Теміртаудағы «Назарбаев мұражайы» қатты қарқынмен салынып жатыр

Мұражай құрылысы. Теміртау, 2011 жылдың сәуірі.

Теміртауда үлкен мұражай құрылысы салынып жатыр. Оны президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мұражайы деп атап кеткен.

Жергілікті мұражай директоры жаңа мұражай үшін материал жинап жатқан ғылыми қызметкерлеріме ақы төленбей отыр деп шағым айтады.

ТАҒЫ БІР МҰРАЖАЙ

- Облыстық мәртебе алатын жаңа мұражайдың құрылысына керек қаржы Қарағандыдағы «Нұрлы Магнитка» қоғамдық қорынан бөлінді, - дейді Теміртау қалалық құрылыс, сәулет және қала салу бөлімінің бастығы Гүлмира Күсенова.

Бұл қор - тапсырыс беруші, ал құрылыс жұмыстарын жүргізетін - жергілікті мердігер ұйым. Қала ортасында Металлургтер монументі маңында салынып жатқан жаңа мұражай «қаланың бетке ұстар дүниесі болмақ» дейді Гүлмира Күсенова. Биліктегілер бұл жаңа құрылысты «Металлургтер қаласының
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Теміртауда салынатын мұражайының макеті.
мұражайы» деп аталады десе, халық арасында бұл нысан «Назарбаев мұражайы» аталып кеткен.

- Мұражай құрылысы тәулік бойы жүріп жатыр, құрылысшылар үш ауысыммен жұмыс істейді, - дейді Гүлмира Күсенова.

Оның айтуынша, Теміртау тұрғындары мен қонақтары жаңа мұражайдағы тарихи жәдігерлермен Қазақстанның тәуелсіздік күні қарсаңында танысуы үшін аталған нысанды биылғы жылғы қазан айының соңына дейін тапсыру жоспарланған.

- Бір айта кететін жайт, жергілікті билік алғашында бұл нысанды Назарбаев мұражайы деген еді. Өйткені оның кәсіби қызметі осы қаладан бастау алды ғой. Бірақ кейінірек мұражай экспозициялары металлургтер мен қаланың қалыптасуына арналады, - дегенді қосып қойды.

Теміртау қалалық құрылыс, сәулет және қала салу бөлімінің бастығы Гүлмира Күсенованың Азаттық радиосының тілшісіне айтуынша, жоба бойынша бұл – жертөле қабаты бар екі қабатты ғимарат болмақ. Мұнда оқу залы мен бірқатар әкімшілік-тұрмыстық бөлмелер болады.

- Бірінші қабатта эстрадасы мен 189 орынға арналған балконы бар кинолекция залы, келіссөздер залы, 95 адамға арналған конференц-зал, сонымен бірге бірқатар әкімшілік-тұрмыстық бөлмелер болады. Екінші қабат алты көрме залынан тұрады. Ғимараттың биіктігі – 15 метр 590 сантиметр. Жұмыс кестеге сай жүруде, бірақ мәселе қаржыландыруға байланысты болып отыр, қаржыландыру қиындау жүруде, - дейді Гүлмира Күсенова.

ҚАРБАЛАС ЖҰМЫС

Мұражайды жасақтау туралы шығармашылық жұмыспен Теміртаудағы тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкерлері айналысып жатыр екен. Теміртаудағы тарихи-өлкетану мұражайының директоры Наталья Скорикованың айтуынша, олар мұражайдың концепциясы мен көркемдік жобасын жасаған, экспонаттарды даярлаған. Бірақ бұл іске олардың үлкен үлес қосып жатқандарын жергілікті шенеуніктердің ешқайсысы тіпті айта кетуді де қажет деп таппаған.

Наталья Скорикованың айтуынша, бүкіл негізгі жұмыстарды атқараған - ғылыми қызметкерлер:

- Мұражай қызметкерлерінің жетекшілігімен экспозицияны құрудың сәулеттік-көркемдік жобасы жасалады. Ал сәулетшілер ғимаратты жобалаушылармен ғана
Теміртау қалалық құрылыс, сәулет және қала салу бөлімінің бастығы Гүлмира Күсенова, сәуір, 2011 жыл.
жұмыс істеп, мұражай тектес ғимараттарға қойылатын талапқа сәйкес нысан құрылысын салумен ғана айналысып жатыр. Демек, онда тұратындардың барлығын біз жасаймыз.

Оның айтуынша, қазір Теміртау мұражайының бірнеше қызметкері материалдар жинау үшін іссапарда жүрген көрінеді. Оның ішінде Нұрсұлтан Назарбаев дүниеге келген Шамалған (қазіргі уақытта Үшқоңыр деп аталады) ауылында жүр.

- Ол жақтан құжаттар, фотосуреттер, естеліктер, т.б. жинайды. Бұл мүлдем өзгеше мұражай болмақ. Біздің олармен ортақ тақырыбымыз жоқ. Әзірге бұл жекеменшік мұражай. Мұражай ашылған соң біздің тағдырымыздың не болары белгісіз, барлығы мықтылардың шешіміне байланысты болады, -дейді Азаттық радиосына Наталья Скорикова.

«Металлургтер қаласының мұражайы» ресми түрде қоғамдық қордың қаржысына салынып жатқандықтан, әзірге ол жекеменшік мәртебеге ие. Содан соң мұражайды Қарағанды облысының иелігіне бермек дейді Теміртау қалалық құрылыс, сәулет және қала салу бөлімінің бастығы Гүлмира Күсенова.

Болашақ мұражайдың сызбасын жасау ең қиын жұмыс деп есептейді Наталья Скорикова. Өйткені, жоқтан үлкен дүние жасап шығару керек. Теміртау мұражайы ғылыми қызметкерлерінің жұмысына ақы төленбей отыр, олар қоғамдық жұмыста жүрген адам сияқты дейді ол. Оның айтуынша, мұражай қызметкерлері бірнеше айдан бері демалыссыз, кеш батқанша осындай қосымша жұмыс істеп жүр.

Жақын арада жаңа мұражай ғимаратының сыртын әрлеу мен ішін безендіру жұмыстары басталмақ. Залдардың бірінде домна пеші сияқты нәрсе тұрады. Бұл жерде металдың қалай құйылып жатқанын көруге болады дейді. Бірақ құрылысшылар да, дизайнерлер де әзірге барлық құпияны ашпай отыр. Олар келушілерді қызықтыра түсу үшін кейбір дүниелерді әзірге құпия ұстап тұрамыз дейді. Ғимараттардың барлығы бір сәулет стилінде болуы үшін мұражай маңында тұрған нысандарды да өзгерту жоспарланған.