Travelsystem компаниясы «нарықта компанияның тұрақсыздығы туралы қауесет тарауына байланысты соңғы екі аптада сатылымның болмауынан осындай мәжбүрлі шешімге бардық» деп мәлімдеді. Хабарлама соңында Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының кейбір өкілдерінің аты-жөні жазылған.
Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығы өкілі Денис Кривошеевтің айтуынша, Travelsystem компаниясының туристік жолдамасымен шетелге ұшып кеткен жүздеген қазақстандыққа қонақүйден шығып қалу қаупі төнген. Жолдама сатып алған, бірақ демалысқа әлі аттанбаған клиенттер де қиындыққа тап болуы мүмкін.
Инвестиция және даму министрлігі қазір бұл мәселемен айналысатын жедел штаб құрылып жатқанын хабарлады. Бұл министрлікке қарасты туризм индустриясы департаменті директоры Тимур Дүйсенғалиевтің хабарлауынша, вице-министр Жеңіс Қасымбек басқаратын штаб құрамына министрлік, азаматтық авиация, әуе компаниялары, сыртқы істер министрлігі (СІМ) және кәсіпкерлер палатасы өкілдері кірген.
– Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметі шетелдегі азаматтарымызбен жұмыс істей бастайды. Мына жағдай реттелгеннен кейін құқықтық жағынан әрекет етеміз, яғни азаматтардың шағымы бойынша Travelsystem лицензиясын уақытша тоқтатуды сұрап, бас прокуратура мен сотқа жүгінеміз, – дейді Тимур Дүйсенғалиев.
Өткен айда жергілікті ақпарат құралдары Scat әуе компаниясы қарызын жабуды талап етіп, Travelsystem компаниясын сотқа бергенін жазған. Ол кезде Travelsystem «сотқа түскен талап-арыз компания жұмысына әсер етпейді» деп түсіндірген.
Ал бүгін «Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалдаушы компаниясы туроператордың төлем міндеттемелерін орындауға дәрменсіздігіне байланысты Travelsystem компаниясымен бекітілген ұшақ жалдау келісім-шартын бұзатынын хабарлады. Бірақ баспасөз хабарламасында «жолаушылар тап болған қолайсыздықтарды азайту мақсатында және Антальядағы туристерді кері әкелу үшін әуе компаниясы 19 маусымға дейінгі рейстерін орындайды» деп жазылған.
Travelsystem туроператоры Қазақстан нарығында бірнеше жылдан бері жұмыс істеген. Компания Түркия, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне туристік сапар ұйымдастырумен айналысады.
Қазақстанның туристік саласында мұндай жанжалдар бұрын да болған. Мысалы, банкроттыққа ұшыраған «Гүлнар тур» компаниясы басшылығына былтырдан бері іздеу жарияланған. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы дерегінше, компания клиенттеріне 11 миллион долларға жуық шығын келген. Компанияға қатысты жағдайдан кейін ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысы Тимур Құлыбаев қазақстандық туристерді сақтандыру мен қорғаудың алдын ала шараларын қарастыруды ұсынған.
– Туроператордың жеке тұлғаларға жолдаманы тікелей сатуына тыйым салатын заң биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Бұл Travelsystem компаниясы да қатысты талап болатын. Енді Travelsystem компаниясымен келісім-шартқа отырған туристік агенттіктер азаматтардың алдында жауапты болып қалды, – дейді Тимур Дүйсенғалиев.
Оның айтуынша, үкіметтегі тиісті ведомствоға заң бұзушылықтар туралы нарық субъектілерінің өздері хабарлауы тиіс болған.
– Бізге тікелей сигнал түспесе, бизнестің шаруасына араласуға құқығымыз жоқ, – дейді Тимур Дүйсенғалиев.
Қазір Қазақстан нарығына авиапарктері мен қонақүй желілері бар ресейлік туроператорлар қызығушылық танытып отыр. Қазақстандық компаниялармен салыстырғанда олардың жолдамаларының бағасы 300-400 долларға арзан.