Accessibility links

ЕҚЫҰ Қазақстанға сайлау комиссиясы хаттамаларын жариялауға кеңес берді


Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірі. 9 маусым 2019 жыл.
Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірі. 9 маусым 2019 жыл.

Қазақстанда 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауы кезінде "негізгі бостандықтар" шектеліп, "сыни пікір айтқандар" қысымға ұшырады. Бейбіт жиналу құқығының шектелуі "шынайы саяси плюрализмге кедергі жасады". Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) қорытынды есебінде Қазақстандағы алтыншы президент сайлауына осылай деп баға береді.

4 қазанда жарық көрген құжатта сайлау күні бақылаушылардың бюллетеньдерді топтап салу сияқты заңбұзушылықтарға куә болғаны, кейбір учаскелерде қажетті процедуралардың сақталмағаны жазылған.

Батыс бақылаушылары сайлау күні Қазақстанның ірі қалаларында ​ полицияның бейбіт шеруге шыққан адамдарды​ ұстағанын жазады. (Ресми дерек бойынша, 9-12 маусым аралығында Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында шамамен төрт мың адам ұсталған. Шеруге шыққандар сайлау қорытындысына наразы болып, әділ сайлауды талап етті).

ЕҚЫҰ қорытынды есебінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруға заңнамалық тұрғыда кедергі жасайтын шектеулерді алып тастауға кеңес береді. Бұдан бөлек, сайлау комиссияларында неғұрлым көбірек саяси партиялардың болуына жағдай жасау, жазасын өтеп жатқан тұтқындардың сайлауға қатысуына мүмкіндік беру, үміткерге қойылатын кейбір талаптарды алып тастау (мемлекеттік қызметте тәжірибесі болу, Қазақстанда 15 жыл тұру сияқты), бейбіт жиын өткізу үшін рұқсат сұрамайтындай заңға түзету енгізу, жала жабу бабын Қылмыстық кодекстен алып тастау сияқты ұсыныстар бар.

Бұған қоса, ЕҚЫҰ сайлау процесіндегі ашықтық мәселесіне де мән береді. Ұйым орталық сайлау комиссиясының сайтында сайлау комиссиясы хаттамаларын жариялауға шақырады. (Мұндай ұсынысты бақылаушылар да айтқан, бірақ ОСК ұсынысқа жауап бермеді).

ЕҚЫҰ Қазақстанның бұған дейін адамның негізгі құқықтар мен бостандықтары, үміткерлер құқығы мен баспасөзбен байланысты кеңестерді орындамағанын да еске салады.

Есеп авторларының жазуынша, Қылмыстық кодекстегі бірқатар тармақтар, оның ішінде "заңсыз митингі", "әлеуметтік алауыздық қоздыру", "жалған ақпарат таратумен" байланысты пунктер пікір айту құқығы, жиналу еркіндігі, ақпаратқа қол жеткізу құқығы, саяси өмірге араласу сияқты Конституцияда жазылған азаматтардың негізгі құқықтар мен бостандықтарын шектейді.

9 маусымда өткен президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңді. ОСК дерегінше, Тоқаев 70 пайыздан астам дауыс алды. Оның "басты қарсыласы" деп аталған "Ұлт тағдыры" қозғалысының кандидаты Әміржан Қосанов 16,23 пайыз дауысқа ие болды. Қалған үміткерлер 13 пайыздан кем дауыс алды. ОСК сайлауға сайлаушылардың 77 пайызы қатысты деді.

66 жастағы Тоқаев сайлау алдында "сайлау ашық әрі әділ өтеді" деп уәде берген. Сайлаудан кейін "бұл мақсатқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық" деді. Оппозициялық белсенділер сайлау әділет етпеді, бәсеке болмады деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG