Троллейбус жүргізуші әйел «жазушы болсам» деген арманын есіне алды

Троллейбус жүргізушісі Нина Валиева. Алматы, 25 тамыз 2011 жыл.

25 жыл троллейбус жүргізіп келе жатқан Нина Валиева «Егер маған өмір қайта берілсе, бәрібір осы мамандықты таңдар едім» дейді.

Нина Валиева – «Атакент» пен «Алматы-1» темір жол бекеті аралығына қатынайтын №7 троллейбустың жүргізушісі. Біз оның көлігіне Сейфуллин көшесінің бойынан міндік.

Әдетте қоғамдық көлік, оның ішінде тролейбус жүргізушілерінің мінезі тік, сөзі шолақ келетін. Бірақ Нина бірден ашық-жарқын әңгімеге көшті. Көзі - көшеде, қолы - рульде, ауызы - сөзде.

ӨМІРДІ ӨЗГЕРТКЕН - ЖАТАҚХАНА МЕН 70 РУБЛЬ

Танысқан кезде «қазақша аты-жөніңіз Уәлиева ма сонда?» деп едік, «Жоқ, Валиева» деп кесіп айтты.

– Төртінші атамызға дейін Уәли болыпты. Содан кейін Валиев болып жазылған. Қазір бәріміз осы текті арқалап жүрміз, - деді.

Нина Валиева - Қызылжардың қазағы. Қазақшасынан орысшасы басым. Өзінің айтуынша, әкесі теміржолшы болған екен. 41 жасында жол жөндеп жүріп пойыздың астында қалыпты.

– Үйде бес бала едік. Менен кейін екі ұл, екі қыз болды. Әкем қайтыс болғанда мен 10 жаста болатынмын, – деп еске алады балалық шағын Нина.

Нина Валиева 1979 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Омбы қаласындағы кітапханашылар техникумына оқуға түсіпті.

– Онда жарты жыл ғана оқыдым. Артымда қарайласар ешкім жоқ. Техникумның жатақханасы да болмады. Бір күні трамвай-троллейбус жүргізушілерін дайындайтын техникум ашылғанын естіп, соған барып құжат тапсырдым. Бұл техникумның жатақханасы, оған қоса 70 рубль степендиясы тағы бар екен. Негізінен бала күнімде жазушы болсам деп армандаған едім. Кітапханашылыққа сүйреп апарғанда сол арман болатын, - дейді троллейбус жүргізушісі.

«ӘЙЕЛГЕ ЕҢ АУЫР ЖҰМЫС»

Нина Валиева трамвай-троллейбус жүргізушілерін дайындайтын техникумда бір жыл оқыған соң сырттай бөлімге ауысып, Омбы троллейбус паркіне жұмысқа тұрады. Міне, осылайша 1980 жылы
Нина Валиеа жүргізетін №7 троллейбус. Алматы, 25 тамыз 2011 жыл.

Ресейдің Омбы қаласында троллейбус жүргізушісі болып еңбек жолын бастаған Нина (арасында басқа жұмыстарды істеп көргенін есептемегенде) өмірінің ширек ғасырын осы кәсіпке арнаған.

– Әйел адам үшін ең ауыр жұмыс – троллейбус жүргізушісі. Себебі аптаның алты күнінде таңғы бестен кешкі онға дейін үй бетін көрмейсің. Бұл отбасыға кесірін тигізеді. Осындағы троллейбус жүргізетін әйелдердің түгелге жуығы – жалғызбасты аналар, – дейді Нина.

Оның айтуынша, шаңырағын сақтаймын деген әйел не бұл жұмыстан бас тартуы керектігін, не ері де троллейбус жүргізушісі болуы керек.

Нина да жолдасынан ажырасып кеткен екен. Тимур деген жалғыз ұлы бар.

– Ажырасуымызға менің кәсібім біраз әсер еткенін жасырмаймын, – дейді сұхбаттасымыз.

КҮНДІК ЖОСПАР – 17 МЫҢ ТЕҢГЕ, АЙЛЫҚ ЖАЛАҚЫ – 70 МЫҢ ТЕҢГЕ

Омбы қаласында үш жыл троллейбус жүргізген Нина Валиева 1983 жылы Алматыға келіп, №2 троллейбус паркіне жұмысқа тұрады.

– Ой, ол уақытта жақсы еді ғой. Бүгінгідей жоспарды орындаймын деп аласұрмайсың. Абонементтік жүйе. Тек рульге ие болып, бірдеңеге ұшырамасаң болды. Көшеде де көлік аз, – деген кейіпкеріміз қазір күніне
Троллейбус кондукторы. (Көрнекі сурет)

жоспарлы 17 мың теңге табу үшін жанталасатындығын айтты.

