Министрдің алдында отырмын. Аты шыққан әйгілі журналист болсам да, не замандардан бері қабылдауына бір іліге алмай, қор болып едім. Бүгін сұранбай келдім, есік қақпай кірдім. «Неге өйттіңіз?» деген жоқ, бетіме бажырая қарады.
– Сәлем бердік!
– Сәлем алдық...
– Алтын дидарыңызды, ақыры, көргеніме қуаныштымын.
– Мен де қуаныштымын...
– Жөңкебай деген журналистпін. Танып отырған шығарсыз... Теледидардан көріп жүрсіз, газеттерден оқып жүрсіз...
Министр үндеген жоқ. Менен көзін алмай бажырайған күйі, қасын көтеріп, таңданған рай танытты.
– Келген шаруама көшейін, – дедім, алғашқы екпінімді жоғалтқым келмей, бастырмалата сөйлеп. – Өзіңіз білесіз, біраз дүниенің қиюы кетіп тұр ғой биыл. Су басты, мал өлді, мал тұрмақ, даладағы аң қырылды... Жолдың сиқы мынау... Қаладан шықсаң, шоқалақтап, ішек-қарның ақтарылып түсе жаздайды. Алыстағысын былай қояйық, іргедегі ауылдардың көшесін көрдіңіз бе?! Ми батпақ... Жұрттың асфальттан үміті жоқ, тым құрыса, тегістеп, тас төсетуге болмас па еді?.. Газ, су деген – арман. Жарық бірде бар, бірде жоқ...
– Әдемі-і-і... – деді министр, сол кезде ыңыранып. Жаңағы бажырайған мағынасыз көздерінде жылтылдап сәуле ойнап, тіріліп келеді.
Мен сәл тосылып қалдым да, тамағымды кеней түсіп, әрі қарай жалғастырдым. («Әдемісі» несі?.. Сірә, жақсы сөйлеп жатырмын ғой деймін...)
– Үй тонау, ұрлық-қарлықтың етек алғаны сонша...
– Паһ-паһ...
– ...Ал коррупция дегеніңіз өрттей қаулап барады. Параны алған да қылмыскер, берген де істі болатын болса, онда осы жүрген бәріміз бір атаның баласындай түрменің нанын таласа-тармаса бөліп жеп отырар едік қазір...
– Тамаша! – деді министр, жанары шоқ шашып. – Айта беріңіз, айта беріңіз!
– Айта беретін несі бар... – дедім, аз бөгеліп барып, сөзімді жалғап. («Несі тамаша?!») – Қала, дала, таулардың қойнауы толған қоқыс... Оқу-ағарту, сауда-саттық, құқық қорғау салалары... – қайда барсаң, заңсыздық... Тіпті, жол жүру ережелерін сақтау ойымызға келмейді... Оның бәрін қойыңызшы, ең жаманы, біздің осы тірлікке етіміз өліп барады. Пара алуға, ұрлауға, халықтың, мемлекеттің дүниесін заңсыз иемденуге мүмкіндігі барларға пара беруге мүмкіншілігі барлар ерекше құрметпен қарайды. Ал алуға да, беруге де шамасы жоқтар оларға құдірет-құдайға табынғандай бас ұрады. Жұмыссыздық дегеніңіз... Баспана мәселесі дегеніңіз... Теңгеміз анау... жүрегімізді ауыртып, күн сайын құлдырап бара жатқан... Министр мырза, қайсыбірін айтайын?!.
– Керемет!.. – деп, министр саусақтарын құшырлана сытырлатып, жүзі бал-бұл жайнап, асқан ризашылықпен креслосына шалқайды. – Міне, қалай!.. Осының бәрін сіз қайдан білесіз?!
Енді мен таңғалдым.
– Ойбай-ау, мұның бәрі өзіңіз де білетін нәрселер ғой...
– Кешіріңіз... бірінші рет естіп отырмын. Сізге рахмет. Біраз ақпарат алып, көзім ашылып қалды. Әйтпесе, мына төрт қабырғаның ішінде жалғыз отырып, ештеңе естімейсің, көрмейсің, білмейсің...
– Ойбай-ау... – дедім тағы, – орныңыздан көтеріліп, ерінбей терезеден сыртқа қарасаңыз осы айтқандарымның көбін көшеден-ақ көрмейсіз бе?!
