1.Тариxтан бірер сөз
Есте жоқ ерте заман еді. Өтірікке де, шынға да мұқтажы жоқ бейбіт елге дүниенің екі қиырынан Екеу келді. Сол сәттен бастап, жақсысы мен жаманы ажырамай, өтірік-шыны бір қисап, бейкүна тірлік кешіп жатқан болмысы тұтас, мінезі бүтін, сәби саналы момын жұрттың өміріне жік кірді. Жік кіргені сол - сөзге алалық, іске күмән араласты. "Менің айтқаным - шын, сенікі - өтірік", "менікі жөн, сенікі қате" деп айтысатын болды адамдар. Айтыстың аяғы - ерегіске, ерегіс - ұрыс-керіске айналып, ел іші ала тайдай бүлінді. Біреудің сөзіне біреу сенбеу салтқа айналды. Жақсылық пен жамандық, адал мен арам, әділет пен қараулық сияқты ұғымдар пайда болып, қазіргі бізге түсінікті өркениетті сана қалыптасып келе жатты...
Соның бәрі әлгі келген екеуден басталды.
Бірі - Өтірік, бірі - Шын еді.
Замандар өтті. Әлденеше ұрпақ ауысты. Жұрттың пейіліне, мінезіне қарай, бірте-бірте Шыннан қадір кетіп, Өтіріктің ісі өрге басты. Неге екені белгісіз, көпшілік, Шынға құлықсыз болып, Өтірікке бейіл бере бастады. Арыз жазылса да, мақтаса, жамандаса да Өтіріктің сөзі өтімді шықты. Шын, қараптан-қарап жүріп, шетқақпай болды. Ел өміріне араласуы азайып, күндердің күні, ақыры, жұмыссыз қалды. Тірлікке икемсіз, оның үстіне, намысқой, өркөкірек байғұс еді, жайын айтып, ешкімге шағынбай-ақ, жоғалып тынды. Оны іздеген де ешкім болмады. Не күн көріп жүр, өлі ме, тірі ме - ешкім білмейді. Білгісі де келмейді. "Көзден кетсе - көңілден ұмыт" деген - осы.
2. Менің достарым
Жұрт қатарлы мен де осы екеуімен жақын араластым...
Менің Шын досымның көрмейтін, сезбейтін дүниесі жоқ еді. Қара қылды қақ жарар өткір-тін. Ол көзіңе тура қарамасын... Зәуіде жүзіңе тіктеп қарай қалса, тілім-тілім болған жүрегіңнен қан ағар да, жәудіреген көзіңнен жас шығар-ды. Шынның сөзі жаныңды қинап, руxыңды тебірентетін. Шынның сөзі руxыңды шыңдап, жаныңды жай тапқызатын... Сондай қилы-қилы күй кешетінсің... Ұдайы тыным көксеген ынжық ұятыңның тәтті ұйқысын жиі бұзып, жылы ұясынан суырып алып, мазақ қылып ойнайтын. Діні қатты шіркіннің дүниедегі ең бір қызық ермегі еді бұл. Екінші қызығы - менің бір кездегі бейшара Өтірігімді әшкерелеу болатын.
Менің Өтірігім, обалы не керек, бас терісі кең-молынан пішілген жайдары жігіт. Шын сияқты дегенінен қайтпайтын бірмойын, ымырасыз саяқ емес, жұртқа жұғымды, көпшіл. Қасармай, епке тез көнеді, кім-кімнің де ыңғайын бағып, тілін тауып, іші-бауырына еніп кетеді. Кімді мақтаймын десе де, сөз табады. Кімді жамандаса да, сендіреді. Осы мінезімен елге жақты, дос көбейтті. Дүниеде жауы жоқ біреу болса, ол - менің Өтірігім!
3. Мәміле
Өтірік белгілі саясаткер болғандықтан, xалық қамы, әлем тағдыры туралы оңаша өтірік толғанып отырғанда, үй қызметшісі қоңырау соқты.
- Өтіке, сізге бір қайыршы келіп тұр...
- Келсе, қолына бірдеңе ұстатып, аулақ қумайсың ба үйдің маңынан! - деді Өтірік, кесек-кесек ойларының шырқын кетіріп, мазасын алғанға ренжіп.
- Жоқ, сізбен жолығуым керек, мені жақсы таниды дейді...
- Жарайды, кірсін... Фотоаппаратыңды алып, өзің бірге кел.
Өзінің қоғамдық-саяси имиджін жасаудың шебері бұл суретті сосын Facebook-те жариялап, оған қандай коммент жазатынын да ойлап үлгерді. "Күн көрісі нашар адамдармен ұдайы жолығып, xал-жайларын сұрап, проблемаларын шешіп отыру менің күнделікті дағдыма айналған. Мына суретте...трата-та, лә-лә-лә..." Жобасы осылай...
Фотоаппаратын көтеріп, қайыршыны жетелеп, үй қызметшісі кірді. Қайыршыда ұсқын жоқ екен мүлде... Талай "бомжды" көріп еді, мынау - ерекше... Бөлмені күлімсі иіс алып барады. Талайдан су көрмеген ұзын шашы май-май болып, білтелене жалбырап, иығын жауып кетіпті. Үсті-басы алба-жұлба, жыртық-жамау, сауыс-сауыс...
- Кіріңіз, отырыңыз... - деді Өтірік, мұрнын басып, тыжырынып.