– Қазір салонды ойлайсың. "Қайтсем салонды толтырам, жоспарды орындаймын" деп. Аялдаманың ана басынан мына басына дейін 1 сағат 10 минут жүреміз. Күніне төрт жарым айналым жасаймын. Есептесең, күніне 15 сағат жұмыста болады екенмін. Соның 10 сағаты жол жүрумен өтеді. Қалған уақыт кезек күтумен зая кетеді, – дейді Нина Валиева.

Троллейбус әрбір соңғы аялдамада кезек күтіп, 40 минут тұрады екен.

Нина Валиеваның айтуынша, орта есеппен айына 70 мың теңге табыс табады.

«Бұрын қоғамдық көлікте кондуктор болды. Қазір барлығын валидаторға ауыстырып жатыр. Қайысы дұрыс?» деп сұраған еді.

– Валидатор – темір. Бірде істейді, бірде істемейді. Бір адам ақшасын салып, билетін ала алмай қалса, артынан он адам айғайлайды. Оның үстіне өзің көріп келесің, әр аялдама сайын хабарлап отырамын. Бұрын мұның барлығын кондуктор атқаратын. Содан кейін кейде бір шаршап, көңіл-күйің түскен кезде кондуктормен сөйлесіп, жеңілдеп қалатынсың. Қазір тек іштей тынуға тура келеді, – деген Нина Валиева «Троллейбус жүргізетін әйел адамдардың ашулы болатыны осы себептен» деп түсіндірді.

Нина Валиева көлігін өзі жөндейді. «Мен үшін троллейбустың жол ортасында бұзылып тұрғанынан ұят нәрсе жоқ. Және клиенттерімнен де айырыламын. Клиент жоғалтты деген сөз - жоспар орындалмады, ақшадан қағылдың деген сөз» дейді.

БІР КӨШЕНІҢ ЕКІ ТҮРЛІ ТҰРҒЫНДАРЫ

Нина Валиева 1998-2004 жылдар аралығында осы жұмысын тастап, басқа біраз кәсіптің басын шалып көргенін айтады.

– Бір жыл пойызда жолсерік болдым, бір жыл массаж жасадым. Сауда да істедім. Қай-қайсысының да табысы троллейбус жүргізушісінің айлығынан жақсы.
Көшедегі көліктер. Алматы, 16 қаңтар 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Бірақ бәрібір айналып осыған қайтып келдім, – дейді.

Оның байқауынша, Сейфуллин көшесінің бойынан троллейбусқа мінетін адамдар екі түрлі болады.

– Сейфуллин көшесінен «Бірінші Алматыға» дейін баратын адамдар қарабайыр, ашуланшақ және жұпыны болып келеді. Ал кері қайтқанда мінетін адамдар оларға керісінше. Осы жолмен жүргеніме де он неше жыл болды. Осы аралықта осыған анық көзім жетті, – дейді Нина Валиева.

Мұның сырын сұрағанымызда, троллейбус жүргізушісі «Бірінші Алматының» маңында ауылдан келген адамдар және жұмыссыздар тұрады. Ал тау жақта элитный жандар тұрады» деп түсіндірді.

«АҚШАНЫ ЖАСЫРЫП ҚАЛАТЫН» КОНДУКТОРДАН ВАЛИДАТОР ТИІМДІ

Нина Валиева жұмыс істейтін Алматы қалалық №1 троллейбус паркінде 108 жүргізуші бар екен. Парк директоры Төлеген Мерхонұлы:

- Біздегі жүргізушілердің үштен бір бөлігі - әйел адамдар. Олар өз ісіне ұқыпты, жауапты. Жоспарды да уақытымен орындап отырады. Ал ер адамдардың жұмысқа келгенінен шықпай қалған уақыттары жиі болып тұрады, - дейді.

Парк директорының айтуынша, қоғамдық көлікте кондуктордан гөрі валидатор тиімді.

– Адамдардың арасында да ала-құла жандар бар ғой. Бұрын кондукторлардың кейбірі түскен ақшаны жасырып қалатын. Қазір ондай жоқ. Сонан кейін жүргізуші де алды-артындағы тролейбустардың қанша уақыт аралығымен жүріп келе жатқанын біліп отырады. Тіпті әрбір аялдамаға тоқтаған уақытына дейін есептеулі, - дейді №1 троллейбус паркінің директоры Төлеген Мерхонұлы.