Наурыздың 16-сы күні күндіз сағат 11-де түсіріліп, «Хабар» телеарнасынанкешкі 22:30-да көрсетілген, алты саяси партия өкілі қатысқан, эфирден ұзақтығы 90 минут болып берілген сайлауалды дебаты Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) бекіткен үш бөлімнен тұрды.
Your browser doesn’t support HTML5
Партия өкілдері 1-кезеңде «Әлемдік және отандық экономика ахуалы» деген тақырыпта ойларын айтты. Мұнан соң партия өкілдері бір-біріне бір сұрақтан қойып, жауап берді. 2-кезеңде «дебатшылар» «инфрақұрлым жағдайын» айтып шықты. Одан соң «Хабар» тілшілері бәріне бірдей «көлік логистикасына қандай инновациялық жоба ұсынасыздар?» деген сұрақ қойды. 3-бөлімде партия өкілдері сайлаушыларға үндеу жасады. Сөйлеушінің әр қайсысына екі минут, ал сұрақ қоюына 25 секунд берілді. Тақырыптан ауытқыған жағдайда микрофон өшірілетіні алдын ала хабарланды. Қалаған тілде сөйлеуге еркіндік берілді.
КӨРЕРМЕН ПІКІРІ
Алматыда тұратын сайлаушы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев наурыздың 16-сы күні «Хабар» телеарнасынан көрсетілген сайлау дебатына «көңілі толмағанын» айтады. «Сайлау мәдениетінің әлі дамымағанына көзім жетті» деген ол сөйлеушілерге уақыт аз берілгенін айтады.
- Дебат деген шоу ғой. Ол тікелей эфирде өтуі тиіс. Жанды сұрақтар талқылануы керек. Елде шешілмеген мәселе көп. Ішкі саясат, демография, көші-қон, жастар мәселесі, жетіп жатыр. Ал дебатта қойылған сұрақтың түрі - логистикаға қандай инновациялық жоба ұсынасыз? Инновация ұсыну – үкімет жұмысы. Партиялар қоғамдағы маңызды мәселелерге, мысалы, жемқорлықты жою жолдарын ұсынуы қажет. Көңілге қонымды бір мәселе естімедім. Мектептегі ашық сабақ секілді,- дейді ол.
Бейсебаев «дебатты қазақ тілінде бөлек, орыс тілінде бөлек өткізу керек. Елде қазақша және орысша түсінбейтіндер көп» деген пікірін де білдірді.
ДЕБАТҚА ҚАТЫСҚАНДАР ПІКІРІ
Ал дебатқа қатысып шыққан «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев «дебат кезінде өзіне уақыт жетпей қалғанын» айтады.
- Бизнес адамы ретінде логистика тақырыбы маған оңай. Бірақ оны түсіндіріп айтуға екі минут аз. Сұрақ қоюға 25 секунд берілді. Партиялар отандық өнімді қолдау жайын айта бастапты. «Нұр Отан» мен Қазақстан халықтық коммунистік партиясы (ҚХКП) өкілдерінен мемлекеттік сатып алу заңын қарастырғанда жобадағы «отандық тауар» сөзін алып тастауды неге жақтап дауыс бергендерін сұрағым келді. Бірақ біріне сұрақ қоюға мүмкіндік болмады. 25 секундта сұрақтың мән-жайын түсіндіре алмайсың,- дейді ол.
Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) өкілі Зәуреш Батталова өзі қатысқан шараны «дебат деп санамайтынын» мәлімдеді. Оның ойынша, шын дебат тікелей эфирден беріліп, оған қоғам белсенділері қатысуы қажет және партия жетекшілері белсенділер сұрақтарына жауап беруі шарт.
- Бұл дебат емес, жай ғана таныстыру болды. ЖСДП-ға ақпараттық қолдау аз болғандықтан және телеарналар біздің шараларды көрсетпейтіндіктен, осы алаңды пайдалануға тура келді. Онан бөлек, дебатта талқылайтын тақырыпты ОСК бекітетіні дұрыс емес, - дейді ол.
Дебаттың өтуі мен форматына қатысты «Ауыл» партиясы төрағасы Әли Бектаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, ҚХКП өкілі Владимир Косарев және «Бірлік» партиясы өкілі Роза Қуанышбаевалармен хабарласып, пікірлерін алу мүмкін болмады.
Ал астаналық саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірінше, «нақты бағдарламасы мен оны жүзеге асыратын жолы бар саяси партия үшін дебаттың форматы мен тақырыбы маңызды емес». Ол кешегі дебатта «Нұр Отаннан» өзге саяси партиялар популистік ұран көтергенін байқаған.
- Әр партия өзін көрсетуі керек. Өзге партияға қарсы үгіт жүргізу дұрыс емес, - дейді ол.
Мәжілістің ерте сайлауына Қазақстандағы алты саяси партия қатысып жатыр. Сайлаушылар оларға 20 наурыз күні дауыс береді. Қазақстан парламенті мәжілісі сайлауы мерзімінен бұрын өтіп жатыр. «Нұр Отан» партиясы мәжіліс сайлауына ең көп үміткер ұсынды - 127 кандидат. «Ақ жол» - 35, ЖСДП - 23, ҚХКП - 22 кандидат, «Ауыл» - 19, «Бірлік» – 8 кандидат ұсынып отыр.
2012 жылы қаңтар айында өткен парламенттік сайлауда да осындай теледебат өткізілген еді. Оған сайлауға түскен жеті партия өкілдері қатысып, «Экономика- ел табысының негізі» және «Қазақстандағы адам капиталын дамыту» тақырыптарына сөз жарыстырған.