Қайыршы қозғалмады. Шүңірейген көзін Өтірікке тесірейе қадап, әлі тұр... Өтіріктің көзі сол көзге түскенде, жүрегі зырқ ете қалды. Қалбалақтап, орнынан атып тұрды. Көздерінде өп-өтірік жарқылдар ойнап:
- Оу.., Шынбысың?!. Апырмау, сенейін бе, сенбейін бе... Бармысың, бауырым?.. Не боп кеткенсің!.. - деп, жаны қалмағансып, қалбақ қақты. Бәйек болып, қолтығынан алып, сүйемелдеп, диванға отырғызды, өп-өтірік құрақ ұшып, шай дайындатты. Шын, әлсіздіктен, кесе ұстаған қолы дірілдеп отырып, шай ішті. Маңдайынан шып-шып тер шықты.
- Жаным-ау, Шын-ау, енді әңгімеңді айтшы, - деді Өтірік, аяқ астынан жасаурай қалған көздері не қуанғаны, не мұңайғаны белгісіз, тұманыта кілгіріп. - Осынша уақыт қайда жүрдің, мына күйге қалай түстің?!.
Шын үндемеді. Қалтылдаған қолындағы кесесінен шайы төгіле жаздап, терлеп-тепшіп, сораптап отыр...Өтіріктің ойы әр саққа жүгірді... Екеуі осы елге алғаш келгенде, тік мінез, тура тілді Шынның сөзі үстем, абыройы асқақ, беделі күмансыз еді. Бірақ адам баласы - әлсіз. Әлсіз пенде шын сөзді емес, жанына жаққан сөзді жақсы көреді. Ақыры, бәрі Шыннан қашып, Өтіріктің тәтті лебізіне үйірілді. Өтіріктің еш кінәсы жоқ...
Менің бір таңғалғаным, Шықа, бұл елдің де өтіріктен жалығатын кезі болады екен... Соңғы кезде менің сөзіме сенбейтіндер көбейіп барады. Сондай бір көңіл-күй бар елде...
Шынның сөйлеуге құлқы да, шамасы да жоғын көріп, Өтірік әңгіме тізгінін өз қолына алды.
- Өзің білесің, Шықа, мен - басымнан бақайшағыма дейін өтірікпін... Сен - қара тырнағыңа дейін шындықсың!.. Солай бола тұра, екеуміздің де ойлағанымыз бір-ақ нәрсе - ең алдымен, ел қамы, жер қамы еді ғой... - деп, сөз бастады Өтірік, "бұған не дейсің?" дегендей, Шынға маңызси қарап.
Шын ішіп отырған шайына шашалып қалды...
- Жарайды... Түсінікті. Сен маған бәрібір сенбейсің... Айтпақшы, өзің... жоғалып кеткен соң, сені жақтаған біраз шыншылдар шыққан. Олардың үнін баяғыда өшіргенбіз...
Осы арада, Өтірік артық кеткенін сезіп, тілін тістей қойды.
- Жоқ, дұрыс түсін... Ел-жұрт ұнатпаған соң, өздері-ақ біртіндеп жоғалған... Бірақ менің айтпағым - басқа еді...
Былайша, сүйкімің болмағанмен, шындықты ел идея ретінде жақсы көреді әлі...
Өтіріктің өткір түйсігі Шынның бұған не үшін келгенін ә дегенде-ақ сезген. Енді соған орай жасар ұсынысының шетін шығарды.
- Менің бір таңғалғаным, Шықа, бұл елдің де өтіріктен жалығатын кезі болады екен... Соңғы кезде менің сөзіме сенбейтіндер көбейіп барады. Сондай бір көңіл-күй бар елде... Біз жеке жүріп, ештеңе тындыра алмайды екенбіз. Ал енді екеуміз біріксек, әңгіме - басқа...
Шын үндемеді. Кекесін аралас шаршаңқы көзбен селсоқ қарап, отыра берді.
- Мен сенің жайыңды түсінем. Шындықпен күн көре алмасыңа көзің жеткен шығар... Қарашы, қандай күйге түстің... Енді ойланатын кезің келді!..
Шын сонда бір кездегі тәкәппар басын төмен салды. Өтіріктің жүйрік көңілі оның бар жайын жазбай танып, енді әңгіменің төтесіне көшті.
- Менде бір қызмет орны бар... Жалақысы жоғары. Өте жоғары!.. Қызметіңнің аты - Қисын... Жанымда үндемей жүресің... Жанымда жүргеніңді көрген жұрт менің қай сөзіме де қалтқысыз сенеді. Ешкімге ұнамасаң да, беделің бар, жақсы атың бар. Былайша, сүйкімің болмағанмен, шындықты ел идея ретінде жақсы көреді әлі... Ал енді, жай тұрмай, мені қостап бірдеңе айтар болсаң, еңбекақыңды екі есе көтерем!..
Өтірік осы тұста, сәл кідіріп, ойланып қалды да:
- Жоқ, ештеңе айтпай-ақ қой...- деді. - Сен сөйлесең, бүлдіресің...
Осыны айтып, Өтірік қызметшісіне келісімшарт қағазын алдырды. Қызметі - "Қисын" деп көрсетілген тұсқа Шын әлсіздіктен қалтылдап отырып, қол қойды. Шарт бойынша, Шын - бүгіннен бастап, Өтіріктің Қисын деген қызметкері!..
Өтірік пен Шын осылай мәміле тапты. Шын сөздің өтірікке қисын болған заманы туды. Бұрынғы кенеусіз Өтіріктің бүгінгі қисынды сөзіне ел жаппай ұйыды. Дүниеге "Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен" деген мәтел келді... Шынға - тамақ, Өтірікке - бедел керек... Ең бастысы, тыныштық болсын... Солай емес пе?..
P.S. Көп ұзамай, Шынға шыр бітті. Бой-тұрқы да әжептәуір дөңгеленіп, кәдімгідей қозы қарны шықты... Байқаймын, соңғы кездері белсенділік көрсетіп, Өтіріктің сөзін жиі қостап жүр. Сірә, айлығы да екі есе өскен шығар...
Ескерту: Блог авторының көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.