңғайлы. Бұлай жүргеніме 10 жылдан асты. Осы жерде туып-өскен адаммын. Сондықтан да болар Шұбарқұдық халқы үйреніп кеткен. Ешкім «неге бұлай киінесің?» демейді. Сіз кепка киіп алыпсыз. Мен ниқаб киемін. Қалай киінсем де құқығым емес пе? Менде кімнің қандай шаруасы бар?! - дейді Ғалия.

Бес баланың анасы Ғалия - кезіндегі Гурьев химия училищесінің түлегі. Бірақ мамандығы бойынша жұмыс істеп көрмеген. Соңғы жылдары саудамен айналыса бастаған ол «діни сауатын ашқысы келетінін» айтады. Дүкенде қолғабыс етіп жүрген 9-10 шамасындағы қызына да дін оқытпақ ниеті бар. Әйел теологқа қатысты пікірін оның мына сөзінен аңдауға болады:

- Бірақ бізде діни сауат ашатын жер де жоқ қой. Имамдар мен олардың әйелдері Шұбарқұдықта тұрақтамайды. Бүгін бар, ертең жоқ. Мысалы, қазіргі ұстаз... Баламен алыса ма, сабақпен алыса ма? Құттай бала ауыра қалса, сабақ тоқтап қалады. Оныкі дұрыс! Әйел алдымен баласына қарауы керек. Мектептегі сияқты бір мұғалім больничныйға шықса, екіншісі оның орнына дәріс оқып жатса, қәнікей? - дейді Ғалия.

Шұбарқұдық кенті көшелерінің бірі. 14 қазан 2017 жыл.

Ол сөзін жалпы дәріс тыңдауға қарсы емес екенін білдіріп, «неге бармаймын дұрыс дәріс беретін болса» деп аяқтады.

Темір ауданының әкімі Асқар Жүсібәлиевтің дерегінше, 2017 жылдың басында ауданда теріс діни ағымды ұстанатын 509 адам болған. Қазір олардың саны- 468. Кейбір мәліметтерге қарағанда, жалпы Ақтөбе облысында «теріс ағым жетегінде жүрген» 2100 азамат бар. Олардың 775-і - әйелдер. Өңірдегі «теріс ағым» өкілдерімен жұмыс істейтін ең үлкен коммуналдық мекеме - «Аңсар» ақпараттық-насихат орталығы Ақтөбе қаласында орналасқан. Онда 22 адам жұмыс істейді. Одан кейінгі 15 адам істейтін үлкен мекеме Мұғалжар ауданында. Шалқар мен Темірде бірнеше маман бар. Теологтардың айлық жалақысы 50-70 мың теңге аралығында.

Өткен жылғы маусымда Ақтөбе қаласында қару сататын бірнеше дүкенді тонап, жергілікті әскери бөлімшеге шабуылдаған бір топ жас азаматты да билік "дәстүрлі емес радикалдық діни ағым өкілдері" деп сипаттаған.

ВИДЕО: Ақтөбедегі шабуылға бір жыл толды (2017 жыл 5 маусым)

Your browser doesn’t support HTML5

Ақтөбедегі қарулы шабуылға бір жыл толды