Теміртаудың бірінші классикалық лицейі директоры Игорь Пашин өзіне тәртіптік жаза тағайындаған қалалық білім бөлімі "қатыгездік" танытты деп біледі. Бұйрықта директорға бірінші сөгіс "мектепте тамақ беруді дұрыс ұйымдастырмағаны, қарауындағы мекемеде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді дұрыс бақыламағаны және лауазымдық міндеттемелерін орындамағаны үшін" берілгені жазылған.
Екінші рет ол "тәртіпті өрескел бұзғаны, ауа-райы қолайсыз кезде оқуды тоқтату ережесін сақтамағаны" үшін қатаң сөгіс алған. Пашин екі жағдайда да өзін кінәлі санамайды, сондықтан жазаның күшін жоюды сұрап сотқа талап-арыз түсірген.
"БҰРЫН СОҢДЫ БОЛМАҒАН ЖАҒДАЙ"
Талапкер ата-аналар мен оқушылар мектеп асханасындағы астың дәмсіз әрі сапасыз екенін айтып шағымданған соң шәкірттерге ас дайындайтын жеке кәсіпкердің үстінен шағым түсіріп, онымен келісімшартты бұзуды талап еткен өз іс-әрекетін дұрыс деп санайды. Ата-аналардан да шағым түскен.
Дау-дамай ұзаққа созылып, екі жақтың көптеген арыз-шағымдары бойынша тексерулер жүргізіліп, жазалау шаралары қолданылған. Қорытындысында кәсіпкермен келісімшарт бұзылған, наурыздың 1-інен бастап аталған жеке кәсіпкер лицей асханасында жұмыс істемейді. Бірақ оған дейін лицей директоры Игорь Пашинге бірінші рет сөгіс жарияланған.
- Екі жылдан бері білім беру бөлімінде мектептегі тамақ беру мәселесін бақылайтын адам жоқтығынан осындай жағдай қалыптасты. Білім бөлімі бұл мәселені шешуге тырыспайды да. Оларға балаларды қалай тамақтандырып жатқаны бәрібір секілді, маған сөгіс бергенге дейін де, одан кейін де ол мәселеге бастарын қатырмады, - дейді Игорь Пашин.
Екінші рет Пашинге қатаң сөгіс берілген. Сабақ басталмай тұрып ауа-райы бұзылғанын көрген Игорь Пашин 1-11 сыныптарға оқуды тоқтата тұруды ұйғарып, ол жөнінде таңертең оқушылар мен ата-аналарға хабарлаған. Талапкер оқушылардың өмірі мен денсаулығына алаңдағанын айтады.
Бірақ Пашинге 2017 жылғы желтоқсанның 25-і күні көктайғақ болғанда өз бетімен оқуды тоқтатқан және ол сабақтарды каникул уақыты саналатын келесі күні өткізбек болған деген негізбен тәртіптік жаза шарасын қолданған. Талапкер сол күні қайтадан бұйрық шығарып, онда сабақтың каникул кезіне түспеуін тапсырғанын айтады.
- Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай, тәртіптік жаза – ең соңғы шара. Лицей мен оның оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп келеді, сол үшін оларды марапаттау қажет, ал бұлар болса жазалауға себеп таппай отырғандай әсер қалдырады. Қазіргі таңда біреу өз құқығын қорғауға тырысса, оған дереу басқаша қарайды. Лицей – өз алдына жеке заңдық тұлға, ал білім бөлімі онымен ынтымақтас болуға, түсіндіруге тырысуы керек. Бір қарағанда, бұл жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы әдеттегі дау тәрізді, бірақ бұдан жүйедегі қателікті, мемлекеттік мекемелердің лауазымдық міндеттемелерін дұрыс орындамайтындығын көреміз, - дейді Азаттыққа лицей директорының мүддесін қорғаушы заңгер Кәміл Кәрімов.
"БҰЛ ДАУДЫ БҮКІЛ ЕЛ ЕСТІДІ"
Наурыздың 6-сы күні өткен сот отырысында тараптар істі сотқа жеткізбеуге болатын еді деген пікір айтты.
