21 қазан күні Қазақстандағы сайттарда президенттің "кейбір актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жарлығы жарияланып, соңынан алынып тасталды. Ал ресми баспасөзде бұл "өзгерістер мен толықтырулар" туралы хабарланбады.
"КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН"
Президент Тоқаев биылғы 9 қазанда қол қойған жарлық сол күннен бастап күшіне енген. Жарлыққа сәйкес президенттің елдегі кейбір министрлер мен облыс әкімдерін бұрынғы президент, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қуаттауымен ғана тағайындайтыны айтылған.
Президенттіктен кетер алдында Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құзіретіне ие болған Назарбаевтың келісімімен тағайындалатын лауазымды қызметтердің қатарында бас прокурор, ҰҚК төрағасы, ұлттық банк төрағасы, кейбір министрлер, облыс әкімдері, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімі, президентке бағынатын және есеп беретін орган басшылары бар.
Бұл туралы Азаттық сауалына жауап берген мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл президент Тоқаевтың "азаматтық қоғам пікірімен санаса отырып, өзінің құзіретін толыққанды орындап, санаулы аса маңызды мәселемен ақылдасқанын" әбес көрмейтінін айтады. Мәжілістің өзге де депутаттары "кеңесіп пішкен тон келте болмас" деген мәтелді ауызға алып, мәселенің заңдық жағы, Конституцияға сәйкестігі туралы айтпауға тырысқан.
"ТОҚАЕВҚА СЕНІМСІЗДІК"
Ал оппозициялық саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы президент Тоқаевтың "кейбір актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ерекше жарлыққа қол қоюын "өзін-өзі тежеу" деп бағалайды. Оның айтуынша, мемлекет басшысының өзін-өзі тежеуі қазіргі жағдайдың қандай екенін көрсетіп отыр.
- Бұл бұрынғы президент Назарбаевтың "екі билік жоқ" деген сөзінің жалған екенін көрсетеді, - дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Ол осы әрекеттен Назарбаевтың биліктен кеткісі келмей отырғанын және оның өзі президенттікке ұсынған Тоқаевқа сенбейтінін көруге болады деп санайды.
- Тоқаев өзгеріс жасау ниеті бар екені мәлімдеді және соған кірісе бастады. Бәлкім, осының өзін Назарбаевқа ұнамай қалған шығар,- деген Рысбек Сәрсенбайұлы бұрынғы президент үшін қазіргі президентті орнынан алып тастау аса қиын емес деп есептейді.
66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 9 маусымында өткен кезектен тыс президент сайлауында ресми мәлімет бойынша 70 пайыздан астам дауыспен президент болып сайланған. Алайда бұл сайлауды ЕҚЫҰ "негізгі бостандықтар" шектеліп, "сыни пікір айтқандар" қысымға ұшырады деп бағалады. ЕҚЫҰ 4 қазанда жариялаған қорытынды есебінде Қазақстанның орталық сайлау комиссиясының сайтында сайлау кезіндегі хаттамаларды жариялауға шақырды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ЕҚЫҰ Қазақстанға сайлау комиссиясы хаттамаларын жариялауға кеңес бердіСайлау қалай өткеніне қарамастан Қазақстан қоғамында "қос билік" туралы айтыла бастаған. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев таяуда "Хабар" ресми телеарнасына берген сұхбатында осы туралы сұраққа да жауап берген. "Мұндай өсекті Қазақстанда тұрақтылық болғанын қалмайтындар айтады. Біздің қашқындар, отанын сатқандар халықтың тыныштығын бұзғысы келеді. Қос билік бар деуге ешқандай негіз жоқ" деген Назарбаев. Ол осы сұхбатында президент Тоқаевтың өзімен ақылдасатынын, ондайда "өз тәжірибесінен кеңес беретінін" айтқан.
АҚОРДАНЫҢ ТҮСІНДІРУІ
21 қазанда аталған жарлық туралы кейбір сайттарда ақпарат жарияланып, соңынан қайтадан алынып тасталғанда және әлеуметтік желіде талқыланып жатқанда Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebook парақшасы арқылы түсінік беруіне тура келді. Оның айтуынша, жарлыққа былтыр қабылданған Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заңның ережелеріне сәйкес қол қойылған. Лауазымды тұлғаларды тағайындаудағы келісім тәртібі президенттің барлық кадрлық мәселелер бойынша өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтірмейді деп түсіндіреді президенттің баспасөз хатшысы.
Бірақ Берік Уәли бұл туралы ақпараттық материалдардың сайттардан неге алынып тасталғанына түсінік бермеген.
Қазақстанды 30 жылдай басқарып, биыл президенттіктен кеткен 79 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың шілде айында қабылданып, өзі қол қойған Қауіпсіздік кеңесі туралы заңның негізінде осы кеңесті өмір бойы басқару құқығына ие болған. Бұл заң сол кезде ресми мәлімет бойынша Конституциялық кеңесте қаралып, "заңға сәйкес" деп те танылған.