Қазақстанға туризм арқылы келген қаржыдан кеткен қаржы көп

Қарағанды облысындағы Бектау ата тауы. 15 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан билігі өткен жылы елге 3,4 миллион шетелдік азамат келгенін, 5 миллионға жуық Қазақстан азаматы шетелге саяхаттап барып қайтқанын айтып отыр. Бірақ мамандар туризм саласында шешімін күткен мәселелер аз еместігін айтады.

Қазақстандағы туризмді дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама да аяқталуға таяп қалды. Биліктің мәлімдеуінше, Қазақстанға миллиондаған саяхатшы келіп, миллиондаған қазақстандық ел ішінде, шетелде демалады. Расында да солай ма?

2009 жылы халықаралық туризм саласына жаһандық экономикалық дағдарыс салқыны көбірек тиді, сөйтіп туристік айналым көлемі төрт пайызға қысқарды. «Халықаралық туризм барометрінің» алдын ала жасаған есептеулеріне қарағанда 2010 жылы халықаралық туризм қалпына келе бастаған. Ал Дүниежүзілік туристік ұйым халықаралық туристік барыс-келістердің жеті пайызға жуық өсіп, 935 миллион долларды құрағанын хабарлады.

Туристік әлеуеті өте зор Қазақстанда қазір туризмнің сауықтыру-емдеу саласынан бастап, спорттық, танымдық және діни түрлері бар. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Таңбалы тас петроглифтері, Сарыарқа (Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері), Наурызым және Қорғалжын қорықтары ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұраслары тізіміне енгізілген.

Бұрынғы туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов биыл 28 наурызда осы министрліктің 2010 жылы атқарған жұмыстарының қорытынды есебін шығарды. Бұл есепке қарағанда, туристердің жалпы саны 11,4 миллион адамға жетіп, ішкі туризмнің көлемі 15,7 пайызға өскен (3,4 миллион адам); сыртқа шығатын туристер 9,1 пайызға ұлғайған (4,8 миллионнан астам адам); келушілердің саны 3,4 миллион адамға жеткен. Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 28 пайызға өсіп, 107,5 миллиард теңгені құраған. Туризмнен түсетін табыс 15,3 пайызға көбейіп, 78 миллиард теңгеге артқан.

МӘСЕЛЕ ШЕШІЛМЕЙ ҚАЛДЫ

Сол кездегі министр Досмұхамбетовтың есебіне қарағанда, Қазақстанның әрбір екінші азаматы шетелге шығып қайтқан, Қазақстанның әрбір бесінші азаматына бір шетелдік туристен келген.

Ресми билік орындарының есебінше, іскерлік, кәсіби немесе коммерциялық мақсаттармен сапар шеккен, демалысқа, қонаққа, емделуге, киелі орындарға барған адамдардың бәрі - саяхатшы. Бұл қисынға жүгінсек, 2010 жылы Қазақстанға ЕҚЫҰ саммитіне келген қонақтарды, журналистерді, үкіметтік емес ұйым өкілдерін де саяхатшы деуге тура келеді.

Салыстыру үшін айта кетейік, Италияда әрбір алты азаматқа бір саяхатшыдан келеді. Росстаттың деректеріне қарағанда, кедендік одақтың мүшесі және Қазақстанмен көршілес жатқан Ресейді 2010 жылы 22,3 миллион шетелдік азамат аралаған, оның 2,1 миллионнан сәл ғана астамы ғана туристік сапармен келген.

Орта есеппен алғанда, әрбір турист Қазақстанға 6842 теңге немесе 47 доллар табыс кіргізген.

Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, өткен жылы Қазақстанда 1252 туристік фирма жұмыс істеген. Олар бас-аяғы 460 мыңға жуық адамға қызмет көрсеткен. Оның ішінде туристік саяхатпен кеткендер (резиденттер) шамамен 260 мың адам болса, келгендер (резидент еместер) шамамен 40 мыңға жуықтайды. Ішкі туризм 160 мың адам есебінен жүрген. Турфирмалар атқарған жұмыстар мен қызметтердің көлемі 15 миллиард теңгені құраған, соған қарамастан қонақүйлер небәрі 21,3 пайызға ғана толған.

Сонымен бірге, мамандардың пікіріне қарағанда, туризм саласының Қазақстан экономикасына жасайтын ықпалы шамалы. Статистика агенттігінің мәліметін негізге ала отырып, 2010 жылы Қазақстанның үлесіне дүниежүзілік туристік айналымның 0,5 пайызы ғана тиген деген қорытынды шығаруға болады.

Бұрынғы спорт және туризм министрі Темірхан Досмұхамбетовтың есебі мен ресми статистика деректерінің арасындағы көптеген айырмашылықтарға енді жаңа министрдің жауап беруіне тура келетін шығар.