- Сотқа дейінгі отырыста біраз уақыттан соң әлгі бұйрықтардың күшін жоюға болатыны туралы әңгіме болды, Пашин де соған келісті. Бірақ кейін осы талап-арыз пайда болған соң дау бүкіл елге тарап кетті, - деді жауапкердің өкілі.
- Олай емес, - деп қарсы уәж білдіреді талапкер Игорь Пашин. — Маған еңбек сіңірсеңдер бұйрықтың күшін жоямыз деді. Лицейдің сіңірген еңбегі жетерлік: олимпиада мен байқауларда жеңімпаз атанғанбыз. Бірақ одан ештеңе өзгермеді, бұйрықтың күшін жоймады. Сондықтан сотқа жүгінуге мәжбүр болдым.
Теміртау қалалық білім бөлімінде 20 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан, соның 15 жылында тамақтандыруды ұйымдастыру мәселесін қадағалаған куәгер Татьяна Зорина мектепте тамақ беру ылғи күрделі мәселе болғанын, ал мектеп штатындағы аспаздарды қысқартып, тамақ беруді мемлекеттік сатып алу арқылы ұйымдастыру тәртібі енгізілгелі бері бұл мүлде қиын проблемаға айналғанын айтады.
- Даудың мәнін онша түсінбедім. Лицей директорының ісі дұрыс болса да бұның бәрін түсініксіз жанжалға айналдырып жіберді. Бірақ лицей директорын не үшін кінәлі етіп отыр? Тамақ беру жайына келсек, директор қазан түбіне үңіліп, қаспағына шұқшиюға міндетті емес. Ол үшін арнайы мейірбике (емханадан жіберілген – Азаттық) мен өндіріс меңгерушісі (тамақтандыру қызметін көрсететін жеке кәсіпкердің жұмысшысы - Азаттық) бар. Сабақ өткізбегені үшін берілген қатаң сөгіске келсек, біреуді ниеті үшін жазалағанды бұрын-соңды естімеппін. Оның үстіне, оқуды тоқтатқан кезде нормативтер болмаған, олар тек кейін, сот барысында пайда болған, - деді сотта куәгер Татьяна Зорина.
Сотқа тағы бір куәгер ретінде шақырылған мейірбике тамақ сапасына жауапты екенін, күнде таңертең және түскі ас алдында ас-судың сынамасын алатынын айтты.
- Қыркүйекте асханаға ескертулер жасалған. Ескертулері бар баянхат жазғанмын, - деді мейірбике Айдана Ахметова.
Талапкердің сұрағына берген жауабында куәгер бірде асханадан ішкен түскі астан кейін өзін нашар сезінгенін, бірақ ешкімге шағымданбағанын растады. Алайда сот тергеуі соңында ол "асхана қалыпты жұмыс істеп тұр" деді.
Қалалық білім бөлімі жетекшісінің орынбасары міндетін атқарушы Айгүл Жұмабаева тараптардың қойған сауалдарына жауап берген кезде белгілі бір уақытқа дейін тамақтануға қатысты ешбір сын-ескерту болмағанын, арыз-өтініштер кейін пайда болғанын айтты. Ал жауапкер сотқа куәгер ретінде шақыртқан Айгүл Жұмабаева лицейде сабақты тоқтатып, оны басқа күнге ауыстыруды "балалар құқығын бұзу" деп атады.
Қазір Теміртаудың бірінші классикалық лицейі директоры Игорь Пашиннің талап-арызы бойынша сот процесі қызу жалғасып жатыр. Сотта екі жақтың да негізгі куәгерлері жауап беріп, іс-әрекеттерінің заңды болғанын дәлелдеуге тырысып жатыр.
Әдетте қазақстандық мектептер мен оқу орындарында мұғалімдер жоғарыдағы басшылықтың шешіміне қарсы келмейді. Педагогтар басшылыққа сирек жағдайда – оларды міндетіне жатпайтын көлденең шаруа атқаруға мәжбүрлеген кезде, соның ішінде ауыр дене еңбегін істетіп, сенбіліктерге, сайлауалды іс-шараларға салған уақытта наразылық білдіреді.