– Терезе?.. – деді министр аңтарылып. Айналмалы креслосымен бұрылып, төрт қабырғаны айнала шолды. Терезе... бар екенін көрді.
– А-а, мынау ма? – деді абажадай терезеге таңырқай қарап. – Дұрыс айтасыз. Көру керек екен... Та-а-ак... сонымен...
– Не... сонымен?
– Маған не үшін келдіңіз?
– Осының бәрін айтайын деп. Білсін деп...
– Айттыңыз. Білдік. Қызық нәрселер көп екен... – деді министр. Жаңағы менің айтқандарымды қайта есіне түсіріп отыр-ау деймін. Терезеге қарап, тамсанып, басын шайқап қойды.
– Сіз соған байланысты қандай шаралар істемексіз – соны анықтайын, жұртшылықты хабардар етейін деп келдім.
– Шара?!. Қандай шара? – деді министр алақанын жайып, таңқалып. – Мен қандай шара істеуім керек?!
Енді мен таңғалдым.
– Ойбай-ау, сіз министр емессіз бе?!
– Министр?!.
– Иә-иә... Сіз – министрсіз!
– Оны кім айтты?!.
– Бәрі біледі. Сіз – министрсіз...
– Қандай министр?
– «Барлық мәселені шешетін министрліктің» министрісіз.
– Сола-а-ай ма?.. – деп, министр айран-асыр болды. Креслосына шірене шалқайып, бажырақ көзі аларып, кабинеттің төбесін кезіп кетті. – Ғажж-ап екен... Мен сонымен... министрмін бе?!
– Иә... Бәрі біледі.
– Мен – білмеймін. Дәлелдеңіз.
– Есігіңізде жазулы тұр.
– Көргем жоқ... Маған – сіз дәлелдеңіз. Кіммін мен?
– Сіз тәуелсіз елдің пілдей... таудай министрісіз, апырмау!..
– Ия... тәуелсіздігіміз, егемендігіміз жасасын... – деді енді министр, кенет салмақтана қалып. Қабырғадағы портретке жалтақ-жалтақ қарап қойды. – Бәрі соның... тәуелсіздігіміздің арқасы... Иә... Как раз менің туған күнім!.. Ол күні мен елде болмаймын ғой, өзіңіз білесіз...
– Елордамыздың Астана аталатынын да есіңізге салып қояйын. Еліміздің – Қазақстан, өзіңіздің – қазақ екеніңізді де айта кетсем, артық болмас деймін...
Министр ойланып қалды. Әлденені есіне түсіре алмағандай, қабағы түйіліп, семіз маңдайы тершіп, қиналып кетті.
– Дәлелдеңіз... – деді, ақыры, шаршаған дауыспен.
– Нені?.. Қазақстанды ма, қазақ екеніңізді ме?..
Сол кезде хатшы қыз кірді.
– Министрдің уақытын алмаңыз, – деді қыз маған қатулана қарап. – Онсыз да бұл кісінің жұмысы бастан асады.
– Әне, көрдіңіз бе? – дедім, қуанып кетіп. – Сіз – министрсіз... Министрсіз!..
Министр менің сөзімді елең де қылған жоқ, сірә, естіген де жоқ.
Хатшы қыз министрдің қағаз, папкілерін қойып жатып:
– Сағат төрт болып қалды, қазір жиналысқа баруыңыз керек екенін ұмытпаңыз, – деді тық-тық етіп.
– Жиналыс? Қайдағы жиналыс? Қайда барам? Не айтуым керек?! – деді министр, таң-тамаша қалып.
– Сізді... алып барады, – деді қыз. – Сөйлейтін сөзіңіз ана папкінің ішінде.
Хатшы қыз маған тағы да қатулана көз тастап қойып, шығып кетті.
– Сіз сонда... мұнда не үшін отырсыз? – дедім ақырғы күшімді жиып, министрлік креслода отырған жуан тұлыпқа шүйіле қарап.
– Не үшін отырмын?..
– Сізді кім отырғызды?!.
– Кім отырғызды?..
– ?!.
* * *
Есеңгіреп есік алдына шықтым. Тер... Құлақтағы шыңыл... Мен мұнда қайдан келдім? Қашан келдім? Қайда, кімге келгенмін? Алдымен, осы... мен өзі кіммін? Журналист Жөңкебай? Сенбеймін! Мүмкін емес...
Кім десеңіз де, сенбеймін...
Дәлелдеңіз...