МОЛ ҚАРЖЫ КЕРЕК

Қалай болғанда да турфирмалар қызмет көрсеткен туристердің саны 2003 жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Оның ішінде шетелге саяхаттайтын Қазақстан азаматтары үш есе көбейген, ал ішкі туризмде жүргендері 1,8 есе өскен. Алайда біздің елімізге келетін туристердің саны 2003 жылғы деңгейден аспаған. Өткен жылы турфирмалар әрбір туристке орта есеппен 220 доллардан астам қажыға қызмет көрсеткен.

Туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның мерзімі биыл аяқталады. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен шамамен 60 миллиард теңге жұмсау көзделді.

Бірақ Қазақстанда туризмді әрі қарай дамыту үшін лайықты инфрақұрылымы мен білікті кадрлары бар жаңа қонақүйлер, санаторийлер мен пансионаттар, спорттық-сауықтыру нысандары, жағажайлар салынуы тиіс. Оның арасында орта санаттағы туристерге арналған нысандар салуды да естен шығармау керек. Мұның бәрі де қомақты қаржыны қажет етеді. Спорт және туризм вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуына қарағанда, қажетті инвестицияның көлемі төрт-бес миллиард долларды құрайды.

Бірақ шенеуніктің бұл сөзінен кейін де қазақ туризміне салынуы тиіс инвестиция төңірегіндегі сауалдарға жауап табыла қойған жоқ. Шетелдік капитал тартыла ма, әлде билік жергілікті қаржымен-ақ шеше ме, жеке бизнес үлестік пайызбен қатыса ма, не болмаса шығынның барлығын мемлекет өз мойынына ала ма деген сұрақтардың дәлме-дәл жауабы айтылмай отыр. Әйтеуір осындай өзекті проблема барлығы және оның шешімін табу керек екені ғана мәлім.

Сондай шешімдердің бірін бұрынғы туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов 2011 жылы 21 ақпанда өткен алқа мәжілісінде жариялады.
newskaz.ru интернет-порталы «Туризмді дамыту үшін тиісті заңдарға өзгерістер енгізіп, белгілі бір жеңілдіктер жасау керек. Қай салаға жеңілдік жасап, кімді салықтан босату, қандай инвесторлар керектігі және олардың біздің елімізде қандай жағдайда жұмыс істеуі тиістігі жөнінде үкіметке ұсыныс енгіземіз», – деген Темірхан Досмұхамбетовтің сөзін келтірді.

БАСЫМДЫҚТАР

Мемлекет қалтасына елеулі табыс түсіретін ішкі және сыртқы туризмді дамыту қажеттілігі анық. Туризм және спорт вице-министрі Қайырбек Өскенбаев: «Егер орта есеппен алар болсақ, теңізге баратын турист күніне 40 еуро жұмсаса, тауға шығатын туристер күніне 250 долларға дейін жұмсайды. Сондықтан біз адамдардың аз келгеніне қарамастан әлемдегі жетекші туристік державалардың қаржысын түсіре аламыз. Ішкі туризмді дамытуға да әлеуетіміз жетеді» деді.

Сонымен қатар вице-министр Франция мен Қазақстанның тау шаңғылы курорттары туралы салыстырмалы деректерді келтірді. Францияда тауға тасымалдайтын құрылғылар күніне 250 мың демалушыны таси алатын болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 1080 адам ғана. Әлемнің тау шаңғылы курорттарындағы шаңғы жолдарының жалпы ұзындығы 300-450 шақырым болса, Шымбұлақтағы жолдың ұзындығы - небәрі 35 шақырым.

Қазіргі қазақ турфирмалары әлі күнге дейін шетелге турист жөнелтумен шұғылданып отыр. Елге келетіндер мен шетелге кететіндердің арасында 6,6 есе айырма бар. Сірә, оларға туризмнің кез-келген түрін қабылдай алатын, бағасы да аса қымбат емес және қызмет көрсету саласы жоғары шетелдік турларды жарнамалаған оңтайлырақ болуы керек. Қазақстаннан елеулі қаржының сыртқа кетіп жатқандығының бұл да бір белгісі.

Басқа елдер Қазақстанды табиғи қорларға, әсіресе мұнайға бай ел ретінде таниды. Шетелдік туристерді елге тарту үшін үлкен жарнама жасалуы қажет екені анық. Қазақ жерінің мәдени, діни, тарихи құндылықтарын кәсіби тұрғыдан сауатты насихаттаса, шетелдік туристердің де қызығары сөзсіз.

Елдің жағымды имиджін жасау үшін мол қаржы керек. Қазақстандық турфирмалар мұндай қаржы жұмсауға дайын ба және соған орай мемлекеттің қолдауына сүйене ала ма?

Қазақстанның кез-келген адам келіп-кете алатын еркін де құқықтық мемлекет ретіндегі образын жасау – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Әрине, ол үшін мемлекет бірінші кезекте шетелдіктерді де, өз азаматтарын да құқықтық тұрғыдан қорғау саласында үлкен жұмыстар жүргізуі қажет.